Тіл дамыту Бізді? ?й МАД тобы


Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Біздің үй.
(Сурет бойынша әңгіме)
Мақсаты:
І.Балаларға әр адамның тұратын үйі болатындығын түсіндіру.
2.Жаңа сөздерді қатыстырып, сөз тіркестері және сөйлемдер құрату арқылы сөйлеу тілін дамыту. Грамматикалық тұлғада жүйелі түрде сөйлемді толық, анық айтуға, өз ойын жеткізе білуге үйрету.
3. Достарының, үлкендердің айтқанын аяғына дейін тыңдауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: үй жиһазының суреті, үйдің сызбасы, бейнетаспа, суретті әліппе.
Жаңа сөз: жиһаз, жатынжай, мансард.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Шаттық шеңберін құру.
Өтті қызық көп күндер, Алты жасқа жеткендер. Өсті ақыл ойларың Өсті, міне, бойларың. Иіліп сәлем береміз, Әдепті боп өсеміз.
2. Кіріспе әңгіме.
Педагог бүгінгі сабақта өтілетін тақырыпты хабарлайды. Сұрақ - жауап әдісі арқылы кіріспе әңгімені өткізеді:
1. Балалар, сендер неше қабатты үйде тұрасыңдар?
2. Сендер өздерің нешінші қабатта, нешінші пәтерде тұратындарыңды білесіңдер ме?
3. Үйде қандай бөлме түрлері болады?
3.Негізгі бөлім.
а) Дәптердегі суретпен жұмыс.
- Бүгін біз тұрғын үй, үй түрлері және үй жиһаздарымен танысамыз. Адамдар ертеден өздеріне ыңғайлы баспана тұрғызу керектігін білген. Қазір үйлердің түрі өте көп. Мысалы, бірнеше қабатты (екі, үш, төрт, т.б.) тұрғын үй, ауласы бар жеке бір немесе екі - үш қабатты үй. Көп қабатты тұрғын үйде пәтерлер өте көп болады. Оның әр пәтерінде тұрғындар тұрады.
ә) Сөздік жұмысын жүргізу.
Коттедж - жеке ауласы бар сәнді салынған 2 - 3 қабатты үй. Мансард - шатыр астындағы терезесі бар, кісі тұратын бөлме.
Жиһаз - үй бұйымы, мүлік. Жатынжай - ұйықтайтын бөлме.
б) Салыстыру жұмысын жүргізу.
Дәптердегі көп қабатты тұрғын үй мен коттедждің айырмашылықтарын әңгімелеу.
- Көп қабатты тұрғын үйдің коттеджден айырмашылығы қандай?
- Көп қабатты тұрғын үйде пәтерлер көп. Әр пәтерде жеке - жеке отбасылары тұрады. Олардың ауласы - бәріне ортақ бір аула. Ал коттеджде бір ғана отбасы мүшелері тұрады.
в) Жаңа сөздерді қатыстырып, сөз тіркестері мен сөйлем құрату.
- Үйдің бірнеше бөлмелері болады. Олар: асүй, зал, балалар бөлмесі және жатынжай. Әр бөлмеде өзіне тән жиһаздар болады. Қандай жиһаздар болады?
- Әдемі жиһаз, ағаштан жасалған жиһаздар болады.
- Жиһаздың қандай түрлерін білесіңдер?
- Үстел, орындық, диван, төсек, шкаф, т.б.
- Шкафта не тұрады? Орындық не үшін керек?
г) «Менің үйім» тақырыбында әңгіме құрастыру. Балалар өздері тұратын үй, оның бөлмелері және үйдегі жиһаздар туралы әңгімелейді.
г) «Қай бөлмеде қандай зат тұрады?» дидактикалық ойыны. Шарты: бөлмелерді атап, онда тұратын заттарды атау.
4. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
1. Біз қандай тақырыпта әңгіме құрастырдық?
2. Қандай үйлер бар? Олар туралы әңгімелеңдер.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: «Қасқыр, түлкі әтеш» ертегісі.
Мақсаты:
1. Ертегі мазмұнын түсіндіру.
2.Сөздік қорларын толықтыру, сөйлеу мәдениетін, ойлау қабілеттерін дамыту.
3. Қоршаған ортаға мейірімді болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: ертегі мазмұнына сәйкес салынған сурет.
Жаңа сөздер: шаһар, мұржа, таулы өлке, ну орман.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Кіріспе бөлім.
а) Шаттық сәтін өткізу.
Балалар шеңбер бойы дөңгеленіп тұрып, «Мен ертегі тыңдағанды жақсы көремін, себебі...» деп, өздері сүйіп тыңдаған ертегілері арқылы нені үйренгендерін айтады.
ә) Тыныштық сәті.
- Ертегі - бұл ерекше жанр. Ертегідегі жануарлар адам сияқты сөйлей алуы және адам үшін түрлі нәрселер істей алуы мүмкін. Ертегі де сиқырлы құралдар бар. Жануарлар, аңдар туралы қандай ертегі тыңдадыңдар? Естеріңе түсіріңдер. (Балалар көздерін жұмып, ата - аналарынан немесе басқа ересектерден тыңдаған ертегілерін естеріне түсіреді. Бір - екі бала естеріне түсірген ертегілерінің мазмұнын қысқаша айтып береді).
2. Негізгі бөлім.
«Қасқыр, түлкі және қоян» ертегісі
а) Педагог дауыс интонациясын дұрыс қойып, мәнерлеп оқиды, мазмұнын дәптердегі сурет арқылы түсіндіреді.
ә) Сөздік жұмысын жүргізу. Шаһар - қала.
Мұржа - пештің, ошақтың түтін шығаратын мойны, түтіндік.
Култеле - шоқтау, шоғырлау. Түлкінің күлтеленген құйрығы.
б) Сұрақтарға жауап беру.
1. Ертегі кейіпкерлерін атаңдар.
2. Қасқыр, Түлкі және Әтеш не салмақ болды?
3. Түлкі Қасқыр мен Әтешке қандай тапсырма берді?
4. Түлкі өзі не істеді?
5. Ертегі қалай аяқталды?
в) Балалардың пікірлерін тыңдау.
- Балалар, сендерге ертегідегі кейіпкерлердің қайсысы ұнады, қайсысы ұнамады? Шаһар салу үшін не істеу керек еді?
Балалардың үлгі жауабы:
- Маған Қасқыр мен Әтеш ұнады. Өйткені екеуі де Түлкінің айтқан тапсырмасын орындады. Екеуі де еңбекқор екен. Ал Түлкі ұнамады. Өйткені Қасқырды орманға жұмсап жіберіп, Әтешті жеп қойғысы келді.
- Шаһар салу үшін үшеуі де тату - тәтті болу керек еді. Бірігіп еңбектенсе, шаһарды салып шығатын еді.
г) «Қасқыр, Түлкі және Әтештің жолын тап» ойыны. Дәптерге ертегі кейіпкерлерінің үйлеріне апаратын жолды сызып көрсету.
ғ) Жұмбақ шешу.
Жұмбақтың шешулері: әтеш, түлкі.
Әтеш, түлкі сөздерін қатыстырып, сөз тіркестері мен сөйлемдер құрату. Мысалы: әдемі әтеш, қу түлкі. Әтеш шақырады. Түлкінің құйрығы ұзын. Ол килтпеленіп тұрады.
3. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
а) Ертегі мазмұнын мазмұндау.
- Балалар, бұл ертегі бізді өтірік айтпауға, әділ, адал болуға үйретті. Бірлік болған жерде кез келген жұмысты да аяқтауға болады.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Үй құстары және үй жануарлары
Мақсаты:
І.Үй құстарымен, үй жануарларының тіршілігі туралы баяндап, балалардың үй құстары, үй жануарлары туралы білімдерін толықтыру.
2. Үй құстары мен үй жануарларының әрқайсысының өзіне тән қасиеттері туралы пікірлерін айтқызу арқылы кез келген тақырып бойынша ойларын еркін жеткізе білуге баулу.
3. Үй құстары мен үй жануарларына қамқор болуға, оларды күте білуге баулу және құстарды қорғауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: құстардың, үй құстарының, үй жануарларының суреттері, үнтаспа.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Кіріспе бөлім.
а) Үнтаспадан құстардың сайрағаны, судың сылдырлап аққан дыбысын тыңдату.
- Әуеннен не естідік?
- Құстар неліктен әртүрлі сайрайды?
- Қауіп төнген кезде құстар шырылдап, өздерінің балапандарына ескертеді. Балапандар өздерінің тамақ жегісі келетіндігін шиқылдап аналарына білдіреді. Құстар құрт - құмырсқаға таласқанда, ащы дауыспен шырылдап, шу шығарады. Басқа дыбыстардың көмегімен құстар топталып жиналады және бөтен құстарды қуады екен.
ә) «Әтеш пен тоты» ертегісін оқып беру.
- Ерте, ерте, ертеде аң мен құстардың ішіндегі ең әдемісі Әтеш болыпты. Сондықтан ол өте тәкаппар екен. Ешқандай құспен сөйлеспепті. Жалғыз серігі Тотықұс болыпты.
Тоты байғұстың үстінде жібі түзу, жөнді киімі де жоқ екен. Бір күні Тотықұс әлгі кербез Әтешке келіп:
- Досым мен бүгін қонаққа бармақ едім, жөнді киімім де жоқ. Мына түріммен қалай барамын? Мені сенің досың деп білетін ел мазақтайды ғой. Маған үстіңдегі әдемі киіміңді бере тұршы, - деп қиылып жалыныпты.
Әтеш досының сөзіне сеніп, әдемі киімдерінің бәрін шешіп беріпті. Сөйтіп тотықұс жасанып, киініп алады. Қай мезгілде келетінін айтып ұшып кетеді.
- Егер мен кешіксем дауыстап шақыр. Келмей жатсам тағы шақыр, дауысыңды естиін, - дейді.
Сөйтіп, Тотықұс әсем киініп, тойға кетеді. Бірақ ол қайтып оралмайды. Әтеш оны естісін деп үсті - үстіне шақырады. Еш - қандай хабар болмайды.
Содан осы күнге дейін Әтеш Тотықұсты шақырып, таң қылаң бергеннен, күн батқанға дейін айғайлап шақыра береді екен.
Сұрақтар:
- Ертеде әдемі кербез сұлу қай құс екен?
- Тотықұс Әтешке не үшін келді?
- Тоты әдемі киініп, қайда кетті?
- Әтеш таңертең неге айғайлап шақырады екен?
- Әтеш жабайы құс па?
- Үй құстарын атаңдар.
- Үй жануарларын атаңдар.
2. Негізгі бөлім.
а) Дәптермен жұмыс.
Суретке бойынша әңгімелеу, сөз, сөйлемдер құрастыру, «Ұйқасын тап» ойынын ойнау, жалпы және жеке атауларын атау.
- Үй құстарына қандай құстар жатады?
Балалар үй құстарының мамығымен, қауырсынымен танысады, оның қасиеті мен пайдасы жайлы әңгімелейді. Жұмыртқаларды салыстырып, ерекшелігін анықтайды. (Түр - түсі, үлкен - кіші, пішіні).
ә) Музыканың сүйемелдеуімен құстардың қалай ұйықтайтынын, суды қалай ішетіндігін қимылмен көрсету.
б) Дәптерде берілген үлгі бойынша балапанның суретін бастырып салады, аяқтайды.
в) Тыныштық сәтін өткізу.
- Балалар, көзімізді жұмып көз алдымызға өрістегі төрт түлік малды елестетейік. Таңертең жайлауда қой, сиыр, жылқылар жайылып жүр. Айнала тып - тыныш алыстан қозының маңырағаны, бұзаудың мөңірегені, құлыншақтардың дауысы естіліп қояды. Сол сәтте төлдердің енелерді жан - жағына қарайды, бірақ төлдері көрінбейді. Кешкілік өрістен ауылға қайтады. (Жайлап көзімізді ашамыз). Балалар көз алдарыңа қандай жануарларды елестеттіңдер?
- Үй жануарларының қандай пайдасы бар?
- Сиырдың сүтінен тағы қандай тағамдар жасалады? Биенің сүті қалай аталады?
- Ат жарысын көргендерің бар ма? Ол қалай өтеді?
г) Жұмбақ шешу.
Мінсең - желдей жүйткиді, Көңілің таудай өседі, Алып ұшар алысқа «Ер қанаты» деседі.
(Жылқы)
ғ) Сергіту сәтін өткізу.
Музыканың сүйемелдеуімен қимылдар жасайды. Тіктеп титтей құлағын, ботам былай жүреді. Сыртылдатып тұяғын, бұзау оған ереді. Алға созып мойнын, ойнақтайды ботақан, Көкке қарай мұрынын шүйіреді бұзауқан.
д) «Үй жануарлары» дидактикалық ойыны.
Мақсаты: балаларды үй жануарлары мен төлдерін ажыратуға, олардың қимылын көрсетіп, қалай дыбыстайтынын дыбыстауға үйрету.
Шарты: балаларға үй жануарларының суреттері таратылып беріледі. Әр бала сурет бойынша үй жануары туралы білетінін немесе өз ойын, пікірін баяндайды.
Сиыр, жылқы сөздеріне дыбыстық талдау жасау.
ж) Дәптердегі суреттер бойынша әңгіме жүргізу.
3. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.