О?ытуды? жа?а ?діс т?сілдерін ?з іс-т?жірибесіне енгізу-м??алім шеберлігін арттыруды? бірден-бір жолы ?дістемелік баяндама.


026924000
Алматы қаласы №167 ЖББМ ағылшын тілі пәні мұғалімі Абдрахманова Гульнур Тоханаевна
Оқытудың жаңа әдіс тәсілдерін өз іс-тәжірибесіне енгізу-мұғалім шеберлігін арттырудың бірден-бір жолы«Маған айтсаң ұмытып қаламын,
көрсетсең есімде сақтаймын,
ал жасатсаң үйреніп аламын».
К.Д. Конфуций. 
Педагог-ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Жақсы мұғалім деген атаққа түрлі әдістерді меңгеріп соларды оқытуда қолдана білу арқылы ғана жетуге болады. Сонымен қатар бірнеше әдісті меңгеріп қана қоймай, өзіне қажет әдісті тауып, пайдалана білу керек»,-деген.
Қазіргі таңда мұғалім алдындағы мақсат - оқушыларға дайын білімді ұсынбай, өмірде көрген, білген нәрселерін жаңа тақырыппен ұштастырып, тақырыпты өздеріне меңгерту.
ХХІ-ғасырда алынған білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білетін өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдерді қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру бүгінгі мұғалімнің басты мақсаты. Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға - мұғалім (Стронг, Вард, Гранд, 2011). Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, мұғалім сабақ жоспарын құру барысында оқушының ойлау қабілетін дамытуға, ойын еркін жеткізуге жетелейтін түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана білуі керек. Мұғалімге арналған Нұсқаулықтың 34-бетінде "Мұғалім ең алдымен оқушыларда Чиксенмихай (2008) "өзіндік мақсат"деп атайтын және Райан мен Деки (2009) «iшкі уәж» деп атайтын қасиеттердің болуына жағдай жасауға тырысуға тиіс, сол кезде оқушылар өздері-өздерін ынталандырып, осыдан кейін оқушыларда ұмтылыс пен қызығyшылық, құлшыныс, ынта пайда болaды,"-делінген. Мұғалім сабақты бастамас бұрын сыныпта ынтымақтастық ахуалдың орнауына ықпалдасып, сабақтың қызықты әрі нәтижелі өтуіне жағдай жасау керек. Ынтымақтастық ахуалды орнатуға арналған көптеген тренингтер бар. Мысалы, «Шаттық шеңбері», «Жылы лебіз» тренингтері арқылы оқушыларға бір-біріне жақсы тілектер айтқызу арқылы сыныптастарының арасында жақсы қарым-қатынас, бір-біріне сыйластық, жақсы көзқарас қалыптастыруға болады. «Сөзсіз түсінікті» әдісі арқылы бір-бірімен ыммен амандастырып, оқушылардың тапқырлық, сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға болады."Сіз маған ұнайсыз""Мен қандаймын?" тренингтері арқылы оқушылардың ішкі уәжінің дамуына, сыртқы уәжді қабылдай білуіне ықпалдасуға болады.
"Әңгімеге бастау жасайтын және оны бақылап отыратын адам - мұғалім" (Мерсер, Нұсқаулық, 41-б.) деген қағидасына сүйеніп, әр сабақты мұғалім өзі амандасудан бастағаны тиіс. Осы сәтте ұстаз өзіне сыныптың назарын аудартып, оқушылардың ойын жинақтап, сабаққа дайындайды. Барнстың "Сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың оқуына соншалықты әсер етеді" деген сөзін (39-б.) ескере, ынтымақтастық атмосфера қалыптастыру арқылы, оқушылардың өз күші мен уақытын аямастан қызығушылықпен жұмыс істейтіндей жағдай туғызып, ішкі уәждерін қалыптастырады.
Оқыту мен оқудағы қолданылған жаңа әдіс-тәсілдер арқылы оқушылар топта бір-бірінен үйрене алады, бірін-бірі бағалауға дағдыланады, сабақ барысында алған ақпараттарын өзгелермен бөлісуді үйренеді, басқаны тыңдаудың, пікірлерді сыйлаудың маңыздылығын түсінеді. Дәстүрлі сабақ барысында мұғалімдер класс сағаты, сыныптан тыс сабақтар барысында сыныпты топқа бөлу арқылы әр топты бір-бірімен жарыстырып, оқущылардың арасында бәсекелестік туғызатын еді. Қазіргі таңда топпен жұмыс түрінде ондай келеңсіздік кездеспейді. Топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырады. Екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үшіншіден, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды. Бұл әдіс сонымен қатар топ болып ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауға, ойын еркін ортаға салуға, бірінен- бірі үйренуге септігін тигізеді. Сыныпты топтастыру барысында мұғалім уақытын тиімді пайдалана алады. Мысалы стикерлерге жазылған тірек сөздер арқылы топтастырып, үй тапсырмасын тексере алады немесе жаңа тақырыпқа негіз болатын сөздер арқылы оқушылардың тақырыпты өз бетімен анықтауға жетелейді.
Сындарлы оқыту теориясы оқушылардың ойлауын дамыту олардың бұрынғы алған білімдері жаңа білімдерімен астастырыла жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді. /Нұсқаулық, 6-б./ Қазіргі таңда мұғалім алдындағы мақсат - оқушыларға дайын білімді ұсынбай, өмірде көрген, білген нәрселерін жаңа тақырыппен ұштастырып, тақырыпты өздеріне меңгерту. Оқушылар топтасып жұмыс жасау барысында өзін еркін сезініп, ойын ашық айтуға дағдыланады. Осы тұста ең тиімді тәсілдің бірі «Ойлан, бірік, бөліс» әдісі. Берілген мәлімет әр оқушы жеке танысып болған соң, түсінгенін топтағы көршісімен бірігіп бөліседі, кейін ойын ортаға салып талқылайды. Осы сәтте оқушылар өмірдегі білімін сабақ үстінде тиімді пайдаланады және бірін-бірі үйретеді. Александер (2008) диалог түрінде оқыту оқушыларды ынталандыру және дамыту үшін әңгіме күшін қолдануға мүмкіндік береді деп санайды. (Нұсқаулық, 29-б) Оқушылар бір-бірімен әңгімелеседі, яғни бұл уақытта диалогтік оқу жүреді. Диалогтік оқу оқушылардың сөйлеу дағдысын, тілін дамытады.
"Ойлан, бірік, бөліс", "Үштік модель", "Сұрақ бізден, жауап сізден", "Кезектесіп қайталау" әдістері көшбасшылыққа бейім, ұйымдастыру қабілеті бар оқушыларды анықтауға септігін тигізеді. Әр топтан бір оқушы өз бетінше басшылық жасап, әр қайсысын жұмысқа тартып отырады. Осы тұста мұғалім бақылаушы болады. Ол әрбір топтың қасына барып, оқушы үгіг естуге әрекет жасауы керек. Қажет кезде топтағы оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, берілген тапсырманы дұрыс орындауға жетелеп, бағыт-бағдыр береді. Выготский "Жақын арадағы даму аймағында" тапсырманы орындауда, жаңаны үйренуде тірек болатын ересектердің көмегі немесе қолдауы керек. Бұл қолдау қарым-қатынасты қамтиды және Выготский бұл жағдайды оны оқытудың негізгі құралы деп есептейді."(Нұсқаулық,39-б.) Оқушылар нәтижеге жету үшін, тапсырманы дұрыс орындау үшін талпынып, жауапкершілік, ауызбіршілік танытады.
Қазіргі таңда мұғалім оқушының пікірімен санасып Харгвис пен Гэлтонның (2002) жалпы алғанда, мұғалім сұрақ қойғаннан кейін оны қайталап немесе сол сұрақты өзге оқушыға басқаша қоймас бұрын шамамен екі секундтай кідіру қажеттілігін айтқанын (Нұсқаулық, 42-б) басшылыққа ала отырып, сұрақ қойғаннан кеін оқушыға ойлануға мүмкіншілік беріп, ол дұрыс жауап қайтармаған жағдайда да оған "Қателестің, дұрыс емес",-деген сөздерді қолданғанша, "Ойлан, тағы кім жауап бергісі келеді?" - деген қайта бағыттау сұрағы арқылы оқушының өз қатесін өзі тапқанға жетелеген дұрыс деп есептейді. Мұндай әдіс пайдалана білген ұстаздың шәкірттері алдағы уақытта үрейленбей, тартынбай ойын еркін жеткізе біледі.
Сабақ барысындағы сергіту сәтінің тигізер пайдасы мол. Оқушылар сабақтың ортасында серігіп, әрі қарай жұмыс жасауға ынталанады, көңіл-күйі көтеріледі. Сергіту сәтіне арналған жаттығулар өте көп. Тек соларды мұғалім өз сабақтарына бейімдеп, тиімді пайдалана білуі керек. Көзге арналған жаттығулар оқушылардың денсаулығына пайдалы. Есте сақтау қабілетін арттыру мақсатында оқушыларға 20-25 сөз оқып, есте қалғанын дәптер бетіне түсіруге ұсыныс жасауға болады. Бұл сергіту сәті уақытты тиімді пайдалануға септігі мол. Мысалы таңдалған 20-25 сөз алдыңғы сабақтарға тірек болатын сөздер болуы мүмкін. Бұл тұста мұғалім оқушының есте сақтау қабілетінің қаншалықты дамығанын анықтап қоймай, өткен тақырыпты қайталайды әрі оқушылар серігіп қалады.
Сабақтың соңындағы кері байланыс мұғалімге оқушылардың көңіл-күйін, тақырыпты қаншалықты меңгергенін анықтауға көмектеседі. «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі оқушылардың сөйлеу дағдысын дамытады, бір-бірін бақылауға жетелейді, ішкі уәжді дамытып, сыртқы уәжді қабылдауға үйретеді.
Сөзсіз, әр сабақтың жетістіктері мен кедергілері болады, бірақ мұғалім соларды енсеру жолдарын іздестіруі қажет. Выготскийдің "Баланың мәдени дамуындағы кез келген қызмет екі түрлі келбетте сахнаға екі мәрте шығады: біріншісі - әлеуметтік, содан соң - психологиялық, әуелі интерпсихикалық санат ретінде адамдар арасында, содан кейін интрапсихикалық санат ретінде баланың жан дүниесінде көрініс табады", - деген сөзін негізге ала отырып, оқушының топта жұмыс жасау қабілетін қалыптастырып, ішкі уәжін дамытуға көптеген жұмыстар жүргізу арқылы оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, құзырлық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтуға ықпал етуі керек.
Курс Бағдарламасынан күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір – көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды (Нұсқаулық, 6 бет). Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқытуға негізделген тәсіл кең тараған (Hattie, 2009). Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Сындарлы оқыту нәтижесінде өзінің оқуы төңірігінде ой жүгірте алатын, өзінің білімін шыңдай алатын, әрі өздігінен ізденіп, білімді бойына сіңіре алатын оқушы қалыптасады. (Нұсқаулық, 6 бет)
«Білім тек есте сақтағанда емес, ой елегінен өткізгенде ғана білім болмақ» дегендей, оқушылардың бірлесіп, топтық, жұптық формада жұмыс істеуі арқылы тапсырмаларды орындауда бір – бірлерімен пікір алмасып, ой бөлісіп, талқылау арқылы оқушы алынған білімін синтездей алады.
«Қалай оқыту керектігін үйрету» оқушылардың алған білімдерін есте сақтап, қосымша өздігінен ізденіп оқуға, яғни, білім жинау жауапкершілігін түсінуге мұғалім қандай іс-әрекет жасауын қарастырады.
Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету- оқушылардың да, мұғалімдердің де білім алу және білім беру процесінде кез-келген мәселені талқылауды, басқалардың идеяларын  ой елегінен өткізіп, сыни тұрғыдан қарау.
   Білім беруде оқыту мен оқуды бағалауда мұғалімдер мен балалар үшін өздерінің қандай мақсатқа жетуді көздейтінін, мақсатқа жету өлшемдерін түсіну не үшін керек екенін білу маңызды.
Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану оқушыларға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың қабылдауын, түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беріп, мұғалімдерге сабақ беруде көмектесетін маңызды құрал болып табылады. Мектептегі технологияларға мыналар жатады:
    Теледидар бағдарламалары, Сандық теледидар, Интернет; Ұялы телефон; Ұтқыр қондырғылар; Компьютер/ ноутбук.
Қазақстанның жан-жақты дамып, көркеюі үшін талантты да қабілетті оқушыларды тауып, оларды білім беру барысында дамыту өте маңызды. Талантты және дарынды балаларды оқыту – мұғалімдерден едәуір күрделі ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап етеді. Дарындылық пен қабілеттіліктерді мұғалімдер, ата-аналар, топтың басқа мүшелері немесе балалардың өздері айқындай алады. Балалардың қабілеттіліктерін, біліктілігін, әлеуетті мүмкіндіктерін көрсету үшін оларға жағдай туғызу қажет және де бұл олардың ерте жасында олар үшін өте қиынға соғуы мүмкін. Жоғары деңгейлі қабілеттері бар оқушыларды табуға арналған бес өлшем:
1.   Жады және білім – тамаша жады және ақпаратты қолдану;
2.  Ақпаратты пайдалану – түйінді идеяларды анықтай білу, түрлі көздерден алынған ақпараттарды таңдай және тиісінше өңдей алу қабілеті;
3.   Ойлау жылдамдығы – олар жоспарлауға көп уақыт жұмсауы мүмкін, бірақ шешімдерге тез келеді;
4.   Проблемаларды шешу – олар ақпаратқа қосымшаларды енгізеді, сәйкессіздікті көрсетеді, мазмұнын тез түсінеді;
5.   Қиындыққа қызығушылық – қызығушылықты арттыру үшін олар аса қиын ойындарға және тапсырмаларға ұмтылады.

Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру – бұл модуль талантты  және дарынды балаларды оқыту тақырыбымен тығыз байланысты, себебі екі модуль де оқушылардың қажеттіліктерін  қанағаттандыруға бағытталған сараланған оқытуға қатысты. Әртүрлі жастағы балаларда байқалатын метасана (тұлғаның өзін-өзі тануы және өз когнитивтік үдерістері мен стратегиясын қарастыру) деңгейіне, балалардың жас шамасына бейімделген сындарлы диалогті ынталандыру стратегиясы да әр жастағы балалар мүмкіндігіне сай беріледі.
Білім берудегі басқару және көшбасшылық – білім берудің кез келген жүйесіндегі тұрақты даму мен өзгерістердің сырттан енгізілуі мүмкін емес, олар нақты сыныптардағы мұғалімдердің тәжірибесі мен түсініктеріндегі өзгерістерден бастау алуы керек деген тұжырымға саяды. Білім беру сияқты көшбасшылық  та адамның тұрақты дамуына әкелетін негізгі қабілеті болып табылады. Мұғалімнің көшбасшылығын дамытуға әсер етудің ерекше түрі жауапты қызметі бар немесе жоқ мұғалімдер деп анықталуы мүмкін:
·        Іс-тәжірибені жетілдіру жұмыстарын өз қолына алуға;
·        Өзгерістер енгізу үшін әріптестерімен стратегиялық шешімдер қабылдауға;
·        Бірігіп жұмыс істеуде фактілерді жинауға және қолдануға;
·        Кәсіби білімді құруға және таратуға атсалысуға міндетті.
   Джин Раддок  «Оқушы үнінің» белгілі жақтаушысы ретінде «Оқушылармен пікірлесудің мақсаты – қабылдаушының көзқарасы тұрғысынан алғанда  оқудың не екендігін түсіну, жекелеген оқушылар мен топтар үшін оқуды қалай жақсарту» екендігін жазады.  
Зерттеулер көпшілік  оқушылардың сыныпты «мұғалімнің аймағы» ретінде қабылдап, оқу мен оқыту туралы  сақтықпен сөйлейтіндігін анықтады. Оқушылармен әңгімелесу барысында алалықсыз қарау қағидасын сақтау маңызды, барлық оқушылар әсіресе, «үндемейтін» және «дараланған» оқушылардың барлығының да пікірлері ескерілуге тиіс.    
Зерттеулерден сыныпта «диалогтық стратегиялар» ауқымын пайдаланудың жақсы нәтижеге әкелетіні белгілі болды.
Мұғалім:
• оқушылардың идеяларын зерттеу үшін кейбір «ашық» сұрақтарды пайдаланады.
• олар өздерінің ойлары мен сөздері арқылы білімін көрсететін кезде оқушыларды көтермелейді (сондай-ақ мұғалімдер жаңа идеялар ойлап табу үшін жаңа сөздік қорын ұсынады).
• оқушылардың материалды өңдеуіне және өз көзқарастарын білдіруіне ұмтылады, мысалы, 'Сіз бұл туралы қалай білдіңіз?', 'Неліктен?', ‘Сіздің тағы бірдеме айтқыңыз келе ме?' деген сұрақтарға жауап бере алып.
• Оқушыларға кезек бойынша өз ойларын білдіруге және жете түсінбеушілікті ашуға мүмкіндік береді.
•  Кейбір оқушылардың идеяларын тыңдағанша, сабақтың материалын түсіндіруді бастамайды (түсіндірулер айтылғанмен және олар көтерген проблемалармен байланысты болуы үшін)
• Оқушыларға олар күмәнданатын кезде тез қозғалудың орнына сұраққа мағыналы жауапты құрастыруы үшін жеткілікті уақыт береді.
• Тақырыпты зерделеу мәні мен мақсатын оқушылардың түсінуі үшін, сынып ауқымында талқылауды пайдаланады.
• Оқушыларға түсіндірулер өткізуге, талқылау бағытын өзгертуге мүмкіндік береді (және, мүмкін, тіпті сабақ бағытын!).
• Оқушылар үлгілерден үйренуі үшін орынды даулар барысында қарым-қатынасты және оны қолданудың үлгілік тәсілдерін қолданады.
Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
Оқытудың  әр   түрлі   педагогикалық технологиялары жасалып, мектеп өміріне енгізіліп жатыр. Олар мыналар: Лысенкованың алдын ала оқыту, Шаталовтың интенсивті оқыту (тірек сигналдарын пайдалану арқылы), Эрдниевтің ірі блоктан оқыту, мәселелік оқыту, оқытудың белсенді әдісі, т.т. Ал соңғы жылдары оқытудың модульдік технологиясы мен В.М.Монаховтың, Дьяченконың оқытудың ұжымдық тәсілі, сондай-ақ, профессор Ж.Қараевтың оқытуды дербестендіру мен дифференциялау және білім беруді демократияландыру мен ізгілендіру ұстанымдарына негізделген жаңа педагогикалық компьютерлік технологиясы еліміздің көптеген мектептерінде қолданылып жүр. Л.В.Занковтың оқыту жүйесінде оқушы өзін емін-еркін сезінеді, оның әлеуметтік мүмкіндігі мен дербестігінің дамуына жағдай жасалады. Осы жүйеде оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-катынастың іргетасы қаланады. Мұғалім түсіндіруші, оқытушы тұрғысында емес, оқушының оқу әрекетін ұйымдастырушы, бағыттаушы ретінде көрінеді.
       Жаңа технологияның тағы бір психологиялық негізі болып табылатын теория - Л.С.Выготскийдің "оқыту үрдісінде оқушының ақыл-ойының дамуы "актуалды даму" аймағынан жақын арадағы даму" аймағына ауысуы туралы теориясы. Бұл ауысу тапсырмаларды қайталап орындауға ғана арналған бірінші деңгейден өнімді іс-әрекетті қажет ететін келесі деңгейлерге ауысу негізіндегі іс-әрекет арқылы жүзеге асады.
Педагогикалық технология мен әдістемелерді төмендегідей етіп жоспарлауды ұсынуға болады:
       Бастауыш мектеп: • дамыта оқыту әдістемесі (Л.В.Занков, А.Левин); • түсініктерді қабылдау (С.Н.Лысенкова); • нәтижелі әдістемелеу және оны қабылдау; • іс-әрекетті бағалау (Ш.А.Амонашвили, И.П.Волков); • оқулықсыз оқыту (В.В.Агеев) • ойын әдістемесі және оны қабылдау (М.Монтессори, Р.Штейнердің жүйесін қабылдау).
        Орта буын: • проблемалық оқыту; •  іздену, зерттеу әдістері; • топпен оқыту тәсілі (И.Б.Первин) • оқытудың ұжымдық тәсілі (В.К.Дьяченко); • нәтижелі технологиялар; • тірек және тірек конспектісінің көмегі арқылы оқыту (В.Ф.Шаталов) • өзіндік жұмыс әдістері; • бағдарлы оқыту (машинасыз және компьютерсіз); • оқытудьң коммуникативті әдісі (қарым-қатынастық); • дискуссиялық әдіс; • дидактикалық ойындар.
Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаз болайық.