О?УШЫЛАРДЫ? ТАНЫМДЫ? БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУДА ОЗЫ? ПЕДАГОГИКАЛЫ? ИННОВАЦИЯЛЫ? ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ?ОЛДАНУ
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН
АРТТЫРУДА ОЗЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ
Идрисова Сәуле Қазақбайқызы
Астана қаласы, №15 мектеп-лицейінің
тарих пәні мұғалімі
«Маған айтшы – мен ұмытып қаламын;
маған көрсетші – менің есімде қалады;
өзіме істетші – мен сонда түсінемін»
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауында – «Білім беру стандарты оқушылардың міндетті білім деңгейін меңгеруді талап етумен қатар, олардың шығармашылық қабілетін арттыру, ізденімпаздық пен танымдық қызметін дамытуды да көздейтінін» - атап көрсетті.
Инновациялық оқу жұмысы оқу процесіне нәтижелі білім алуға бейімдейтін, жаңа технологияларды орынды енгізумен тұжырымдалады. Бұлар – кабельдік және спутниктік теледидарлар, бейнеконференциялар, телефорумдар, телемарафондар, портфолио сияқты инновациялық технологиялар, оқудағы және тәрбиелеудегі, өмірлік дағдыларды қалыптастыру жөніндегі тренингтер, соның ішінде әлеуметтік тәлімдегі және т.б. жеке-дара жетістіктер.
Инновациялық тәсіл оқу процесіне - тіршілік және әрекет етудің даму динамикасы ерекшелігіне, дистанциялық оқудың өзгешелігіне және жеке тұлғалардың, қоғамның және мемлекеттің талаптары мен әлеуметтік пайдалы білім алуына, сеніміне, мінез-құлықтың сапасы мен өзгешелігіне, тәлім тәжірибесі мен қатынасына негізделген жаңалық енгізуге тағыттайды.
Бүгінгі таңда жеке тұлғаны емес, оның даму процесін басқару қажеттігі айқындалып отыр. Ал бұл, педагог жұмысындағы артықшылық жанама педагогикалық ықпал жасауға берілетіндігін білдіреді: тікелей жасалатын әдістерден, лозунгтардан және үндеулерден бас тартылады, артық дидактизмнен, ғибаратты сарыннан тежелуді; оның есесіне бірінші орынға қарым-қатынас жасаудың сұхбаттық әдістерін, шындықты бірлесіп іздеуді, сан алуан шығармашылық әрекетті тәрбиелеуші шарттарды жасау арқылы дамытуды білдіреді.
Қоғамның дамуымен ғылыми прогрестің өркендеуі, өркениет пен мәдениеттің жоғары көтерілуінде азаматтардың білім деңгейінің маңызы зор. Тек білімділік пен білімпаздық, оны орнымен қолдана білу азаматтардың тарих ағымына ілесуіне әсер етіп, өмірден өзіне лайықты орнын таба алуына жол ашады. Сондықтан да Президентіміз Қазақстан халқына жолдауында «Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділігінің деңгейімен анықталады,» - деп атап көрсетті. Оқытудың , білімнің маңызы қай кезеңде болсын басты орынға қойылып, оның проблемалары қарастырылған.
«Адам баласы ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады»- деген екен қазақ елінің ұлы ақыны Абай Құнанбаев. Біз қадам басқан ХХІ ғасырдың азаматы қандай болу керек? Әрине, білімді, мәдениетті, отансүйгіштік қасиеті жоғары, жаңаны тануға деген ұмтылысы зор азамат болу керек. Елімізідң болашағы мектеп қабырғасындағы балалардың бойында осындай қасиеттерді дәріптеудің бірден - бір жолы - оқу-тәрбие үрдісіне инновациялық бет-бұрыстар енгізу, оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып, өз бетімен ізденуге, шығармашылық еңбек етуге жол салу. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгеруі – маңызды мәселелердің бірі. Осындай өскелең ұрпақ пен жұмыс жасайтын мұғалімнің өзіне қоғам қандай талаптар қоймақ. Заман талабына сай ұстаз қандай болу керек. Әрине жоғары мәдениетті тұлға болуы қажет.
Инновация ұғымы ХІХ ғасырда мәдениет танушылардың зерттеулерінде пайда болып, бір мәдениеттің кейбір элементтерін екіншіге енгізуді білді. Инновация сөзі латын тілінен жаңару, жаңалық, өзгеру деген мағынаны білдіреді. Қазақстанда ең алғаш «Инновация» ұғымын қазақ тілінде анықтаған ғалым профессор Н.Нұрахметов. Ол инновация, инновациялық үдеріс деп отырғанымыз білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызмет деп көрсетеді.
Қазіргі ұстаз үшін де жоғары білімділікпен өнегелі мәдениеттік ең қажетті сапалар. Осыны түсіне отырып қоғамдық ілімдер әдістемелік бірлестігінің оқытушылары – болашақ мамандар бойында азаматтық сана-сезімді, отансүйгіштікті, өз өмірі үшін ғана емес қоғамда болып жатқан барлық жағдайлар үшін жауапкершілікті қалыптастыруды және білім мен білікті дамытуды міндет еткен болатын.
Қоғамдық пәндер бірлестігі 2013-2014 оқу жылында «Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруда озық педагогикалық инновациялық технологияларды қолдану» мәселесі бойынша жұмыстар жүргізуде.
Қоғамдық пәндер бірлестігі озық педагогикалық инновациялық технологияларды шебер қолдана отырып, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруда мынадай педагогикалық технологияларды қолдануда.
дамыта оқыту;
проблемалық оқыту;
модульдік оқыту;
белсенді оқыту;
деңгейлік оқыту;
пікір сайыс технологиясы;
сын тұрғысынан ойлау жобасы бойынша оқыту.
Тарих пәнінен деген қызығушылығын арттыру мақсатында сабақты түрлендіре отырып, оқушылардың өз қабілетін таныта, дамыта түсу бағытында әрқилы әдістер негізінде пайдалану тиімді.
Тарих сабақтарында оқытудың интерактивті әдіс-тәсілдері: проблемалы тапсырма беру және оны шешу, түрлі құжаттар мен әдеби-көркем материалмен топ болып жұмыс жасау, «ми шабуылы» ойынын, электронды оқулықтағы тесттерді, сұрақтарды шешу, иллюстративтік материалдарға талдау жасау, өздігінше кесте, жоспар жасау, викторина, кроссворд шешу, т.б. пайдаланған тиімді. Мұндай интерактивті және дәстүрлі әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдалану оқушылардың зейінін төмендетпеуге, есте сақтау қабілетін күшейтуге және пәнге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
И. Панков тарих пәнін оқытуда басты көңілді мына мәселелерге аударады: «Тарих сабағында оқулық, хрестоматия, тарихи құжаттармен үздіксіз жұмыс жүргізу және сабақта карта, сызба, диаграммаларды сызу, тарихи шығарма жазу, нақты бір тақырыптар бойынша жауаптар жоспарын құру, хронологиялық және синхрондық кестелерді толтыру, тарихи сөздіктерді жасау қажет. Сонда ғана пәнге деген қызығушылық, құштарлық, сыныптан тыс жұмыстарда да одан әрі қарай жалғасады, пәнді меңгеруге, баланың білім сапасына және жалпы дамуына едәуір ықпалын тигізеді»,- дейді.
Еліміздің тарихы Тәуелсіздікпен бірге келген терең түбегейлі өзгерістер мен қайта қарауларды, жаңаруды басынан өткеруде, оның басты көрінісі – тарихтың бұрынғы Кеңес идеологиясы қыспағынан арылып, төл тарихымызды түбегейлі зерттеуге мүмкіндік алғанымыз. Ұлттық тарих жалаң күйінде емес, тұтас ұлттық таным, төл рухани құндылықтар контекстінде қарастырыла бастады. Бұл тек тарих ғылымымен тікелей айналысатын ғалымдар үшін ғана емес, сонымен қатар осы пәнді жүргізетін оқытушылар мен оқып, зерттейтін білім алушылар үшін де үлкен мүмкіндік.
Тарих- ұлттың, елдің тәуелсіздігінің тірегі. Өйткені Отан тарихы оның әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын негіізгі фактор. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болмайтыны белгілі. Бірақ сол тарихтың біржақты зерттелуі, тарихи ақпараттардың ұрпаққа бұрмаланып жетуінің ұлттық рухтың әлсіреуіне әкелетініне, әсіресе, ХХ ғасырдың ұрпақтары көз жеткізді. Ендеше, сан түрлі дерек көздерін ашып, саралап, тарихтың ақиқатын аршу қаншалықты маңызды болса, оны келер ұрпаққа мүлтіксіз жеткізу де соншалық маңызды.
Қоғамдық санада «тарих өзі әділ бағасын береді» деген ұғым бар, дегенмен, бұл қоғамның, халықтың санасына, зердесіне, мәдени дәрежесіне тікелей байланысты. Тарих мемлекеттің, қоғамның өркениеттілігінің дәрежесінің көрсеткіші. Өркениетті елдер өз тарихына аса құрметпен, жауапкершілікпен қарап, ерекше назар аударады. Тарихын сыйлай білген ұрпақ келер ұрпаққа өз дәуірін сыйлатарлықтай істер жасары анық.
Жалпы қазақ халқы өзінің тарихшылдығымен ерекшеленеді, дала өркениетінің, тарихының негізгі тірегі сөз өнерінің арқасында қазақ халқы өз тарихымен біте қайнасып өскен. Кешегі ХХ ғасырдағы кеңестік кезеңдегі тоталитаризм қазақ халқын тарихи санасынан айыру арқылы тек өткенінен ғана емес, сонымен қатар, болашағынан айыруды көздегені қазір құпия емес. Себебі: «тарихын білмеген елдің болашағы тұл». Бұрмаланған тарих сананы тұмшалап, халқымыздың ұлттық рухына көп дағдарыс әкелді.
Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығы кезіндегі тарих ғылымы аясында болып жатқан оң өзгерістер, ұлттық мәдени сананың түлеуі – ол мемлекетіміздің нығая бастауының айғағы.
Халқының тарихын нық білетін, рухани дүниесі бай азаматтарды қалыптастыру бүгінгі күннің талабы. Ондай азаматтар ел қорғаны. Бұл қағидақарапайым азаматтан мемлекеттік қызметкерлерге дейін ортақ болуы тиіс. Белгілі мемлекет қайраткері Ф.Миттеран айтпақшы «Әрбір мемлекет қайраткері өзінің әр қадамының тарихта қалатынын және кейінгі ұрпақ оны қатал сыннан өткізетінін ұмытпауы тиіс. Себебі, саяси шешімдер тек тарихты жасамайды, сонымен қатар болашақты болжайды». Демек, тарихи сана мемлекет идеологиясының түп қазығы, патриотизмнің бастау алар қайнары. Ендігі мәселе сол сананы ел болашағы ұрпақтың бойына сіңіру. Бұл шараны жүзеге асыру барысында түрлі деңгейдегі оқу орындарының оқытушыларының атқаратын қызметі айрықша. Сондықтан, Қазақстан тарихы пәнін оқытуды жетілдіру барысында түрлі жаңа технологиялық әдістер үнемі қолданылып отыруы тиіс.
Қазіргі таңда, білім жүйесінде үлкен салмақ білім алушының өзіне түседі. Осыны ескере отырып, мен өз сабақтарымда әдетте пікірсайыс технологиясын көп пайдаланамын. Пікірсайыста білім алушы оқытушының түсіндіргенін ғана меңгеріп қана қоймай, онымен тікелей пікірталасқа көшеді, яғни ол белсенді рөл атқарушы ғана емес, жетекші позицияны ұстанады. Ол әлемді тануға, белгісіздікті анықтауға өзі жауап іздейді, білім алушы білімді әр түрлі жерден табуы мүмкін, шешімдері де әрқайсысында сан түрлі болады. Пікірсайыс шығармашылық тұлғаның дамуына үлесін қосқаннан басқа бүкіл іс әрекетті ізденіске негізделген тұлға тәрбиелейді, дәйекті және дәлелді ойлау мен пайымдау дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі.
Пікірсайыс жастардың жан-жақты білімдерін жетілдіріп, мәдени деңгейлерін көтереді, басқа адамдарға түсінікпен қарап олармен санасуға үйретіп шешендік өнерге баулиды.
Мен әдетте өз сабақтарымда пікір сайыс технологиясын қолданғанда 3-5 адамнан топқа бөлемін. Сонда білім алушылар пікірсайыс кезінде ғана емес дебатқа дайындық кезіндеде бірігіп жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болады. Жұмыстың бұл түрі оқушылардың талқылай білуге сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытады. Тарих және саясаттану, қоғамтану пәндерінде осы технологияны кеңінен пайдаланамын. Онда әртүрлі оқиғаларды талқылап қилы тұрғыдан сараптауға шешімдер қабылдай білуге үйретеді. Менің осы технологияны қолданудың себебі білім алушы тек таласып қана қоймай, шешім қабылдау дағдысын қалыптастырады. Бұл технологияны әлеуметтік гуманитарлық пәндердің барлығында да қолдануға болады. Ең бастысы пікір таласты ұйымдастырғанды негізгі мақсат ақиқатты табу екенін ұмытпау. Қарсы жақтың пікір сыйлау. Аз уақытта ойды жинақтап жеткізе білуге өз пікірін дәлелдей білуге баулиды. Мен осы технологияны өзімнің педагогикалық тәжірибемде қолданамын. Мысалы Қазақстан тарихы пәні бойынша «Қазақ хандығының Ресей империясының құрамына кіруінің пайдасы мен зияны», «Монғолдардың Қазақстан жерін жаулап алуы, қазақ халқының этникалық құрамын, тұрмыс салтын өзгертті (өзгертпеді).
Қорыта келе пікірсайыс ұлттық ерекшелігімізге сай келетін бірден бір жаңа педагогикалық технолгия, оны үш түрлі бағытта пайдалануға болады. Оқу үрдісінде, тәрбие сабақтарында, сабақтан тыс уақыттарында, дебат клубында. Пікірсайысты оқу үрдісінде қолданудың пайдасы өте жоғары, себебі пікірсайыс, шешендік өнер, жаңа оқыту, дамыту технологиясы, философиялық, психологиялық, саяси лингвистикалық ғылым. Пікір сайыс технологиясын «Қазақстан тарихы» сабақтарында қолдану кең тарихи санасы бар, саяси сауатты, еркін көзқарас қалыптастыра алатын, демократиялы қарым-қатынасқа негізделген қоғамдағы белсенді субъект тұлғаны қалыптастыруға зор үлес қосады.