Эссе на тему Горжусь своей профессией на казахском языке
Павлодар облысы
Качир ауданы
Байқоныс ЖОББМ
Мектепалды даярық тобы тәрбиешісі:
Алибаева Асель Тулеуовна
Эссе
Мамандығымды мақтан етемін
«... балаларды оқыту өз алдына бір ғылым...
Оқудағы мақсат жалғыз құрғақ білім үйрету емес,
біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру»
Міржақып Дулатұлы
Әрбір адам баласы өмірінде анасының аялы алақанынан кейін ұстаз алдынан өтіп тәлім – тәрбие алады. Жақсы тәрбиешінің ғибраты мен үлгі – өнегесі адамның ғұмыр бойы есінде қалады. Тәрбиеші мамандығы сонысымен ұлы, сонысымен қасиетті. Менің бүгінгі қолыма қалам алып, жүрек түбінде жүрген «Мамандығымды мақтан етемін» атты сырды жария етуіме себепші болған – бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақтың бойына ізгілік пен білімнің дәнін себуге арнаған, білім саласында қажырлы еңбек ететін Байқоныс мектебінің ұлағатты ұстаздары. Он бір жыл бойы еңбектері сіңген, білімді де мықты мұғалімдерімнің арқасында білімімді толықтырдым. Мұғалімдердің жұмыс барысында өздерін қалай ұстап, балаларға тәрбие мен білім беру жолдарына қызығып, өз алдыма «балаларды білімге және тәрбиеге үйрететін - Ұстаз» боламын деп мақсат қойдым. Мақсатымды жүзеге асырғаннан кейін, «Туған жердей – жер болмас, туған елдей – ел болмас» деп «Дипломмен ауылға» атты жобамен өзімнің туған мектебіме мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі қызметіне орналастым.
Тәрбиеші – ұлағатты есім. Тәрбиеленушілерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде тәрбиешінің еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді, өйткені баланың тұңғыш тәрбиешісі - балабақшаның табалдырығын алғаш аттағанда, алдынан күтіп алып, әріп танытып, жазу жаздырып үйреткен мұғалім. Бүгінгі жас ұрпаққа жан – жақты білім беру,тәрбиелеу – әрбір тәрбиешінің басты міндеті. Ғылымның дамуы, техниканың жаңаруы тәрбиеленушілердің сана – сезіміне өзінің әсерін тигізіп, мектепке дейінгі оқытуды жаңару қажет екенін, тәуелсіз елімізге білімді, саналы – парасатты адамды тәрбиелеу үшін ұшқыр ойлы, терең білімді, жоғары талғамды тәрбиешілер керек екенін дәлелдеп отыр.
Тәрбиеші болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Егер де өмір қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттатсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы, әрі ғажайып мәні. Өйткені мен ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын.
Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қайдан арман болсын.
Міне, осындайда «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абай атамыздың айтқан дана сөзін әрқашан есіме аламын.
Әрине, ұстаз болу жоғары педагогикалық оқу орнын үздік бітіру аздық етеді. Ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы болғанда ғана кемел ұстаздыққа қол жеткізе аласың деп білемін. Ұстаз ретінде мен тек қана жалаң білім беріп қоюмен шектеліп қалмауға барынша тырысамын. Еш бір сәтте есімнен ұлы ғұлама орыс жазушысы Л.Толстойдың «Балаларды адамгершілікке тәрбиелеу түгелдей игі – өнегеге саяды. Өзіңіз жақсылап өмір сүрсеңіз, тым құрыса, талаптаныңыз, сіз өмірді жақсырақ өткізсеңіз, соғырлым балаларыңызды жақсы тәрбиелейсіз» деген ұлағатты сөзі ойымнан еш шыққан емес.Әрбір мамандықтың қыры мен сырын танытып, бейімділігіне қарай өзінің қалаған маман иесі болуына, алдына бағдарлы мақсат қоюға талпындыру қажет. Армансыз адам қанатсыз құс сияқты. Адам өз мақсат – мүддесіне еңбек арқылы қол жеткізе алады. «Еңбек адамның бағын ашады» деген қағидаға сүйене, баланы қол еңбегіне немесе ой еңбегіне тәрбиелеуге міндеттіміз.
Мектеп – білім ордасы болса, тәрбиеші – сол мектептің жүрегі, тәрбиеленушілер – болашақ тұлғасы. Осы орайда, елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, өзгеше қарым – қатынас, жаңа көзқарас пайда болуда. Біздің қоғамның мүшесі өзіндік өмір сүру бейнесіне сай, жеке құқыққа, танымдық қасиетке ие, өздігінен іздену арқылы білім мен іскерлігін жетілдіріп, үнемі даму үстіндегі жан болуға тиіс. Жақсы тәрбие өмір бойы азық. Дұрыс ұйымдастырылған оқу – тәрбие жұмыстары жеке тұлғаның дамуына, танымдық қызығушылығына, рухани жан дүниесінің қалыптасуына жетекші ықпал етіп, қызмет етуі тиіс. Ұстаз шәкірттің бойында сол ынта мен ой күшін жұмылдыра білушілікті пайда қылып, соған қуанып, дем беріп отырады. Олай болмағанда, шәкірт алға баспайды, онда даму болмайды, бір орында тұралап қалады, бұл деген-өскелең талаптарға қатысты алғанда, кері кету деген сөз.Сондықтанда қоғамдық даму заңдылығы тұрғысынан ұстаздың түпкі мұраты шәкіртті өз деңгейіне жеткізу ғана емес, өзінен озып, ілгері кетуге негіз қалау болуға тиіс. Халық «Шәкірт ұстаздан озса, игі» деп тегін айтпаған.