Статья по казахской литературе Абай жолы романында?ы ?лтты? салт-д?стурді? к?рінісі


2.1Көркем шығармадағы ұлттық салт-дәстүрдің көрінісі
Сонау ерте заманнан-ақ халқымыз өз салт-дәстүрін берік ұстаған. Ғасырлар бойы жинақталған салт-дәстүр кейінгі ұрпаққа мұра болып қалуы үшін айрықша мән берген.
Еліміздің өткен тарихына көз жүгіртсек, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, салт-сана барынша қордаланып жинақталған. Осындай баға жетпес байлығымызды халыққы таныту үшін еңбек еткен М.Әуезовтің еңбегі зор.
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясы – қазақ халқының өмірін, салт-санасын, әдет-ғұрпын жақсы суреттеп бере алатын ұлттық сипаттағы шығарма.
Мұхтардың өмір сүрген кездегі заман талабы көтермесе де, ол қазақ даласындағы кедейлердің өмір тауқыметін, қанаушы таптың озбырлығын арқау ете отырып, сол кездегі халықтың тұрмысын көрсете білген.
Жазушы романының «Өрде» деген тарауында «Қалыңмал» беру дәстүрін барынша ашып суреттейді. Құдасының ауылына Ұлжан отыз шақты кісімен келген. Дағды бойынша Ұлжан бастаған үлкендер құданың аулына күйеулерден бір түстік бұрын келіп түсті. Ұлжан қасына әйелден Қалиқаны, күтуші келіншек Қатшаны алған еді. Еркектердің үлкені-қазіргі бас құда – Ызғұтты.
Абайдың қасындағы жас жігіттер саны он екі. Мұның көпшілігі Ырғызбайдың жастары және күлдіргі Мырзахан атшабар Жұмағұл. Жақын туысқаннан Тәкежан бар. Осы топқа Абай өзі шақырып, Ерболды қосып алған.
Ұлжан Алшынбайдікіне көп қазына әкелді. Келген жылқы, түйеден басқа, жыртыстың бұл – матасының өзі екі үлкен атанға артылып келген еді. Оның ішінде келінге жасау тігілетін батсайы, мақпал, манат, дүрия, шағи бөлек салынған. Бірер сандық осы қымбаттарға толы болса, өзге теңдері құда – құдағилар сыбағасы. Шапан, қамзол, көйлек, шаршы. Қалыңмал басы Алшынбайдың өзіне арналған кесек күміс – бесік жамбы. Бұл ілу деп аталып еді.
Осыдан он жыл бұрын Алшынбай аулына Құнанбай кеп құда түсіп, Ділдәні Абайға айттырған уақытта, бас құда Құнанбайға киіт деп, Алшынбай ауылы күміс тартқан. Ол күмістің аты – тайтұяқ, мына бесік жамбыдан кіші еді.
Құда, құдағи келген күні түнде-ақ барлық кең жазық сый құдалардың қандай мырзалықпен келіп қалғанын білген еді. Сол түннің өзінде Алшынбайдың барды аямай, мырзалыққа мырзалық орай етіп көсілетіні мәлім болған. Құдағи мен күйеулерге арналып үш үлкен аппақ үй оңашарақ тігілген екен.
Сол үйлердің қонақасы: қысырдың семіз тайынан, құнан қой, ту қойлардан, үйіткен марқадан басталды. Алшынбай Ұлжан отырған үйдің есігін аштырып, тысқа семіз асау құнан тайды көлденең ұстап тұрып, қонақтардан бата тілетті.
Міне, осы үзіндіден кейін күйеуге арналған сый – құрмет суреттеледі. Күйеуге арналған үй өзге үйлерден де ерекше, шатырдай аппақ екен. Ішінде жүк, сандық көп емес. Кең болсын деп бос қойыпты. Бірақ үйдің керегелері көрінбейді. Уықтың қырына шейін жағалай тұтылған ылғи су жаңа жібек кілем. Ашық түсті бояулары да, ұсақ шебер өрнектері де үйдің ішіне қызыл – жасыл көрік беріп тұр. Есіктен төрге шейін жайылған тақыр алаша, манат, мақпалмен оюлап сырған үлкен сырмақтар. Соның үстінде қабат-қабат жаңа көрпе, кестелі жастықтар. Әдемі бұйымынан – оң жақта әдемі сүйек төсек тұр. Он бес қатардай жібек көмкерудің үстіне құс – төсек, үлкен ақ жастықтар, шағи көрпелер жиналыпты. Көкшіл – қызғылты өңі бар шілтері шымылдық биік төсектің жоғарғы жағын перделеп тұр.
Келесі үзіндіде «Неке қию» салтанаты суреттеледі. Абайлар Ділдәнің бойын ғана көрді. Ол кебісін шешіп жатқанда, сырт сымбатты талдырмаш, бірақ аса сұңғақ бойлы, биік көрінді.
Ділдә келісімен ас жасалып, төр де, шымылдық іші де ас жеді. Бірақ күйеу мен қалыңдық көп дәм татқан жоқ. Сол астың артынан төрде отырған, түсі Абайға көрінбейтін бір молда неке оқыды. Суық су құйған бір кесе төрдегі жұртты жағалап кеп, Абайға ұсынылды. Абай ұрттады да, Ділдәға берді.
Осының артынан екі жеңге ақырын күліп кеп, Абай мен Ділдәнің алдына қарсы отырып, екеуінің де оң қолдарын алып, біріне-бірін ұстаттырды.
Екі қолдың арасында бір қабат сусылдаған жібек жүр. Сол арқылы ұстады екен. Абай Ділдәнің жіңішке саусақтарын көбірек ұстап қап еді. Алдында отырған бір жеңге ақырын, Абайдың қолын тартып жіберді. Жеңге Абайдың қолын өзі көтеріп апарып, Ділдәнің арқасындағы қос бұрымына тигізді.
Қол ұстату, шаш сипату деген атақты ырымдар осы.
Романда қазақ халқының өлімді жерлеу салтын ашық, әрбір элементтеріне дейін көрсете білген.
Бөжей өліміне белі қайысқан үзеңгілестері Байсал, Байдалы, Сүйіндік, Түсіптер бастапқы кезде біраз мәре-сәре болысымен Байдалының ес жияр, тоқтам сөзінен соң өлікті арулап жерлеу қамына кірісті.
«Отыз-қырық кісідей шапқыншы түн ортасы ауа бергенде, қос-қос атпен әзір болды. Жарау ат айғырды мініп, қалың Тобықтымен көршілес Керейдің, матайдың сонау тіпті қарқаралы жағындағы шер мен Бошанның басты-басты жерлеріне де жат, суық хабарды алып, шашырай шауып жөнелген-ді.
Түн бойы ұйықтамаған Байдалылар күн шыға бергенде Бөжейдің өз үйінің жанына, осы өлкедегі үлкен үй Сүйіндіктің сегіз қанат аппақ үйін әкеп тіккізген. Үй тігіліп болысымен, ішіне бөтен жасау-жабдық кіркізбей, тек есіктен төрге дейін кілем ғана жайғызды. Оң жаққа үлкен сүйек төсек кіргізді. Үстін көмкерумен қара кілеммен тегістеп болып, сол төсекке Бөжейдің сүйегін әкеп салғызды. Жаназасын шығарғанша өлік осында болмақ».
Байдалы, Байсалдардың осындай қам-қаракетінен соң, өлік үстінде қара тігу туралы халық рәсімінен хабар береді.
Байдалы сүйекті орналастырып болысымен, сол өлік үстіне тіккен ақ үйдің оң жақ белдеуіне өз қолымен әкеп қара тікті.
Бұл жұмыс өліктің артын күтудің бір үлкен серті еді, қара дегені ұзін найзаның басына тігілген ту. Егер Бөжей жай қара қазақ емес, төреден шыққан болса, сол төрелердің өзді-өзі тұқымының туларын тігер еді. Ақ тулы, көк тулы, ала тулы деген төрелердің тұқым-тұқымы, жік-жігі осындайда көрінетін. Ал, қарадан кісі өлсе, тудың түсі өліктің жасына қарай болады. Ол жөндерге келгенде Байдалы ескіге жүйрік Сүйіндікпен ғана ақылдасты.
Сүйіндік жас кісі өлсе, туы қызыл болатынын, кәрі өлсе ақ болатынын айтып келді де «Бөжейдей орта жастағы кісінің қаралы туы бір жағы ақ, бір жағы қызыл болу керек дегенді айтқан жаңағы Байдалы әкеп тіккен ту – қара дегені осы еді».
Халқымызда адам өлгенде оның үйінің шаңырағына қаралы ту ілінерін, әрі оның түсі өлген жанның жасына сай әр түрлі болатынын айта келіп, автор осы қаралы туды елудегі мәніне тоқталады.
«Бөжей өлген күннің ертеңінде тігілген осы қара Бөжейдің өлімі өзге өлімнен өзгеше, ерекше күтілетінін жариялады. Соның шарты: Бөжейге ас беріледі, жыл бойы арты қатты күтіледі деген болатын. Қара тіккен Байдалы халық атынан Бөжейдей арасына ас берем деген ырымын жасады».
Автор өліктің осы рәсімін айта келіп, оны І-ші белгісіне жатқызады. Ал, 2-шісіне өлген адамның атын тұлдауды жатқызады.
Бұл әдеттің 2-ші белгісі тағы бар Байдалы қараны тігіп, барлық жиылып тұрған жанкүйер жақындарымен бата қылған кезде сол үйдің екі жақ босағасына екі ат жетектетіп келеді. Бірі – доға жал семіз күрең ат. Екіншісі дом боп жарап қалған, сартап болған сұлу қара көк ат. Күрең ат Бөжейдің қыс мінетін аты қара көкті осы жаз басынан байлап жүр еді.
Өзгеден бұрын бойын жиып алған тағы да байдалы болды. Ол әуелі оң жақ босағада тұрған күрең атқа кеп:
Жануар-ай, иең кетіп, тұл қалдың ғой сен бейбақ! – деп жақындап келеді де, күрең аттың кекілін шорт кесті. Содан құйрығынан алып уыстап тұрып, дәл тірсегінен жоғары келтіре, қалың құйрығын да борт-борт кесіп алды.
Қара көк атқа да соны істеп тұлданған екі атты барлық осы өңірдің өзге жылқысынан бөлек түске кіргізіп қоя берді. Қара тіккен жерде ас берудің серті айтылды. Мынау тұлданған екі ат келесі жылға шейін мінілмейді. Қол тимей, семіріп барып, жыл асқан соң иесінің асына сойылады.
Байдалы екі аттың артынан қарап тұрып:
Қара көктің жал-құйрығы қара ғой. Қаралы ат осы болсын. Көшкенде ерімнің қаралы ер тұрманы осыған ерттелсін, тұлданған киімдері де осы жануарға жабылсын! – деді. Бұл сөзі байлау еді.
Осыдан соң өлген адамның жаназасына шақырылған адамдарды қалай күту қамы сөз болады. Осы жайы бейнелене отырып, ертеңіне бұлар бата оқып, қонақасы жайлы да айтылады. Қазақ рәсімі бойынша кісісі өлген үйден көпке шейін келімді-кетімді қонақ үзілмейді. Осыларды бата оқып, қонақасы деп атайды. Бөжейдің жан күйер жақындары осы кейінгі келер қонақты күтудің өзі оңай болмасын біліп, бұл жолғы сойыс қамын Бөжей үйіне күш түсірмей, өз мойындарына алады. Міне, осы тұста қазақ дәстүрі бойынша жақындары, жанашырлары кісі өлгенде не беретіні жайлы сөз болады.
Бастығы Сүйіндік, Байсалдар болып: «Азаға салғаным», «қосқаным», «аруағына арнағаным» деп шеттерінен қос, інген, жамбы, тай-тұяқ, қой аяғында підиясының өзі талай тоғыз болып саналады. Бас тоғызы түйе, екінші тоғызы жылқы, аяғы қой, ешкі, тоғыздар және ішік кілем сияқты тоғыздар еді.
Осы үзіндінің ішінде қазақта тоғыз беру рәсімі айтылған және оған не жататыныы, неше тоғыздан тұратыны жайлы сөз болады.
Халқымызда қай ру болса да аяулы, арыс азаматы өлгенде өзге руларға, айналасына кісі шаптырғанда келер қонақты ауыл болып күткен. Өлген кісінің жаназасына келген жұртты жайлы, ойдағыдай күтіп жіберуге ауыл-аймақ болып ат салысқан. Бұл бір шетінен келгендерге деген құрмет болса, екіншіден, өлген ер азаматына деген құрметтері еді.