Коучинг на тему Кртериалды ба?алау — сапалы білім негізі
Коучинг тақырыбы: Критериалды бағалау – сапалы білім негізі.
Мақсаты: 12 жылдық оқуға көшу жағдайында оқушылардың жетістіктерін жаңа заман талаптарына сай бағалау.
Коучинг сессиясының міндеттері:
Білім жүйесінде критериалды бағалаудың алатын орнын әріптестерге түсіндіру.
Өзін-өзі және өзара бағалауда критерийлерді пайдаланудың маңыздылығын айқындау.
Критериалды бағалау арқылы оқытудың тиімділігін және оқу сапасын арттыруға болатынына көздерін жеткізу.
Оқу үдерісінде критериалды бағалауды қолдану жолдары мен түрлерін түсіндіріп, әріптестермен тәжірибе бөлісу.
Күтілетін нәтиже:
Коучинг сессиясына қатысушы мұғалімдердің педагогикалық шеберліктері жоғарылайды;
Өзін-өзі және өзара бағалау туралы түсініктері қалыптасады, критериалды бағалаудың стратегияларын біледі;
Мұғалімдер оқу үдерісінде оқушылардың жетістіктерін жаңа жүйеде бағалайды.
Түйінді идеялар: «Бағалау» - (латын сөзінен шыққан «жақын отыру» дегенді білдіреді) мұғалімдер балалардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын оята алатын пәрменді тетік. Критериалды бағалау – білім берудің мақсаты мен мазмұнына негізделген оқушының оқу-танымдық құзырлылығын қалыптастыруда алдын-ала белгіленген жетістіктермен салыстыру үрдісі. Баға – символ, оқу жетістігін не санмен таңбалау, не сөзбен жеткізу.
Қолданылатын модульдер мен әдіс-тәсілдер: оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер; сыни тұрғыдан ойлауға үйрету; оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау; оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану; оқытуды басқару және көшбасшылық; топтық жұмыс; диалогтық оқыту.
Сабақ барысы.
Бойыңда білімің бар екен, одан басқалар да өз шырақтарын жағып алардай жағдай туғызыңыз.
Томас Фуллер
Психологиялық жағымды көңіл-күй орнату. Мұғалімдер қоржыннан шиыршықталған қағаздардың бір-біреуін алады. Қағаздарда сабаққа қатысушылардың есімдері жазылған. Әр мұғалім қағазда жазылған әріптесінің атын атап, оған өзінің жылы лебізін, тілегін айтады.
Ұйымдастыру кезеңі. Қатысушылар үлестірілген қызыл, жасыл, сары жетондар арқылы үш топқа бөлініп отырады.
Ой шақыру.
Мұғалімдерге Ф.П. Решетниковтың «Тағы да екілік» суреті ұсынылады. Мына суретке мұқият қараңыздаршы, ондағы отбасы мүшелерінің әрқайсының көңіл-күйі қандай? Мектептен үйіне тағы да «екілік» бағасын арқалап қайтқан оқушының түр-әлпетінен нені аңғаруға болады? Ол өзін қалай сезініп тұр? Сурет неліктен «ТАҒЫ ДА екілік» деп аталады?
Тағы да екілік! Кеше де, бүгін де, ертең де... Әріптестер, қалай ойлайсыздар, бұл баланың өз бағасын жақсартуға деген ынтасы бар ма? Жоқ болса, неге? Оған кім кінәлі, мұғалім бе, оқушы ма?
Бүгінгі сабақта біз сіздермен қазіргі заманда білім саласындағы нағыз саясатқа айналған проблеманың бірі – бағалау мәселесіне тоқталамыз. Өйткені оқушының білімін бағалау – оныңоқуға деген ынтасының мүлдем жоғалуына немесе қызығушылығының оянуына бірден-бір себеп. Мұғалімнің басты міндеті – оқушының өзіне деген, өз күшіне деген сенімінің жоғалуына жол бермеу.
«Дейін және кейін» стратегиясы.
«Дейін»: алдымен мұғалімдерге өзара бағалау мен өзін-өзі бағалау туралы өз түсініктерін жазуды сұраймын. Әр топ ақылдаса отырып, өз ойларын постерге жазады, оны тақтаға шығып қорғайды. Бір топ жауап бергенде қалған екі топ олардың жауаптарын тыңдап, әр топ бірін-бірі бағалайды. Бағалап болғаннан кейін оларға бағалау критерийі ұсынылады:
Тақырыптың ашылуы
Дәлелдердің нақтылығы
Қалай бағалауға болады?
Сөйлеу мәнері
Сабақтың қай тұсында пайдалануға болады?
Постердің рәсімделуі.
Жауаптарыңыз критерийлерге сай келе ме? Егер мен бұл критерийлерді тапсырманы орындатпас бұрын, алдын-ала бергенде сіздердің жауаптарыңыз да, бағаларыңыз да басқаша болып шығар еді.
Топтар, енді осы критерийлер бойынша өздеріңіздің жауаптарыңызды бағалап көріңіздер және топтар бірін-бірі қайтадан бағалаңыздар, қай топтың жауабы жақсырақ деп ойлайсыздар? Салыстырыңыздар.
Енді ойланыңыздар, не маңыздырақ, адамның өзін-өзі бағалауы ма немесе басқаның бағалауы ма? Сіздер өзіңізді қалай бағаладыңыз, басқа топтар сізді қалай бағалады? Салыстырыңыздар, өзін-өзі бағалау мен бірін-бірі бағалауда алшақтық бар ма? (Критерий бойынша дұрыс бағаласа, алшақтық болмайды).
Дәстүрлі оқытудағы бағалау мәселесіне келетін болсақ, бұл тек мұғалімнің құзіретіне жататын сабақтың ең бір жауапты кезеңі болатын. Және оқушылар көбіне өзіне қойылған бағаға келіспеушілік білдіріп, өз реніштерін білдіріп жататын, тіпті кейде, әсіресе, тоқсан соңында олардың ата-аналары да мектепке келіп дауласып, баға мәселесіне байланысты үлкен шу шығып жататыны жасырын емес. Бүгінгі таңда осындай проблеманы шешудің бір жолы – оқушының жетістігін критерий арқылы бағалау. Бағалау критерийлері оқушыларға да, ата-аналарға да түсінікті болуы керек. Кейде белгілі бір тапсырма бойынша оқушылар критерийді өздері де ұсынуы мүмкін, бұл – олардың оқуға деген қызығушылығының оянғаны.
Топтық жұмыс. Шығармашылық тапсырма.Үш топқа да көбелектің суретін салуды ұсынамын. Салынған суреттер бойынша топтар бірін-бірі бағалайды. Неге дәл осы бағаны қойғанын түсіндіреді. (Топтардың арасында өз тобына қойылған бағамен келіспеушілік тууы мүмкін – менің көздеген мақсатым да осы: баға мәселесіне байланысты топтар арасында қақтығыс тудыру). Айтыңыздаршы, мен осы жерде қандай қателік жібердім? (Бағалау критерийін ұсынбадым, сондықтан бағаға келіспеушілік туындады). Енді қатысушыларға көбелек суретіне байланысты бағалау критерийін ұсынамын. Бір-біріңіздің суреттеріңізді мына критерийлер бойынша тағы да бағалап көріңіздер:
Көбелек 4 түрлі түспен боялған
Көбелектің фигуралы 4 қанаты бар
Көбелектің денесі, мұртшалары бар
Көбелектің көздері, аяқтары бар
Көбелек гүлге қонып отыр
Енді критерийлерді бергенге дейінгі және бергеннен кейінгі бағалауды салыстырыңыздар. Айырмашылық бар ма? (Біреулер көбелектің көздерін немесе мұртшаларын салуды ұмытуы мүмкін). Критерий бойынша қойылған бағамен келісесіз бе? Суретті салу барысындағы өз қателіктеріңізді көрдіңіз бе? Жоғарыдағыдай баға мәселесіне байланысты топтар арасында қақтығыс туды ма? Неліктен деп олайсыз?
Бұл бір суретке пайдаланылған екі түрлі бағалаудан қандай қорытынды шығардыңыз? Нені түсіндіңіз? Егер мен мұғалім ретінде тапсырманы орындатпас бұрын сіздерге бағалау критерийін ұсынсам, жоғарыдағыдай қақтығыс туар ма еді? Осыны ҰМЫТПАҢЫЗ! Оқушыларға тапсырманы берердің алдында олараға бағалау критерийін ұсыныңыз, сонда оқушы алдын-ала өзінің не үшін бағаланатынын біледі де, тапсырманы дұрыс орындайды. Оқушыларға бірін-бірі бағалауға, өздерін өздері бағалауға мүмкіндік беріңіз. Сонда сіздің жоғарыдағы суреттегідей мектептен күнде екілік алып келетін оқушыларыңыз жойылады.
Топтық жұмыс. Кластер жасау. Әр топқа тапсырма беріледі:
топ: Критериалды бағалауды пайдалану оқушыларға не береді?
топ: Критериалды бағалаудан мұғалім не ұтады?
Топ: Критериалды бағалаудың ата-аналарға пайдасы бар ма?
Топтар өз кластерлерін қорғайды. Топтар бірін бірі толықтырады, ой бөліседі. Олардың жауаптары төмендегідей болуы мүмкін немесе өзім толықтырамын:
Критериалды бағалауды пайдаланудың тиімділігі мен берері
Оқушы
Мұғалім Ата-ана
Өзінің тақырыпты меңгеру дәрежесін анықтайды
Өз жұмысына сараптама жасауға үйренеді
Өзінің білім деңгейін алдын-ала болжайды
Өзінің және сыныптастарының білім деңгейіне сын көзімен қарауға үйренеді, сын тұрғысынан ойлау қабілеті дамиды
Критерийдің көмегімен өз білімін бағалауға мүмкіндік алады Оқушының білім деңгейін анықтайды, дамуын қадағалайды
Әр оқушының мүмкіндік деңгейін біліп отырады
Оқушыға оқудың қай тұсы қиындық туғызатынын анықтайды
Оқушының кемшіліктеріне назар аударта отырып, оның дамуына бағыт береді
Мұғалім, оқушы және ата-ана арасында кері байланыс орнайды Баласының білім деңгейі жайлы объективті дәлелдеме алады
Баласының оқудағы жетістіктерін, оның дамуын қадағалайды, біліп отырады
Критерий көмегімен баласына оқуда қолдау көрсете алады
Баласының не үшін баға алғанын біліп отырады
Ата-ана мен мектеп арасында кері байланыс орнайды
Баға үшін дау-жанжал туындамайды, баға критерий бойынша әділ қойылады
«Дейін және кейін» стратегиясы. «Кейін»: мұғалімдерге тағы да өзара бағалау мен өзін-өзі бағалау туралы өз түсініктерін жазуды сұраймын. Мұғалімдер осы сұрақ бойынша «Дейін» не білгендерін және «Кейін» не біліп шыққандарын салыстырады, қорытынды шығарады. Өз түсініктерін қорғайды, дәлелдейді.
Бағалаудың түрлері. Мұғалімдерге бағалаудың түрлері туралы суреттер арқылы түсіндіремін:
Оқу үдерісіне критериалды бағалауды енгізудің себебін талдау:
Қорытынды. Жоғарыдағы «Тағы да екілік» суретіне қайта оралу: Қалай ойлайсыздар, суреттегі баланың өз бағасын жақсартуға деген ынтасын ояту үшін не істеу керек?
Рефлексия. Әр мұғалімге өзін-өзі бағалау парақшалары үлестіріледі, олар бүгінгі сабақтан алған өз білімдерін берілген критерий арқылы бес балдық жүйе бойынша бағалайды:
№ Критерийлер
Игеру деңгейі
1 Бірін-бірі бағалаудың тиімділігін білемін. 1 2 3 4 5
2 Өзін-өзі бағалау білудің пайдасын түсіндім. 1 2 3 4 5
3 Критериалды бағалауды өз тәжірибемде пайдалана аламын. 1 2 3 4 5
4 Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйрендім (топтық жұмыс, психологиялық ахуал, т.б.) 1 2 3 4 5
5 Бағалаудың түрлерін білемін («Білім ағашы», «Екі жұлдыз, бір тілек», «Бағдаршам», «Кері байланыс», «Алты қалпақ»). 1 2 3 4 5
Кері байланыс. «Үш минуттық тыныштық»: мұғалімдер бүгінгі сабақтан алған әсерлері, не үйреніп шыққандары туралы стикерлерге жазады, тақтаға жапсырады. Топтар бір-біріне екі жұлдыз, бір тілек айтады.
Сөзімнің соңында айтарым, бүгінгі алған білімдеріңізбен басқа да әріптестеріңізбен бөлісіңіздер. «Бойыңда білімің бар екен, одан басқалар да өз шырақтарын жағып алардай жағдай туғызыңыз», - деген Томас Фуллердің сөзін ұмытпаңыз.