?зімні? м??алімдікті ?алай ?ала?аным туралы жазыл?ан


Қазіргі заман мұғалімі. (Музыка –сезім байлығы).
Эссе
Өмірде жауабы жедел сұрақ та аз. Мысалы, адам биік пе, оның алдына қойған мақсаты биік пе?
Бір қарағанда мақсат тауы тым биік сияқты. Түптеп келгенде тынымсыз талпыныс пен еселі еңбек алдырмас алысыңды жақындатып, шалдырмас шырқау биікті аласарта түседі екен.
Менің алдыма мақсат қойып, еңбектенудің ең қиыны ұстаздық жолды таңдауыма кімнің асер еткенін айта кеткім келеді. Жасымнан тәрбиелеп, аялап өсірген ,анамдай болған апайым өнегелі ісінің өркенді жемісін тата алған “Аға мұғалім”, “Методист мұғалім” атағын алған , “Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталған ,1987 жылы Қазақстан мұғалімдерінің YI съезіне делегат болып қатысқан зейнеткер ұстаз Қалияш Аманбайқызы Медеубаеваның әсері дер едім.
Негізінен біздің әулетте ұстаздар жетерлік. Ең үлкен атам Абзалбек Медеубаев ауданда алғаш Ленин орденін алған ұстаз екен. Осы кісі кезінде этнограф-зерттеуші Затаеевичке қазақтың жеті өлеңін жазғызыпты. Ол әндер “Қазақ халқының 1000 әні” жинағына енген. Өз әкем Мұратбек Каркаралыдағы саз мектебінде домбырадан сабақ берді. “Салтанат” ансамбліне қатысып Францияда өнер көрсетіп келген еді. Өкінішке орай 1977 жылы кісі қолынан қаза тапты.
Біздің әулет бас қосқан кезінде өнер, ән, музыка жөнінде көп әнгімелер айтылатын. Жүз бір жасқа келіп дүниеден өткен әжем ән тындағанды жақсы көретін. Немерелеріне кезек-кезек күйсандық , домбыра тартқызып ән айтқызатын. Өзі де Шәкәрім Құдайбердіұлының “Еңлік-Кебек” дастанын әнімен жатқа айтатын.
Иә, ұстаздық жолды таңдауыма отбасының да әсері болар.
Ұстаз болу-жүректің батылдығы,
Ұстаз болу- сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу-мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы ,-деп Ғафу ақын жырлағандай, ұстаз болу үшін де талант керек.
Ол талант –жүректің жомарттығы.
Баланы қаталдығымен емес, жүрек жылуы ,кеңдігі мен ұстай білген мұғалім алдынан шыққан шәкірт қашанда сабырлы, орнықты болмақ.
Ұстаз деген ардақты атты өз биігінде ұстау үшін талмай іздену ,өзіне қатал талап қоя білу ,істеген жұмысына сын көзбен қарай білу керек.
Әсіресе бүгін бір өзгерісті ,жаңалықты көріп,біліп меңгере бастасаң, жып жылдам келесі жаңалық шыға келеді. Бәріне үлгеру керек. Ұлы ойшыл Конфуций :” Ескіден қол үзбей-ақ жаңалықты аша білген ғана жақсы мұғалім болады ” деген. Сондықтан мұғалім зиялы қауым өкілі. Өмірдегі барлық жаңалыққа өзіндік түсінігі мен пайымы болған жөн.
Мен сезімге әсері мол, тәрбиеде өзіндік ықпалы басым музыка пәнінің мұғалімімін.
Ұлы философ Аристотель : “ Ырғақ пен әуенде әрқашан өмір шындығы болады. Онда адамның қаһары мен көркемділігі ,ерлігі мен байсалдылығы және оларға тән барлық қайшылықтар, сонымен бірге адамның мінез құлықтары да бейнеленеді. Біз ырғақ пен әуенді тыңдағанда көңіл күйім өзгеріп сала береді. Сол ұшқыр сезімді бейнелеп жеткізуге тек музыканың ғана құдіреті жете алады” деген. Олай болса , музыка пәні мұғалімінің оқушылардың музыкалық қабілетін ашуға ,эстетикалық талғамын дамытуға әсері мол болу керек. Өзім сабақ беретін оқушыларыммен ,музыкаға жақын жоғары сынып оқушыларымен достық, ынтымақтастық байланыс орнатуға тырысамын. Сонда өнер сүйер жасөспірімнің музыканы тыңдауға ,ән айтуға ,пәнді сыйлауға қызығушылықтары артады. Сабақ өткізгенде оқытудың қазіргі заман әдістері ,түрлері мен құрал жабдықтарын пайдаланамын.
Ән- адамның жан серігі ,қуанғанда бой сергітер ,күйзелгенде көңіл жұбатар жанр. Әсіресе қазақтын халықтық музыка өнері саласында кең тараған түрі- ән. Халық әні биязы әрі мазмұнға бай. Сондықтан сабақтан тыс шараларда ,сабақта халық әнін тыңдауға ,айтуға көп көңіл бөлемін.
“Бұлақ көрсең-көзін аш” дегендей ,әр баланың бойындағы ерекшеліктерін дәл табуға ,оны әрі қарай дамытуға еңбектенемін.Сонымен бірге әрекеттерімді “шәкірттер үшін” ұстанымынан “шәкіртпен бірге” форматына ауыстырып бірге жасаймын.
Ән тыңдауда ,таңдауда ,айтуда оқушылармен бірге іздену ,жұмыс жасау қызықты. “Музыканы сүйіп және оны ұғынып адам дүниеге келмейді ,оны бірте –бірте үйренеді... Музыка өнері сіздерді сезім байлығымен тазартады” деген сөзді композитор Д. Шостакович айткан екен.
Мөлдір шықтай таза бала жаны аңғал да сезімтал. Ол ұстазға қатты сенеді.
Бала мінезінің осы ашықтығын ,сезімталдығын жойып алмай ,музыкаға деген ынтасын арттыра отырып ,тек бүгінгі күндік емес ,болашақтың кәдесіне жарайтын тиянақты білім беру міндетіміз.
Ұстаздық жолда қызмет атқарған кезде біраз жетістіктерге жеттім. Ойлап отырсам жолымды қуып ұстаз болған ,өнер саласында еңбек ететін шәкірттерім баршалық етер. Мектептерде музыкадан сабақ беріп жүргендер: Ысқақова София, Сламбекова Гульмира, Садыкова Анар. Өскемен қаласында саз мектебінде біраз жыл еңбек еткен ,қазір Қарқаралы қаласындағы “Салтанат ” ансамблінің мүшесі ,домбырашы ,қобызшы Әлия Қапашева , әншілер : Камшат Базанова ,Аида Әбілқасымова мен үшін еңбек жемісі.
“Әйел бір қолымен бесік ,бір қолымен әлем тербетеді” деген тамаша сөз бар. Сол сияқты мұзыкада әлем тілінде сөйлей алады. Ол –бүкіл дүниежүзі халқына ортақ. Тілін түсінбесе де әнін түсінеді. Жас жеткіншек музыка әлеміне еніп ,әнді ,күйді ,классикалық музыканы тыңдап өссе ,қазіргі заманда болып жатқан келеңсіз істерге бармас еді шіркін!
Мұғалімнің күнсайынғы ісі ерлікпен пара-пар. Ол уақыт талабына ілесе алатын ,ішкі мәдениеті заман талабына сай ,халқымыздың інжу-маржанын бойына сіңіретін адам болуы керек.
Ол тынымсыз аққан өмір-өзеннің мөлдірінен ,биігінен көріне алса нұр үстіне нұр болар еді.
Медеубаева Толқын Мұратбекқызы
М. Жұмабаев атындағы №39
гимназияның
музыка пәні мұғалімі
Қарағанды қаласы 2015 жыл