Білім ж?йесіне ?згеріс не ?шін ?ажет?


Шығыс Қазақстан облысы,
Семей қаласындағы №21 жалпы орта білім беретін мектептің қазақтілі мен қазақ әдебиеті пәнінің
мұғалімі.
Білім жүйесіне өзгеріс не үшін қажет?
Адамзаттың тарихи даму барысында қол жеткізген басты құндылықтардың бірі –білім.Ол адамның өркениетке жету жолында сенімді серігі болды.Өткен 20-ғасырдағы адам табиғатындағы ішкі рухани байлықтың жетімсіздігі білімді ізгілікті мақсаттарға емес, керісінше, адамзат өміріне қатер тудыратын алапат қару күшіне айналдырды. Ғұлама ғалым Әл Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы»-деп, осындай адамгершіліксіз білімді айтса керек. Білімнің басты мазмұны қоғам мүдделерімен тығыз ұштасып, имандылық, ізгілік қасиеттерін адам бойына сіңіруге бағытталуы тиіс. Адамсыз адамның күні жоқ. Біз келешек ұрпақты иманды,білімді,еркін,бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелегіміз келсе,барлық әрекетімізді дана Абайдың «Адам бол»идеясы төңірегіне шоғырландыруымыз керек сияқты. Қазіргі кезде әлемнің жылдам өзгеруі білімнің экономика, әлеуметтік және мәдени саласындағы қарқынды өзгерістерге тез бейімделуін қажет –деп табуда. Мектептерде оқушыларға 21-ғасырда нені оқыту керек, оларды мұғалімдер ғасыр талабына қалай дайындайды- деген маңызды мәселе көтеріліп отыр. Менің пікірімше,әлемнің дамыған елдері 20-ғасырдың ортасында бұл өзекті проблеманы шешу жолында өздерінің білім жүйесіндегі ұстанымдарын ғаламдану үрдісіне сәйкес өзгертулер еңгізіп,әртүрлі реформалар жүргізіп келеді. Дүниежүзінің 48 елінің білім жүйесіне сараптама жасаған ғалымдар АҚШ,Швеция, Канада, Финляндия, Дания сынды мемлекеттердің белгіленген критерилерге сай келетіндігін атап өткен.Бұл елдер алдыңғы бестік қатарында. Маған Франция, Жапония, Қытай, Сингапур ,Малазия,Финляндия т.б.елдердің білім жүйесін өзгертудегі өзіндік жолдары ұнады. Соның ішінде Сингапур мен Финляндия мемлекеттерінің білім беру жүйесі мені қызықтырды. Бұл екі елдің де экономикасы қарқынды дамыған, өркениетті елдер.
Сингапурдың білім саласын әлемдік эксперттер оқу жүйесін жоғары деп бағалады. Біріншіден, PIRLS зерттеулеріне сүйенсек, сауаттылығы жағынан әлемде алдыңғы қатарлардың бірінде, екіншіден, сингапурлық оқушылар 1995 жылдан бастап математика және жаратылыстану ғылымдарынан халықаралық (TIMSS) тестілеуден әлемде жоғарғы нәтиже көрсетуде, үшіншіден, 2008 жылдан бастап консалтинг компаниясы Сингапур білім жүйесін әлемде ең тиімді деп атады (әсіресе педагог мұғалімдерді дайындау саласы), Тәуелсіздік алған соң мемлекеттің даму жолдарын іздестіріп, табиғи ресурстардың болмауына байланысты жоғарғы кәсіби нарық құру, шетелдік инвестрларды тарту және экспорттауға бағытталған экономикаға көшу үшін үкімет интеллектуалды модернизация жолын таңдады. Білім жүйесінің алдындағы міндет : елді сауатты және техникалық білімді мамандармен қамтамасыз ету мәселесі туындады. Мектептің басты ерекшелігі: Бірінші сыныпта үш тіл(жапон, қытай, малазия) қатар оқытылады. Ағылшын тілі — негізгі тіл. Сыныпта қай ұлттың өкілі көбірек болса, сол ұлттың тілі ана тілі болып есептеледі. Бұл тұста біздің еліміз де көп ұлтты болғанмен, негізгі мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғаны еліміздің тіл тұрғысынан ұлттық ұстанымының дұрыстығы деп ойлаймын. Сингапурдың білім беру жүйесіндегі негізгі жетістіктері ретінде мына фактілерді атап өтуге болады: Сингапур білім беру жүйесінің ерекшелігі: қостілділік, оқушылардың мүмкіншіліктеріне қарай ағымдарға бөлу,бірнеше тілдерге оқыту,ағылшын тілін, табиғаттану ғылымдарын және математиканы оқытуға басымдылық беру техникалық білім берудің күшті жүйесі. Мұндай жүйе –білім беру ісіндегі шығыс моделіне назар аудару керектігін көрсетеді. Білім Министрлігі педагогикалық мамандықтарға оқуға түскен студенттермен шарт жасасып, оларға оқыған кездерінде алдын-ала еңбекақы төлейді. Оларды мұғалім мамандығына дайындамас бұрын тіл және математика сауаттылығы,жақсы дамыған қарым-қатынас дағдысы, жеке адамдармен өзара әрекет жасау дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл ел мұғалімді даярлауға басқа елдерге қарағанда,көп қаражат жұмсайды.Жастарын тәрбиелеу мен білім беру саласында толығымен АКТ-ны кеңінен пайдаланады.Оқушыларда дәстүрлі оқулықтар мен дәптерлер жоқ, олардың орнына электрондық планшеттер қолданылады. Екі елді байланыстыратын ортақ нәрсе көп. Біздің елімізде де сандық технологияны меңгеруге ерекше көңіл бөлуде, инновациялық технологияларды енгізу арқылы оқыту үдерісін жетілдіруді жолға қойды. Елімізде де жүргізіліп жатқан білім саясаты әлемдік білім кеңістігімен ықпалдасуға бағдарланған. Әлемдік білім кеңістігіндегі жалпы білім берудің басымдылық мақсаты: өзгермелі өмір жағдайына тез бейімделетін, өз жолын дұрыс таңдай білетін, оң шешім қабылдай алатын тұлға дайындау болып отыр.
Сондай-ақ Финляндияның бүгінгі білім саласының жағдайы кісі қызығарлықтай. Тіпті, өзіндік дамудың өте қысқа тарихына ие болып отырған бұл мемлекет соңғы 70 жыл ішінде білім беруді қолдау арқылы кереметтей жетістіктерді бағындырған. Финляндия жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші бойынша (32 мың еуро) жоғары қарқынмен дамыған елдердің қатарында. Ал,дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы есебіне сәйкес, бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік рейтингісі бойынша алтыншы орында тұр. Бұндай финдік жетістіктің бастауында білім саласындағы реформалардың тұруы да бекер емес.
   Білім беру сапасының жоғарылығы, білім жүйесінің жоғары тиімділігінің қалыптасуы жағынан осы бір шағын мемлекет әлемдегі экономикалық және саяси даму жағынан алдыңғы орыннан түспей келетіні де рас. Мәселен, білім беру жүйесінің сапасына қатысты әлем елдерінде бірқатар тәуелсіз зерттеулер жүргізген орталықтар шындығында да Финляндияның білім-ғылым саласын жоғары бағалаған. Атап айтқанда, PISA-ның (Programme for International Student Assessment-Оқушылардың білім жетістігін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама) 2009 жылғы зерттеулеріне сәйкес, Финляндия мен Қытай бұл салада әлем елдерінің ішінде көшбасшы мемлекеттер ретінде танылып отыр. Өкінішке орай, біздің ел 2012 жылдағы талдауға назар аударсақ математикадан -49, жаратылыстанудан-52, оқу сауаттылығы бойынша 62 ші орынды иеленген. Халқының саны шамамен 5 млн. адамды ғана құрайтын Фин елінің білім беру үлгісіндегі басты ерекшелік - білім берудің үздіксіз жүйесін қолдануында болса керек. Финляндияда ең бастысы балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуына үлкен назар аударылған. Фин оқушыларының басым бөлігі, тіпті түгелге жуығы ең алғашқы оқу табалдырығын аттап, мектеп партасына жайғаспас бұрын алдымен, балабақшадағы дайындық тәрбиесімен сусындайды. Мектепке дейінгі дайындық білімімен ауыздандыру мәселесіне үлкен назар аударылатыны соншалықты, кей жағдайда осы төңіректе қоғамдық пікірталастар, проблемалар ашық, бұқаралық талқыға шығарылып отырады екен. «Баланы бесіктен» бастап біліммен емізу, білімге қарай икемді етіп, «бағып-қағу» дегеніңіз осы шығар.«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, қазақ дала мектебінің озық үлгілерін жаңғыртып, жас аналарымыздың бала тәрбиелеудегі іс-тәжірибесіне еңгізу мақсатында арнайы мектептер ашу бүгінгі күндердің өзекті мәселелерінің бірі деп ойлаймын.
Жалпы, финдік білім беру жүйесінің басқалардан негізгі ерекшеліктері ретінде бірқатар мәселелерді аңғаруға болады. Біріншіден, білім беру жүйесі сегменттерінің бір-бірімен аса мығым байланыста болуы. Мәселен, финдіктердің балабақшасы мектептермен тығыз ықпалдасып тұрса, мектептің жоғары оқу орындарымен терең  қатынасы ыңғайлы жолға қойылған. Сәйкесінше, жоғары оқу орындары да мектептермен өзара ықпалдасып, ондағы білім сапасының артуына жағдай жасауға құлшынып тұрады. Осыдан-ақ үздіксіз білім тізбектеліп,  бірімен бірі жалғасып, оқушы бір сатыдан екінші бір сатыға ауысқанда ондағы үдерісті айтарлықтай сезбей өтеді. Бұл баланың оқу үлгеріміне ғана емес, басқа деңгейге көшудегі ерекшеліктеріне де еш әсер етпей, бұрынғы қалыпты дамуды қамтиды. Екіншіден, жоғары оқу орындарының «әлеуметтік жауапкершілігі» - бұл Финляндия білім саясатының ұлттық басымдықтарының бірі болып табылады. Білім институттары бұл ретте түрлі әлеуметтік топтарды құрайтын жергілікті қоғамдастықпен тығыз байланыста болады. Сонымен бірге, мұғалім, ұстаз мәртебесінің жоғары болуы, бұндай мамандық иесіне деген құрметтің ерекшелігі де өзгеше. Соның айғағы болар, Фин еліндегі мектепті бітіруші түлектер арасында ұстаздыққа деген құлшыныс жоғары болатын көрінеді. Бұндағы қызығушылықты тудыратын нәрсе - елдегі мұғалімдер жалақысының жоғары болуы ғана емес көрінеді (фин мұғалімдерінің жылдық табысы 17 мың еуро). Финляндия Білім министрлігі педагогикалық кадрлар құрамын жасарту саясатын үнемі жүргізеді, нәтижесінде мектепке талантты әрі жас мамандар көп тартылады. Білім берудің осындай икемді жүйесі  арқылы Финляндия Еуропада халқының сауаты жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Мәселен, Еуропа елдерінде 15 жастан асқан азаматтар арасындағы жоғары білімді тұлғалар саны 16 пайызды құраса, Финляндияда бұл көрсеткіш 24 пайызға дейін жетеді. Бұл екі елдің білім жүйесін зерделеу нәтижесінде олардың жоғарғы деңгейге жетуін, дамыған елдердің білім саласын саралаған ғалымдардың ( М. Барбер, М. Муршед) жинақтаған мәліметтерімен таныса келе білім саласына бөлінген қаржының өсуі, сынып оқушылары санының азаюы, мектептің материалдық-техникалық жағдайының жақсаруы оқушылардың білім сапасының көтерілуіне елеулі әсер етпейтініне көзім жетті. Мысалы, білім беру саласы бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі – Сингапур бастауыш білім беруге бөлген қаржысының мөлшері бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше 30 елдің ішінде 27-орында тұр. Сонда бұл елдердің білім жүйесінде жоғарғы стандартқа жету құпиясы неде деген сұрақ мазалап, тағы да зерттеулерге үнілуге итермелейді. Тағы да ғалымдардың зерттеулеріне үнілсек, АҚШ-тың Теннесси штатында оқушылар мен мұғалімдерге жүргізілген тәжірибеге қарағанда кәсіптік деңгейі жоғары мұғалімнен оқитын оқушылар, кәсіптік деңгейі төмен мұғалімдер оқытқан оқушыларға қарағанда 3 есе тез дамитынын көрсеткен. Сондай-ақ Еуропалық ЭЫДҰ бастама жасаған өзге зерттулермен (Pont, 2008), сондай-ақ Канадада (Levin, 2012), Сингапурде (Schleicher, 2012) және Финляндияда (Ministry of Education, 2007) өткізілген зерттеулермен қатар, бұл талдау (Robinson, 2009) да мектептердің өз оқушылары мен жастарының болашақта жетістікке жететіндігінің кепілі болғылары келсе, мектеп басшылығы мен мұғалімдер үшін ең басты мәселе оқыту және оқу болуға тиіс екенін көрсетеді. Мектеп басшылығы мұғалімдердің жұмысқа деген ынтасы мен мүмкіндігіне, сондай-ақ мұғалімдер жұмыс істеп, оқушылар білім алатын жағдайға, ахуалға ықпал ету арқылы мектеп нәтижелерін жақсартуда басты рөл атқарады. Бірінші деңгей бағдарламасы да мұғалімдер тәжірибесіне өзгеріс енгізу қажеттігін алға тартады, ол өзгерістер жастарға ХХІ ғасырда табысқа жету үшін қажетті білім және дағдылармен үйлесуге тиісті. Мұғалімнің міндеті оқушының өзі түсініп, ізденіп оқуына, пәнді терең білуге бағыттау білімнің қажеттілігін түйсік арқылы саналы қабылдау. Сондықтан мектепте өзгерісті мұғалімнен бастау керек деп ойлаймын. Өткен ғасырда оқыту жалпылама бірізді механикалық үдеріске негізделгендіктен білім беру иерархиялық ұйымдық құрылым болды. Бұл құрылымның еліміздегі жалпы білім беру ұйымдарының шығармашылық тұрғыдан дамуына едәуір кері әсер еткені шындық. Мектептің даму жоспарлары болмады. Оқу-тәрбие жоспарларында оқушылардың жас ерекшіліктеріне, тұлғалық қасиеттерін дамыту жұмыстарына баса мән берілмеді. Дарынды және талантты балалармен жұмыс жүйелі жүргізілмеді. Керісінше, оқу-тәрбие жоспарының мектепішілік бақылауы бөлімінде мұғалімнің сабақтағы іс-әрекетін тексеру түрлеріне барынша көңіл бөлінді. Сондықтан аудандық оқу бөлімі мен мектептің шығармашылық тұрғыда ойластырылып жасалмаған мақсатсыз тексерістер мұғалімді қағазбастылыққа салындырып ,өзіндік ой-пікірі жоқ, бастамашылдығы төмен, өз бетімен ізденіп жұмыс істеуге қабілетсіз пендеге айналдырды. Құзырлы мекемелер мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсеткеннің орнына әкішілік, үстемшілдік танытып, өзара сенімге құрылған ынтымақты қарым-қатынас қалыптастыра алмады. Нәтижесінде, басқарушы орындар мектеп әкімшілігіне қандай қарым-қатынас жасаса, мектеп әкімшілігі дәл сондай қарым-қатынасты мұғалімдерімен арада қалыптастырды, ал, мұғалімдер осы үрдісті оқушыларымен қарым-қатынаста қалыптастырып, өздері сияқты сыни ойлауға қабілетсіз, өзіндік көзқарасы қалыптаспаған, өзінің мүмкіндіктерін пайдалануға құлықсыз шәкірттерді тәрбиелеп, XXI ғасыр талаптарына ілестіре алмауда. Сондықтан да мектептерде оқу-тәрбие жұмысын жоспарлағанда белгілі бір қалыпқа салып, нақты бірізді талапқа сай жасағанды қою керек. Әр мектеп өзінің мүмкіндіктерін ескеріп, «ақылды» мақсат қоя отырып, шығармашылық тұрғыдан ойластыру қажет. Мектептің даму жоспары ұжымдық ойдың жемісі болуы тиіс. Мектеп басшылығы мектепті ресурстармен нығайтудан гөрі мұғалім мен оқушының сабақ үрдісіндегі өзара әрекетіне назар аударуы маңыздырақ екенін түсінуі керек. Егер тәрбиелеген шәкірттеріміз еркіндіктің арқасында 21-ғасыр талаптарына сай білім алсын десек мұғалімдерімізге барынша жағдай жасауымыз керек.
Білім сапасы мұғалімдердің денсаулығы, білімі, кәсіптік деңгейі, жұмысқа деген ынтасы материалдық жағдайына тікелей байланысты. Ұстаздардың басты міндеті оқушыға білімді өздігінен игеруге қолайлы жағдай жасау. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» деген аталы сөзді оқыту мен оқыту үдерісінде мұғалімнің негізгі ұстанымына айналдыру қажет. ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Назарбаев зияткерлік мектебі» базасында орта мектептерде білім берудің сапасын әлемдік стандарттар деңгейіне сай жеткізу белгіленген. Онда бүгінгі өмірге бейімделгіш, жоғары интеллектуалды, экономикалық бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу алдыға мақсат етіп қойылған. Осы тұрғыда еліміздің барлық обылыстарында жұмыс істеп,бүгінде айтарлықтай жемісін беріп жатқан Назарбаев зияткерлік мектептерінің деңгейіне жету көп жылдардан бері жалғасып келе жатқан талай проблемаларды шешуге негіз болар еді. Сонымен қатар Республикамыздың ұлттық ерекшелігін, өзіндік даму жолын ескере отырып, әлемнің дамыған елдердің ішіндегі Финляндия мен Сингапурдың мұғалім кадрлерді іріктеу тәжірибесі, Сингапурдың техникалық білім беру жүйесі Жапония елінің сабақты зертттеу әдісі, Қытайдың бастауыш сыныпта енгізілген «Адамгершілік және өмір» атты жаңа пән сабағы Қазақстан орта мектептерінде енгізуге болады. Жалпы білім жүйесінің басқа елдердің тәжірибесін енгізу кезінде өзіміздің ұлтымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі даналығына, асыл дәстүрлеріне, ғұламаларымыздың философиялық ой-толғамдарымен, ұлттық-мәдени, рухани құндылықтарымен қанықтыру керек. Еліміздің білім моделін ұлттық идеяға, ұлттық құндылықтарға негіздей құрып, ұлт мүддесіне басым бағыт бере отырып, дамыту қажет. Білім жүйесінің жаңа үрдісін жасау оқушыларға берілетін білімнің мақсатын, мазмұнын, оқыту технологиясын өзгерту арқылы жүргізіледі. Бүгінгі мектептегі білім мазмұны білім жиынтығын беруге бағытталғандықтан қазіргі заман талабына сәйкес келмейді. Сондықтан орта мектептерді құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан қайта кұру ондағы оқыту мен оқыту үрдісін жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенімім мол. Бұл өз кезегінде оқушының тұлғалық қасиетін дамытып, өзгермелі өмірде өз орнын табуға негіз болады-деп ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.МАН .Бірінші(ілгері деңгей)үшінші басылым.
2.М. Барбер, М. Моушад.«Как добиться стабильно высокого качества обучения в школах»,«Уроки анализа лучших систем школьного образования мира» 2008 год
3.В.К.Загвоздкин, «Реформа школьной системы и оценка качества школ в Финляндии». 2011 год.
4.Т.Б.Алишев, А.Х.Гильмутдинова« Реформа развития в Сингапуре» 2013 год.
5.Әлімов А.Қ.«Интербелсенді әдістерді ЖОО-да қолдану»