Баяндама Бала т?рбиесі барша?а орта?


Балабақшамен ата-ана серіктестігі
Баланың жеке тұлғасының дара қасиеттерін қалыптастыруда отбасы үлкен мүмкіндіктерге ие. Отбасы — ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан адам баласының әлеуметтік ортасы. Халықтың салт-дәстүрінің, әдет-ғұрыптарының сақтаушысы. Сондықтан отбасы тәрбиесі халықтың ой-арманымен, мол тәжірибесімен, ұлттық дәстүрімен дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи мұра. Әрбір отбасында балалардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру ең бірінші ата-ана тәрбиесіне байланысты. Қай заманда, қайсы елде болса да жанұяның адамзат ұрпағына ететін ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Жанұя тәрбиесінің түрлері мен мүмкіндіктері көп, әсіресе, көргенді, ынтымақты, тату-тәтті тұратын отбасында шаңырақ шаттығы-негізінен, қоғамдық сананың адамгершілік, кісілік, қайырымдылық, әдептілік, әділеттілік сияқты толып жатқан моральдық ұғымдарға негізделеді.
Ең басты міндет — өз ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін, дінін қастерлейтін және оны жалпы адамзаттық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін елжанды тұлға тәрбиелеу.
"Тәрбиеге әсер беретін нәрсе-өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас, жолдастың азғырып не түрлі жаман мінезді жұқтыртатыны белгілі«,- дейді Ж. Аймауытов өзінің «Тәрбие» атты мақаласында.
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты-балада» деген екен. Кез-келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Адамға нағыз бақытты-тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойында барлық жақсы қасиеттерді дамыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау ата-ана мен ұстаздың басты тәрбиесі. Жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді.
Балаға орынсыз ұрысу, зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді. Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балалардың жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшіліктерді жетік білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды.
Рухани-адамгершілік тәрбие — өте күрделі жан-жақты процесс. Негізінен балалар уақытының көбі отбасында өтеді. Отбасында бала қалай өмір сүру керектігін, өзін-өзі қалай ұстау керек, ата-аналардың және басқа отбасы мүшелерінің еңбекке, адамға қатынасын көріп біледі. Міне, сондықтан ата-ана баласын үнемі бақылап, зерттеу жағдайында оның мұқтажын, тілегін, талабын еске алуы қажет. Отбасы-бала үшін өмір мектебі. Онда оның мейірбандық, шындық, адалдық, қайырымдылық, еңбексүйгіштік тағы басқа адамгершілік қасиеттері дамиды және қалыптасады. Демек, отбасы — жеке адамның рухани адамгершілік құндылығын қалыптастыратын шағын ұжым.