?деби поэзия кеші ?ле?, мен сені аялап ?темін


«№ 236 орта мектебі» КММ
Әдеби поэзия кеші
Тақырыбы:
«Өлең, мен сені аялап өтем!»
(Фариза Оңғарсынованың 70 жылдық мерейтойына арналған)
Өткізген: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Э.С.Молдабаева

Шуақ ауылы
2010-2011 оқу жылы
Әдеби поэзия кешінің тақырыбы: «Өлең, мен сені аялап өтем!»
Кештің мақсаты: Ақын шығармашылығының мұрат-мақсатын айқындай отырып, ақын-Фариза, алты алаштың аяулысы – Фаризажан, халық үшін мәңгілік Фариза қыз екендігін таныту арқылы оқушылардың ой-пікіріне бағыт-бағдар беру және елін, жерін сүйген ақын еңбектерін үлгі ете отырып, адамгершілікке тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Ақын өмірі туралы слайд, ақын туралы ойлар, портрет, өлеңдер жинағы.
Әдісі: Поэзия кеші
Барысы:
Баяу музыка ойнап тұруы керек. Сахна сыртынан анық дауыспен жүргізуші жігіт былай деу керек: - Тіл өнерін адам болмысымен пара-пар қойып келген халқымызда атышулы ақындарын жинап, жыр жарысын өткізетін дәстүрі болған екен дейтін аңыз бар. Сонда ең әуелі бас төреші Абыз былай деп сөйлейді екен:
Халқымның қаймағы сендерсіңдер, ақындарым! Жақсылықтың бастауындай бұл күні көңілдеріңде тұнған сырдың тума бұлағын ағытыңдар! « Ақыны патшасын іздесе – көргені елдің сор болар, патшасы ақынын іздесе – бақытты халық сол болар» деген екен бір данышпан.
Енді бір сәт бүгінгі ұрпақтың үніне құлақ қойып, жас толқынның
шабысын байқайық! Жүректерінен шыққан өз жырларын тыңдайық!
( Оқушылар өз өлеңдерін оқиды )
Абыз: - Мақтадыңдар болашақты, мақтадыңдар олармен. Бірақ көзім анық жетпей сене алмаспын құр сөзге. «Сүйікті ақыны жоқтың рухани жақыны жоқ» деуші еді. Бүгінгі ұрпақ ақындардан кімдерді сүйіп оқиды, білсем деп ем осыны?
1- оқушы: - Абыз ата, сұрағында салмақ жатыр тым ауыр,
Дегенмен де, жауабым да тұр әзір.
2 – оқушы: - Өстік біздер жаттап дана Абайды,
Көрдік одан асқақ рухты арайлы.
3 – оқушы: - Болмасақ та тырыстық біз ұқсауға,
Әркім өзін Махамбет деп санайды.
4 – оқушы: - Мағжан, Сәкен жырларына кетер кейде тым деңдеп,
Мұқағали, Жұмекенненжырлар оқу ғанибет.
5 – оқушы: - Осылардың ізін басқан бір ақын қыз бар еді,
Фариза деп, ақын қыз деп сыйлайтын жұрт құрметтеп.
Бәрі кілт тоқтап, жүздерін көрермендерге бұрып: Фариза, Фариза... Оңғарсынова. Осы кезде Мұқағали Мақатаевтың «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» әні айтылады. Ән айтылып біте бере, сахнаға жүргізуші қыз бен жігіт шығады.
1-Жүргізуші: - Армысыздар, қадірменді ұстаздар, оқушылар!
2-Жүргізуші: - Армысыздар жақсы ниетпен келген ұлағатты қонақтар!
1– жүргізуші: - Өлең сөздің мұхиты Мұқағали ардақты қазақтың ақын қызының асыл бейнесін осы бір жолға сыйғызып кеткен. Ақын – Фариза, алты алаштың аяулысы – Фаризажан, халық үшін мәңгілік Фариза қыз.
2 - жүргізуші: Осы ақынның 70 жылдық мерейтойына арналған «Өлең, мен сені аялап өтем!» атты поэзия кешіне қош келдіңіздер!
1– жүргізуші: «Өмір – үлкен мектеп» дегендей Фариза апамыздың өмір мектебінен 7 «А» сынып оқушысы Әуесханова Гүлім сыр шертеді.
2-Жүргізуші: - Ақындық жаратылыстың адамзат баласына берген айырықша сыйы. Ай, жұлдыз, жусанды дала, қарағайы, тал-қайыңы тербелген қара орманы, таулары аманда ақындық өнерінің өлмесі, жырдың жазыла берері сөзсіз. Табиғатты жырға қоспаған ақын жоқ. Соның бірі – Фариза. «Сексен көл – сексен сұлу қадалғандайә 5»А» сынып оқушысы Құлжатаева Меруерт.
1 – жүргізуші: Кез-келген ірі тұлға сияқты Фаризаның да қыры көп. Ең бағалы қырларының бірі: оның болмысында жасандылық жоқ.
Фаризаның поэзиясы өршіл, патриоттық сезімге толы. «Қазақстан» 6«А» сынып оқушысы Ерғалиева Дария, Қыдырханов Ербол.
2– жүргізуші: Фариза – биік сезімнің ақыны. Фариза өлеңдері өз басының тіршілігімен, өзі арқылы бүкіл туған елінің өмірімен, сол арқылы бүкіл адамзаттың арман – мүддесімен біте қайнасып жатады. «Туған жер»,
«Сәлем саған, Торғайдың топырағы» Күлтеренова Анар, Мұратбекова Назерке 7 «А» сынып оқушыларының орындауында.

1 – жүргізуші: Фариза – поэзияның хас таланты. Оның поэзиясында жыр әлеміне тән құбылыстың бәрі бар. Бірде Атыраудың ақжол толқынды айдынындай аспанға ақ көбігін ата шапсысы, енді бірде ой мен мұңның түпсіз тұңғиығына шым батқан түнгі аспандай адам қиялын алысқа, тым алысқа жетелеп алып кететін сиқыры мен сыры мол, оты мен мұзы, жалыны мен сызы қатар өріледі. «Мұрагер», «Бірлік туралы жыр!» Шаяхметов Мейір, Мауенова Нұршат 6«А» сынып.
2– жүргізуші: Фариза кешегі – Тұмар ханымнан бастап, Әлия мен Мәншүкке дейінгі ұлтымыздың қаһарман қыздарының поэзиядағы қайталанбас көрінісі. Оның жасындай жарқыраған өр рухты өлеңдері жылағанды жұбатты, қамыққанды қуантты. Оның жырларына Махамбеттің асқақ рухын, Мұрат ақынның түпсіз терең мұңын, Құрманғазының кемерінен асып төгілген шалқар шабытын жаздай танисыз. «Ән қандай, ән болмысты қыздар қандай», «Тағдыр жайлы, ел жайлы, қаза жайлы» Омарова Назым, Тұрсынова Назым 7«А» сынып.
1 – жүргізуші: Фариза – күрескер, Фариза – қайраткер, Фариза – азамат. Маған оның поэзиясындағы рухы, мінезі ұнайды – деп Еңбек ері Кәмшат Дөненбаева айтса,Фариза өзі:
Достарым менің жырларым,
Құштарлық қысқан кеудемнен,
Бұрқырап жатқан бір жалын – деп жырлайды.
«Достық Отаны» Хасырова Жанбота 5 «А» сынып.
2– жүргізуші: Фариза – ақын, халықтың ұғымында үлкен әріппен, алтын әріппен жазылатын ақын. Оны ақын Оңайгүл Тұржан өз өлеңінде былай деп жеткізеді. «Тыңдасаңыз – бір өзі бір ғалам – дүр».
1 – жүргізуші: Әр қадамы халқының көз алдында биіктеп бара жатқан Фариза оңғарсынова туралы қысқа лебізімізді түйе келіп, замандасы, ұлы тұлғалардың бірі Мұқағали Мақатаевтың «Жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын» деуіне қарап, тұлпарды тұлпар танитынына, сұңқарды сұңқармен қанаттас болатынына көз жеткізгендей боламыз.
2 – жүргізуші: Қазіргі кезде әдебиетімізде үлкен тұлғаға айналған ақын – Фариза, қоғам қайраткері – Фариза, саясаткер – Фариза туралы сөз қозғау кімге болса да оңай шаруа болмаса керек. Белгілі бір жасқа келіп, өмірдің ащы-тұщысын татқан тағдырдан талай теперішті көріп, тауқыметін тартқан,
соған төзе білген, соны жеңе білген қандай адам болса да мадақ – мақтанға тұрарлық. Себебі ол саналы ғұмырында өмір үшін күн сайынғы күрестің жеңімпазы.
Ән: «Жайықтың толқындары» Фариза Оңғарсынова.
1 – жүргізуші: Фариза – кең тынысты, жілікті жүйрік, сан қырлы талант. Бүгінгі кеште оның жүрдек журналистігіне, жанарлы жазушылығына, ақберен ақындығына көзіміз анық жеткендей.
2 – жүргізуші: «Күніне бір өлең оқыған адам – ақын. Айына бір өлең оқыған адам – адам» депті бір данышпан. Бәрімізге бірдей ақын болу міндет болмағанмен, адам болу парыз. Жүректен шыққан сөз ғана жүректерге жетеді. Олай болса, осы кеште Фариза Оңғарсынова жырлары сіздердің жандарыңызды жылытып, жүректеріңізді тербетеді деген ойдамыз. Назар қойып, тыңдағандарыңызға рахмет, қош, сау болыңыздар!