Шын ж?ректен ал?ысымды білдіремін …


Күні:
Тобы: «Сұңқар», «Ақбота»
Тәрбиеші: Абсұлтан Ж.
Тақырыбы: Шын жүректен алғысымды білдіремін ...
Мақсаты: Оқушылардың «сыйластық» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту. Ризашылық пен алғыс туралы түсінік беру. Үлкен-кішіге деген сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым-қатынасын дамыту.
Тәрбиелігі: Әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу.
Түрі: Ашық тәрбие сағаты
Әдісі: Түсіндіру, сұрақ-жауап
Түзету жұмысы: Ойлау қабілетін дамыту
Құрал-жабдығы: интербелсенді тақта
Көрнекілігі: слайд
Барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі – оқушылардың дайындығын қадағалау.
ІІ. Кіріспе. Жақсы сөз айту, жақсылық жасау – әрбір адамның міндеті. Әрине, жылдың әр күні сыпайы болуға тырысуымыз керек. Алайда, көп жағдайда алғыс айтуды ұмытып, немесе оған ерекше көңіл бөлмейміз. Алғыс сөздерінде бір сиқырлық бар - олар арқылы біздер бір-бірімізге ризашылығымызды көрсетеміз, көңілімізді білдіреміз, жақсы эмоциялар сыйлаймыз. Ғалымдардың айтуы бойынша, рахмет сөзін айту - адамдар арасында жақсы қатынас орнатады. Алғыс сөздері - адамды тыныштандыру, жүрегін жылытудың бірден-бір амалы. Бастысы, алғысыңыз жүректен шығуы шарт. Ештен кеш жақсы демекші рахмет айтуға қорыққан, үлгермеген, ұялған жандарыңыз болса, бүгін айтасыздар деп үміттенемін. Мен де алғыс айтуға асығайын...Айтпақшы, РАХМЕТ!!!
Елбасының жарлығымен 2016 жылдан бастап 1 наурыз Алғыс айту күнін мерекелеу болып жарияланған болатын.
Алғыс — біреудің екінші біреуге ықыласын білдіруі, рахмет айтуы. Алғысты сөзбен немесе қимыл, іс-әрекет, заттай сыйлық беру, тіпті жақсы қарым-қатынас түрінде де білдіруге болады. Әркім Алғыс алу арқылы өзінің басқалармен қарым-қатынасын, өмірдегі орнын бағалай алады. Қазақ халқының ұғымында неғұрлым көп Алғыс алған адам бақытты болады. “Алғыспен ер көгерер” деген мәтел соған меңзейді.
Алдарыңызда Тұрсынбек Аружан «Бақыт деген» әнімен. Қабыл алыңыздар
ІІІ. Негізгі бөлім:
Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың берекелі боп өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Халық мақалында «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп табиғаттың тамаша құбылысына теңеген екен. Әке – ұрпақ иесі, панасы, үй басшысы. Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Әке – бала үшін шыңы биік асқар тау.
Қуандық:
Жан әке, Сіз жүргенде көзіңді сап,Өсеміз бәйтеректей өзің құсап.Ортада Сіздер барда дара шыңдай,Бізге ашық кең пейілді сезім құшақ.Жан әке, үйреткен Сіз ерлікті де,Ұғындық Сізге қарап елдікті де.Жүреміз жалғызсырап дәстүріңді,Дарытып дархандықты, кеңдікті де.Жан әке, бүгін той ғой ән салатын,Шаттыққа толы болсын әр сағатың.Атыңды асқақ біз ұстаймыз,Болашақ мерейтойлар салтанатын.
Батырханұлы Қуандық «Әке-Ана» әнімен.
Сөз жұмбақ: слайд
А
Л
Ғ
Ы
С
1.Өмірдегі ең қымбатты адам2.Желтоқсан құрбанының бірі3.Тоқтар Әубәкіров –
4.Тұрмыстық бұйым
5. Орысша «рахмет»
А Н А
Л Ә З З А Т
Ғ А Р Ы Ш К Е Р
Ы Д Ы С
С П А С И Б О
Анаға алғыс:
Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен ана деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын ана. Ана баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ана - тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Анасы жоқ балалар да аз емес. Олар ананың мейірімін, аялағанын ешқашан сезген емес. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші!
Индира:
Мың алғыс, миллион алғыс аналарға!Аты да, өзі де ұлы тұрар алда.Отанмен, туған жермен теңесесің,Нәр алған аналардан даналар да.Тірлікке бастаусыңдар тұнық бұлақ,Таң шапақ сәулесіңдер жарық шырақ.Жүз көрер айнасыңдар шаң қонбаған,Жайдары жаз күніндей жанға шуақ.Бүгінгі ризашылық күнін пайдаланып аналарымызға және аяулы әжелерімізге басымызды иіп, рахметімізді айтамыз! Енді аяулы әжелерімізге арнап, алдарыңызда «Ақ әжем» әнімен Расул мен Нартайды шақырамыз.
Видеоролик (мектеп оқушыларының алғыс, тілектері)
Сағилат:
Ұстаз деген ұлы сөз ұлағатты,
Ол болмаса, кім береді парасатты.
Асылын беріп шәкірт бойларына,
Ағартқан сол үшін де қара шашты.
Ұстазға әркім басын ию керек.
Кемеңгер, ақылшым деп білу керек.
Сен бүгін керемет боп кетсең дағы,
Жеткізген сол ұстаз деп білу керек.
Жақсылар ұмытпайды ұстаздарын,
Ойлайды, олар сонымен ұшталғанын.
Мәңгілікке мақтанып өтеді ұстаз,
Шәкіртінің биікке шыққандарын.
Ұстаз болу аса маңызды және өте қиын мамандық. Өйткені ұстаз білімін ғана беріп қоймайды. Ұстаз баланы болашақ үлкен өмірге дайындап, қажетті кеңестермен сусындатады.
«Ұстазым» әні. Орындайтын – Аружан және Сәния
«Кім шапшаң» Мақалды жалғастыру 1. Әдептілік, ар-ұят—адамдықтың белгісі, Тұрпайы мінез, тағы жат—надандықтың белгісі. 2. Әдепті бала—арлы бала, Әдепсіз бала—сорлы бала. 3. Әдепті елдің баласы Алыстан сәлем береді. 4. Әдептілік белгісі –иіліп сәлем бергені, Жақындықтың белгісі—келіп –кетіп жүргені. 5. Ашу- дұшпан, ақыл- дос, Ақылыңа ақыл қос. 6. Сіз деген- әдеп, Біз деген- көмек. 7. Ұлық болсаң- кішік бол. 8. Үлкеннен құрмет – кішіге міндет 9. Жақсы адам ай мен күндей Әлемге бірдей. 10. Әдепті бала кездессе,сәлем берер бас иіп, Әдепсіз бала жолықса, өте шығар кекиіп. Сонымен, рахметке лайықты кімдер, қане балалар тізімді бірге құрайықшы. Бастысы - алғыс айта білу.......
Анаға – өмір сыйлағаны үшін, Әкеге – қорған болғаны үшін, Далаға – гүлдері мен көк шалғыны үшін, Сөзге – жанды жылытатыны үшін, Күнге – шуағы мен назары үшін, Жұлдызға – қараңғы түндегі жарығы үшін, Досқа – құшағы мен иығы үшін, Әжеге – ыстық алақаны үшін, Суға – тіршілік көзі болғаны үшін, Жерге – махаббаты мен бар болғаны үшін, Отқа – жылулығы үшін
Хор: Ризамыз бүгінге,
Ризамыз қазірге!
Ризамыз, ризамыз, бүгінге,
Ризамыз, ризамыз, сіздерге!
ІV. Қорытынды:
Құрметті оқушылар, жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңізді ешкімнен ешқашан аямаңыздар, «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңыздар. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратынын естеріңізде сақтаңыздар. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйреніңіздер және Табиғат-Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңыздар.