Т?рбие са?атыны? та?ырыбы: «Армысы?, ту?ан жерім, атамекенім!»


Ақмола облысы Бурабай ауданы
Бурабай кенті С. Сейфуллин атындағы
орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Имаканова Рабига Сарсенбековна
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Армысың, туған жерім, атамекенім!»
Мақсаты: Оқушылардың бойына өз Отандарына деген, туған жерлеріне деген сүйіспеншілікті, қамқорлықты тәрбиелеу, достық пен өзара сыйластық сезімдерін дамыту.
Жүргізуші:
Қайырлы күн, қымбатты қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі тәрбие сағатымыз «Армысың, туған жерім – Атамекенім!» -деп аталады.Бұл тәрбие сағатымыздың мақсаты – Отанымызды сүюге, Қазақстан Республикасының рәміздерін қастерлеуге, туған елімізге адал қызмет етуге тәрбиелеу. Әр азамат өз елінің қасиетті белгілерін құрметтеуге, тарихын білуге тиіс.
Еліміздің егемендік алуы, халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашты, бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, серпін ала келді. Ол – баршамыз бейбіт өмірде, еркіндікті аңсаған ақ ниет, ақ тілеумен өзіміз тіккен ортақ шаңырағымыздың тәуелсіздігі.
1-оқушы. Ән ұраным – жанұраным,
Айтар әнім – сөйлер сөзім
Мәңгі бақи шырқалады,
Туған жерім сағынарым,
Республикам әнұраны!
Оқушылардың әнұранды орындауы.
Отан дегеніміз не? (Балалардың жауабы) Біздің мемлекетіміздің рәміздеріне нелер жатады? (Әнұран, ту, елтаңба) (слайд көрсету)
Қазақстан Республикамыздың азаматтары, сондай-ақ, Қазақстан аумағында жүрген азаматтар Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, мемлекеттік Әнұранын қастерлеуге міндетті.
Елтаңбаның негізгі ойын білдіретін орталық элементі – шаңырақ. Шаңырақ отбасы ынтымағы мен тыныштықтың нышаны. Уықтар әлемдегі жылу мен тіршілік нышаны – күн сәлелелрін еске алады. Пырақ – тұлпар биікке ұшуды, болашақты арман етуді бейнелейді. Алтын жұлдыз – ол биік ойлар белгісі. Ту – ашық көк аспан бейбітшіліктің, аманшылық, тыныштықтың белгісі.
-Балалар, Отан туралы қандай тақпақ білесіңдер? (балалар ортаға шығып, тақпақтарын айтады)
Отан туралы тақпақтар:
1. Айым
Халықтың енді міне жетілгені
Құрыштың білінбейді ктілгені
Аталып, Қазақстан ел боп туып,
Үй тігіп, ірге қалап бекілгені.
2. Әнуар.
Отаным жерұйығым алтын бесік
Бағдарлы болашаққа аштың есік
Шаттықтың сазды әуені шалқып есіп
Жатырмыз бақ, дәулетті халқым кешіп
3. Диана.
Қазақстан – жеңісті дана күндер,
Қазақстан – толқынды лала күндер.
Қазақстан – әлемді елеңдетіп,
Байқоңырдан зулаған корабльдер.
4. Ержан.
Отным төсің дүбір асқан белім,
Даңқың жер жиһанға асқан сенің.
Жібектей беттен өбіп самал желің,
Қарыштап болашаққа басқан елім.
5. Жасұлан
Толтырған гүлге даланы,
Жайнатқан ауыл, қаланы,
Ардақты атамекенім –
Отаным – Қазақстаным!
Хор: «Отаным»
-Балалар, мына бір әнді тыңдап көріңдерші! («Астана – Бәйтерек» әні тыңдатылады)
-Балалар, еліміздің астанасы, елорда қай қала? Елбасымыз кім? (балалардың жауабы тыңдалады)
-Астана туралы қандай тақпақтар білесіңдер? (Оқушылар ортаға шығып тақпақтарын айтады)
Тақпақтар:
1. Айша
Үлгі ғып ұлтымыздың іргелі ісін,
Бой түзеген болашақ күндер үшін,
Сары алтын Сарыарқаның төсіндегі
Астана – алты алаштың діңгегісің.
2.Әлияр
Астанам «Барыс» елдің жүрегісің
Көңілге күш құятын тірегісің.
Танытқан жер жаһанға қазақ жұртын,
Саулығың Елбасының тілейді шын.
3. Жанна
Көгертіп көп ұлтымның көсегесін,
Алтында ақ жаймадай төселерсің.
Тамырын терең жайған бәйтеректей
Астана өркендесін, өсе берсін!
4. Ғасырбек.
Мен бүгін мақтан етем Астанамды
Астанам асқақтатты әсем әнді.
Көгертіп көсегесін қалың елдің
Астанам бақыт жолға баста мәңгі.
Жүргізуші:
-Сонымен, балалар, біз «Отан» деген ұғымға қоршаған орта, табиғат та жатады дедік. Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Табиғат, Жер-Ана, атамекен. Туған жер, ауылым деген ұғымдар бір-бірімен тамырлас әрі тағдырлас.
Туған жер деген сөзде терең ұғым бар, әрі ол әрбір адамның жарық дүниеге шыр етіп келген киелі мекені. Туған жердің барлық табиғи қадір-қасиеті ананың ақ сүтімен тұлабойыеа тарайды. Адамның барлық өміріндегі тағдыры да туған жермен тамырласып, өзектесіп жатады.
Туған жер, атамекен, ауыл сөздері жүрегімізге жылы естіліп, сағыныш сезімге бөлейді, өмірге деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсіреді, ет жүрегімізді елжіретеді. (слайд: ҚР картасы)
Қарасам Қазақстан картасына
Оранған бар байлықтың алқасына.
Армысың, атамекен – туған жерім,
Мен үшін сенің артық әр тасың да, - дей отырып, аты аңызға айналған, кілемдей жайнап тұрған табиғаты бар, жер жаннаты Бурабай жайлы тақпақтарын оқушыларымыз орындайды. (слайд: Бурабай)
Тақпақтар:
1. Күләш
Қазақстан Байтақ жерім Отаным,
Бурабай аңызы жаһанның.
Сыр мен нұрдан жаралған жұмбақ жерім
Бейбіт құсы самғаған даламның.
2. Елжас
Бабаларым жырлаған аңыз өлкем
Сүйеміз өзіңді шын жүректен
Жаралғансың ғажайып құдіреттен
Бата қонған киелі жерім сен.
3. Динара
Желбіретіп көтердің көк байрақты
Тәуелсіздік жерімді жайнатты
Жасай бер Бурабайым туған жерім
Мұқалмасын елімнің қайраты.
4. Карина
Сексен көл жарқыраған айналаңда
Жайқалған жапырағы ну орманда
Оқжетпес, Жұмбақтастар тағзым етіп
Бас иер шыққан күн мен туған айға.
Хор: «Атамекен» әні.
Жүргізуші:
Қазақта «Сөздің көркі - мақал» деген ұғым бар. Мақал-мәтелдердің қай-қайсысын алсақ та, замана қиындықтарын танытарлық құдірет бар. Мақал-мәтел, ақыл-нақыл аталы сөздер, шешендік сөздердің пайда болу тарихын, қай кезде тұңғыш рет кім айтқанын білу қиын. Дегенмен мақал-мәтел, аталы, шешендік сөздердің адам өміріне араласпайтын саласы жоқ дегеніміздің дұрыстығын, Отан жайлы мақал-мәтелдер айтысы дәлелдейді.
Сөз кезегін оқушыларымызға берелік:
-Отан туралы мақал-мәтелдерді кім көп біледі? Ендеше, мақал-мәтел сайысын ұйымдастырайық.
Мақал-мәтелдер айтысы:
1. Айым.
Отан елдің анасы,
Ел – ердің анасы
2. Айша
«Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас»-дегендей ауылда жүріп жатырмыз.
3. Айым
«Ел іші – алтын бесік» -ауылдан шығып қайда барамыз?
4. Динара
«Пәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң таста жоқ», үйренген еліміз, жеріміз ғой.
5. Күләш
«Туған жуасы да тәтті», -деген ғой шіркін!
6. Карина
Айтпа құрдас. «Әркімнің өз жері өзіне жұмбақ»
7. Диана
«Ер еріңе, гүл жеріңде». Осы үйренген жерімізге не жетсін!
8. Айша
«Құртақандай торғайда, өз ұясын қорғайды», -ғой, торғай құрлы жоқпыз ба?
9. Айым
«Отансыз адам – ормансыз бұлбұл», -қанша сайрасаң да сені кім тыңдайды?
10. жанна
Е-е дұрыс. «Пәлен жерде алтын бар, іздеп барсам мыс та жоқ, деші!»
11. Динара
Ойбай-ау, «Туған жердің қадірін, шетте жүрсең білесің», -деген рас-ау осы.
12. Диана
«Үйде оңбаған, түзде де оңбайды». –о не дегеніңіз, замандас!
13. Күләш
«Сағынған елін аңсайды, сары ала қаз көлін аңсайды»-дегендей.
14. Динара
«Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар», -келсе құшақ жайып қарсы аламыз ғой.
16. Жанна
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң»-демекші қайтып келіп эатса оңды дүние ғой!
17. Күләш
«Бақа көлінде патша, балық суында патша, жігіт елінде патша», -емес пе!
18. Айша
«Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан бол!»
Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер атамекен,
Биік тау, орман-тоғай, көлімізді
«Өз елім» әнін Серікбай Бекжан орындайды.
Жүргізуші:
«Мейман келсе есікке,
Жүгіре шық, кешікпе.
Сыйламасаң мейманды,
Кесір болар несіпке» - деп, қонақ келсе «Қыдыр келді», «Қырықтың бірі - Қыдыр, мыңның бірі - Уәли» деп көңілін тауып, ас суын беріп шаттандыратын, қазақ халқының қонақжайлығы жөнінде айтпай кетуге болмас.
Сөз кезегін оқушыларымызға берелік:
Мақал-мәтелдер айтысы.
1.Әнуар
Ассаламағалейкум! «Алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді!» -демекші қалыңыз қалай?
2. Ғасырбек
-«Келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң үй иесі ұялады» деуші еді, келіңіз, төрге шығыңыз, қонақ болып кетіңіз!
3. Әнуар
-«Қонағын сыйласа төрге шық» -дегендей төрге шығайын.
4. Ғасырбек.
-«Жат асына қарайды, дос басына қарайды», -деуші еді, аталарымыз, асқа отырыңыз.
5. Әнуар
-Ойбай-ау, «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын»
6. Жасұлан
«Досыңның асын қасыңдай іш», -демекші тамақ алыңыз.
7. Ержан
Ой, рахмет! –«Досы жоқ адам, тұзы жоқ тағам», -демекші алла риза болсын!
8. Әлияр
«Мыңның түсін танығанша, бірдің атын біл» ,- демекші есіміңіз кім болады?
9. Ержан.
-Есімім Ержан. «Көрген жерде ауыл бар»- деп, осылай келіп тұрыңыз.
10. Әнуар
«Қонаққа кел демек бар, кет демек жоқ», -қой қайтайын.
11. Бекжан
«Қонағыңнан алтын алма, алғыс ал», -демекші жолыңыз болсын!
12. Әнуар
-«Жман өз үйінде қонақ»,- дегендей сыртқа шығарып салмайсыңба?
13. Ғасырбек
-«Білмеген у ішеді»,-дегендей, оған ренжи көрмеңіз.
14. Бекжан
-«Алтыға дейін бала ерке, алпыстан кейін шал ерке»,-деуші еді, аталарымыз сөзімді көңілге ала көрмеңіз.
15. Жасұлан
-«Кәрі – кәрінің сөзі дәрі», -дегендей, о не дегеніңіз.
16. Алияр
-«Таз тарқағанша, той тарқар»,-қайтайын.
17. Бекжан.
-«Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда бір туысың болсын», дегендей келіп тұрыңыз.
Жүргізуші:
Қазақ халқының әріден келе жатқан өзіндік ойын сауығы, дәстүрі, ғұрпы,, салты бар. Бұлар бір күннің, не бір жылдың ғана емес, Талай ғасыр жемісі. Қай елде болсын өмірінің осы айтылған әр бунағына сәйкес халықтың әр түрлі салты, әдет-ғұрпы, әр елдің өзіне тән дәстүрі бар.
Қазақ өнерін әлемге танытқан күйшілердің барлығы домбыра аспабымен ғана емес, қасиетті ұлттық өзге аспабымызбен де танылған тарихымыздан аян. Қазақтың музыка өнерінің ішіндегі әнмен, күймен қатар би де біте қайнасқан өнер.
Құрманғазы, Тәттімбет
Домбырамен сайраған.
Жүрекке от жақсын деп,
Елге күйін арнаған,- дегендей, Асылбек Еңсеповтың күйінің әуенімен оқушыларымыз «Киіз үй» биін билейді.
«Киіз үй» биі. Оқушылар тобы.
Жүргізуші:
Осындай құдіреті жүрек қылын шертетін ән мен күй «Ездің басын қаңғыртып, ердің көңілін жаңғыртатын» осындай ән табиғатын саралап келгендегі айтар тағылым –әнде өлең сияқты, еріккеннің ермегі емес, адам жанының айнасы, өмір құбылысының көрінісі. Әсем әуезді, терең мағыналы ән өмірдің осындай кезеңдерін бейнелейді.
Тәуелсіздік қасиетті ұғым бұл,
Ей, келешек жан-тәніңмен ұғып бұл,
Он бір әріп не мағына береді,
Ал талдайын, жеткенінше қызыл тіл, -дегендей сөз кезегін оқушыларға берейік:
Т Әрпі білдіреді теңдікті
Ә Әрпі әдептілік әлдікті
У Әрпі уайымсыз уақытты
Е Әрпі егемендік елдікті
Л Әрпі дейді лағып лепірме
С Әрпі сенімділік секілді ең
І Әрпі ілтипат пен ізет қой
З Әрпі зиялылық тілек қой
Д Әрпі шақырады достыққа
І Әрпі ілкімді боп сақтыққа
К Әрпі дейді күн бол көктегі,
Көз аларпа көршілерге қол сұқпа
Жүргізуші:
-сонымен балалар, осы әріптерден қандай сөз құрастырылды? (Балалар тәуелсіздік деп жауап береді)
Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі біздің «Армысың, Туған жерім – Атамекенім!» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Сіздерге зор денсаулық, бақыт тілейміз. Отанымыз гүлдене берсін, Қазақстанымыз туымыздағы қырандай самғай берсін! Хош, сау-сламат болыңыздар!