Статья на тему:?аза? тілі саба?ында ?олданылатын ?діс-т?сілдер
Қазақ тілі сабағында қолданылатын әдіс-тәсілдер
Қазіргі кезде тілді оқытудың мыңдаған әдістері мен тәсілдері кездеседі.
Негізінен тілді үйретудің негізгі мақсаты-оқушылардың сөздік қорын байыту және сол сөздерді дұрыс айтуға дағдыландыру. Оқушылар сөзді неғұрлым көп білсе, соғұрлым жұмыстың басқа салалары да жедел жүреді. Демек, сөздік қорын көбейту, ауызша айтылған әңгімені түсіну (сөйлеген сөзді, өз ойын айта білу).
Бүгінгі таңда кез келген тақырып өтпес бұрын, мұғалімнің сыныптағы жұмысының негізгі түрі- ауызша сөйлеу болады. Бүкіл сабақ айналадағы нәрселерді көрсету арқылы сұрақ-жауап түрінде өтеді, бұған қоса суреттер, ойыншықтар, модельдер, сызба-кестелер көрсетіп, түрлі ойындар өткізіп, экскурсия (серуен жасап), сондағы көргендері бойынша әңгіме жүргізеді.
Сөздік минимумда көрсетілген сөздер оқушыларға таныс тақырыптар бойынша өтеді. Ауызша сабақтарда жеке сөздерді сөйлемнен даралап, жеке өтуге болмайды. Ең көңіл бөлетін жайт: сөйлемдегі үйретілетін сөздерді балалардың дұрыс айтуына дағдыландыру. Бұл үшін сабақ қызғылықты, көрнекілігі мол, оқушыларды белсенді қатыстыра өтілуі тиіс.
Сұрақ-жауап ауызша сөйлесудің тиімді әдісі болғанымен, жалаң сұрақ –жауап түрінде бүкіл сабақ бойында балаларды зеріктіруге болмайды, ол үшін әр түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады: затты мұғалім, содан соң оқушы көрсетіп, атын атау немесе суретін көрсету, сұрақ-жауап әдісі, қоршаған орта жайлы әңгіме, т.б. ауызша сөйлеудің екі жағы бар, өз ойын айту, өзгелерді түсіну.өз ойын айтудың екі жолы бар: монолог және диалог түрінде. Бала мектепке дейін тілді диалог түрінде үйренеді, ал монологтық сөзді мектепте. Алғашқы кезде диалогтық сөзді, содан соң монологқа көшу керек. Оқушының тіл дамыту үшін жүргізілетін әңгімелердің тақырыбын іріктеп алған жөн, балалардың қызығатын ойыны арқылы өткізетін әңгімелер болғаны дұрыс. Қазақ тілі сабағы сұрақ-жауап, сөйлесу, әңгіме, түсінгенін айту, аударма түрінде өткізіледі. Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер, кестелер, ақпараттық-коммуникациялық технология қолданылады.
Төменгі сыныпта қазақ тілі пән ретінде ауызекі сабақтардан басталып, сауат ашумен жалғасады. Ауызекі сабақтарда жеке сөздердің дыбысталуымен таныстырылып, сол сөздерді дұрыс айтуға жаттықтырып, меңгерілгенін сөздік қор негізінде бірте-бірте оқу мен жазуға үйретіледі.
Оқушылар ауызекі сабақтарда сөз құрамындағы дыбыстармен, әсіресе, қазақ тіліне тән дыбыстармен естілу бойынша танысса, енді әр дыбысты таңбасы арқылы айыра білуге, дұрыс айтуға, сауатты жазуға дағдыланады. Осы дағды сабақтың алғашқы кезеңінен бірте-бірте кеңейтіліп, оқушылар біртіндеп, сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді оқуға жаттығады. Мектепте балалар сабақ үстінде бір-бірімен сөйлеспейді. Балалар сөйлескен жағдайда, ол тәртіпті бүзған болып есептеледі, мұғалімнен ескерту алады. Ойын жағдайын балалар сабақ барысында бір-бірімен ақпарлармен алмасатындай, ақылдасатындай, бір-біріне дәлелдей алатындай, бір-бірін бағалайтындай етіп, ұйымдастыру керек. Ойыңдар қолданылған сабақтарда оқушылар белсенділік көрсетеді. Бұлай болу барлық ойынға тән нәрсе, оның топтық түрде өтуіне байланысты. Топтық түрде сабақтағы білім алу, традициялык білім беру «мұғалім — оқушы» өрнегін күрделендіреді. Яғни, өрнек былай күрделенеді: «мұғалім — топ — оқушы», бұдан келесі өрнек туындайды: «оқушы — оқушы». «Оқушы — оқушы» жүйесінде «топ-оқушы», «оқушы — топ» өрнектері өздігінен туындап жатады және оқушылар білмейтіндерін көрсетуге тырыспайды. Балалар бір-бірінің ойларымен пікірлерімен алмасады, дәлелдейді, қателеседі, өз ойларын ортаға салады, негіздейді, тексереді, қателерін түзейді т. с. с. Ойын барысындағы пікірлер алмасу нәтижесінде, оқу материалдарын жылдам және жақсырақ игереді, қиындықтарды бірге шешеді. Мұндай жағдайда, барлық балалар алға жылжиды, білімдері терең балалардың тежелмеуін, білімі төмен балалардың алға ұмтылуына мүмкіндік береді.
Қазақ тілі сабақтарында ойынды ұйымдастырғанда оқушылар бір-біріне көмектесетіндей, бір-бірімен бірігетіндей жағдай жасау керек. Сонда сабақ тек білім беру қызметін ғана емес, тәрбиелеу қызметін де атқарады. Мұңдай сабақтардың өтілуі нәтижесінде оқушыларда бір-бірімен сөйлесе білу мәдениеті, тәртіптілік, топқа және бір-біріне жауапкершілік сезімінің болуы, менмендік және жалқаулықтан безу қасиеттері қалыптасады.
Атақты француз ғалымы Луй де Брайль былай дейді: «ең қарапайым мәселені қозғайтын ойындардың өзінде ғылыми жұмысқа ұқсас жалпы элементтер көп кездеседі. Екі жағдайда да (ойын мен ғылыми жұмыс) ең бастысы койылған мақсаттың болуы, сонан соң қиындықтың болуы, оны жеңу, жаңалықты ашу қуаныш. Міне, сондықтан да, бар адамдарды, жасына карамастан, ойын өзіне тартып тұрады.» Мұғалімнің ең басты мақсаты — сабақ мақсаты мен қолданылатын ойынның мақсатын ескере отырып, сабақтар мен сыныптан тыс сабақтарда, оны орынды қолдана білу. Оқушылар мен мұғалімнің ойынға ынтасы болған жағдайда ғана, ойын жүруі мүмкін. Ешқандай ойынды формалды ойнауға болмайды. Әрбір дидактикалық ойынға, бір жағынан дидактикалық жаттығуларды орындау тән, мысалы: затқа немесе құбылысқа жалпы сипат беру, олардың ерекшеліктерін табу сияқты жүмыстар, оқушыларды үқсастықты, айырмашылықты т.с.с. қүбылыстарды табуға, байқауға баулиды. Бұл мағынадағы ойындардың үйрету қасиеті бар. Ендігі бір жағынан, дидактикалық ойындарға тән нәрсе ойнау. Оқушының назары біріншіден соған ауады, ал ойын барысында ойынның білім беру мақсатының калай орындалатындығы байқалмай қалады. Сондықтан, сабақтарда өтілетін ойындар оқушыларға жәй сабақ ретінде емес, жәй алданыш ретінде де емес, қызықты жұмыс ретінде беріледі. Ойынды жүргізу үшін сынып командаларға бөлінеді. Команда қүрамын қалаулары бойынша жасауға болар еді, дегенмен топ құрамы аралас және топтардың күштері тең болуы керек.
Ойынды жүргізудегі мүғалімнің маңызды орынын атап өтейін. Педагогикалық бірлестік жүзеге асқан жағдайда жақсы нәтижеге жетуге болады. Ойынның идеясын, көбіне, мұғалім ойлап табады. Оқушылардың ойынды ойлап-құрауы өте пайдалы, өйткені қандайда да бір тақырыпқа ойын ойлап табу үшін, сол тақырыпты оқушы терең білуі керек. Сондықтан практикалык әдіске ойнау элементтері бойынша тіл үйрену кіреді.
Дидактикалық ойындар оқушылардың білімін бекітіп, сөздік қорын молайтады, сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді дұрыс құрастыруға , қажетті сөздерді дұрыс тауып қоюға, кішігірім әңгіме айтуға жаттығады. Балалар ойынның тәртібін білмейтін балаға үйретеді, түсіндіреді. Сонымен қатар бұрынғы ойнаған ойындарын естеріне түсіреді. Белгілі суретшілердің туындыларын, балаларға арналған суретті кітапшалар, мерекелерге дайындық, түрлі ойын – сауықтар өткізу де балалардың тілін дамытуға септігін тигізеді. Балалармен түрлі әдеби – музыкалық ойындар өткізу – олардың әдеби тілде сөйлеу машығын қалыптастыру үшін қажет. Оқушылар қазақша сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді оқығанда сөйлеу екпінін дикциясы , яғни сөзге, буынға, екпінді дұрыс түсіруге үйренеді. Рөлге бөліп ойнайтын ойын баланың ойын өз бетінше тұжырымдап айтуына көмектеседі. Мұғалім, әсіресе осы жұмысты орындаған оқушының еңбегін бағалау тиіс. Сонымен, ойын арқылы келесі маңызды міндеттер: баланың қоғамдық қатынастарға бейімделуі, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтар мен әртүрлі ұлт өкілдерінің мәдениеттерін меңгеруі; баланың шынайы адамгершілік коммуникацияға енуіне мүмкіндік беретін коммуникативті іс-әрекеттердің көрініс табуы жүзеге асырылады. Мұғалім ойын технологияларын пайдалана отырып, баланың әр қырынан көрінуіне (интеллектуалдылық, шығармашылық, эмоционалдылық, коммуникативтік) және оның мінез-құлқында, қарым-қатынасында, оқуында пайда болатын әртүрлі қиындықтарды жеңуге жағдай жасайды.Қазақ тілі сабағында ойын элементтерін кіріктіре отырып, шығармашыл тұлғаны қалыптастыру- мұғалімнің міндеті. Тіл дамыту жұмысында мақал-мәтелдер және сөз тіркестерін пайдаланып сөйлем құратудың да пайдасы зор. Мұғалім бұл жұмыс түрі арқылы оқушының ойын көрікті айта білуге, мақал-мәтелдердің тіліміздегі көркемдік ерекшелігін, оның тәрбиелік мәнін ұғуға деген дағдыны қалыптастырады.
Оқушы мақал-мәтелдерді кірістіріп сөйлем құрау арқылы олардың идеялық-көркемдік ерекшелігін танып біледі. Сондықтан оқушы мақал-мәтелді қолданып сөйлем құрау арқылы еңбекке, білім алуға, өнерге, жақсы әдеттерге үйір болуға, жаман мінездерден безуге, ұқыптылыққа байланысты нақыл сөздерді үйренуге жақын болады.
Жазбаша тілді үйретуде жаттығулардың атқаратын қызметі зор. Жаттығулар ғылымда екіге бөлінеді: тілдік және сөйлеу. Тілдік жаттығулардың міндеті – грамматиканы меңгерту. Бұл жаттығулардың оқушыларға берері тілдік тұлғаларды қолдандырып, оны сөйлеген кезде қолдана білуге үйрету. Сөйлеу жаттығулары тілдік материалды айтылған ойға байланысты дұрыс қолдана білу. Яғни, бұл – сұраққа дұрыс жауап бере білу, сұрақ қоя білу, сөйлемдерді дұрыс құру, аудару, шығарма жұмыстарын жаза білу, ситуацияға байланысты әңгіме құра білу. Сөйлеу жаттығуларын орындауда оқушылар қазақша сөйлеуге жаттығады. Сөйлеудің жеке адамға немесе көп адамға қатысты түрін, яғни ауызша, жазбаша сөйлеуді оқушы сөйлеу жаттығулары арқылы меңгереді. Сөйлеу мен сөйлесудің түрлерін меңгерген оқушы ғана өз ойын толық жеткізе алады, өйткені оған үйренген сөздік қоры негіз болады. Сондай-ақ оқыған кітабын мазмұндай алу, сөйлегенде мақал-мәтелдерді дұрыс қолдана білу, тақпақ, өлең айту да оқушының тілін әбден жетілдіреді, дамытады. Осы жұмыстарды оқушы жиі қолданып отырса, тілі жаттығады, ол өз ойын еркін жеткізе алуға именбейтін болады.
Тақпақ, өлең айтудың тіл дамыту кезіндегі өзіндік ерешеліктері бар. Өйткені, өлең, тақпақ айтқан кезде оқушы өлеңнін әр сөзін, мағынасын түсіне білуі керек, өйтпеген жағдайда ол өлеңді дұрыс айта алмайды, ойын жеткізе алмайды. Аталған жұмыс түрлері оқушыны қазақша сөйлеуге жаттықтырады, тілін дамытады.
Қазақ тілі сабағында оқытудың жаңа технологиялары, интерактивті әдістер жиі қолданылады. Басқа ұлт өкілдерін оқытуда даралай және деңгейлеп оқыту әдістерін қолдану керек. Инновациялық әдіс тәсілдерді ретімен ендіру арқылы оқытушы оқушының қызығуын, белсенділігін арттыру арқылы сабақтың сапасы көтеріледі. Қоғамдағы өзгерістер білім беру жүйесіне де ықпал етіп отыр. Оқушыға білімді жан-жақты беріп, дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсетіп отыруға қажет етеді. Қазақ тілін меңгеру қиын жұмыс болғанымен, өзінше қызғылықты, өйткені оқушыларға қойылатын талап жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы да терең білім беріп, оқушылардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жақсы жетілдіреді. Оқушының ойлау қабілетін, тілін дамытуға игі ықпал ететін, жаңаша оқытудың бір түрі сабақта деңгейлік тапсырмаларды қолдану. Деңгейлік тапсырмалар оқушының қазақ тілінен алатын білімін толықтыра отырып, қажетті дағдылар мен біліктердің қалыптасуын қамтамасыз етуіне ықпал етеді. Оқушы білімі деңгейлік тапсырмаларды орындауда анық көрініп тұрады. Деңгейлік тапсырмалардың өзіндік ерешеліктері мен талаптары және бағалау нормалары бар. Осыған сәйкес оқушылардың жұмыстары бағаланады. Деңгейлік тапсырмаларды белгілі бір тақырып біткен кезде немесе бақылау жұмысын жүргізген кезде, қайталау сабақтарын өткізгенде пайдалану өте ұтымды. Бұл тәсілдің ең маңыздылығы – әр оқушы өз шамасына қарай тапсырманы орындай отырып өзінің нені білетін және білмейтінін толық сезінеді, жолдастарынан қалмау үшін келесі жолы білмегенін біліп алуға тырысады. Тапсырмалар үш деңгейде ұсынылады. ІІІ деңгейді орындаған оқушы «үш» алатынын, ІІ деңгей – «төрт», I деңгей – «бес» алатынын біледі. Әр деңгей тапсырмасы сатылы түрде ауырлай беруі керек. Деңгейлік тапсырмаларды жүргізудегі басты мақсат: баланың қабілетін ашу, шығармашылығын көтеру, өз бетінше іздендіру, пәнге деген қызығушылығын арттыру. Осы сатыларды жете меңгерген оқушы ғана өз білімін жетілдіріп, шығармашылықпен жұмыс істеп, жаңалықтарды қабылдай алады, сөйтіп өз бетінше ізденіп, тілді толық меңгере алатын жағдайға жетеді.
Әдістеме-оқушы мен мұғалімнің арасындағы іскерлік орны.
Оқушының білімі шығармашылық деңгейге көтерілу үшін, мұғалім білім беріп, өз идеясымен шеберлігін жеткізсе, сонда оқушы тақырыпты дұрыс меңгереді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы //Білім-Образование. 2004. № 1
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.//Егемен Қазақстан . 16
Методы выявления особенностей познавательной активности школьников в условиях дефференцированного обучения. // Под. Ред. Якиманской М., 1993.
Шестнева Н.А. Использование педагогических технологий в личностно-ориентированном обучении в малых группах.// Система компьютерной математики и их приложения.Материалы международной конференции.Смоленск,2001.
Мұханбетжанова Ә.М. Бастауыш білімнің интеграциясы арқылы оқушыларда дүниенің ғылыми бейнесін қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздері.А.,2000.
Абуханова А.Танымдық белсенділікті қалыптастырудың педагогикалық ерекшеліктері.//Қазақстан мектебі.№2,2007
Қоқымбаева Т.Халық педагогикасының құралдары арқылы бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділігін арттыру.Канд.дисс.автореферат.Алматы,2001.
Бахишева СМ. Жаңа типті мектептер жағдайында инновациялық мүмкіндіктерді дамыту//Ұлт тағылымы, 2003, №2, Б.52-58.
Бахишева СМ. Ұлттық мектепті тұлғалық бағдарлы технологиялар негізінде басқару: арнайы курс бағдарламасы. Орал, 2003.
Маденова Л.М.Оқушылардың танымдық белсенділігін
қалыптастырудың жолдары. Білім кілті-Ключ знаний.
Алматы,2009ж.№1.
Сабыров Т.С. Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру
жолдары. Алматы:Мектеп.1978.