?аза? тілі саба?ында о?ушыларды? коммуникативтік ??зыреттіліктерін дамыту
Қазақ тілі сабағында оқушылардың коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту
Акашева А.Н
Қазіргі таңда білім беру саласында тұлғаның дамуына коммуникативтік құзыреттілікке баса назар аударылып отыр. Бастауыш буында оқушылардың өздерін қоршаған ортада басқа адамдармен, топпен қарым-қатынас орнатуға, жалпы нәтижеге қол жеткізуде өзіндік пікірін білдіруге мүмкіндік беретін коммуникативтік құзыреттілік негізінен ана тілі пәнін оқыту үрдісінде қалыптасады.
«Коммуникативтік құзыреттілік» (латынның «соmpetere» — қол жеткізу, сәйкес келу сөзінен шыққан) – оқушылар және қоғам үшін күнделікті оқуда, қатысымдық міндеттердің тіл арқылы шеше білу қабілеттілігі; қатысымдық мақсатты іске асыруда оқушының тіл және сөз құралдарын пайдалана алуы. Ғалым Ф.Ш.Оразбаева «коммуникация» термині туралы былай тұжырымдайды: «коммуникация» сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым-қатынас, араласу, хабарласу, байланыс деген сияқты мағыналарды білдіре келіп, адамдардың тіл арқылы сөйлесу процесін, тілдесу ерекшеліктерін, тілдік әлеуметтік мәні мен қоғамдық қызметін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, өзара түсінушілікті көрсетеді.
Қазақ тілі сабақтарында коммуникативтік құзіреттіліктің негізгі 4 бөлігі қамтылады:
1. Грамматикалық құзіреттілік;
2. Оқырмандық құзіреттілік;
3. Стратегиялық құзіреттілік;
4. Мәдени-танымдық құзіреттілік.
Осы құзіреттіліктердің анықтамасына тоқталсақ.
Грамматикалық құзіреттілік – тіл ережелерін білу, грамматикалық ережелерді оқыту. Оқушыларға грамматикалық кестелер арқылы жан-жақты білім беруді негізге ала отырып, оқулықта берілген грамматикалық ережелерді жаттату, талдату.
Оқырмандық құзіреттілік –оқушыларды көркем әдебиетті, ұсынылған мәтіндерді толық мәнінде түсіне алатын, көркем әдебиетке, оқуға танымдық қызығушылықпен қарайтын, шығармаларды өз бетімен талдап, баға бере алатын, қазіргі заман оқырманын қалыптастыруды көздейді.
Стратегиялық құзіреттілік — әңгімелесуші адаммен байланыс ережелерін білу және қолдану. Бұл — диалог құру және оны жалғастыру шеберліктері.
Мәдени-танымдық құзіреттілік – тілді тасымалдаушы, қолданушы – халық мәдениетін білу.Ана тілі оқулықтарына халық педагогикасы бойынша тақырыптар енгізілген. Олар: қазақ халқының салт-дәстүрлері, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар, ұлттық киімдер және мейрамдар, отбасы тәрбиесінің дәстүрлері және қазақ халқының қонақжайлылығы. Осы тақырыптар бойынша оқушыларды қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен таныстыра отырып, оқушылардың ана тіліне деген қызығушылықтарын арттыру және халқымыздың мәдениеті, тұрмысы, салт-дәстүрлері туралы білімдерін тереңдету.
Өз тәжірибем бойынша оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту үшін жүргізілетін жұмыс түрлері төмендегідей:
Стратегиялық құзіреттілікті қалыптастыруда рөлдік ойындарды пайдаланам. Рөлдік ойындар оқушылардың елестету, қиялдау қабілетін ұштауда ерекше қызмет атқарады. Оқушылар кейіпкер рөліне еніп, шындық өмірге ең жоғары сөйлеу мүмкіншілігімен жақындауға, қате жібермеуге тырысады.Мысалы, оқушыларға «Әдептілік әліппесі» тақырыбы ұсынылады. Олар өзара келісіп, рөлдерді бөліп, еркін түрде сахналайды.
Коммуникативтік құзыреттілікті дамытуда диалогтік тіл — оқу үрдісіндегі қарым-қатынаста алдыңғы орын алады: ол оқытудың негізгі мақсаттарының бірі және оның маңызды құралы. Коммуникативтік құзырет деңгейіндегі диалогқа қойылатын талаптар:
сөйлеу мәдениетін игеру, өзінің сөзін, ойын жалғастыра алу;
табиғат, өз қаласы, отбасы, мәдениет тақырыптары, белгілі адамдар туралы сөйлесе алу;
айтылған әңгіме, оқылған мәтін, кітап, өнер, кино туралы өз ойын білдіру.
Диалогтік әдісті қолдана отырып оқушылардың сұрақтарды, өтінішті, таңдануды, бұйыруды қолданып, бір-бірімен әңгімелесе білуге, мәліметтерді нақтылауды сұрауға, келіспеушілік, толықтыру, тілдік материал көлемінде өзара пікір алыса білуге дағдыландырамын. Әртүрлі типтегі кішігірім диалогтар құрастыруды тапсырамын. Біліктіліктерді жетілдіру мен дамытуды оқушылардың еркіндігін сақтау жолымен жүргіземін.Оқушылардың диалогтік ортасын құруда кесте мазмұнының да алатын орны ерекше. Кестедегі түйін сөздердің көмегімен оқушы сұрақ қою арқылы диалогтік ортаға енеді. Осы жұмыстар нәтижесінде оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігі қалыптасады.
Оқырмандық құзіреттілікті қалыптастыруда мәтінмен жұмыс жасаймын. Мәтінді талдаған уақытта оқушыларды сол оқиғаның болмысына ендіру, қиялдау, ойлану, сезіну оқушының жан дүниесіне көп әсерін тигізеді. Кейіпкердің әдет-қылығын жақсы түсінген оқушы айналаны дұрыс көзқараспен қабылдауға үйренеді, өзіне үлгі алады. Мысалы, ана тілінде «Екі соқа» әңгімесімен таныспас бұрын, мынандай жұмыс жүргізіледі.
Ынталандыру: егер мәтінді түсініп оқысаң, жақсы мен жаман қасиет туралы білесің.
1тапсырма: Мәтінді оқып шық. Өз пікіріңмен бөліс.
2 тапсырма: Мәтінді басқаша қалай аяқтауға болады?
3 тапсырма: Мәтін сені неге үйретеді?
4 тапсырма: Адам бойындағы қандай жаман қасиеттерді білесің? Неліктен оларды жаман деп ойлайсың?
5 тапсырма: Өзіңнің қандай кемшіліктерің бар деп ойлайсың?
Грамматикалық құзіреттілігін дамытуда «Лабиринт» ойынын пайдаланам. Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін дұрыс пайдалана отырып, кестедегі сөздермен ауызша шағын мәтін құрастыру.
Нәтижесі: Оқушы ережелерді іс жүзінде пайдаланады, сөйлемді дұрыс құрастырады. Шағын мәтінді әңгімелеп береді.
Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың бойында коммуникативті құзіреттілікті қалыптас- тырып, дамыту үшін тақырыпқа байланысты диалог, койылымдар әзірлеу, рөлдік ойындар ойнау т.с.с. тапсырмаларды орындатуға болады.
Қорыта келгенде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде коммуникативтік құзіреттілікті қалыптастыру — заман талабы. Сондықтан оқушыларымыз жаңа заман талабына сай білімді, жан-жақты, қазақ тілінде өзіндік ой-толғамын жеткізе алатын, кез келген адаммен тілдік қарым- қатынасқа түсе алатын, коммуникабельді, мәдениетті, өмірге икемделген тұлға болуы үшін оның бойында коммуникативтік құзыреттілікті дамыту ұстаздың қолында.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.2. Ә. Әлметова, «Сөйлеу әрекеттері түрлеріне оқыту», А. Арыс, 20073. Левитан, К.М. О содержании понятия «коммуникативная компетентность». Перевод и межкультурная коммуникация. / К.М. Левитан. Екатеринбург.: Издательство АБМ, 2001. № .2.89-91б4. Пассов, Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению. — М., 1991.