Зерттеуді? ?зектілігі О?ушыны? ана тілі- оны? ?мірлік ?ажетін ?тейтін ?атынас ??ралы. Сонды?тан мектепте ана тілін арнаулы ?рі негізгі п?н ретінде о?ыту?а ерекше м?н беріледі.
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі
Оқушының ана тілі- оның өмірлік қажетін өтейтін қатынас құралы. Сондықтан мектепте ана тілін арнаулы әрі негізгі пән ретінде оқытуға ерекше мән беріледі.
Тіл оймен тікелей байланысты және адамдардың ғасырлар бойы қалыптасқан ой жұмыстарының көрінісі болатындықтан, оның әр алуан тарам- тармақтарын тез игеру де оңай емес. Сондықтан бала қазақ тілін бастауыш мектептің есігін ашқаннан бастап, орта мектепті бітіргенше, кейбір жоғары оқу орындарының арнаулы факультеттерінде 4-5 жыл бойы негізгі пәнінің бірі ретінде оқиды. Әрине, әр басқышта ана тілін оқытудың мақсаты, білім көлемі әр түрлі болатыны түсінікті. Бірақ, бәрінің негізі бастауыш мектепте қаланады.
Бастауыш мектепте балаға сурет салдырудан да, есеп үйретуден де, табиғатты танытудан да өзі сөйлеп жүрген ана тілін оқыту қиын. Тілден алатын білім көбінеме абстакциялы ережелер мен тілдік заңдарға негізделген материалдарға сүйенеді. Материалдардың көлемі, балаларға берілетін білім мөлшері олардың жас ерекшеліктерімен, материалдарды қабылдай білу қабілетімен тығыз байланысты болады. Осы тұрғыдан, грамматикалық, лексикалық, орфографиялық және тіл дамыту материалдарын меңгертудің дұрыс әдісін табуда көп мән бар. Қазақ тілін оқытудыңмақсаты тек баланың сауатын ашу, ана тілі пәнің ғылыми негізін білдіру ғана емес, сондай-ақ оларды Отанның патриоты етіп тәрбиелеуге, еңбек сүйгіштікке, мәдениеттілікке, достыққа тағы басқа да өнегелі игі қасиеттерін бойына сіңіруге тиіспіз.
Қазақ тілін сабақта оқытқанда, оқушы тек тыңдаушы, айтқанды, оқулықтағыны жаттаушы болмау керек, баянды білімнің белсенді «ойшылы» болу керек.
Баланы әрдайым соған жетектей отырып, керекті қағидаларды түсіндіргендеғана, ондай білім баланың бойына дариды. Бұл жұмыстың реті, әдісі мұғалімнің шеберлігіне қарай әр түрлі нәтиже беруі мүмкін.
Қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім осы талапты естен шығармауы керек.
Зерттеу объектісі: Бастауыш сынып оқушылары.
Зерттеу пәні: Бастауыш сыныптарда грамматиканы оқытуға ұйымдастыру процесі.
Зерттеудің мақсаты: Бастауыш сыныптарда қазақ тілі грамматикасы мен емле туралы оқушыларға түсінік беру.
Зерттеудің міндеттері: 1. оқушылардың алдағы уақытта жоғары сыныптарда оқуына, жүйелі білім алуына дайындық жасау
2. Оқушылардың жазба сауаттылығын арттыру жолдарын қарастыру.
3. Оқушыларына грамматикалық емле ережелерін толық меңгерту.
Зерттеу болжамы: Бастауыш сынып оқушыларына қазақ тілі
грамматикасы мен емлесі туралы дәріс беру барысында оқушылардың жазба сауаттылықтарын арттырып, емле ережелерін меңгерту.
Зерттеу әдістері: Педагогикалық эксперимент, бақылау, талдау, анкета т.б.
Бастауыш сыныптарда грамматиканы оқыту әдістемесі.
Грамматика сабақтарының міндеттері мен мақсаты
Оқулықта жүйелі білім беру жұмысы тиісті ережелерден
басталмайды, болжамы сол ережеге, түсініктерге қарай жетектейтін тілдік материалдардан басталады. Оқушы жаттығуларға берілген дидактикалық материалдарды ұғына, тапсырмаларды орындай келе, солардан өздері қорытынды шығаратындай кезең басталғанда, жинақталған ережелер беріледі. Сонда олар тосынан айтылған қағидалар болмай өздеріне бұрынан түсінікті, өздері-ақ қорыта алатындай, бірақ қорытуға шамасы келмейтін жайттар болмақ ойдағы оқушылар тез түсінеді, содан әрі сол түсінгендерін баянды ету үшін тағы да бірнеше жаттығу материалдары беріледі.
Сондықтан грамматикалық ережелерді балаға білдіру үшін, әдетте жаттығу материалдарын жетекшілікке аламыз. Ол түсінікті де. Тілден берілетін білім балаға әдепкі де бытыраңқы, шашыраңқы болып көрінеді. Оның себебі- грамматикалық, орфографиялық ережелер белгілі нақты сөздер, тұлғалар негізінде емес, абстракцияланған көптеген фактлерді қорыту негізінде жасалады. Баланы соған жетектеу үшін көптеген байқау, жаттығу жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Тіл сабақтарын оқытудың дидактикалық материалдары ана тілінің әдеби үлгілерінен алынуы тиіс. Сондықтан қазақ тілінен мектепте сабақ оқытудың аса жауапты кезеңі оқушыға жаттығу, талдау материалдарын талғап таңдаудан басталады деуге болады. Жаттығу материалдарын таңдауға үш түрлі талап қойылады.
Біріншіден, жаттығу материалдары мазмұнды болуға тиіс. Материалдағы жеке дыбыстар, әріптер, буындар сөз ішінде сөздер, сөз тіркесі сөйлем ішінде алып талданады. Осы мақсатпен алынған мысалдар мен текстер, сөйлем үзінділер болуға тиіс. Алдымен, солардың тиімді, мазмұны дұрыс тәрбие беру нысанасын бағдарлауы керек. Оқу материалдарына қойылатын басты талғам – тілек – оның тәрбиелік мәні басым болу керектігі естен шықпауы керек. Материалдар Отанды сүюге, еңбек етуге, еңбекті қадірлеуге, табиғатты тануға, мәдениеттілікке, коллектившілдікке, үлкенді сыйлауға бағытталып ыңғайлануы керек.
Екіншіден, әрбір мысал, үзінді әңгіме, өлең, сөз, сөйлем, тіл (стиль) жағынан мүлтіксіз, әдеби норманы ұстану тиіс. Сонда олар баланы әдеби тілдің жүйесін меңгеруге, өз тілін дамытуға көмекші бола алады. Мұндағы басты талап- балаға грамматикадан, орфографиядан... білім беру кезінде оның тіл мәдениетін де арттыруды көздеу тиіс. Сол үшін оқушылар дұрыс құралмаған жасанды мысалдар бойынша тәрбиеленеді.
Үшіншіден, алынған жаттығу, тағы басқа материалдар құрамынан керекті сөздер, дыбыстар, әріптер, грамматикалық тұлғалар, сөйлемдер... жиі кездесетін болсын. Жаттығу материалдар таңдауда негізгі көз тігетініміз осы талап тұрғысынан болғанмен алдыңғыларсыз бұның сапасын дұрыс бағалауға болмайды. Сондықтан бір жаттығу материалында осы үшеуінің басы бір жерге түйісуі керек.
Жаттығу, талдау, тіл дамыту материалдарының сапасы жақсы болса, қазақ тілін оқытудағы мақсаттың да дұрыс орындалуына қолайлы жағдай жасалады.
Біз әр жаттығуда өтілген грамматикалық объектіні атап қана қоймай, мағынасын, қызметін, форма ерекшеліктерін талдатып айтқызу керек екенін ескерттік. Бұл - өте қажет талап. Өйткені грамматикалық объектінің осылай мағынасын, қызметін, ыормасын талдап танытқанда ғана оқушының білімі саналы, тиянақты болады.
Грамматикалық білімді тиянақты етіп үйретудің үшінші кезеңі мынадай міндет қояды. Оқушылар жазғанда, сөйлегенде өтілген грамматикалық форманы еркін, жылдап тауып жазып, сөйлегенде пайдаланып отыруға тиіс. Бұлай машықтану үшін мынадай жаттығулар ұйымдастырылады.
Ауызша айтылған текстен өтілген грамматикалық материалдарға байланысты объектіні тауып, талдау жасау. Бұл жаттығудың пайдасы көп;
Бұрын өтілген тақырыптармен қатар текст бойынша түгел грамматикалық талдау жасау. Бұл жаттығудың мақсаты- жаңа объектіні басқа материалдарды талдаумен қатар іздеп табуға үйрету;
Грамматикалық талдауды емлеге қатысты да жүргізу. Мысалы: түбірдің соңындағы қатаң қ, к, п, дыбыстарының өзгеру себебін таптыру, зат есімдерге септік жалғау жалғанғанда қосарлы дауыссыздың пайда болу себебін сұрау т.б. Бұл сияқты жаттығулар оқушыларды дұрыс жазу үшін грамматикатикадан алған білімін пайдалануға үйретеді;
Диктант, шығарма жаздыру. Бұл жұмыстар – оқушылардың грамматикадан алған білімін дұрыс жазу, сөйлеу қажетіне пайдалануға жетектейді.
Қазақ тілі сабағындағы грамматикалық жаттығу материалдарымен жұмыс жүргізу әдістері
Қазақ тілін бастауыш мектепте оқытуда жаттығу материалдарының сапалы болуына ерекше көңіл аударатын себебіміз екі түрлі: біріншіден, онда қазақ тілі теориялық курс ретінде емес, негізінде практикалық сабақ ретінде оқытылады. Сондай практикалық жұмыстардың тірегі де, мөлшері білім көлемін баянды ететін де «жаттығу» деген атпен беріледі, екіншіден программа бойынша бастауыш мектепте қазақ тілі
«Сауат ашу мен тіл дамыту»;
«Оқу мен тіл дамыту»;
«Грамматика, емле және тіл дамыту» деген тарауларға бөлінеді.
«Тіл дамыту» мұнда басқалармен қатар жүрп отырады.
Жаттығу материалдарына қойылатын басты талаптарға мыналар енеді: олар оқушылардың жас ерекшеліктеріне, түсіну қабілетіне сай, балаларға қызықты тартымды, оларға ой салатындай болуға тиіс. Кейбір жаттығу тақырыптары тарихи күндерге арналады, мысалы: 1 Май мейрмын өткізу, т.б. байланысты тақырыптар. Сондай-ақ оқушылардың ой-өрісін кеңейту, тіл байлығын молайту, сапалы білім, берік машықтануына көздеу керек. Ол үшін дайын ережелерді, жеке тұлғаларды жаттатып, соларды еске түсіретіндей ғана жұмыс жүргізбей, мүмкін болғанынша грамматикалық, фонетикалық, орфографиялық қағидаларды айқындауға оқушыларды белсене қатыстыру, талдау, қорыту жұмыстарына жетектеу керек. Жаттығулар арқылы баланы ойландыратын, өз бетімен жұмыс істейтін талап сұрақтар қойып, айтылуға тиісті қорытынды ережелерді дұрыс тез түсіндіруге болады. Әр тоқсан сайын жазба жұмыстарының тапсырмаларын күрделі ғып ала отырып,нәтижесі тексеріліп ,бағаланып, қысқаша қорытындыланып отырады. (Қосычша Ә)
Жаңа материалды түсіндіру екі түрлі әдіспен жүргізіледі. Бірі- индуктивтік әдіс, екіншісі- дедуктивтік әдіс. Мұғалім өтілетін материалдардың ыңғайына қарай осы әдістердің бірін таңдайды. Жаңа тақырыпты өту кезіңде оқушылардың белсенділігін арттыру үшін ең қолайлысы- индуктивтік әдіс. Индуктивтік әдіс бойынша алдымен жаңа тақырыпқа байланысты мысалдар талданады, содан кейін сол талдаудың нәтижесінде қорытынды шығарылады. Мысалдарды талдауға қорытынды шығаруға оқушылар қатыстырып отырылады.
Дедуктивтік әдіс бойынша оқытқанда, алдымен ереже айтылады да, соңынан ережені анықтайтын мысалдар талданады. Бұл әдіс оқушылардың өзіне талдауға қиын, өте абстрактылы тақырыптарға байланысты қолданылады. Мұғалім қай әдісті қолданса да, өтілетін форманың грамматикалық сипатын оқушыларға анық, түсінікті етіп түсіндіруге тиіс.
Грамматикалық тақырыпты танытып, түсіндіргеннен кейінгі істейтін жұмыс - оқушыларды сол грамматикалық форманы жазбаша текстен, ауызша айтылған мысалдан бірден ажырата алуға үйрету. Бұл дағды оқушылардың грамматикадан алған білімін жазуда, сөйлеуде дұрыс қолдануы үшін қажет. Оқушылар сөздің морфологиялық құрамын тез ажыратып таныса ғана дұрыс, қатесіз жаза алады. Мұғалім оқушыларды грамматикалық формаларды тез, әрі дәл тануға үйрету үшін жаттығу жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра білу керек.
Тақырып түсіндірілгеннен кейін, жаңа форманы мағына, қызметі жағынан таныта түсуге көмектесетін жаттығулар ұйымдастырылады. Ол жаттығулардың түрі мынадай:
Тексте өтілген объектіні ерекшелеп беріп, оның грамматикалық белгілерін ататызу;
Текстен объекті түсіріліп, төменде бөлек беріледі де, оқушылар сөйлемдерді толықтырып көшіреді, объектінің грамматикалық белгілерін атайды.
Келесі кезекте мұғалім оқушыларды өтілген объектіні өз бетімен танып, табуға үйрете бастайды. Ол үшін мына түрдегі жаттығулар ұйымдастырылады.
Тексте объект ерекшеленбей беріледі де, оқушылар өз бетімен оның мағынасын, формасын, қызметін талдап ажыратады;
Өтілген объектіге оқушылардың өздері мысал келтіріп, талдау жасайды;
Сөздерді өтілген грамматикалық формаға қойып, сөйлем құрайды, сөйлемдегі сөздердің грамматикалық белгілерін талдайды.
Біз әр жаттығуда өтілген грамматикалық объектіні атап қана қоймай, мағынасын, қызметін, форма ерекшеліктерін талдатып айтқызу керек екенін ескерттік. Бұл - өте қажет талап. Өйткені грамматикалық объектінің осылай мағынасын, қызметін, формасын талдап танытқанда ғана оқушының білімі саналы, тиянақты болады. Деңгейлік тапсырмалар өтілген материалды реттеуге және жүйелеуге берілген тапсырмалар. Бұлар өзгертілген жағдайлардағы тапсырмалар, яғни бұрынғы тапсырмаларға ұқсас, бірақ оларды орындау үшін алғашқы білімдерін түрлендіріп пайдалану қажет етеді. Сонымен қатар берілген тапсырмалар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады. Бұл жинақта берілген тапсырмалар қазақ тілі пәнінен 3 сынып бойынша *Сөз таптары* бөлімін қайталау және тиянақтау үшін құрастырылған. (Қосымша Г)
2. Бастауыш сыныптарда қазақ тілі пәнін оқыту әдістемесі
2.1. 1-ші сыныпта қазақ тілін оқыту
«Қазақ тілі» оқулығындағы «Дыбыстар мен әріптер» тақырыбында дауысты дыбыстар, олардың жуан және жіңішке болып бөлінуі; дауыссыз дыбыстар алфавит, буын тасымал туралы мағлұматтар беріледі. «Сөз» деген параграфта заттың атын білдіретін сөздер, бас әріппен жазылатын сөздер, заттың сынын білдіретін сөздер, заттың санын білдіретін сөздер, заттың қимылын білдіретін сөздер туралы білім беру көзделеді. «Сөйлем» деген бөлімде сөйлем мен сөйлемдегі сөздердің байланысы туралы бастапқы мағлұмат берліеді.
Оқушыларға дыбысты танытумен бірге, дыбыстан сөз құралатынын, сөйлем арқылы адам өзінің айтайын деген ойын басқа біреуге түсіндіріп бере алатыны жайлы практикалық жолмен берілетін түсінік-ұғымды грамматикалық ережелер ретінде қалыптасу мақсаты көзделеді. Осыған байланысты сөйлем туралы ұғым кеңейтіліп, тіпті сөйлемнің мағынасы және айтылуына қарай бөліну түрлері (хабарлы, сұраулы, лепті) сөйлемдегі сөздердің өзара байланысы да оқылады. Оқушылардың сонымен қатар сөз таптарын, жай сөйлемдерді сатылай кешенді талдау барысында бұл талдау түрін жақсы меңгергендіктері байқалды.Алдымен әр оқушымен сатылай жұмыстар жүргізілді. (Қосымша А)
Оқу, жазу, тіл дамыту, айналамен таныстыруға үйрету жұмыстары тәрбие жұмыстарымен ұштастырылып бір-бірімен тығыз байланысты жүргізіледі.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінде (бастауыш мектепте оқыту) грамматиканы оқыту жөнінде зерттеу ісіне А.Байтүрсынов, С.Жиенбаев, С.Х.Сарыбаев, Х.Бозжанаова, Ә.Сэдуақасова, Г.Уайсова, Ы.Маманов, Р.Әміров, Х.Арғынов, Д.Әлімжанов т.б. үлес қосқан және қосуда.
А.Байтұрсыновтың "Тіл құрал" (1914), "Тіл - құрал" (1925), "Тіл -құрал" (1915), "Тіл - құрал" (1925), "Методика мәселелері" (1922),"Оқу құралдары" (1912), "Әліп-би" (1928), "Сауат ашқыш" (1926). т.б. қазақ тілінің әдістемесіне арналған еңбектері мен мақалаларының қазіргі кезеңге дейін өз құнын жоймағандығын айта аламыз.
А.Байтүрсыновтың оқулықтарында грамматикаын оқыту мәселесі туралы айтылған пікірлері кездеседі. Ол: "қазақ тілінің түбірі өзгерілмей аяғына жалғау қосылып өзгеріледі. Жалғау екі түрлі:
1. Сөздің тұлғасын өзгертсе де ішкі мағынасын өзгертпейді;
2. Сөздің түлғысын да мағынасын да өзгертеді. Сондықтан бастан тысқары (яғни жалғау — Е.М.), соңғысы ішкері жалғау (жұрнақ Е.М.), деп аталады. "Құлақ" деген сөзге (тың) деген жалғау қоссақ, құлақтың болады. Тұлғасы өзгерілді мағынасы өзгершген жоқ. "Құлақтың" деген де бастын мүшесінің атын көрсетеді. Егер "Құлақ деген сөзге" "шын " деген жалғау (жұрнақ Е.М) қоссақ "Құлақшын" болады. Мұнда тұлғасы да мағынасы да өзгерілді. "Құлақ" бастың мүшесін көрсетуші еді, "Құлақшын " болған соң басқан киетін киімнің атын көрсетіп түр", - деп түбір мен қосымшаларды оқыту жайында сөз етеді.[18, 27]
1 сыныпта жаңа материалды оқып үйрену ісіне оқушылардың өздерін жан-жақты қатыстыра отырып, оларды белгілі- бір қорытынды жасай білуге баулу керек. Оқушылар класта сабаққа белсене қатысып отырса, өз ойын, өз пікірін еркін айтып беруге үйренеді, үй тапсырмаларын, сондай- ақ өздігінен орындайтын жұмыстарды қиналмай орындайтын болады. Осы ретпен программалық материалдар жеңілден ауырға, белгіледен белгісізге принципіне негізделіп беріледі де, үнемі алдыңғы оқылған материал соңғы оқылатын материалдың дайындығы ретінде өтіледі. «Әліппе» кезеңінің өзінде- ақ балалар дыбыс әріп, сөз, сөйлем деген ұғымдармен танысады да, ол білімдерін «Қазақ тілі» оқулығынан «Дыбыс пен әріп» толықтырып дамыта түседі. Мысалы, «Сөз дыбыстан құралады» деген ұғымның мәнін бұрынғыдан да терең түсінетін болады. [11,36] Тақтаға бір оқушы шығып,мұғалім берген сөзді талдай бастайды,ал қалған оқушыларға дәл сол сөз бір-бір параққа мұғалім дайындап әкелген тапсырманы тақтадағы оқушымен бірге талдай отырып,орындайды. (Қосымша В)
«Сөз» деген грамматикалық ұғымды оқушыларға таныту кезінде мұғалім алдымен оқушыларға таныс олардың күнделікті сөйлеу тілінде қолданып, пайдаланып жүрген сөздерінен алып, соны жан-жақты талдатып, оның тұлғалық және мағыналық ерекшеліктерін сұрақтар арқылы түсіндіреді. Осыған байланысты оқушылар сөздердің бірнеше топқа бөлінетінін байқайды.
1. Сөздердің бір тобы кім? не? сұрақтарына жауап береді. Асан (кім) мектепке келді. Оқушы (кім) отыр. Кітап (не) стол үстінде жатыр. Құс (не) ұшты;
2. Сөздердің бір тобы қандай? қай? сұрақтарына жауап береді;
3. Қанша? неше? сұрақтарына жауап болатын сөздер тобы. Бес (қанша) адам. Он екі (неше) қарындаш;
4. Не істеді? қайтті? не істеп тұр? не істеп отыр? т.б. сұрақтарына жауап болатын сөздер тобы. Бала кітап оқыды (не істеді). Айша жазу жазып отыр.
Оқушылар сөздердің осындай топтарымен іс жүзінде танысқан соң «сөз» деген ұғымның «зат» деген ұғымымен байланысын анықтыйды.
Сөйтіп «зат» деген ұғымды біліп, түсінуі мен бірге сол заттардың, нәрселердің өзіндік қасиеті, түр-түсі болатын сұрақ жауап арқылы әңгімелесу кезінде оқушылардың өздеріне байқатуға болады. Мысалы: адам жүреді, құс ұшады, қызыл қарындаш, көк көйлек, 1-класс, екінші парта, бес саусақ. Бұл сияқты сөз тіркестерін пайдалана отырып, мұғалім оқушыларды ойландырарлықтай сұрақ береді. –Адам жүреді, ал тағы не жүреді? Құс ұшады, тағы не ұшады? Қарындаштың түсі қызыл, тағы қандай түсті қарындаштар болады?
Оқушылар кім? не? сұрақтарына жауап болатын сөздермен танысу кезінде, ол сөздердің өзіндік ерекшеліктерін байқайды. Кім? не? сұрағына жауап беретін сөздерді топтап, талдауға үйретіледі. Туыстық қатынасты білдіретін сөздер: ата, апа, аға, іні, әпке, сіңлі (кім). Киімдер: пальто, көйлек, бәтеңке, етік, құлақшын т.б. Жыл мезгілдері: қыс, көктем, жаз, күз. Табиғат құбылыстары: қар, боран, жел жаңбыр.
Тиісті сөзді талдау үшін сөйлем құраудағы сөздердің өзара байланысына да көңіл бөлу қажет. Себебі сөзге сұрақ қойып үйрету кезінде «Жек сөзге сұрақ қойылмайды, сөзге сұрақ басқа сөз арқылы қойылады. Сөздер үнемі бір-бірімен байланысты болады, олай болмаса, айтайын деген ойын адам басқа біреуге түсіндіре алмайды» деп, тәжірибе жүзінде түсінік беріліп отырғаны жөн.
Емлелік ережелерді танытуға байланысты жүргізілетін жұмыстар.
Программада көрсетілгендей, оқулықтың бірінші, екінші параграфы «Дыбыс және әріп», «Дауысты, дауыссыз дыбыстар» деп аталған. Бұл тақырыптар оқушылардың «Әліппе» кезеңінен таныған, білген дыбыс және әріп жайындағы ұғымдары мен түсініктерін белгілі бір жүйеге келтіреді, сонымен қатар оларды грамматикалық қарапайым ережелерді жаттап алуға машықтандырады. Оқулықта берілген ереженің мағынасын түсіну, мысалы арқылы дәлелдеп беру, жаттап алу сияқты (тұжырымды ережелер) жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы: («дыбыстарды айтамыз, естиміз», «Әріптерді көреміз, жазамыз» деген сияқты тұжырымды ережелер практикалық жолмен жүргізілетін мұғалімнің түсінігінен, жаттығу-тапсырмалардың мазмұнынан алшақ кетпейді, қайта олардың мәнін дәлірек, анығырақ ұғындыруға жәрдемдеседі.
Оқушылардың бұрын алған білімдерін пайдалана отырып, көрнекі құрал арқылы ол ережелерді оңай түсіндіруге болатынын айта кеткен жөн.
Кейбір тақырыптарға байланысты арнайы ереже берілмейді. Алайда оқылатын тақырыптың аты, оған берілген мысалдар, жаттығу-тапсырмалар бұдан-бұрын өтілген материалдармен тікелей байланысты болады да, сол тақырыпты талдау кезінде оқушыларды бірден ойландырады. Мұғалімнің тақырыпты талдап түсіндіруі қорытынды ережені балалардың өздері шығаратын дәрежеде берілуге тиіс.
Жаттығу текстерін пайдалану.
1-сынып оқушыларына емлелік ережелерді меңгерту, олардың тілін қалыптастыру, дұрыс, қатесіз жазуға дағдыландыру жұмыстары қашан да бір-бірімен тығыз байланыстырыла жүргізіледі. Осыған орай, оқулыққа үш жүздей жаттығу берілген. Сөзді, сөйлемді я тексті тұтас көшіру, көп нүктенің орнына тиісті сөзді, буынды немесе әріпті қойып көшіріп жазу, мұғалімнің тапсыруы бойынша текст ішінен керек сөздерді теріп көшіру, я болмаса қара әріппен жазылған сөздерді көшіріп жазу, сурет бойынша сөйлем құрап, ол сөйлемдерді жатқа жазу, суреттегі заттардың атын жазу, берілген сұрақтарға жауап жазу, сөйлемдерді көшіріп, тиісті сөздің я әріпінің астын сызу, берілген сөздер арқылы сөйлемдер, шағын әңгіме құрастырып жазу, сурет бойынша шығарма жазу т.б. Сонымен бірге бір жаттығудың өзі бірнеше мақсатты айқындауға арналады. Мысалы, суреттегі аң мен құстың атын атап, атаған сөздеріңді дәптерлеріңе жазып, ол сөздерді буынға бөліңдер. Әр буындағы дауысты дыбысты атаңдар, астын сызыңдар-осы сияқты тапсырма түрлері беріледі.
Мұғалім бұл сияқты жаттығуларды тапсырманы өз қалауынша өзгертіп, қосымша материалдармен толықтыруына да болады. Мәселен, тапсырмада «Аң мен құстың атын ата» делінген. Егер балалар бірден оқулықты ашып, жаттығудың 1-тапсырмасын орындау үшін, сурет астындағы сөзді оқып, оны талдауға кіріссе, онда затты тану, сол затқа байланысты оқушының ой-өрісін дамыту жағы көмескі болып қалар еді. Сондықтан оқулық бойынша жаттығуды орындамас бұрын, аң, құс деген ұғымға байланысты көрнекі құрал тақтаға ілінеді. Тақтаға ілінген суреттің мазмұны: таулы, адырлы өлке. Аңшы тау басында тұр. Ойда түлкі қашып бара жатыр. Таудан түлкіге қарап құлдилап, бүркіт ұшып келе жатыр. (Бүркіт пен түлкі нақты түсіне келтірілген бояумен салынған). Сурет бойынша әңгіме кезінде оқушылар біршама жаңа ұғым, түсініктерді естіп танысады, түсінгендерін өздері сөйлем құрап айтып береді. Түлкі-аң. Аңшы аң аулайды. Аңшы аңды бүркітпен аулайды. Аңшылар бүркітті баптайды. Бүркіт-жыртқыш аң. Бүркіттің и басқа құстардан ерекшелігінеде тоқталады. Осыдан соң бүркіт түлкі сөздерін ауызша талдаттады. Жаттығудың қалған түрлері оқулық бойынша орындалады. Жоғарыдағы сияқты толықтырып, өңдеуді қажет ететін және грамматикалық ережелерді меңгертіп қана қоймай, оқушылардың ойлау қабілетін, білуге құмарлығын оятатын жаттығуларды көбінесе сыныпта орындату керек. Себебі жаттығуды орындау кезінде мұғалім оқушылардың білімін анықтап, бірінің білмегенін екіншісісіне толықтыртып, өзі көмектеседі, яғни жалпы класс болып жаттығу тапсырмаларын талдап, қорытындылайды. Демек, жаттығуларды талдаған кезде оқушыларға таныс емес, түсініксіз бірде-бір сөз болмауға тиіс. Сондықтан мұғалім клста орындалатын жаттығу мен үйге тапсырылатын жаттығуларды алдын-ал өзі мұқият оқып танысады да, түсіндіруді қажет ететін сөздерді белгілеп, түсіндіру әдіс-тәсілін ойластырып келеді.
Мысалы, мектеп-білім бұлағы, шәкірттер-өскен құрағы деген сөздердегі бұлақ, құрақ сөздері ауыспалы мағынада беріліп тұр, сондықтан алдымен бұл сөздердің тура мағынасымен таныстыру керек. Бұлаұ-бастау, қайнар. Таулы жерде бұлақ көп болады. Бұлақ- құлақ ауруы . Жас баланың құлағынан бұлақ ақты. Құрақ- жапырақты жас қамыс. Құрақ- түрлі мата, кездеме қиындыларынан құрап жасаған бұйым. Осы ретпен бұлақ, құрақ деген сөздерді жиі кездесетін мағыналары анықтап алады да, тақтаға көрнекі құралды іледі. Онда мынадай сөйлемдер жазылған: көлдің көркі- құрақ. Таудың көркі- бұлақ. Таулы жер бұлақсыз болмас. Сулы жер құрақсыз болмас. Құрақ,бұлақ, бұлақсыз, құрақсыз сөздері қызыл түспен жазылған.
Мұндай қосымша (үйде орындалатын жаттығу) материалдар сөз мағынасын анықтап, түсінуге үлкен көмегін тигізеді. Балалар сөздің тура мағынасын анық түсінсе, салыстыру, теңеу ретінде берілген мағынасын да оңай түсінеді. Сол сияқты колхозшы, жұмысшы, жылқышы, кітапқана, баспахана, ұстахана сөздерін жаттығуда көрсетілген тапсыпма бойынша ғана талдап қоймай, әр сөздің жазылуына мағынасына да көңіл бөлу қажет. Жылқышы жылқы бағады. Баспхана- кітап басып шығаратын орын. Кітапханадан кітап алып оқимын, т.б.
Мұғалім класта, үйде орындалатын жаттығу жұмыстарын жоспарлағанда жазбаша орындалатын жаттығу тапсырмаларды мұқият тексереді. Ол үшін екі мәселені естен шығармауы қажет: біріншіден, жазбаша орындалатын жаттығу- тапсырманың мағына жағынан тұжырымды, мәнді әрі өтілген ережеге лайықты, сабақтың мақсатын толық қамтитын дәрежеде берілу жағы қарастырылады. Екіншіден, жаттығу- тапсырманың көлемі шағын болуы, оқушыларды жалықтырмайтындай етіліп берілуіне көңіл бөлінеді. Оның себебі класта жүргізілетін жазбаша жаттығу- тапсырмалар бірыңғай оқулықтан көшіру болса, ол оқушыларды зеріктіреді, сабақ кезіндегі белсенділігін кемітеді. Сондықтан оқулықтан көшіру, тақтадан жатқа жазу, диктант түрлерін жазғызу жұмыстары үнемі алмастырылып, түрлендіріліп отырылуы тиіс.
Дұрыс жазуға үйрету.
Дұрыс жазуға үйрету жұмысы оқуға үйретумен қатар жүргізіледі. Оқушылар таныған, білген дыбыстарының әрпін жазуға үйреніп қана қоймайды, сол әріптерден сөз, сөйлем құрап жазуға жаттығады.
Мұғалім жазуға үйрету кезінде әрбір әріптің дыбыстық ерекшелігімен де таныстырады. Тақтадағы жазылған әрбір әріп, әрі іштерінен оқып, жазу тапсырылады. Кейбір оқушылар әріптеп көшіруді әдет етіп алады да, жазуда көп қате жібереді. Көбінесе сөз ішінен әріп тастап кетеді. Сондықтан сөзді буын жігімен оқып отырып жазуға немесе жазған сөзін я сөйлемін оқушының өзі тексеруін әдетке айналдыру керек. Мұғалім балалардың жазуын бақылағанда, олардың жазу түріне- коллиграфиясына ғана көңіл бөліп қоймай, жазып отырған сөздерін я сөйлемін оқып беруді де талап етеді. Сол сияқты көшіріп жазып болған соң, бірнеше оқушылардың жазғандарын дәптерлерінен оқытып, кейбір қате жазылған сөздердің емлесін талдауға болады.
1-сыныпта грамматика мен емле тануға байланысты жүргізілетін жазудың басым көпшілігі- көшіріп жазу. Тақтада, тблицада жазылған сөйлемдерді көшіру, жазу үлгісінен, баспа әріппен берілген тексті көшіру т.б.
Оқулықта берілген жаттығулардың 70-80% жазбаша орындалады десек, әр тпсырманың өзіндік ерекшелігі, масаты бар. Оқушылар сол жаттығулардағы сөздер мен сөйлемдерді талдай отырып жазуға машықтанғаны жөн. Себебі жазу мен емле ережелерін меңгерту бір- бірімен тығыз байланысты жүргізіледі. Белгілі тақырып бойынша емлелік ережелерді оқушылардың қаншалықты меңгергенін, түсінгенін, әрі дұрыс жазуға жаттыққаның байқау үшін, класта орындалатын жаттығуларды түсіндіріп жазу тапсырылады. Мұндай жағдайда кластағы оқушылардың ерекшеліктері ескеріліп, жаттығудың ауыр және жеңіл түрлері ұсынылады. Оқушылар жаттығуды орындағанда да әр сөздің жазылуын ережеге сәйкес талдап беруге ойланып, дайындалып отырады.
Оқушыларды жатқа жазуға үйрету жұмысы да «Әліппе» кезеңінен басталады да, бірте- бірте күрделене жүргізіледі. Мысалы, алдымен жеке дыбыстар мен буындарды, бір буынды сөздерді, содан кейін екі-үш буынды сөздерді, екі- үш сөздерден құралған сөйлемдерді жатқа жазғызуға болады. 1-сыныпта жатқа жазғызатын текстің көлемі 8-10 сөзден аспайды. Оқушылар ол сөздерді мұғалімнің нұсқауы бойынша жазуға жаттығады. Жатқа жазылатын сөйлемді алдымен мұғалім оқиды. Балалар іштерінен қайталайды. Кейде 2-3 оқушыға дауыстап қайталатуға да болады. Содан кейін барып жазуға кіріседі. Мұғалім оқушылардың бәрінің жазуды бір мезетте бастап, белгілі уақытта аяқтауын қадағалап отырады. Мұғалім тексті оқығанда ерсілі- қарсылы жүрмей, бір орында тұрып оқуы керек. Сонда мұғалімнің даусы сыныптағы барлық оқушыларға анық естіледі де, әрі оқушылардың қалай жазып жатқанын байқап тұруға болады.
Жатқа жазғызатын тексті сынып жұмысын жазатын дәптерлеріне жазғызады да, жазып болған соң қатесі сыныпта тексеріледі. Жатқа жазатын тексті үйден дайындап әкелінсе, оны тақтаға жазып (үзіліс кезінде), бетін қағазбен жауып қояды. Оқушылар тексті жазып, өздері қактесін тексеріп болған соң, тақтадағы жазудың беті ашылады да, дәптердегі жазуларын тақтадағы жазумен салыстырып, қатесі болса түзету ескертіледі. Егер жатқа жазуға жаттығу материалы алынса, онда тексті оқулықпен салыстырып, оқушылардың өздеріне жіберген қателерін түзеткізеді.
Жатқа жазу оқушылардың грамматикалық ережелерді дұрыс меңгергенін, есту қабілетінің, жазуға төселу машығының қаншалықты қалыптасқанын байқатады. Әрі диктанттың әр түрін жазуға дайындық болады. 1-сыныпта жиі жазылатын диктанттың түрлері: көру сөздік, творчестволық, талдау, түсіндірме, ескертпе диктанттары. Диктанттың бұл түрлерін жүргізуге арнайы сағат бөлінбейді. Мұғалім күнделікті сабақ жоспарын жасағанда, жоғарыдағы диктанттың бір түріне тексті дайындап келіп, сабақтың тиімді бір кезеңінде (10-15 минут) жазғызуына болады. Бұл диктанттарды күнделік жаттығу жазатын дәптерлеріне, ал бақылау диктантын арнаулы дәптерге жазады. Ол дәптер мұғалімде сақталады. Бақылау диктанты әр тоқсанда 2-3 рет қана жүргізіледі де, әр диктантқа екі сабақ бөлінеді.
Күнделікті сабақты жоспарлау кезінде мұғалімнің ерекше көңіл бөлуін қажет ететін мәселелерде бар. Олар төмендегідей:
1.Қай сыныпта да оқу озаттары және нашар үлгеретін оқушылардың болатыны белгілі. Осындай оқушыларды сыныпта, үйде өздігінен оқуға машықтандыру әдістерін қарастыру керек;
2. Оқушылардың сыныпта, үйде өздігінен орындайтын жұмыстарының екі варианты болады, оның ауыр-жеңілдігін оқушылардың өздері таңдайтын болсын. Тапсырманың жеңіл түрін нашар үлгеретін оқушыларға ұсынуға болады;
3. Тапсырманың орындалуын тексерген кезде күрделі тапсырманы талдауына сынып оқушыларын тегіс қатыстыру қажет. Сонда жеңіл тапсырманы орындап, басқаларға ілесе алмай жүрген оқушылардың да белсенділігі артады. Сөйтіп, оларға бірте-бірте күрделі тапсырмаларды орындатқызуға болады;
4. Жеке оқушылармен жүргізілетін жұмыс түрлерін жоспарлағанда нашар оқитын балаларды ғана ескеріп қана қоймай, оқу озаттарын да естен шығармау қажет;
5. Оқушылардың сабаққа деген белсенділігін, білімге деген құмарлығын арттыру мақсатында, оқулықта берілген жаттығуларды түрлендіріп жүргізі керек. Ол үшін көрнекі құралды көбірек қолдану жағын қарастыру, әр түрлі дидактикалық материалдарды пайдалану, жазу жұмыстарын түрлендіріп жүргізу, ауызша, жазбаша шығарма, мазмұндамаларды сабаққа көбірек араластыру қажет;
6. Бақылау диктантына байланысты «қатемен жұмыс» жүргізу тым ұзаққа созылып, оқушыларды жалықтырып жіберетіндей болмасын. Сол қателерді талдауға тірек болатын басқа да жұмыс түрін жоспарлау керек;
7. Оқушылардың жазу жұмыстарында кездесетін қателерге талдау жасай отырып, осыған орай жүйелі түрде жүргізілетін жұмыстарды жоспарлау керек.
Мұғалімнің оқушылармен жүргізетін жұмыстарының сапалы болуына көмектесетін құралдың бірі- мұғалімнің күнделігі. Күнделікті қалың дәптерден жасап, алфавит ретімен әр оқушыға екі беттен бөледі. Ол бөлінген беттен қазақ тілі сабағына орын белгілейді. Оған оқушының түрлі жазу жұмыстарында жиі ұшырайтын қателері, қате жазған сөздері, қандай емлелік ережені меңгере алмай, шала түсінетіні белгіленеді. Осыған байланысты жүргізілген қосымша жұмыстар да сонда жазылады.
2.2. Әріптер мен дыбыстарды оқыту
«Қазақ тілі» пәнінен 1-сыныпта берілген білімнің негізі – дыбыс және әріп, 2-сынып оқушылары әр дыбысты айта біледі, бірін екіншісінен ажырата алады, дауысты, дауыссыз турлы, дауыстылардың жуан, жіңішке сыңарлары туралы түсінігі бар деп білеміз. 2-сынып оқулығында балалардың сол білімдерін тереңдете түсіп, программада көрсетілген қосымша мағлұматтарды беру мақсаты көзделеді. Ол мақсат мұғалімнің балаларға тиянақты білім беру, берік машықтандыру арқылы олардың ой-өрісін жетілдіре түсу, тілін байыту міндетімен ұштасады.
Оқулықта ы-і әріптерінің жазылуын үйрену олардың дыбыстық айырмашылық танытудан басталады. Ол үшін ыстық- істік, тыста- тісте, сынған-сіңген, тамыр-темір сияқты сөздер салыстыра оқытылады. Ол сөздердің жуан (ы) дыбыстың қатысқандығы мағыналары бір бөлек, жіңішке (і) дыбыстың қатысқандығы мағыналары одан басқа екенін бала аңғарса, олардың дыбыстық сапасы екі басқа екенін түсіне бастайды. Содан кейін суреттерге қарап, былайша да бала мылтық, ілгіш, көзілдірік сияқты сөздерді айтады. Оқушылар сөздердің түгелдей не жуан, не жіңішке айтылатыны жуан, жіңішке ы, і дыбыстарына байланысты екенін білсін. Ол үшін олардың сөздерді дұрыс айту, тыңдау қабілеттерін жетілдіру керек. Артынан түрлі жаттығу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде оқушы жуан ы дыбысының жуан буынды, сөзде жіңішке і жіңішке буынды сөзде жазылатынын біледі.
Оқушылар 2-сыныпта буын, сөз құрамында жуан, жіңішке дауыстыларды еркін айта алатындай болсын. Ол үшін түбір, қосымшалы сөздерді жаздыру керек. И, й әріптерінің таңбасындағы айырмашылық қысқа й-дің үстінде көлденең сызық қана болатынына қарап, оқушылар дыбыстық ұқсастығы да өте жақын деп ойлауы мүмкін. Дұрысында олай емес. Ы-і, ұ-ү, ө-е әріптерінде жуан-жіңішкелік айырмашылық болса, и-й әріптерінде ондай айырмашылық та жоқ. И буын құрайды, сөздің барлық буынында, кейде дара дыбыстардан кейін сөз басында, кейде дара дыбыстардың (жуан, жіңішке- ы,і) таңбасы орнына, кейде қосар дыбыстардың (ый, ій) таңбасы ретінде жазылады. Ал й буын құрамайды, тек дауысты дыбыстардан кейін жазылады. Бұл әріптерді оқушыларға білдіру үшін жаттығу жұмыстарын жүргізіп, балны алдымен й-дің дауыстылардан кейін и-дің дауыссыздардан кейін және сөз басында жазылатынын аңғарту керек. Дыбыс әріп дегендері үздіксіз айта берсе, балалар жалығып кетеді. Сондықтан сурет бойынша әңгіме өткізу тиімді. Суретке берілген сөздерден й, и әріптерін оқушылардың назарын аудару керек те, әрі қарай ол әріптерге қатысты жұмыстар жүргізуге болады. «Сөз ішінде ый, ій дыбыстарының орнына жалғыз и әріпі жазылады» деген ереже бар. Осыны айтудан бұрын мұғалім ый, ій қосарлары анық естілетін сөздерді (мысалы, оқыйды, сыйлайды, ерійді) тақтаға жазып көрсетіп, солай істелетінін аңғартып, бірақ и-ден бұрын ы, і жазылмайтынын түсіндіру керек. Сонымен қатар сыйлық, тый деген сөздер ғана жалпы ережеден өзгеше осы қалпын сақтап жазылатынын жете түсіндіріп, дұрыс жазуға машықтандыру керек. Әр тақырыпты өткен соң мұғалім балалардан ережелерді жатқа айтуды талап етпей, бақылау жұмыстары, сұрақ-жауап әдісі, диктанттар жүргізу арқылы баланың білімін, түсінігін тексергені жөн. Әсіресе диктант жазуға ерекше мән беру керек. Кез- келген тосын тексті жатқа жаздыра беруге болмайды. Тексті оқып таныстырғаннан кейін барып, диктант жаздыруға болады.
Компьютерлік технология
Қазақ тілі сабағында компьютерді пайдалану оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Нашар оқитын оқушының өзі компьютермен жұмыс істеуге қызғады. Тілдің салаларын өту кезінде бір жүйеге құрылған тапсырмаларды пайдалануға болады. Тест тапсырмаларын компьютер арқылы беріп, білімдерін тексеруге болады. компьютер оқушының ақыл-ойын дамытумен бірге өз бетінше жұмыс жасауға мүмкіндік туғызады. Қазақ тілін компьютер арқылы оқыту бағдарламасының ең басты белгілері мен ерекшеліктері төмендегідей болып келеді:
1. оқытудың техникалық құралдары санатында өзіндік орны бар жүйе болып табылады;
2. дидактикалық нысандарға сәйкес келеді(«қарапайымнан күрделіге қарай») және обьективті және субьективті факторларға (тіл үйренушінің таңдау мүмкіндігі) негізделген;
3. теория мен практиканы қатар ескеріп, қамтып отырады, соның нәтижесінде тілдік және сөйлеу қабілеттерінің қалыптасуына негіз салынады;
4. тілдің барлық негіздері қамтылады:есту, сөйлеу, оқу, грамматикалық, лексикалық, фонетикалық бөлімдер;
5. барлық қабылдау жолдары толық қамтылады (есту, көру т.б.)
6. тіл үйрету және бақылау, қадағалау қызметтері қамтылады.
Компьютерлік технологиямен оқытудың оқушының өз бетімен жұмыс істеуіне, соған байланысты материалдарды ізденуіне, ойлануына, танымдық қабілетінің артуына, сабаққа деген ынтасын арттыруға мүмкіндігі мол. Нашар оқитын оқушылардың өздері де компьютермен жұмыс істеуге қызығады. Қазақ тілі сабағында біріккен логикалық жүйеге біріккен компьютерді пайдалану өтілген пәнді қайталау кезінде (пысықтап, білімін қорытып еске түсіруде), сұрақ-жауап алу арқылы білімін бағалау кезінде, ойын арқылы сөздікпен жұмыс істеуге қолданылуда. Біздің республикамызда мектепті компьютерлендіру ісі жүргізілуде. Әр облыс, қала, аудан мектептері компьютендіріліп келеді.
Интерактивті тақтаны пайдалана отырып оқыту. 2007 жылы 3-қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихында алғаш рет «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деген тақырыпта интерактивті тақтамен сабақ өткізуі, озық технологияның көмегімен тікелей байланысқа шығуы оқушылардың сабаққа, білімге деген ынтасын арттырды. Ол бүгінгі барлық салада бәсекеге қабілеттілік барысында жүзеге асырылып жатқан, бізге жетпей жатқан ғылым, білім жайында түсінікті тілмен, қарапайым сөзбен оқушыларға жеткізіп сөйлеп шықты. Елбасының сөзін бір мезгілде еліміздегі 6500 оқушы тыңдады.
Интерактивті тақта арқылы мультимедиалық мәтін жазылған бейне материалдар, слайд, суреттер, сызбалар, кестелер, диаграммалар, т.б. қолданылып, мұғалімдер өз пәні бойынша түсіндірген тақырыбының мазмұнын ашып көрсете алады. Тақтаның бетіне асығыс сыза салған сызбалар не әріп, жазулар әдемі қалпында жазылады.
Интерактивті тақтаның мүмкіндіктері: 1) уақыт үнемделеді; 2) аз уақытта көп білім беріледі; 3) көрнекілік кестелер, кеспелер әдемі қалпында түседі; 4) мәтіндерді оқып, талдауға мүмкіндігі мол; 5) оқушылар өз бетінше де жұмыс істей алады; 6) барлық оқушы тақтадағы берілген білімді ықыласымен меңгереді.
Қысқасы, 2-сыныпта оқушыларға диктант жаздыру тек білім сынаудың тәсілі болмай, оқушылардың білімін баянды етіп бекіте түсудің тәсілі деп жүргізген жөн.
И әрпі, я, ю әріптерін оқытуда ерекше назар аударуды талап етеді. Мұғалім бұларға арналған екі параграфты өтуден бұрын я мен ю- дың сөз басында, дауысты дыбыстардан кейін жеке дауысты дыбыстардың (я-ю, ә-у) таңбалары екенін, олар орыс тілінен енген сөздерден басқа қандай байырғы сөзде, қандай құрамда жазылатынын, қалай оқылатынын өзі жақсылап біліп алып, оңайдан қиынға, бүтіннен бөлшекке жол ашқандай, балаға ой салатындай етіп оқытуға тиіс. Октябрь, аяулы сияқты сөздерді буынға бөлдіріп (ок-тябрь, а-яу-лы), буын құрамын, ортадағы буындарда я әрпінің қалай айтылатынын балаға аңғарту керек. Сонда бала т-дан кейінгі я-ны ә деп, яу буынындағы я-ны й-а деп оқып, солай айтатын болсын. Осыдан кейін бірнеше тапсырманы балалар өз бетімен орындап, сөздерді көшіріп, осыған байланысты ережені өздері айтатындай болсын. Содан кейін барып балалар оқулықтағы ережені оқыса, ол әрі түсінікті болады, әрі ұмытылмайды.
Ерекше ескерілетін жай – я алдында ы, і әріптерінің жазылмай, олардың орнына и жазылатыны. Мұндайда и-дың ы, і болып оқылатыны есте болсын. Қияр, тақия, пияз сөздерін буынға бөлгенде де, сөздерді түгел оқығанда да, я алдындағы и-ды ы, і етіп айту керек. Осыдан кейін тасы- тасиды, кемі- кемиді, тоқы-тоқиды сияқты мысалдарды талдап салыстыруға болады. Соның нәтижесінде бала сия, мия, тақия, Әлия тәрізді сөздерді сиия, миия, тахия, Әлиия деп оқымайтын болсын. (Қосымша В)
Ю әрпінің жазылу ережелері негізінен я әрпінің ережелерімен ұқсас екені жоғарыда айтылды. Оның бұл жағынан ерекшеліктері де бар. Сол ерекшеліктерін танып, ю әрпінің жазылуын толық меңгеру жұмыстары балаларға оңайға түспейді. Екінші сыныпта ю-дың дауыстыдан кейін ы-у орнына жұмсалатыны оқытылады. Дауыссыздан кейін оның у болып айтылуы орыс тілінен енген кейбір сөздер де кездесетіндіктен, ондай сөздер балалардың ұғымына ауыр болғандықтан, әдейілеп оқушылардың назарын аударудың керегі болмас. Бірақ ю әрпі жазылатын сөздердің өте жиі ұшырайтын түрлерін оқушыға білдіру керек-ақ. Сонда ю-дың и-у дыбыстарының орнына жазылатынын балаға аңғарту үшін бірнеше жаттығу жұмыстарын жүргізгенде, ондай сөздерді дұрыс оқыту, дұрыс жаздыру талабы қойылады. Бұл тұста ю-дың қосынды дыбыстардың таңбасы екенін, айтылуы ой-у, қой-у, той-у, болатын сөздерді ою, қою, тою түрінде таңбалайтынымызды балалар саналы түрде білсін. Ол үшін аю, ою, қою сияқты түбір сөздерді де, тою, кеңею, сарғаю сияқты сөздерді жеке қалпында сөйлем құрамында дұрыс жазуға машықтандыру керек.
Ю әрпінің емлесі, я әрпіндегідей, и, ы, і дыбыстарының жұмсалуымен де тығыз байланысты: біріншіден ю әрпінен бұрын ы, і естілгенімен, олардың орнына и жазылады, ы, і жазылмайды, екіншіден и- ден соң у айтылғанымен, ол әріп жазылмайды, ю жазылады. Осыны бала практикалық түрде де, жеңіл мысалдарды талдау, салыстыру түрінде де түсінетін болсын. Мұндайда жию, кию тәрізді сөздердің естілуі жыйу, кійу болатынын айтудан да қашпау керек. Өйткені, ондай сөздерді балалар қалай естісе, солай қалай айтса, солай жазып қоюы мүмкін.
Осыған байланысты дауысты дыбыстарды, олардың емлесін 2-сыныпта оқыту әдепкі мағлұмат ретінде қысқа түрде өтіледі деп есептейміз. Осыдан кейін дауыссыз дыбыстардың қатаң- ұяң негізінде жараспалы түрлерін, үнді дыбыстарды таныту, олардың жазылу ережелерін үйрету жұмыстары басталады.
Бұл тақырыпқа арналған программаның басты талаптары мыналар: дауыссыз дыбыстарды оқытуда қойылатын басты талаптар: ұяң, қатаң, үнді болып үшке бөлінетінін, олардың емлелерін білдіру. Ол үшін дауыссыз дыбыстарды дауысты дыбыстармен салыстырып, айырмашылықтарын танытатын жаттығулар орындату. Сөз ішінен ұяң, қатаң, үнді дыбыстарды тапқызу. Қатаң, ұяң, үнді дыбыстардың ұқсас жақтары мен айырмашылығын айтқызу, мысалдармен дәлелдеу т.б.
Әдетте 2-сынып оқушылары сөз аяғында п мен б-ны шатастыра береді. Шатастырмау үшін қап, талап, шалап, санап тәрізді сөздерді дұрыс оқытып, сондай сөздерді жатқа жаздырып, сөз аяғында б естілсе де, п жазылатынын балаларға аңғартқан дұрыс. «Сөз аяғында б естілгенімен, п әрпі жазылады» деген ережеде кітап, мектеп деген екі мысал берілген. Басқа да мысалдарды балалардың өздеріне айтқызу керек. Соңында б жазылатындар- орыс тілінен енген сөздер. Оларды 2-сынып оқушыларына айтуда, жаздыру да қиын. Тек балалар білетін клуб, штаб сияқты бірер сөз құрамында ғана кей сөздердің соңында б жазылатыны ескерілгені жөн. Ереже баланың байқау, салыстыруынан өзі шығарған қорытындысының тұжырымдалған қағидасы болу керек. Сондықтан тек бұл жерде емес, басқа орйда да алдымен ережелер айтылып, сонан соң жаттығулар берілмейді, керісінше жаттығулардан кейін ережелер беріледі. Солай еткенде, ереже шығарудың балалардың өздері «қатысады» да, ол әрі түсінікті, әрі ойда сақталатын болады.
Ережелерден кейінгі жаттығулар алған білімді баянды етуге, дамытуға машықтандырады. Егер п,б әріптерінің жазылу ережелерін бекіте түсу керек болса, қосымша жаттығу жұмысын ұйымдастыру мұғалімнің өз еркінде.
Т мен Д әріптерін үйренуге онша қиындық жоқ. Дегенмен әрқайсысының дыбыстық сапасын, қатаң, ұяң екенін оқушыларға білдіру бұлар қатысты сөздерді дұрыс оқуға, дұрыс жазуға көмектеседі. Оқушыларға аттар, суреттер, қазаздар сияқты сөздердің түбіріндегі дыбыстар мен қосымшалардың ыңғайласуын түсіндіру керек. Өзгеше болып жазылатын Ленинградтан, заводтан сияқтылардың түбірінде ғана д жазылатынын, оларға қатаң т-дан басталған қосымшалар жазыла беретінін де аңғарту артық болмайды.
Дауыссыз қ мен ғ-ның, к мен г-нің емлесі балар үшін үлкен жаңалық. Олар күнделікті сөйлеу тілінде орақ- орағы, көк- көгі тәрізді сөздерді тілдік дәстүр бойынша дұрыс айтқанымен түбірдегі қ, к-лердің өзгеріп ғ,г болуына бұрын көңіл бөлмеген. Енді бұл арада өзгеріс себебін білдіруге тиіспіз. Біріншіден, сөз құрамындағы қ мен ғ-ны дұрыс айттыру, екіншіден, олардың барлық буында келе беретінін байқату, үшіншіден, жарқанат сөзіндегі қ-ның ғ болып айтылатынын аңғарту. Оқулықта берілген тапсырма мен сұрақтарды орындаған кезде оқушы ол екі дыбыстың бірі қатаң, бірі ұяң екенін де есіне түсіруге тиіс.
Дауысты дыбыстың әсерімен қ дыбысының ғ- ға айналуы ұяңның дауыстыға жақындығын көрсетеді. Сондықтан оны да дыбыс үндесуінде «кеінгі ықпал» дейміз. Байқау, салыстыру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қ-дан кейін дауысты дыбыс келгенде, ол ғ- ға айналатынын бала жақсы ұғыну керек. (Қосымша Б)
Дауыссыз к мен г әріптерін оқытуда да осы айтқандарды ескерту керек. Бұлардың үндесу принципі жоғарғылармен бірдей болғанмен, айырмашылығы бар: қ, ғ жуан буындарда жазылады. Балаларға соны байқату керек. Оған дейін сол дыбыстардың айтылуын, қ- ғ- дан әріптік, дыбыстық айырмашылықтарын білуге тиіс. К мен г- нің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы үнемі мұғалімнің назарында болуға тиіс.
Үнді дыбыстарды 2- сыныпта тәптіштеп жікке бөліп оқыту міндетті емес. Мұнда практикалық түрде үнді р, л, н , ң дыбыстарын сөз ішінде дұрыс айттырып, бір- бірінен дұрыс айыртып машықтандыру және л, р әріптерінен бұрын ы, і әріптерінің жазылмайтынына мысалдар келтіріп, түсіндіру керек. Мұғалім сабақтың мақсатын анықтап алуы тиіс. Әдетте, р, н, ң, л дыбыстрын дұрыстап айтуға балалардың тілі келе бермейді. Оларды бірінің орнына бірін айтатын да, жазатын да балалар болады.
Грамматика материалдрын оқыту
Оқушылар 3- сыныпта грамматикалық күрделі материлдарды оқиды.
Материалдардың күрделі, түсіндіруге қиын болу себебі- материалдың көпшілігі өте абстрактылы түрде түсіндіріледі. Грамматикадан алатын білім тиянақты, терең болу үшін, оқушыларды сабаққа белсенді саналы қатыстыру керек.
Ол үшін оқушылар материалдардың білімдік практикалық мәнін, қажеттігін түсіну керек. Сондықтан мұғалім оқу жылының басында, алғашқы сабақтарда грамматика пәні- тілдің құрылысын, тілдің пікір алусудағы қызметін танытатын пән екенін грамматиканы білу арқылы дұрыс сөйлеуді, қатесіз, сауатты жазуды оңай меңгеретінін түсіндіру жөн. Осы тәрізді қысқа әңгіме әр күрделі грамматикалық материалдарды түсіндірген сайын өткізіліп тұрады.
Емле материалдарын оқыту.
3-сыныпта оқушылар орыс тілінен енген, орысша дыбыс ерекшелігін ала келген сөздерді жазып, есте сақтап дағдылануға көп көңіл бөледі. Бұл сөздердің жазылуын есте сақтау үшін емлелік қиындығына қарай ( е, ф, ч, щ, ц, ъ, б әріптері) топталып беріледі. Емле материалдрын өтуде мұғалім дыбыстардың айтылу ерекшелігін байқатып дұрыс оқытып, ол дыбыстар бар сөздердің жазылуын есте сақтауға машықтандырады.
3 - сыныпта оқушылар тілдің морфологиялық құрылысына негізделген біраз материалдарды өтеді. Бұл материалдар оқушылардың бұрын танысып, үйренген емле ережелерінен анағұрлым қиын тиеді. Өйткені оқушылар бұл ережелерді үйреніп, жаттығу үшін күрделі ой жұмыстарын істеуі керек: сөздердің морфологиялық құрамын ажыратып, танып, әр жағдайға байланысты жұмсалатын емле ережелерін еске түсіріп, жазуда пайдалануға тиіс. Осындай емле ережелері біріккен сөздердің түбірге септік, тәуелдік жалғауының жалғануына, шылау сөздердің жазылуына байланысты келеді.
Оқушылар бұл жаңа материалдармен қатар, 2- сыныпта өтілген емле, пунктуация материалдарын қайталап оларды дұрыс жазуға машықтана түседі. Пунктуациядан ерекше ескеріп, қайталап отыратын ереже- бастауыш пен баяндауыш арасына қойылатын сызықша.
Емлені меңгеріп алу, психологтардың зерттеуі бойынша, үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – емле ережесін тану, білу. Екінші кезең- емле ережесін жазу кезінде пайдаланып жаттығу. Үшінші кезең- емле ережесін пайдалануды еркін, ырықсыз әрекет дәрежесіне жеткізу, яғни ережені оқушы автоматты түрде пайдаланатын ету. (Қосымша Ә)
Жаттығу кезеңінде оқушы емленің объектісін ажыратып, оған қатысты емле ережесін есіне түсіріп, содан кейін барып сөзді жазуға кіріседі. Үшінші кезеңінің талабы- емле объектісін тауып, емле ережесін қолдануды, сөзді жазуды тұтас бір- ақ процесс ету. Осы дәрежеге жеткенде ғана оқушылар жылдам, еркін жазатын болады. Аталған әр кезеңге оқушы біртіндеп жетеді, сондықтан әр кезеңге тән арнаулы жаттығулар ұйымдастырылуы тиіс.
Емле ережесін түсіндіру. Бір грамматикалық құрам төңірегінде сөздердің фонетикалық немесе графикалық ерекшеліктеріне қарай бірнеше емле өтілуге тиіс. Мысалы, тәулдік жалғауларына байланысты алдымен жалғау жалғанғанмен, түбірдің өзгермейтіні өтіледі, содан кейін түбірдің соңындағы қ, к, п дыбыстарының ғ, г, б болып өзгеріп айтылып, өзгеріп жазылатыны, сөз соңындағы жіңішкелік белгісінің түсінетіні өтіледі. (Қосымша А)
Емле ережесін таныту, түсіндіру жұмыстың алғашқы қадамы ғана. Емлені жақсы меңгергенің белгісі- жазу үстінде жазылуын арнайы ойлап, еске түсіріп жатпай- ақ, объектіні бірден танып, әдетке сүйеніп дұрыс жазу екенін өткенде айтқанбыз. Бұл әдет біртіндеп қалыптастырылады. Алғашқыда оқушыларға емле ережесін есте сақтау үшін мынадай жаттығулар ұйымдастырылады:
1.Өтілген емле ережесіне қатысты объектілерді жеке беріп, оқушылардан оның қиыншылығын сұрау, емле ережесін айтқызу. Мысалы, қос сөздер жеке беріледі де, мұғалім оқушылардан бұлардың қандай ереже бар екенін сұрайды;
2.Берілген сөйлем ішінен жаңа өтілген емле объектісін тауып, жазылу ережесін айтқызу;
3.Оқушылардың өздеріне өтілген емлеге сай мысал таптырып, оларды жаздыру, жазылу ережесін айтқызу.
Оқушыларды жазу үстінде объектіге қатысты емле ережесін пайдаланып жазуға төселдіру үшін мынадай жаттығулар ұйымдастырылады:
4.Жаңа өтілген орфограмма тексте түсіріліп беріледі де, оқушылар емле ережесін естеріне түсіріп, тексті көшіреді;
5.Жаңа өтілген орфограммаға қатысты сөз түсіріліп беріліп, оқушылар сөйлемдерді толықтырып көшіреді. Бұл жаттығу алдыңғыдан қиынырақ. Өйткені орфограмманы сөз ішінен оқушылардың өздері тауып, ережені пайдалана отырып жазуға тиіс;
6.Жаңа орфограмма бұрын өтілген орфограммалармен қатар (сөздер, әріптер түсірілген текст беру) берілген жаттығуларды орындау. Бұл жұмыс арқылы оқушылар жаңа емлені басқа емлемен қатар, есте ұстап дұрыс жазуға үйренеді;
7.Жаңа өтілген орфограммасы бар сөздерді сурет бойынша немесе басқа амалдармен жатқа жазу;
8.Түсіндірме терме диктант жазу.
Оқушыларды емлеге үйретуде ерекше ескеретін бір жай бар. Ол оқушыларды сөздердің емлеге объект болатын бөлшегін біліп, ол объектінің жазуда қандай қате тудыратынын есте сақтауға үйрету. Мысалы, колхоз деген сөзді жазуда бірінші буындағы о дыбысы а болып естіліп, оны сол естілуі бойынша жазып, қате кетеді. Қарақұс деген біріккен сөзді жазғанда, екінші түбірдегі қ дыбысы ғ болып естіліп, сол әріпті жазуда қате кетеді т.б. Осылай емле объектісінің сипатын білгенде ғана оқушы жазу жұмысына мұқият болады.
Бұл міндетті орындау үшін жазба жұмысының үстінде сөздердің емлеге объект болатын жерлерін (орфограмманы) тапқызып, мүмкін болатын қатенің түрін атату керек. Оқу сабағында да тексте кездескен емлесі қиын сөздерге ауызша талдау жасатуға болады.
Зерттеу нәтижесі
Мен диплом алды практиканы Меңдіқара ауданында Ғ.Жұмабаев атындағы Боровской орта мектебінде 2 «А» сыныбында өттім. Сыныпта барлығы 12 оқушы бар. Оның 5 озат оқушы.
Машықтану кезінде емле ережесін түсіндіруде де мүмкін болғанша оқушыларды мысалдарды талдауға, қорытынды шығаруға еркін қатыстырып отырдым. Ол үшін бұған алдын ала дайындық қажет болды. Дайындықтың алды- оқушылар емлені үйренуге қатысты грамматикалық материалдарды жақсы білім алуға, ертерек өтілгендерін қайталап еске түсіруге тиіс болды. Екінші ескертетін – жай дайындық мысалдар мен көрнекі құрал әзірлеу қажет болды. Үшіншіден, мысалдарды талдап, қорытынды шығару үшін, оқушыларға қоятын сұрақтарымды алдын-ала дайындап келдім. Сұрақ тұжырымды, әрі оқушылардың жауабын жинақтап, қорытынды шығаруға бейім боларындай құрдым.
Оқушылардың сонымен қатар сөз таптарын,жай сөйлемдерді сатылай кешенді талдау барысында мынадай сатылай кешенді жұмыстар жүргіздім. Бұл тапсырманы оқушыларға орындату барысында осы талдау түрін жақсы меңгергені байқалды. (Қосымша А)
Оқушылардың грамматикалық тапсырмаларды игеруі барысында мынадай тапсырма қолдандым. Осындай жұмыстардың түрлерінің өзгеруінің арқасында оқушылардың өз тілдеріне деген қызығушылығының артуы, сыныбымның жазба жұмыстарының жақсы нәтиже көрсетуінің дәлелі болды. (Қосымша Ә) Грамматикалық тапсырмаларды орындау кезіндегі бақылау нәтижесі көрсетілген. (Қосымша Г)
Емле ережелерін есте ұстап, сауатты жазуға машықтандыру үшін, оқушылардың біліміндегі олқы жерлерін толықтыру үшін қателер бойынша істелетін жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу керек.
Оқушыларды жаңа емле ережесін пайдаланып, сауатты жаза білуін автоматтандыру үшін, жазба жұмыстарын ұйымдастырар едім.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келгенде оқушылардың сөздік қорын байыту- әрбір сабақ барысында бірте - бірте жүргізілетін күрделі процесс. Балалардың сауаттылығын жетілдіру мақсатымен жүргізілетін маңызды іс тек сөздік толтыру жұмысымен ғана шектеліп қалмауы керек. Сабақта түсіндірілген әрбір жаңа сөздің мағынасын шәкірттердің анық ұғынуынан бастап, ол сөзді өз беттерінше қолдана білуіне дейінгі аралықта бірнеше кезеңге бөліп қарауға болады:
Жаңа сөзді оқушылардың қабылдауы, дұрыс түсінуі;
Ол сөздің барлық мағыналық реңктерімен бояуларымен түсінікті болуы;
Арнаулы тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың мұғалім түсіндірген жаңа сөзді қолдана білу икемділігі.
Балалардың сөздік қорын молайта түсу, тілін дамыту екі бағытта: біріншіден ана тілінің құрылымын, грамматикалық емлелерді үйрену арқылы, екіншіден сөздік қорлары жаңа сөздермен толығу арқылы өтеді.
Дыбыстардың емлелік ерекшеліктерін айтылуы мен жазылу заңдылықтарын аңғарту мақсатымен салыстырмалы тәртіппен берілген жаттығулар;
Дыбыстардың емлелеріне байланысты салыстырмалы тәртіппен берілген сөздер жұбын қатыстырып, сөйлем құрау тапсырылған жаттығулар;
Тілдің дыбыстық жүйесіне байланысты берілген жаңа сөздер кездесетін жаттығулардың тағы бір түрі- орыс тілінен енген әріптер (ц, ф, щ, ч) байлнысты келтірілген терминдер мен өнеркәсіпке тағы басқаларға байланысты атаулар. Мұндай жаттығулардың негізгі мақсаты –оқушыларға айтылуы мен жазылуы қиын сөздердің емлесін таныстыру;
Бастауыш сынып оқушыларының сөздік қорын байытуға арналған жұмыстардың тағы бір түрі- айналадағы заттардың, табиғат құбылыстарының, жан- жануарлардың белгілі- бір тегін тізіп жазу тапсырылған жаттығулар;
Егер ана тілінің дыбыстық жүйесінен алғашқы мағлұматтар беретін тақырыптарда жаңа сөздердің мағынасы, негізінен олардың жазылуы мен айтылуы ерекшеліктеріне байланысты салыстырулар арқылы белгілі болса, «Сөз және сөз таптарына» берілген тақырыптар да мұндай жұмыс тереңдетіліп, мақсатты сипат алады.
Бастауыш сыныптрда лексиканы оқытуға арнайы уақыт бөлінбеген, сондықтан лексика жеке тақырып ретінде өтілмейді. Алайда программада көрсетілген міндеттер мен оқулықта берілген материалдардың өзі- ақ оқушылардың тілін, сөздік қорын дамыту мақсатында алғашқы лексикалық ұғымдар берудің қажеттігін анық байқатады.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Аханов Қ. Грамматика теориясының негіздері. – Алматы, 1996
Аханов Ж. Грамматикалық талдау «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» журналы. № 2, 2003
Ахмет Б. Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту методикасы.–Алматы, 1998
Әлімжанов Д. Қазақ тілін оқыту методикасы.–Алматы, 1961
Балақаев М., Жанпейісов Е. Қазақ тілінің стилистикасы.–Алматы, 1974
Дьяченко В.К. Қазақ тілі және оны оқыту методикасынан бақылау-пысықтау тапсырмалар. – Алматы, 1981
Жиенбаев С. Қазақ тілі методикасы. – Алмтаы, 1964
Жаманқұлов А. Жаңа технология. «Бастауыш мектеп» журналы № 8, 2005
Исабаев А. Қазақ тілі дыбыс жүйесі методикасының негіздері.–Алматы, 2000
Көшербаев Е. Қазақ тілі сабақтарындағы қайталау. – Алматы, 2003
Қазақ тілі мен әдебиетінің мәселелері. – Алматы, 1974
Қазақ тілі мұғалімдерерінің іс-тәжірибесінен. – Алматы, 1993
Қазақ тілінің орфографиялық сөздері. – Алматы, 2001
Қазыбаев С. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту. – Алматы, 2000
Қойшыбаева А.Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқытудың әдістемесі – Алматы, 1996
Макаренко А.К. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. – Алматы, 1999
Рахметова С. Кіші жастағы оқушылардың жазбаша тілін дамыту – Алматы, 2003
Тұрдалиева Г. Ж. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Астана, 2007
Тажибаев Д. Жаңа технология. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы 2008