Физикалы? эстафета сыныптан тыс ж?мыс
Семей қаласы №26 жалпы орта білім беретін
мектептің физика пәні мұғалімі Мусалиева Р. Г.
Физикалық эстафета
Мақсаты: Оқушылардың физика пәнінен алған білімдерін қолдана біліп, ой-пікірлерін дамытып, пәнге қызығушылықтарын арттыруға, ізденімпаздыққа тәрбиелеу.
Жүргізуші:
Физика ғылым тұғыры,
Таласы жоқ бұл күнде,
Физикасыз әлемді
Түсіндіру мүмкін бе?!-деп 9- сынып оқушылары арасында өтетін физикалық эстафета, яғни физика пәнінен өтетін сайысымызды бастаймыз.
Шын жүйрік шабысынан танылады,
Нақты білім, терең ой сыналады.
Шын жүйрікті танитын шабысынан
Таныстырайық әділ-қазы алқасымен- деп бүгінгі сайысқа әділ де дұрыс баға беретін әділ-қазы алқасымен таныстырайық.
Жету үшін табысқа,
Ұшу үшін алысқа,
Қатысу керек бүгінгі,
Физикалық сайысқа!
Сайысқа қатысушы топтарды ортаға шақырамыз.
1-кезең. Таныстыру.
(Екі топтың таныстырулары орындалады)
2-кезең. «Аз сөйле, терең ойла»
Бұл кезеңде әрбір топқа бірнеше сұрақтар қойылады. Топ мүшелері иә не жоқ деп қана жауап берулері керек. Әрбір дұрыс жауапқа 5 ұпайдан беріледі.
1-топ
Динамика –дыбыс жайлы ғылым. (Жоқ)
«Физика заңын білмесең, үйде отыр» -деп Ом айтты. (Иә)
Аттас зарядтар бір-біріне тартылады. (Жоқ)
Үйкеліс күші қозғалысты тежейді және қозғалыс бағытымен бағыттас. (Жоқ)
Электрон-теріс зарядты бөлшек. (Иә)
Ток күші кернеуге тура пропорционал. (Иә)
Архимед күші ауыр денелерге әсер етпейді. (Жоқ)
Шам-табиғи жарық (Жоқ)
2-топ
Диэлектрик электр тогын өткізбейді. (Иә)
Ток күші кедергіге тура пропорционал. (Жоқ)
«Тон жылытады» деген тұжырымдама дұрыс па? (Жоқ)
Дене массасы жылдамдыққа тәуелді. (Иә)
Мәңгі қозғалыстың мүмкін еместігін Ом заңы дәлелдеді. (Жоқ)
Архимед күшінің әсері дене массасының өзгеруіне әкеп соқтырады. (Жоқ)
Т. Мұсабаев ашық космосқа шықты. (Жоқ)
Түсу бұрышы шағылу бұрышына тең. (Иә)
3-кезең «Тапқыр болсаң, тауып көр»
Физикалық шамаларға байланысты жұмбақтар оқылады. Жауабын дұрыс шешкен топқа 10 ұпайдан беріледі.
1-топ.
Барлық денелерге тән,
Онсыз болмайды сән
Әр затта болады әр түрлі
Өлшеуге болады дәл. (Масса)
Жылдамдықты өзгертеді,
Қозғалысты тездетеді.
Қарсы шықса қозғалысқа,
Тоқтарына көз жетеді. ( Үдеу)
Күш көбейсе, артады,
Аудан артқа тартады.
Жүзі жұқа үшкір зат,
Одан бірақ қорқады. (Қысым)
2-топ.
1. Қозғалысқа келтіріп,
Жылдамдығын береді.
Өлшемдерін қарасаң,
Ньютонға ол келеді. (Күш)
2. Бірдей көлемдегі масса кейде көп,
Аз болса да, кейде дөп.
Делінеді бұл шама,
Аталуын тапшы тек. ( Тығыздық)
Көп болса асықпайсың,
Мезеттен қашықтайсың.
Асықсаң аз болады,
Табасың мұны қайсың? (Уақыт)
4- кезең. Топ басшылар сайысы
Қазақтың ойын түрлеріне байланысты топ басшыларына сұрақтар қоямыз.
Ауырлық күшін түсіндіретін ұлттық ойын түрі (Найза ату)
Тең әсерлі күшті түсіндіретін ұлттық ойын (Арқан тарту)
Үйкеліс күшін түсіндіретін ұлттық ойын. (Бағанаға өрмелеу)
Серпімділік күшін түсіндіретін ұлттық ойын. (Садақ ату)
5-кезең. «Тізбектен шығып қалма»
Екі топ бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Ойынды бастаған топ мүшесі қарсы топтың ойыншысына допты лақтырып, физикаға қатысты бір сөзді айтады. Ол оқушы допты қағып алып, алынған атаудың соңғы әрпінен басталатын басқа бір сөзді атайды. Ойынға қатысушылар өз кезегінде лайықты физикалық атау (шама, өлшем бірлік), физик-ғалымдардың фамилиясын тауып айта алмаса, тізбектен шығып қалады. Бірден, ұзақ ойланбай жауап беру керек. Мысалы: Планк, Коперник т.б.
6-кезең «Мәреге жет»
Эстафета ойыны болған соң мәреге бірінші болып жеткен топ жеңіске жетеді. Ол үшін «Ойын басталды» деп белгі берілген сәтте әр топтың бірінші тұрған мүшесі бір аяқпен секіріп барып, үстел үстіндегі тапсырманы орындап, жүгіріп кері қайтады. Ол топтың келесі мүшесіне эстафета таяғын ұсынуы керек. Тапсырманы орындап, мәреге бірінші жеткен топ жеңіске жетеді. Ал тапсырма мынадай: Топтың әр мүшесі бір физикалық шаманың жанына оның өлшем бірлігін жазуы керек.
Қорытынды.
Сайыскерлеріміздің жеңімпазын анықтау үшін сөз кезегін әділ-қазыларға береміз.
Талаптанайық жас достар ғылым деп,
Ғылыммен ұлтымыз да ұлт болып білінбек.
Ғылыммен тереземіз теңдік ап,
Болашақтың атар таңы күлімдеп.