Ма?ала БІЛІМ МАЗМ?НЫН ЖА?АРТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ


Ахметова Салтанат ЖарболовнаБастауыш сынып мұғалімі
Октябрь орта мектебі
Қарасу ауданы Октябрь ауылы
БІЛІМ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы - заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. Кәсіби тұрғыда жаңа сатыға қадам басып, білім жүйесіне енген жаңалықтың қыр–сырын зерттей бастаған сәтімізде арнайы курсқа баруымыз бағдарлама туралы туындаған сұрақтарымыздың жауабын табуға берілген мүмкіндік секілді көрінді. Расында да, осы уақытқа дейін бірнеше курстар мен тренингтердің тыңдаушылары болсақ та, жаңартылған білім бағдарламасының толық нұсқасын түсініп кетудің артықшылығы болмады. 4-ші сәуірден бастап 22 сәуірге дейін біздің «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша біліктілікті арттыру институтында ұйымдастырған «Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында бастауыш сынып пәндері бойынша» атты үш апталық курста толық нұсқасын меңгерудің сәті түсті. 
Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соған орай оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр
Қазіргі таңда оқушылардың құзыреттілік біліктерін, алған білімдерін шынайы өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана білу қабілеттерін дамыту мәселесінің маңыздылығы арта түскені айқын. Оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру, әлемдік білім кеңістігіне ену, түлектеріміз әлемнің қалаған оқу орнына түсіп, өмірлік білімін жалғастыру – білім беру процесінің негізі болып табылады.
  Қазіргі таңда мемлекеттік тілді, қарым-қатынас тілі – орыс тілі және әлемдік кеңістік тілі - ағылшын тілін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану - заман талабы болып отыр. Үш тілді оқыту және барлық пәндерді оқыту барысында үштілдік саясатты әр сабақта ұстану оқушылардың «ғылыми тілін», коммуникативтік дағдаларын дамытады. 
Қазіргі балалар АКТ-ны жастайынан қолданады, бірақ ақпаратты сыни қабылдауға үйрету өте маңызды. Заман талабына сай оқушы бойында сындарлы ойлау және АКТ мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, әр түрлі зерттеу дағдыларын қалыптастыру үшін АКТ пәні енгізіледі. Бастауышта зерттеу жүргізу дағдыларын қалыптастыратын және өмір сүретін әлем туралы жаңа «жаратылыстану» пәні енгізіледі. Бұл пәннің бағдарламасы оқушыларды жоғары сыныптарда биология, физика, химия саласында одан әрі оқуға дайындайды.
  Окыту барысында вербалды емес дағдыларды қалыптастыру өте маңызды. Бұл оқушының кеңістікті бағдарлау мен нақты бейнелеудің (ән, музыка тағы басқа), эмоциялық әсерлердің, дағды, әдет, бейсана құбылыстардың жұмысын, шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.  Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Критериялық бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы: баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады, жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Кеңестік заманнан қалған бес балдық бағалау жүйесі жойылады. 
Кіріктірілген білім беру бағдарламасында тіл пәндерінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым - жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір–бірімен тығыз байланысты. Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі.
Кіріктірілген білім беру бағдарламаның мәні - баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Ата-бабамыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, жан-жақты, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты болып, нәтижеге жетеді.
Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалуы – білім мазмұны мен әдіс – тәсілдерінің жаңа бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой – қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер – ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету – мұғалімнің басты міндеті. Осы міндетті шын мәнінде атқару – әр ұстаздың парызы. Мектеп өмірі мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға ұстаз болғандықтан, сол ұстаз заман талабына сай болуы үшін әрқашан ізденуі, білімдерін жетілдіруі, жан – жақты, білікті болуы шарт.
Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болуы мүмкін емес.Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына әсерін тигізеді әрі өзін-өзі дамытып, оқу – тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Сонымен, жаңа технологияларды меңгеру – жаңа формация мұғалімін қалыптастыруға қойылатын негізгі талап болып отыр. Білімді ақпараттандырудың басты мақсаты – оқушыларды ақпараттық қоғам жағдайында тұрмыстық, қоғамдық және кәсіби салалардың іс-әрекетін толық, тиімді араластыру.
Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің білгірі болуы ғана емес, тарихи – қоғамдық, педагогикалық – психологиялық сауаттылық, саяси – экономиялық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етіледі. Заман талабына сай білім беру үдерісінде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісін ұштастыра білген, оқытудың жаңа технологияларын шебер меңгергенде ғана бүгінгі күн талабына сай ұстаз бола алады.
Жаңа бағдарламаның басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта отырып, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі.
Сабақты тартымды да қызықты етіп өткізу – мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, білімділігі мен біліктілігіне байланысты болады. Егер мұғалім өзінің әр сабағында ұлттық дәстүрді қадірлей білуге, адамгершілікке, ізгілікке, тәлім – тәрбие беруге назар аударатын болса, онда сабақ үдерісінде оқушылар өзіне – өзі баға беруге, әлсіз тұстарын сын көзбен қарауға, өзінің жетістігін жете түсінуге, өз бетімен іздене білуге дағдыланады. Оқушылар арасында ынтымақтастық, сенім ахуалы қалыптасып, өзара сыйластық орнайды. Осылардың барлығы педагогикалық шеберлікті аша түсудің бір қыры болып табылады. Мұғалімнен жауапкершілікті,абыройлы істің сан қырлылығын, жан –жақты терең біліктілікті, педагогикалық шеберлікті, психологиялық қабілеттілікті талап етеді.
Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым – қатынастың жақсы болуы үшін әрдайым жақсы атмосфера қалыптастыру керек. Сабақтарымда сыныпта ынтымақтастық пен сенім атмосферасын қалыптастыруда мен оқушылар арасында ұйымдастыру тренингтерін жиі пайдаланамын. Осы тренинг нәтижесінде оқушылар қажетті ақпаратты өте жақсы қабылдайды. Топпен жұмыс кезінде оқушы мүмкіндігіне шектеу қоймау, өзара пікір алмасу, пікірлерін дәлелдету және бағалау түрлері сабақтың сәтті өтуіне мол әсерін тигізеді. Әрдайым топпен жұмыстан кейін сергіту сәтін ұйымдастыру әдетке айналып келеді. Оқытудың жаңа тәсілдерін қолдану арқылы сабақтарымды жаңаша өткізуде және өзгерістер енгізуде алдымен өзімнің сыни тұрғыдан ойлауымды дамыта отырып, оқушылардың диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерінің өрістеуін дамыту, өз еріктерімен тапсырмаларды орындауын, талқылауын және өзін – өзі бағалай алуын , өзгерістер енгізе отырып құрылған сабақтарым оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыруда.
Диалогтік оқыту әдісін сабақ кезеңінде тиімді пайдалану – жаңашылдыққа жатырқай қарамай, тың тәсілге ізденіс көзқараспен келуге, еркін ойлы, бай тілді тұлғаның қалыптасуына жол ашады.
«Шәкірттерімнің сөздік қорын әрі қарай қалай жетілдіруге болады?» деген сұрақ барлық мұғалімнің көкейінде тұратыны сөзсіз. Бұл орайда өз тәжірибемде диалогтік оқыту оқушылардың тілін дамытуға тигізер көмегі зор деген пікірге келдім. Осы әдіс арқылы сыныпта тұйық оқушылар ашылып, белсенділіктері арта бастады. Сабақ кезеңінде шәкірттерімнің «оқшауланып» оқымай, жұпта, топта диалог жүргізу арқылы бір – біріне түсіндіру, талқылау, достық қарым – қатынас жасау ықпалы арта түседі. Себебі диалогтік оқыту ұжымдық және өзара білім алмасуға жағдай туғызады. Оқушы диалог құру нәтижесінде білім алады. Сонымен қатар оқушының ойын кеңейтіп, тілін дамытады және сыни тұрғыда еркін ойлау қабілетін ұштайды.
Сабақтардағы басты өзгерістер – бұрынғы өткен дәстүрлі сабақтардан айырмашылығы көбінесе оқушылардың топпен біріге отырып жұмыс істеуінде және оқушылар жаңа тақырыпты проблемалық сұрақтар арқылы өздері ашуы және мақсат қоя білуінде. Сондай-ақ, басқа да өзгерістер сабақтың әр кезеңдерінде көрініп отырады.
Менің осы бағдарламадан түйгенім – оқушының әр сабақтан өзіне қажеттілігін табуы. «Жақсы оқитын баланы мадақтама – өр көкірек болады, нашар оқитын баланың еңсесін түсірме» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, әр оқушының жүрегіне жол таба білу керек.
Оқытудың осындай идеяларын ұстаған сабақтарда оқушылар өз ойларын еркін айтатын болғандықтан әртүрлі пікірлер пайда болады. Олардың қандай да бір ойларын шыдамдылықпен тыңдап, оқушыларды сенімділікке бастауды өзімнің басты міндеттерімнің бірі деп есептеймін.
Әрбір мұғалім өз Отанын шексіз сүйетін, білімді, іскер, адамгершілігі мол, парасатты, мәдениетті, жан-жақты жетілген ұрпақ дайындауға міндетті.
Қорыта айтарым, сабақтарымды жаңа бағдарламаның әдістерін қолдану арқылы жүргізу – оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып, өз сұрағына өзі жауап іздеп, жан-жақты білім алуына көмектеседі.
Әрқашанда бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалана білу – сіз бен біздің үлесімізде.
Өз ісіне сүйсіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірттің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаз болайық!
Қолданылған әдебиеттер:
1. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық
2. Мұғалім – мектептің жүрегі. [мәтін] /Г. Қоянбаева// Учительская плюс №33-34 02.09.2016 ж 8 бет
3. Жаңа формация мұғалімі қандай болуы керек? [мәтін] /Б.Жусупбекова / / Учительская плюс №39 07.10 2016 ж 19 бет
4. Интернет