Ата-аналар жиналысы Отбасы-т?рбие іргетасы
№1 мектепішілік ата- аналар жиналысы:
Тақырыбы: Отбасы- тәрбие іргетасы
Мақсаты: Бала тәрбиесіндегі ата- ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру; Отбасы мүшелерінің арсындағы бауырмалдық, қайырымдылық,достық қарым- қатынасты қалыптастыру; Баланың өмірінің қауіпсіздігі туралы, жол және өмір қауіпсіздігі туралы, діни теріс ағымдарға алданбаудың алдын алу бойынша түсініктер беру;
Түрі: топтастыру
Көрнекілігі: карточка,интерактивті тақта, слайдтар, қағаз қалам.
Жоспар
1. Тренинг: шаттық шеңбері
2. Кіріспе сөз: Ата- ананың басты қуанышы бала
3. Ата аналамен ойын өткізіледі.
4. Қорытынды.
Сәлеметсіздер ме, құрметті ата- аналар, ұстаздар!
- Бүгінгі 2016-2017 оқу жылының алғашқы мектепішілік ата-аналар жиналысында сіздерді амандықта, саулықта көргеніме қуаныштымын.
Ата- ананың басты қуанышы- бала.
Ата- ананың басты- қазығы, алтын тіреу діңгегі- бала. Отбасы тұлғаны дамытатын кішігірім орта. Отбасының қоғамдағы мақсаты; баланы дамытып қана қоймай, оны өмірге дайындап, рухани жағынан жеткізіп, тұлға ретінде қалыптастыру. Мына жасампаз ғасырда, жаһандану дәуірінде мектеп партасында отырған баланың жан- жақты білім алуына ең бірінші ықпал ететін- ұстаз болса, оның сүйеніші ата- ана. Сондықтан ата -ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасау тиіс. Бала тәрбиесі – ата-ана үшін күрделі де, жауапты міндет. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек.
Бала тәуліктің бір бөлігінде , яғни 6 сағат мектепте болса, 18 сағат өз отбасында тәрбие алады. Туындаған тәлім-тәрбиелік жарасымдылық мектеп пен ата-ана, әлеуметтік орта, бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Ұлы ғалым, философ Әбунасыр әл Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі деген екен. Бұдан шығатын түйін: бала тәрбиесіне ең әуелі оның өз ата-анасының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ой, сана- сезімі, адамгершілігі әсер еткен. Сондықтан, ата-ана мен мектеп, ата-ана мен ұстаз тығыз байланыста болса ғана елін сүйетін, елінің дамуына үлесін қоса алатын, тәрбиелі де білімді тұлға тәрбиелей аламыз дегім келеді.
Олай болса, шаттық шеңберіне бір-бірімізге тілек тілейік. Ерекшелігі тілекті арқамызға жазамыз, сезіну арқылы іштей оқып айтамыз.
2016-2017 оқу жылында жалпы мектеп бойынша 96 ата-ана бар екенбіз. Бүгінгі күннің ата-аналар жиналысына _87_ ата-ана қатысып отыр. Ата-аналар жиналысының өткізілуіне қарсылық танытатын ата-аналар бар ма?
Олай болса, ата-аналар жиналысын ашық деп жариялай мын.
Күн тәртібімен:
1. Баяндама: «Баланың отбасындағы тәрбиесі» Баяндамашы: мектебіміздің 10-сынып жетекшісі Айжан Сидағалиева
2. «Қауіпсіз мектеп» жолда жүру және бала өмірінің қауіпсіздігі. Діни экстремизмнің алдын алу-
ДТІЖО Идрисова Ж.
3. Жаңа оқу жылында ата-аналар комитетінің құрамын сайлау.
4. Әр түрлі мәселелер (мектеп, оқушы ережелері, мектеп формасы мен оқушы тазалықтары, балалардың өмір қауіпсіздігі мен ұялы телефондардың ұстамаулары,түрлі желілер туралы ескертулер)
1. Баяндама: «Баланың отбасындағы тәрбиесі»
- Бала тәрбиесіне барлығымыз да байыппен қарайтынымыз анық. Ешкім де өз баласын жаман болсын демейді. Тәрбие қиын да, күрделі процесс. Ендеше, баяндаманы мына бейне фильммен қорытындыласақ.
- «Әрбір баланың мінез – құлқы ата-ананың жағымды іс –әрекетінен үлгі алуы барысында қалыптасады» деп И.Павлов айтпақшы баланың мінез-құлқы өскен ортасында, көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Ата-ана – бала үшін ең бірінші үлгі тұтар адам, өзін көретін айнасы. Сондықтан, жиналысымызға қатынасып отырған ата-аналар «Сіз қандай ата-анасыз?» тақырыбындағы сауалнамаға жауаптар берсек.
Сауалнама алу.
Ата-ананың аты-жөні:
Жауабы: Келісемін-3ұпай Кейде келісемін -2 ұпай Келіспеймін-1 ұпай
Сіз қандай ата-анасыз?
1.Кез-келген өзіңіздің бар ісіңізді тастай салып баламен айналыса аласыз ба?
2.Балаңыздың жасын ескермей онымен ақылдаса аласыз ба?
3.Балаңызбен қарым- қатынас барысында қателіктеріңізіді мойындайсыз ба?
4.Өзіңіздің қателігіңіз үшін балаңыздан кешірім сұрайсыз ба?
5. Өзіңіз балаңыз жасаған ісі ашу шақыртқан кезде, өзіңізді ұстап, игере аласыз ба?
6.Баланың орнына өзіңізді қоя аласыз ба?
7.Бір сәтте сізге мейірімді адам деп сенуге бола ма?
8. Өзіңіздің басыңыздан өткен, балалық шағыңыздан ескерілетін жағдайды айта аласыз ба?
9.Балаңызға уәде беріп, жақсы мінез-құлқын ескере отырып уәдеңізді орындайсыз ба?
10. Баланың жүрегін жарақаттайын сөздерді, сөйлем тіркестерін атамауға тырысасыз ба?
11. Балаға өзіңіз қалаған ісін жасауға,өзін ұстауға кедергі жасамайтындай бір күн еркіндік бересіз бе?
12. Басқа бала сіздің балаңызға дөрекілік көрсетсе, себепсіз ренжітсе, көңіл аудармайсыз ба?
13. Баланың еркелеген дөрекі мінезінің уақытша екенін көре тұрып, соған қарсы тұра аласыз ба?
Жауаптары: 0-16 ұпай: Бала тәрбиесі-сіз үшін үлкен мәселе. Бала тұлғасын дұрыс қалыптастыру үшін педагог немесе психолог мамандардың көмегіне сүйеніңіз16-30 ұпай: Сіз үшін балаға қамқорлық жасау бірінші кезектегі маңызды іс. Сіздің бойыңызда тірбиешінің қабілеті бар,бірақ тәжірибеде бір қалыпты ретпен, бір қалыптағы мақсатпен қолдануды әрқашан жасайсыз. Кейде қатал, кейде мүлде жұмсақсыз. Сізге жауапкершілікпен ойлану керек.30-39 ұпай: Бала сіздің өміріңіз үшін ең құнды болғаны. Сіз балаңызды тек түсініп қана қоймай, әрі ойын тануға, сыйлы көзбен қарауға тырысасыз.
Баланың сабаққа саналы қарап озат оқушы болып өсуі, ол мұғалім мен ата - ананың бірігіп өсірген жеміс ағашы, немесе ұшқыр ұшақ жасаумен тең десем артық емес. Дұрыс өспеген жеміс ағашы, дұрыс жеміс бермесе қуануға бола ма? Бір бөлшегі бұрыс жасалған ұшақты ұшырғаннан не пайда? Ол өзінде, өзгені де мерт етпей ме? Сонымен әрбір ата - ана өз баласының тәрбиелі де, саналы, мәдениетті, жүрген ортасында сүйкімді болу үшін алдымен тәрбиені өзінен бастағаны жөн, яғни оғаш қылықтармен баласына үлгі - өнеге көрсетпеуге тырысқаны жөн. Жас кезінде баласына дұрыс тәрбие бере алмаған ата - ана кейін бармағын тістеп өкініп қалады. Қалай қисайтсаң солай өседі. Оның түзу жолмен жүріп білімді де саналы азамат болып өсуі біздің, яғни әрбір ата - ананың қолында.
2. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және білім беру мекемелерінде қауіпсіздікпен байланысты жағдайды жетілдіру үшін білім және ғылым министрлігі «Мектепке жол» акциясы аясында «Қауіпсіз мектеп» науқанын жылда жүргізеді.
«Жаңа оқу жылының қарсаңында жергілікті атқарушы органдардың назарын мектептерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне аудартқымыз келеді. Соңғы кездері жарақат алып жатқан, өліммен аяқталған жағдайлар көп орын алуда, сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер кездеседі.
Оқу орындарында болып жатқан оқиғалар көп жағдайда қауіп туғызады.
Балаларымыздың өміріне не қауіп төндіреді? Олай болса, экранға назар аударайық.
- Балаларымыздың жол және өмір өмірін сақтау мақсатында, жолда жүру ережелерін сақтамау.
- Беймезгіл уақыттағы қозғалыстар, отырыстарға қатысуы
- Бейтаныс адамдармен танысу, есік ашу, жол көрсету
- Мас күйдегі адамдармен тілге келу
- Балаңыздың желілерде отыруын бақыламауыңыз
- Діни теріс ағымдардың насихаты.
Қазіргі кезде теріс діни ағымдарға түсіп кетіп жүрген азаматтарымыз өте көп. Сондай теріс ағымдарға түсіп кетпеуі үшін балаларымыздың ұялы телефондары, достары үнемі ата-аналарының бақылауында болса дегіміз келеді. Балаларыңыздың бейтаныс желілерге кіріп отырмағандығын бақылаңыздар.
- Балаларыңыздың қауіпсіздігін сақтау мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі мына ата-аналарға арналған кеңестер тақырыбындағы видео роликті ұсынады.
1. http//www.bala-kkk-kz/ru/node/382
2. http//www.bala-kkk-kz/ru/node/22796
3:0 а) І тоқсанда жүргізілген тәрбие саласы бойынша сөз кезегі ДТІЖО Ж.Идрисоваға беріледі.
ә) І тоқсан қорытындысы бойынша сөз кезегі Д.Қанымқұловаға беріледі.
4:0 Мектеп бойынша барлық сынып жетекшілеріміздің тәрбие жоспарларына сәйкес сыныпаралық ата-аналар жиналыстары өткізіліп, ата-аналар комитетінің төрайымдары мен төрағалары сайланды. Енді осы ата-аналар арасынан жалпы ата-аналар комитетінің төрайымы (төрағасы) және мүшелері мен хатшысын сайласақ.
Сонымен, ата-аналар комитетінің төрайымы (төрағасы):
Мүшелері:
Хатшысы: болып бекітілсін.
- Осы ата-аналар комитетінің басшылығымен түрлі мектепішілік жоспар құрылып, жоспарлы жұмыстар жүргізіледі. Жұмыстардың жүргізілуі үшін ата-аналарымыз мектебіміздің ішкі тәртіп ережелерімен таныс болсаңыздар.
- Мектебіміздің ішкі тәртіп ережесімен таныс болыңыздар! (Оқып таныстыру, қолдарын қойып алғызу)
1. Әр оқушы өз бойына Қазақстан Республикасының жас азаматының жоғарғы адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға міндетті;
2 .Оқушы сабаққа кешікпеуі,сабақтан себепсіз қалмауы тиіс. Егер де оқушы сабақтан себепсіз қалатын болса, оны анықтамамен дәлелдеуі қажет.
3. Әр оқушы бекітілген мектеп формасының (форма-фартук,ақ кофта, қара белдемше, галстук, значок);үлгісі бойынша киінуге және сабаққа қажетті оқу-құралдарын үнемі әкелуге, екінші аяқ киімі мен алғашқы әскери дайындық, дене шынықтыру пәндерінің талап етілген киім үлгілерін қатаң түрде сақтауға міндетті.
4. Қыз балалар шаштарын үнемі өріп, беттік бояуларын (косметика), әшекей бұйымдар пайдаланбай, мектеп оқушысына сай шаш үлгісін сақтап, бантик тағып жүруі тиіс.
5. Мектепте ер балалар ұзын шаш қоюға және оқушылар мектеп ішінде (тақия, орамал, телпек) киіп жүруіне , мектеп ішінде 2.5 -3 см жоғары биік өкшелі аяқ киім киіп, тізеден жоғары юбка киюге тыйым салынады.
6. Мектептегі мұғалімдермен, арнайы келген қонақтармен, техникалық қызметкерлермен таныс болмаса да сәлемдесіп жүруге және барлық уақытта өз ана тілінде сөйлеуге міндетті.
7. Оқушы өз ауысымының басталуына 20 минут қалғанда мектепте болуы тиіс.
8. Қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, өзінің саналы түрде болашақ мамандығын таңдауға дайындалуы тиіс. 9. Оқушы қоғамға кері әсер ететін насихат жұмыстарына араласпауға міндетті.
5,6,7,8,10 сыныптардың оқушылары жазғы еңбек практикасына қатысуға міндетті. Еңбек тәрбиесі бойынша тапсырмаларды орындау барысында қауіпсіздік техника ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Әр оқушы өрт қауіпсіздігі мен жол ережелерінің қауіпсіздігін сақтауға міндетті.
10. Мектептегі сынып оқушылары «Айгөлек» лагеріне қатысуға міндетті.
11. Оқушы мектеп мүлігін бүлдірсе, оны ата-анасы орнына келтіруі тиіс;
12. Жоғалған немесе ұмытып кеткен затты кезекші мұғалімге және мектеп әкімшілігіне тапсыруы тиіс;
13. Сабақ кезінде мейірбикенің немесе ауысымға жауапты директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының рұқсатынсыз кетуге тыйым салынады.
14. Достарына адал болып, мектеп ұйымының тұтастығын сақтап, оның пайдалы жақтарын дамытуға міндетті.
15. Мектеп қызметкерлері мен ұстаздарға дөрекі сөйлеп, сөз қайтармауы тиіс. 16. Мектеп ішін, мектеп ауласын көгалдандыруға және үнемі тазалығын сақтауға міндетті.
17. Мектеп ішінде, сабақ уақытында смартфондар, ұялы телефондарын пайдалануға тыйым салынады. Ұялы телефондары мен басқа да бағалы заттары жоғалса мұғалім және мектеп әкімшілігі оған жауап бермейді.
Қатаң тыйым салынады:
1. /себепсіз сабаққа кешігу, келмей қалу/.Денсаулығына байланысты жағдайда медициналық анықтаманы әкелу керек.
2. Үзіліс кезінде оқушы мектептің ішінде жүгіруге, мектеп ауласына шығуға, бірін- бірі итеруге, күш қолдануға , терезе жақтауында отыруға, өз бетімен терезені ашуға;
3. (наушник) музыка тыңдауға;
4. Жаз мезгілінде кешкі 21.30 дан кейін, қыс мезгілінде 21.00- ден кейін коғамдық орындарда, көшеде жүруге (жанғыш, өткір, кескіш) заттарды әкелуге;
5. Біреудің затын рұқсатсыз иемденуге;
6. Мектеп оқушысына сай шаш үлгісін сақтап, мектепте ер балалар ұзын шаш қоюға және оқушылар мектеп ішінде бас киім (тақия, орамал, телпек,т.б) киіп жүруге тыйым салынады.
Әр оқушы мектептің ішкі тәртіп ережесіне бағынуға міндетті.
Ата-аналар жиналысының қаулысын қабылдау.
Қорытынды: Ата-аналарға кеңестер (оқылады) таратылады. Мұғалім: Әрине,өмірдің барлық жағдаяттарын қамти алатын, жұрттың бәріне ортақ,бірыңғай ереже жоқ. Әрбір бала әртүрлі. Әрқайсысы өзінше ерекше. Сол сияқты бізбен сіздің қарым-қатынасымыз да өзіндік сипатта. Біздер:педагогтар мен ата-аналар- балалардың бойындағы білуге құмарлық,еңбек етуге,әдемілікке, өз қабілет-қарымы мен мүмкіндіктерін жүзеге асыруға тырысушылық әрекеттерін жетілдіру,дамыту,қалыптастыру бағытында бірлесіп жұмыс жүргізуіміз қажет. Мен бұл бағыттағы іс-әрекеттеріміздің нәтижелі боларына сенемін. Келесі ата-аналар жиналысында кездескенше аман-саулықта болайық.