?лшеуіш целиндрді? (мензурка) шкаласыны? б?лік ??нын аны?тау
Есимжанова Надия Галибековна
Физика пәнінің зертханашысы
Алматы облысы
«Ескелді ауданы әкімдігінің
Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
№1 зертханалық жұмыс
Өлшеуіш целиндрдің (мензурка) шкаласының бөлік құнын анықтау.
Дененің көлемін өлшеу
Жұмыстың мақсаты: өлшеуіш цилиндрді мысалға ала отырып, аспаптар шкалалары бөліктерінің құның анықтау; оларды қолдануды үйрену және өлшеуіш цилиндрді пайдаланып, денелердің көлемін өлшеу.
Қажетті құрал-жабдықтар: өлшеуіш цилиндрдің (мензурка), су құйылған тостаған, жіңішке жіп, әр түрлі ыдыстар мен денелер (гайка, өшіргіш, т.б.)
ЖҰМЫСҚА ДАЙЫНДЫҚТЫ ТЕКСЕРУ СҰРАҚТАРЫ
Қандай физикалық шамаларды білесіңдер? Физикалық шаманың мәні дегеніміз не?
Физикалық шаманы өлшеу дегеніміз не?
Физикалық шамаларды өлшейтін қандай аспаптарды білесіңдер?
Өлшемдердің метрлік жүйесіндегі бірліктерден басқа қандай бірліктерді білесіңдер?
Қатты дененің көлемін анықтайтын өрнектерді жазыңыз.
ТЕОРИЯДАН ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ
Физикалық шама деп «сапа жағынан көптеген физикалық объектілерге (физикалық жүйелер, жүйелерде өтетін процестер, т.с.с.)ортақ, сан жағынан әр объект үшін әр түрлі мәні бар қасиетті»айтады. Мысалы, материалдық денелердің бәрінің массасы мен температурасы болады, бірақ денелердің әрқайсысы үшін бұл қасиеттердің сандық мәндері әр түрлі болатыны белгілі.
Егер физикалық шаманың белгілі бір объектідегі сандық мөлшерін көрсету қажет болатын болса, онда «размер» дейтін термин қолданылады. Размерлік деп туынды шамалардың негізгі шамаларға байланыстылығын символмен белгілеуді айтады. Егер санның біреуінің дәрежесі нөлге тең болса, оны размерсіз физикалық шама деп атайды. Ал физикалық шаманың мәні деп шаманың бірлік бойынша есептелінген сандық мәнін айтады.
Шаманың мәні дерексіз сан, ал оның размері деректі.
Шаманың мәні мен размерінің арасында айырмашылық бар. Шаманың размері – шаманың нақты, объективті мөлшері болса, ол санамыздан тыс ұғым. Шама размерін шама бірліктерімен басқаша айтқанда шаманың сандық мәнімен сипаттап көрсетуге болады.
Шаманың сандық мәні шама бірлігінің түріне байланысты өзгеріп отырады, ал размері өзгермейді.
Физикалық шаманың бірлігі - ол да физикалық шама, оның сандық мәні 1-ге тең. Шама бірлігі физикалық шамалардың сандық мәндерін бір-бірімен салыстыру үшін қажет.
1832 жылы Гаусс бірліктердің абсолюттік жүйесі деп аталатын жүйені жасады.
1960 жылы Өлшем мен Таразы туралы өткізілген халықаралық конференцияда бірліктердің жаңа жүйесі қабылданды. Бұл жүйе Халықаралық бірлік жүйесі, қысқаша СИ жүйесі деп аталынады. 1963 жылы ССРО-да «Халықаралық бірлік жүйесі» деп аталатын ГОСТ енгізілді (ГОСТ 9867 – 61 ), бұл ГОСТ бойынша СИ жүйесі халықаралық қатынастар үшін өте қолайлы практикалық жүйе деп танылды.
Физикалық шама бірліктерінің мемлекеттік стандартты бес бөлімнен тұрады: 1) Жалпы ережелер; 2) Халықаралық бірлік жүйесі – СИ жүйесінің негізгі, қосымша және туынды бірліктер; 3) СИ жүйесіне кірмейтін бірліктер; 4) Еселік және үлестік бірліктер, олардың атаулары және белгіленулері; 5) Бірліктерді белгілеудің ережелері. Және бұл стандартта төрт қосымшалар бар, олар: 1) СИ бірліктерінің когеренттік туындыларының жасалу ережесі; 2) жүйеден тыс кейбір бірліктердің СИ бірліктерімен арақатынасы; 3) еселік және үлестік бірліктерді қолдану туралы нұсқау.
СИ жүйесінің 7 негізгі бірліктері бар, олар: ұзындық- метр (м), масса- килограмм (кг), уақыт- секунд (с), ток күші-ампер (А), термодинамикалық температура-кельвин (К), жарық күші-кандела (кд), зат мөлшері-моль (моль).
СИ жүйесінің туынды бірліктері. Туынды бірліктер негізгі бірліктерден туындайды. Туынды бірліктер негізгі бірліктермен функционалды байланыста болады. Функционалдық байланысты бейнелейтін математикалық теңдеулерден туынды бірліктер анықталады. Мысалы, жылдамдықтың бірлігі V=S/T теңдеуінен шығады, мұнда V-жылдамдық, S-жүрілетін жолдың ұзындығы (метр), T-уақыт (секунд), сөйтіп жылдамдық бір секундта қанша метр жол жүргендігімен өлшенеді (м/с); сол сияқты, аудан бірлігі-м2, көлем бірлігі-м3, үдеу-м/с2 , т.с.с. Туынды бірліктердің 17-не белгілі ғалымдардың есімі берілген, олар: джоуль (Дж) – энергия,жұмыс; герц (Гц) – периодтық процесс жиілігі; ватт (Вт) – қуат; ньютон (Н) – күш, масса; паскаль (Па) – қысым, механикалық кернеу; кулон (Кл) – электр мөлшері, электр заряды; вольт (В) – электр кернеуі, электр потенциалы; фарад (Ф) – электр сыйымдылығы; ом (Ом) – электр кедергісі; сименс (См) – электр өткізгіштік; вебер (Вб) – магнит ағыны; тесла (Тл) – магнит индукциясы; генри (Гн) – индуктивтік; беккерель (Бк) және грей (Гр) – радиоактивтік сәйлелену бірлігі.
Еселік және үлестік бірліктер. Еселік бірліктер деп жүйелік және жүйеден тыс бірліктерден ондаған, жүздеген т.с.с. есе көп бірлікті айтады. Мысалы, километр (103 м), киловат (103Вт), минут (60 с), тәулік (86400 с), мегапаскаль (106Па), т.с.с.
Үлестік бірлік деп жүйелік немесе жүйеден тыс бірліктерден ондаған, жүздеген т.с.с. есе аз болатын бірлікті айтады. Мысалы, миллиметр (10-3 м), нанометр (10-9 м), микросекунда (10-6 с), т.с.с. (Қосымша В. 1-кесте).
Физикалық шама бірліктерінің жүйесінде “размерлік” деген ұғым маңызды рөл атқарады. “Размерлік” деп туынды шамалардың негізгі шамаларға байланыстылығын символмен (әріппен) белгілеуді айтады. Мысалы, жылдамдық V физикалық шама ретінде ұзындықпен L және уақытпен T анықталсын (V=L/T).
Өлшем дегеніміз физикалық шаманың сандық мәнін тәжірибе жолымен арнаулы техникалық құралдардың көмегімен анықтау.
Физикалық шаманың сандық мәнін анықтаудың тәсіліне байланысты өлшем төрт түрге бөлінеді: тікелей өлшем, жанама өлшем, біріктірілген өлшем және қатар өлшем.
Тікелей өлшем деп шаманың сандық мәнін тікелей өлшеп табуды айтады. Мысалы, температураны термометрмен, электр кернеуін вольтметрмен, т.с.с.
Жанама өлшем деп өлшенетін шаманың мәнін тікелей өлшеніп алынған шамалар арқылы табуды айтады. Демек, жанама өлщемді керекті шама тікелей өлшенбей, онымен функционалды байланыста болатын шамалар өлшенеді. Кейбір шамалардың сандық мәндерін тікелей өлшем емес жанама өлшем арқылы табу жеңіл және оңай.кейде тіпті тікелей өлшемді жүргізу мүмкін болмайды, мысалы, заттың тығыздығын заттың көлемі мен массасын өлшеу арқылы ғана анықтайды (d=m/v).
Біріктірілген өлшем деп біртекті шамалардың біріктірілген бірнеше топтарын жеке-жеке өлшеп, іздеп отырған шаманы өлшеген топтардың негізінде құрылған математикалық теңдеулер жүйесін шешіп табуды айтады.
Қатар өлшем деп әртекті шамалардың екеуін немесе одан да көбін бір мезгілде қатар тікелей немесе жанама өлшеуді айтады. Қатар өлшемнің мақсаты әртекті шамалардың арасындағы функционалды байланысты табу. Мысалы, дене ұзындығының температураға тәуелділігін, т.с.с.
Өлшем құралдары деп өлшем жұмыстары үшін қолданылатын, нормаланған метрологиялық қасиеттері бар техникалық құралдарды айтады. Өлшенетін шаманың мәнін дұрыс табу өлшем құралдарына байланысты.
Өлшем құралдарын дәлдеу деп метрологиялық органдар арқылы өлшем құралдарының қатесін, олардың дәлдігі жағынан қолдануға жарамдылығын тексеруді айтады.
Өлшем дәлдігі деп өлшеніп отырған шаманың шын мәніне жақын болу дәрежесін айтады.
Өлшемнің дұрыстығы деп өлшем нәтижелерінің жүйелі қатесінің нөлге жақын болуын, яғни өлшем жұмысының сапасын айтады. Берілген шаманы бірнеше рет қайталап өлшегенде жүйелі қатенің мәні әр өлшеуле тұрақты болады немесе белгілі бір заңдылықпен өзгеріп отырады. Өлшем дұрыстығы қолданылатын өлшем құралдарының дұрыстығымен байланысты болады.
Өлшем анықтығы. Өлшем нәтижелерінің сенімділігін көрсетеді. Өлшем нәтижелерін олардың шын мәндерінен ауытқуына қарап анық және анық емес нәтижелер деп екіге бөледі. Анықтығы белгісіз нәтижелердің ешқандай құндылығы жоқ, олар көбінесе жалған деректерді беруі мүмкін.
Өлшем ұқсастығы (бірдейлігі). Өлшем нәтижелерінің ұқсастығы деп бірдей жағдайда орындалған өлшем нәтижелерінің бір-біріне жақындығын айтады. Бірдей жағдайларда алынған нәтижелердің бір-бірінен айырмашылығы тек кездейсоқ қатенің әсерінен болуы тиіс.
Өлшем қайталанғыштығы қайталанымдылық дейтін ұғым әр уақытта, әртүрлі әдіс және әр түрлі құралмен өлшенген физикалық шаманың мәндерінің бір-біріне жақындығын көрсетеді. Қайталанымдылық сақталмаса өлшем нәтижелерінің сенімділігі төмендейді.
Өлшем қатесі. Физикалық шаманың шын мәні және оның өлшенген мәні дейтін екі ұғымды бір-бірінен ажырата білу керек. Шаманың шын мәні деп берілген объектінің қасиетін сапалық және сандық жағынан өте дәл бейнелейтін мәнді айтады,ол біздің танып білу қабілетімізге,өлшем құралдарына тәуелсіз,шаманың абсолют шын мәні.
Керісінше, шаманың өлшеніп алынған мәндері біздің танып білу, сезу қабілетіміздің нәтижесі. Өлшем нәтижелері өлшем әдістеріне, өлшемнің техникалық құралдарына және өлшемді жүргізетін адамның сезім мүшелерінің қасиетіне байланысты болады.
Өлшем қатесі өлшенетін шаманың шын мәні мен өлшенген мәнінің алгебралық айырмасына тең:
∆Х=X-Q
мұнда ∆Х -қате, Х-шаманың өлшенген мәні, Q- шын мәні.
Бірақ, шаманың шын мәні белгісіз болғандықтан қатенің мәні де белгісіз, сондықтан қатені жуықтап болса да анықтау үшін шаманың шын мәнінің орнына оның нақты мәнін қоюға тура келеді.
Физикалық шаманың нақты мәні деп тәжірибе жолымен табылған, шаманың шын мәніне өте жақын мәнін айтады. Шаманың нақты мәні оның өлшеп алынған бірнеше мәндерінің арифметикалық орта мәніне (Х) тең болады.