?зін-?зі танудан ата-аналар?а арнал?ан семинарды? рефлексиялы? есебі


Қызылқоға ауданы, Миялы селосы
№1 мектеп-гимназиясының өзін-өзі
тану пәні мұғалімі Құспанова Аңсағаным
Ата-аналар жиналысының рефлексивті есебі
Ата-аналар жиналысының тақырыбы:
Бала – ата-ананың көз қуанышы, жүрегінің нұры, жанының бір жапырақ бөлшегі.
Жалпы жиналысқа 10 адам қатынасып, жиналған ата-аналарға жиналыстың мақсат-міндеттерін түсіндіре отырып, өзін-өзі тану пәнінің ерекше пән екендігін сезіне жүрсін деген мақсатпен, «Нұрға бөлену» баяу үйлесімді әуенмен жүргізілді. Бұрын мұндайды көрмедік, тек балаларымыз үйге айтып келетін. Мынау бір адамды тыныштандыратын, жүйке жүйесін қалыпқа келтіретін керемет әсерлі әуен мен жақсы сөздерді тыңдағанымызда басқаша әлемде жүргендей сезіндік. Осы уақытқа дейін мұндайды жасап көрмеппіз. Света деген ата-ана: «Нұр жібереміз деп айтқанда, барлық тума-туысқаныма,балаларыма, көршілеріме, жора-жолдастарыма осы нұрды шашып, оларға тек жақсылық ойлап отырдым» - деп өзінің алған әсерімен бөлісті. Басқа да ата-аналар өздерінің жақсы әсер алғандықтарын айтып, балаларымызға үнемі осындай жаттығулар жасап тұрыңыз деп өтініштерін білдіріп жатты.
Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ақын сөзімен айтқанда: «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», - десек артық емес. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы екендігі айтылды.
Қазіргі таңда ата-ананың бірінші мақсаты – қаражат табу, балаларын ешнәрседен мұқтаж етпеу болып қалды. Бала-шағаның қамымен жүрген ата-ана бала тәрбиесіне де көңіл бөле алмай қалды. Ал бала тәрбиесі отбасынан басталады, қалыптасады, «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші жақсы-жаман әдеттерді бала отбасынан үйренеді. Сіздер күнделікті өмір тіршілігінде еңбегіңіз, адамдық бейнелеріңіз, жақсы мінез-құлқыңыз, дұрыс қарым-қатынасыңыз арқылы балаға қалай үлгі болып жүрсіз» - деген сұраққа жауап бере қойсаңыздар.
Ата-аналардың жауаптары мынадай болды:
Қазір барлық ата-ана жұмыста. Кешкісін барлық шаруадан босай салысымен, баламыздың сабағына қарап, біраз уақыт әңгімелемесіз. Баламыздың қарны тоқ, ешқандай мұқтаждық көрсетіп жатқанымыз жоқ. Сұрағанын, қалағанын алып беріп отырамыз. Бала тәрбиесінде отбасы ықпалы басым деп айтып жатырсыз ғой, сөзіңіз әрине орынды. Баламызды тәртіптілікке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке, тазалыққа, адамгершілікке тәрбиелік жатырмыз.
Отбасы тәрбиесі жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуына баланы адамгершілікке, қарапайымдылыққа, жақсы әдетке, әдемілікке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке сөзбен жеткізе отырып тәрбиелеуге болады. Шәкәрімнің «Адамның жақсы өмір сүріп сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді»- деген сөзі бар. Адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейді. Бұл баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын қалыптастыратынын айттым. Жалпыдамзаттық бес құндылықтың бар екендігін айтып, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, бала тәрбиесін осы құндылықтарға бағыттап, жастайынан баланың санасына сіңіріп отыру қажеттігін түсіндірдім.
Әңгімелеу барысында «Әке, мен сенің 1 сағат уақытыңды сатып алайыншы!» бейнефильмін көре отырып, ата-аналар ішкі толғаныстарын білдірді.
Ата-аналардың айтқан пікірі:
Бала тәрбиелеуде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа рухани жылылық жетіспей жататындығын, осы бейнефильмді көре отырып, көзіміз жетті. Расымен біз балаларымызбен дұрыс әңгімелесе алмаймыз, көп уақытымызды оларға бөлмейміз. Балаларымыз әке-шешенің махаббатын, қамқорлығын сезіне алмай өссе, бұған өзімізді кінәламаймыз, қоғамды кінәлаймыз. Кейде балаларымызға өтірік уәде беріп қоямыз да, оны орындамаймыз. Бала осыдан біртіндеп өтірік айтуды үйренеді. Тағы да біздің тұқымымызда өтірікші адам жоқ еді деп ойланамыз, сонда бізден көрген әрекеттердің барлығын бала қайталайды екен ғой» - деп ата-аналар біраз ойларын ашық айтып, тәжірибе алмасты.
Ата-ана отбасындағы жетекші тұлға, бала тәрбиесінің өнегесі. Ата-ананың тіршілігінде көрген қызығы, жақсылығының ең бағалысы, ол – өзінің перзенті. Сөзімді қорыта келе, бала тәрбиесіндегі ең басты ереже – балаға керек кезінде назар аудара білу, балаға риясыз сүйіспеншілігін арнау, оның көзқарастарын, ерекшеліктерін түсіне білу керектігін айтып, жиналысты қорытындыладым.

Мұғалім: Құспанова Аңсағаным
Мектеп директоры: Дүйсәлі Өтеуғали