Отбасы – ба?ыт мекені


Отбасы – бақыт мекені
Ашық тәрбие сағаты
7-сынып /ата-аналардың қатысуымен/
Мақсаты: Отбасы құндылықтарын дәріптеу; бала тәрбиесіндегі ата-ананың көзқарасын кеңейту; ұстаз - оқушы - ата-ана өзара қарым-қатынастарын жақсарту; отбасындағы сүйіспеншілік, сыйластық сезімдерді нығайту.
Тәрбие сағатының өткізілу түрі: Дөңгелек үстел, тренинг.
Көрнекілігі: Отбасы туралы нақыл сөздер, оқушы суреттері, фотокөрме.
Тәрбие сағатының барысы:
Кіріспе: Армысыздар, ардақты ата-аналар, аяулы ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі «Отбасы – бақыт мекені» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
1-бөлім. Отбасы – Отанымыздың ошағы. «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, адамның бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында бастау алады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.
2-бөлім. Отбасы туралы ойларымызды әрі қарай өрбітсек...
1-оқушы: Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта.
2-оқушы: «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі»
3-оқушы: Отбасы – адам баласының алтын діңгегі.
4-оқушы: Отбасы–адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
5-оқушы: Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері.
6-оқушы: Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.
7-оқушы: «Отан отбасынан басталады»
Ата-аналарымызға деген ыстық ықыласымызды келесі әнмен жеткізсек...
Ән: «Әке-ана» орындайтын Атантаев Асылхан
«Әдептен қыздар озбайтын,
Вальске біздің не жетсін» - деп, Ақұштап ақын жырлағандай ән ырғағымен ұл-қыздарымыз вальс билейді.
3-бөлім. Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «...Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі» Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.
Әкелер пікірі. «Отбасындағы әкенің ролі»
Тренинг-жаттығу: «Қолынан танып біл!»
Көздері байлаулы әкелері балаларын тауып алулары керек.
Талдау:
Сізге балаңызды табуға не көмектесті?
Балаңыздың қолынан ұстағанда не сезіндіңіз?
Оқушылардың орындауында ата-аналарға арналған өлең жолдары.
Аружан: « Ана» Қ.Мырза – Әлі
Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды:
Сен деп жаздым алғаш өлең –дастанды.
Қуандым ба?
Өзің бар деп қуандым,
Жыладым ба?
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды:
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем,
Бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба?
Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм-ол да сендік сүт еді.
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып,
Жауларыма жеткен жерден бітеді!
Асылхан: «Ана» Т.Айбергенов
Ерасыл: «Әке» М.Мақатаев
Әке, сенің жасыңнан асып барам,
Кезі-кезі келгенде тасып та алам,
Кезі-кезі келгенде жасып қалам,
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң.
Құры алақан емеспін қуаныштан,
Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.
Бір арыстан өмірден өткенімен,
Өмір сүріп келеді тірі арыстан.
Өкінбе , әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.
Аружан: «Шеше, сен бақыттысың...» М.Мақатаев
Эльмира: «Анам маған...» М.Мақатаев
Аружан мен әкесінің дайындаған көрінісі.
4-бөлім. «Кім сендерді балалар сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын.
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.
Кім сендерді, балалар тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең.
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.
Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
Еш арманым болмас дер өле-өлгенше.» Ы.Алтынсарин
«Отбасындағы ананың ролі» /Аналар пікірі/
Көрініс: «Ай мен Айша» /Оқушылардың сүйікті кітабынан үзінді/
Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романы арқылы Ана атты ұғымның ұлылығын, ана жүрегінің шексіз дархандығын, қазақтың ғажайып парасаттылық қасиеттері заманның небір сын сағаттарында да сақталғандығын ашып көрсетті. Шерхан Мұртаза туралы Ақселеу Сейдімбек: «Қазақ даласында екі адам Айша атты деген әйел затына ғажайып ескерткіш орнатты. Оның біреуі – Қарахан, екіншісі – Шері хан!» деген екен. Ендеше, Ана атын ардақтаған көріністі тамашалайық.
Айша – Аружан
Финагент – Марат
Автор – Айшагүл
Бауырлары – Асылхан, Эльмира
«Біз бақытты жанұямыз!»
Алдын-ала салынған суреттер арқылы өз балаларыңыздың суреттерін тауып алыңыздар.
Талдау:
Өз отбасыңыздың суретін қалай таптыңыз?
Өз отбасыңызды табу қиын болды ма?
Суреттерден өз отбасыңыздың суретін тапқаннан кейін қандай сезімде болдыңыз?
Марат пен анасының дайындаған көрінісі. «Ай мен Айша» кітабынан үзінді.
5-бөлім. Қоңырау-күлкі айналам,
Қошақандарым ойнаған.
Сәнді шағымды жайнаған,
Сәби кезімді ойға алам.
Болған ем мен де ақ бала,
Орнатқам мен де Аққала.
Ырзамын бала шаққа да!
Ырзамын Болашаққа да! /М.Мақатаев/
Балалық шақтан бір үзік сыр. /ата-аналар/
Сауалнамалармен жұмыс. Блиц сұрақтар.
Біз ата-анамызды жақсы білеміз бе? /оқушылар/
Оқушылар ауызша жауап береді, ата-аналар жазбаша көрсетеді.
Ата-анаңыз мектепте қалай оқыған? /жақсы, өте жақсы, орташа/
Ата-анаңыз қандай мамандық иесі болуды армандады?
Ата-анаңыздың толық жасы нешеде?
Анаңыз қандай түсті жақсы көреді?
Ата-анаңыз қандай телехабарларды көргенді жақсы көреді?
Баламды қаншалықты жақсы білемін?/ата-аналар/
Балаңыздың парталас көршісі.
Ұл-қызыңыздың ең сүйікті пәні /Марат-биология, орыс тілі; Ермахан мен Асылхан – алгебра, физика; Айшагүл мен Эльмира – алгебра , тарих; Аружан –әдебиет, биология; Ерасыл – физика, дене шынықтыру/
Сүйікті кітабы /Аружан, Айшагүл, Эльмира – «Ай мен Айша», Марат пен Асылхан – «Робинзон Крузо», Ерасыл – «Жусан иісі», Ермахан – Қадыр Мырза-Әлінің өлеңдер жинағы/
Балаңыз қай жылы 1-сыныпқа келді?
Балаңыз қашан мектеп бітіреді? /2020 ж/
Бірінші оқуда бірінші сабақ қандай? /Тәрбие сағаты/
Дене шынықтыру аптасына неше рет болады? /3 рет/
Баламыздың арман-мақсаттарынан хабардармыз ба?/ата-аналар/
«Болашақ депутаттар бағдарламасы» /оқушылар/
Ерасылдың әкесінің орындауында «Арманда, ұлым!» өлеңі /М.Мақатаев/
Кім боласың,
Қандай өмір сүресің,
Ол – өзіңнің үлесің.
Ақылымды тыңда, мейлің тыңдама,
Тілегім бар бір ғана:
Шығып ал да арманыңның шыңына,
Сосын, мейлі, ұшып өл де, сырғана.
Болса ақылың біл мынаны: жалғанда
Жолай көрме арманы жоқ жандарға?!
Арманда, ұлым, арманда!
Арманда, ұлым, ақтық демің қалғанда!
Бүкіл өмір, бүкіл дүние, бар жалған,
Жадыңда ұста, жаратылған арманнан!
Өміріңнің аяғы жоқ, басы жоқ,
Өлген артық армансыз боп қалғаннан.
Айтқанымды жөн де, мейлі, жөн деме,
Арманда, ұлым, қия деме, өр деме,
Шығып ал да арманыңның шыңына,
Қира мейлің, күйре мейлің, дөңгеле.
6-бөлім. Атақты адамдарға ата-анасының ықпалы.
Бірде Томас Эдисон мектептен келіп, анасына мұғалімі беріп жіберген хатты ұсынды. Анасы көз жасына ерік беріп, хатты дауыстап оқып шықты: «Сіздің ұлыңыз дарынды бала. Біздің мектеп ол үшін өте кішкентай, оның дарындылығын ұштайтын мұғалімдеріміз жоқ. Балаңызды үйден өзіңіз оқытыңыз»
Анасы қайтыс болғаннан кейін, арада бірнеше жылдан соң Эдисон /бұл кезде ол атақты өнертапқыш ғалым болып, әлемге даңқы шыққан/ туған үйіне келіп, отбасылық ескі архивті ақтарып отырып, әлгі хатты тауып алыпты. Ол хатта былай деп жазылған екен: «Сіздің балаңыздың ақыл-ойы жай дамыған /умственно отсталый/. Біз оны басқалармен бірге мектепте оқыта алмаймыз. Үйде өзіңіз оқытуға кеңес береміз».
Эдисон бірнеше сағат бойы жылап, қайғырып отырыпты. Сосын өзінің күнделігіне « Томас Алва Эдисон ақыл-ойы кенже дамыған бала болатын. Өзінің ержүрек анасының арқасында ол өз заманының ұлы ойшылдарының бірі болды» деп жазып қойыпты.
«Атақты адамдарға ата-анасының ықпалы» /Оқушылар дайындаған мәліметтер, өздерінің сүйікті футболшылары, белгілі өнер иелері т.б/
Сауалнаманы сараптамасы бойынша сыныптың ер балалары футболды өте жақсы көреді. Белгілі футболшылар өмірінен қызықты сұрақтарға жауап беру бөлімі.
Футбол қай елде пайда болды? /Англия/
Алғашқы матч қай жылы, қандай құрамалар арасында болды? /1872 жылы, 30-қараша. Англия-Шотландия/
«Оле-оле-оле» деген футбол жанкүйерлерінің айқайы қайдан шыққан? /Испанияда корридо кезінде осылай айқайлаған екен, ал ол өз кезегінде 8-ғасырда Испанияны жаулап алған арабтардың «Аллах» сөзінің трансформациясынан пайда болған./
Футболға неше елде тыйым салынған, қай елдерде? /6 елде, соның ішінде Ауғанстан, Кампучий, Гренландия т,б/
Пенальти деген не? Ол неге бұлай аталған? /1891 ж. Ирландық футбол ережелерінің эксперті Джон Пенальти осындай ереже енгізген./
Бүгінгі таңдағы ең қымбат футболшы, 5 «Алтын доптың» иесі /Лионель Андрес Месси – «Барселона»
Бразилия футболшысы, «Барселона» клубының шабуылшысы, 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап Бразилия құрамасының капитаны /Неймар да силва Сантос, 1992 ж. 5- ақпан дүниеге келген/
1972 дүниеге келген, арғы тегі алжирлік, атақты француз футболшысы /Зинедин Зидан/
Рональдо, Рональду, Рональдинью /фотоларынан тану/
Оның ата-анасы да футболмен айналысқан. Әкесі – Белгияның ІІ дивизионында жартылай қорғаушы болса, анасы І дивизионда шабуылшы боп ойнап, жүктілігі себебінен өз карьерасын аяқтаған. Бұлар кімнің ата-аналары? /Эден Азар «Челси»/
1975 жылы 2 мамырда Лондонда дүниеге келген ағылшын футболшысы, «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид», «Милан» т.б. клубтарда және ағылшын құрамасында өнер көрсеткен атақты жартылай қорғаушы /Дэвид Бэкхам/
Белгия құрамасының және ағылшындық «Челси» клубының қақпашысы /Тибо Николя Марк Куртуа/
Қақпаға гол соққан белгілі хорват шабуылшысы «Бавария» жанкүйерлеріне «римдік салют» түрінде қолын сермеп қалып, нәсілдік, ұлтаралық дүрдараздыққа себепші бола жаздады. Ол кім? / Марио Манджукич «Ювентус»/
Ресейлік «Локомотив» клубында өнер көрсеткен серб футболшысы, оның «Челсиге» өткендегі трансфері орыс футбол тарихындағы ең қымбат баға болды? /Бранислав Иванович «Челси»/
Қазақ футболы туралы
7-бөлім. «Біз қандай балалармыз?»
Айшагүл: Мен де балғын гүлмін!
М.Байсариева
Арасында гүлдің,
Ойнап бүгін жүрдім.
Қызыл, көкшіл, сары
Әп-әдемі бәрі.
Бірі сондай ірі,
Ал нәп-нәзік бірі.
Дейтін көкем: - Күнім,
Дейтін апам: - Гүлім.
Енді ғана білдім-
Мен де балғын гүлмін!
«Біздің ата-аналарымыз балаларын қалай еркелетеді екен?»
Ермахан: Үлкенге иман керек,
Кішіге иба керек.
Адамдар бірін-бірі
Құрметтеп, сыйлау керек.
Жастарға білім керек,
Бәрін де білу керек.
Азамат болсаң алғыр,
Анашың: «Күнім!», - демек.
Сол үшін талмау керек,
Биікке самғау керек.
Бойыңда бар жақсыны
Халқыңа арнау керек.
Ән: «Қазағымның даласы!»
Елімізде бірінші рет тойланғалы отырған 1–наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, балаларымыз өз ата-аналарына алғыс хаттарын жолдасын.
Мереке құтты болсын мерейлі елге,
Елі бар ерді болмас кедей деуге,
Өміріміз бұдан да мәнді болар
Көңілі әр Қазақтың кеңейгенде,
Алғысы кеп тұратын адамдардан
Алғысы көп адамдар көбейгенде!
Сырым Әуезхан
Оқушылар ата-аналарына алғыс айтып, гүл ұсынады.
Қорытынды: Отан – отбасынан басталады. Мықты мемлекеттің тірегі – мерейлі отбасы /Фотокөрмеге шолу/
Аружан: Жерінде – бабасының,
Асылхан: Елінде – атасының,
Айшагүл: Көңілінде - әжесінің,
Ерасыл: Қолында – анасының,
Эльмира: Жолында – ағасының,
Марат: Төсінде – даласының,
Ермахан: Тапқан өз жарасымын,
Барлығы: Мен – қазақ баласымын. /автор - Е. Өтетілеуұлы./
Ән /ата-аналар мен оқушылар/ «Елге тілек»