Ма?ала ?аза? тілінен ?аза?ты? р?міздік топонимдері


ҚАЗАҚТЫҢ РӘМІЗДІК ТОПОНИМДЕРІ
Әр тарихи дәуір адамға өз рәміз-топонимдерін берді. Рәміз-топонимдердің қолданылу аясы, мағыналық сипаттамасы, қоғамдық деңгейі әр түрлі. Жергілікті жердегі тұрақты атаудан бастап тұтас ел, аймақ, әлемдік деңгейде белгілі рәміздің саны көп. Бұл жөнінде зерттеуші Серікбол Қондыбаевтың мақаласын кездестірдік [34]. Төменде халқымызға қатысты бірнеше киелі жер-су аттарын беріп отырмыз.
Арал мен Семей – XX ғасырдың қазақ халқының басына түскен нәубет-тауқыметтердің жиынтық образдарына айналған топонимдер. Теңіздің тартылуы ойсыздық пен жөнсіз әміршілдіктің, ал Семей полигоны тұтас халыққа істелінген қиянаттың ең танымал ескерткіштері.
Еділ -Жайық – Қазақстанның батыс өңіріндегі өзендер. Қазақ-ноғай әфсәнәлік әдебиетінде кеңінен қолданылған егіз топоним. Үнемі қосарласып айтылатын қос өзен ноғайлы дәуірінің оқиғаларымен, Махамбет-Исатай көтерілісімен тығыз байланысты.
«Еділ мен Жайық жер еді-ау,
Мекен еткен шаруаның...» (Махамбет).
Еділ-Жайық – орыс-казак қысымына алғаш түскен қазақ өлкесі. XIV-XVII ғасырлардың өзінде-ақ бұл жерлерде орыс үстемдігі орнады. Бұл атау жерден айырылу мен ата-мекен бостандығы үшін күресудің рәмізі іспетті.
Жерұйық – халық арман-қиялындағы бейбіт өмір мен жайлы тұрмыс кешуге болатын мекен. Жерұйық – мал бағуға ыңғайлы, шөбі шүйгін, жақсы жер. Дала көшпенділерінің «қой үстіне бозторғай ұя салған» кезеңді аңсауы осындай қиял жердің жиынтық бейнесін жасауға мүмкіндік берді. Жерұйық, оны іздеу халық жырында Асан қайғымен тығыз байланыстырылған. Оның мұндай жерді таба алмауы сол заманда заңды құбылыс еді. Өйткені даланың әлсіреп, оны қоршаған көршілерінің күшейген жағдайында табу мүмкін емес-ті. Дегенмен Жерұйық, Жиделібайсын сияқты мифтік мекендермен қатар, халықтық рәміздік топоним бола алады.
Жиделібайсын - «Алпамыс батыр» жырындағы батырдың ата мекені, отаны.
«...Жиделібайсын жерінде,
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген бай бопты...» («Алпамыс батыр»).
Қазіргі кезде бұл жерді Қарақалпақстанда (Қоңырат), Өзбекстанда (Байсұнтау) деп жорамалдау бар. Дегенмен мифтік топонимдердің орнын дәл табу мүмкін емес, себебі Жиделібайсын да халық қиялынан туған жиынтық бейне дегіміз келеді.
Иран бағы – қазақ тіліне араб-парсы поэзиясы арқылы келген қияли мекеннің атауы. Рәміздік мәнінде Иран бағы – жер бетіндегі ұжмақ, рахат өмірдің мекені.
Итжеккен – еуразиялық тундра мен тайганың, сондай-ақ Сібір мен Қиыр Шығыстың қазақша бейнелік атауы. Итжеккен – қазақ үшін қысы суық, адам еріксіз айдалып, апарылатын мекен. Империялық Ресейдің кезінде «халықтар түрмесі» атанған Сібір мен Қиыр Шығыстағы мыңдаған қазақтар да көрді. Сондықтан да Итжеккен халық санасында еріксіздіктің, дәрменсіздік пен үрейдің рәмізі болып қала бермек.
Барсакелмес – Қазақстанда осы аттас сор да, арал да бар. Сондай-ақ ертегілерде бұл жер атауы жиі ұшырасады. Барсакелмес - өмір сүруге болмайтын, адам өміріне қауіпті немесе өте алыс орналасқан жерлердің жалпы образдық баламасы. Күнделікті тілімізде алысқа, ұзақ сапарға кеткен адамды әзілдеп, «Барсакелмеске» кетті дейтініміз де сондықтан.
Көктөбе – қазақ аңыз-ертегілеріне тән географиялық атау. Көктөбе – көк аспанға апаратын жолы бар төбе. Көктөбенің мифтік-космогониялық мәнін түсінуге қажетті нәрсе – бәйтерек. Осы бәйтерек, яғни ең үлкен ағаш өскен Көктөбе – дүниенің кіндігі, өзінше бір қасиетті жер.
Қазығұрт – Шымкент қаласының оңтүстік жағындағы тау. Дәл осындай атауға Жезқазған облысы, Жаңаңарқа ауданындағы бір тау да ие болған. Бүкіл Еуразия халықтарына таныс топан су аңызының қазақша нұсқасында Қазығұрт – Нұқ пайғамбардың кемесінің келіп тірелген тауы болып есептелінеді. Мұның өзі дала мәдениетінің басқалармен терезесі тең мәдениет екендігін көрсете алатын рәміздігін дәлелдейді.
Қап тауы – тек қана қазақ ертегілеріне ғана емес, христиан-ислам мифтік әдебиеттеріне тән рәміздік топоним. Ертегілік мағынасы - әлем шетіндегі биік тау жоталары дегенді білдіреді. Соңғы кезде баспасөз беттерінде ол Кавказ жотасының баламасы ретінде қолданылып жүр.
Сарыарқа – Торғайдан Алтайға, Бетпақдаладан Ертіске дейінгі Солтүстік қазақ өңірінің аты. Сарыарқаға рәміздік беретін белгі бар. Бірінші – бұл қазақ жерінің үлгісі болып саналатын селеу мен бетегелі, жусанды дала. Екінші – қазақтың ең әсем көрікті деген жерлерінің негізгі бөліктері осы Сарыарқада. Үшінші – қазіргі қазақ поэзиясы мен сөз өнерінің дүлдүлдерінің талайы осы өлкеде шыққан. Сондықтан да Сарыарқа – даланың қайталанбас әсемдігінің ғана емес, оның ұлттық мінезі мен психологиясының, оның рухы мен кеңдігі, жайдарлығының үздік рәмізі. Көп жағдайда Сарыарқа тұтас Қазақ даласының синонимі ретінде де қолданыла береді.
Тескентау – ертегілік атаулардың бірі. Маңғыстауда осы атпен Ауғанстан жерін атайды.
«Тескентау асып кетті» деген фраза қазақ тілінде жиі қолданылады да, алысқа, қиянға кетті дегенді білдіреді.
Түркістан – бұл қаланың тарихта орны ерекше Үлкен аймақтың «Меккесі» болған, көп уақыт қазақ хандығының астанасы болған бұл қала Орталық Азияның исламдық рәмізі ғана емес, қазақ ұлтының бірлігінің де рәмізі болып табылады. Ал жалпы Түркістан атауының өзі тіл мен тегі туыс, тағдыры бір халықтарды бірлікке шақыратын байрақ сияқты.
Ұлытау – Қазақстанның географиялық орталығы. Сонымен қатар үш жүздің, үш аймақтың ортасында орналасып, жер тұтастығы мен еле бірлігіне дәнекер болған тарихи аймақ. Ұлытау – қазақ бірлігінің, бірлікке ұмтылу талпынысын алу рәсімі.