А?артушы –педагог — Ыбырай Алтынсарин.


Тақырыбы: Ағартушы –педагог - Ыбырай Алтынсарин.Мақсаты: Бастауыш сынып оқушыларына қазақ балаларына арнап алғаш мектеп ашқан ағартушы- педагог-Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы жайлы мәлімет беру.Ұлы адамдар өмірін , жасағанн ісін үлгі ету.
Міндеттері:
Ы.Алтынсариннің өмір жолымен таныстыру:
Шығармаларына шолу жасау;
Қазақ хрестоматиясынан алынған әңгімелерін оқып, одан көрініс жасау;
Ақынның өлеңдерімен таныстыру, мәнерлеп оқыту.
Көрнекіліктері: Буклеттер, слайдтар, фото суреттер, кітаптар көрмесі, ұлағатты сөздері.
Әдістері: Әңгімелеу, рөлге бөліп ойнау, көрнекілік , сұрақ-жауап.
Өтілу барысы:
Кіріспе сөз:Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы Торғай өңірінде дүниеге келген. Ол атасы Торғау өңіріне белгілі Балғожа бидің тәрбиесінде өседі.
Үміт еткен көзімнің нұры балам,
Жаныңа жәрдем берсін хақ тағалам,
Атаң мұнда анаңмен есен-аман
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған...- деп он жасар немересіне хат жолдаған еді сол атасы.Балғожа Ыбырайды ел басқару ісіне баулу мақсатында 1850 жылы Орынбордағы жаңа ашылған жеті жылдық орыс-қазақ мектебіне оқуға берді.
Ыбырай 1857 жылы осы мектепті үздік бағамен оқып бітірді. 1857-1859 жылдары ол атасы Балғожаның қарамағында іс жүргізуші болып қызмет атқарды.
1859 жылы Балғожа би өзінің досы генерал-лейтенант, профессор в.В. Григорьевтің көмегімен Ыбырайды Орынбор облыстық шекара басқармасына тілмаштыққа орналастырады. Осы кезде Ыбырай В.В.Григорьевтің үйінде жиі болып, оның аса бай кітапханасын пайдаланып, орыс, батыс классик жазушыларының, ағартушы –педагогтарының еңбектерімен еркін танысады.
Осы жылдары Ыбырай И.И.Григорьевтің үйінде Қазан университетінің профессоры Н.И. Ильминскиймен танысып, оымен қадірлі достық қатынаста болады.
1860 жылы Орынбор өлкесінің басқару комиссиясының ұйғаруымен Батыс Қазақстан өлкесінің балалары үшін төрт бастауыш мектеп (Торғай, Троицк, Ырғыз, Қазалы қалаларында) ашылады.
Ыбырай Торғай қаласында ашылған бастауыш мектепке мұғалім болып барады.
1861-1863 жылдар аралығында Ыбырай өз бетінше Торғай бекінісінен 1 сыныптық мектеп ашу ісін қолға алып, әуелі оның үйін тұрғызудан бастайды. Жергілікті халық ақша жинап, мектепке керекті материалдар сатып алып, ата-аналардың көмегімен мектеп үйін тұрғызады.Оқу алғаш 1864 жылы қаңтар айында салтанатты түрде ашылып, той жасалады. Ыбырай 14 қазақ баласын оқуға қабылдайды. Олар мектеп жанынан салынған интернатта оқитын болады.Өзінің осы істері жайлы профессор Н.И.Ильминскийге 1864 жылдың қаңтар айында жазған хатында былай дейді: «Осы жылы қаңтардың 8-і күні менің көптен күткен арманым орындалып, мектеп ашылды.Оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар...Қазақтар мектепке балаларын беруге ынталы екенін көрсетіп отыр. Оларға ең алдымен мемлекеттің заңын үйрет деп өтініш жасап жүр. Сондағы ойлары олардан кейін заңғойлар, демек өсекші-шенеуніктер шықсын дегені ғой.Олардың көздегені осы. Мен әзірге бұл жөнінде ешнәрсе даген жоқпын.. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім.Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын...»- деп өзінің сүйікті ісіне белсене кіріскенін зор қуанышпен хабарлайды. Ыбырайдың бұл хатынан оның педагогтік-ағартушылық көзқарасын түпкі мақсаттарын айқын аңғаруға болады. Оқыған жастардың адал, әділ, адамгершілік қасиеттері жоғары азамат болуын көздегені байқалады.
Ыбырай сол кездегі түсініксіз діни жаттамалы оқытудың орнына жаңаша әдіспен түсіндіріп оқытып, оларға тез хат танытатын жол табады.Соның нәтижесінде оқытқан балаларын небәрі 3-4 ай ішінде хат атнып, кітапты еркін оқитын халге жетеді.
Ы.Алтынсарин алдыңғы қатарлы орыс педагогтарының оқу құралдарын басшылыққа ала отырып, қазақ ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлері үлгісіне негізделген екі төл оқу құралын «Қазақ хрестоматиясы» мен «Қазақтарға орыс тілін үйретудің батауыш құралын» 1879 жылы жазып, бастырып шығарды.
Ыбырай «Қазақ хрестоматиясына» Қара батыр, Байұлы, Жиренше шешен, Тазша бала туралы ертегілерін, қазақтың байырға әңгімелерін енгізсе, өзінің «Бай баласы мен жарлы баласы», «Таза бұлақ», «Аурудан аяған күшті», «»Жеміс ағаштары, «Әке мен бала», «Асыл шөп» сияқты ғибрат, өсиет өнегеге толы дидактикалық әңгімелер мен өлеңдерін кіргізді, «Талаптың пайдасы», «Бір уыс мақта», «Алтын шекілдеуік», «Мейірімді бала», «Жаман жолдас», «Силинші ханым», «Зеректік» т.б батыс классиктерінің тәлімдік зор әңгімелерін аударып енгізді.
Ыбырай ашқан өлкедегі орыс-қазақ мектептеріне білікті мұғалім мамандар керек болды. Осы мәселені шешу үшін 1886 жылы Орскіде тұңғыш мұғалімдер мектебін ашты.
Ыбырай денсаулығының нашарлағанына қарамай Қостанай қаласына келіп, Торғай облысының генерал-губернаторы Барабашпен кездесіп, мына мәселерді шешуге келісім алды:
Оқу ағарту ісіне халықтан қосымша қаражат жинау (ол кезде мектеп ашу ісіне мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейтін),
Қыз балар оқитын училищелер ашу,
Ауыл шаруашылық мектебін ұйымдастыру,
Мәскеудегі жер шаруашылығы академиясында оқитын қазақ балаларына стипендия тағайындау,
Красноуфимскідегі училище оқушыларының стипендиясын көбейту,
Тері өңдейтін, сабын қайнататын зауыттар ұйымдастыру.т.б
Қысы-жазы даланы атпен аралап, өзі ашқан мектептердің қамымен жүрген Ы.Алтынсарин жүрек ауруы салдарынан небәрі 48-ақ жас жасап, 1889 жылдың шілденің 17-де дүниеден қайтты.Бар өмірін халықтың оқу-ағарту ісіне арнаған ардақты ұстаздың денесі Қостанай қаласынан 12 шақырым жердегі Тобыл өзенінің бойына жерленді.
Ыбырай-балалар әдебиетінің атасы. Ол тұңғыш ағартушы-педагог болуымен бірге, балаларға арнап көлемі шағын, мазмұны мәнді ондаған өлеңдері мен әңгімелерін қалдырған жазушы. Ол өзінің «Қазақ хрестоматиясы» атты тұңғыш оқулығын «Кел, балалар,оқылық» деген өлеңімен ашып, онда жастарды оқуға талаптанып талпынуға, білім алуға шақырды.
Осы мәліметтерді слайд арқылы көрсетіп, таныстыру.
2. Қойылым: «Әке мен бала», «Таза бұлақ» әңгімелерінің қойылымын көрсету.
3. Ыбырай тағылымдары: Өлеңдер оқу.
1)Кел ,балар, оқылық!
2) Атама хат.
3) Өнер ,білім бар жұрттар.
3. Аудио баспа тыңдау. Аудио баспадан «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесін тыңдау.
4. Рефлексия: Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларына өз шығармалары арқылы қандай тағылым бергісі келді?
«Теміртау қаласының №3 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ
Тәрбие сағаты: Ағартушы –педагог - Ыбырай
Алтынсариннің туғанына 175 жыл.
Дайындаған: бастауыш сынып
мұғалімі Манапова Ж.П.
Теміртау қаласы-2015 жыл.