?аза? хал?ыны? салт-д?ст?рі мен ?дет –??рыптары ар?ылы балалар?а патриотты? т?рбие беру» ?дістемелік н?с?аулы?


«Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет –ғұрыптары арқылы балаларға патриоттық тәрбие беру»
(Мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешілерге арналған
әдістемелік нұсқау)

Ақтау 2016

Кіріспе
Мектеп жасына дейінгі мекемелерде балаларды патриоттық сезімде тәрбиелеу,  Отан туралы, туған жер туралы тақпақ-өлеңдер жаттату, әңгімелеу арқылы бала бойына елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру болып табылады.
Патриотизм – тарихи, әлеуметтік ұғым, гректің parties – Отан, ел деген сөзінен шыққан. Бұл термин Отанға, елге, туған жерге, халыққа деген сүйіспеншілікті білдіреді. Патриоттық, отаншылдық сезім бірте – бірте, адамның саналы өмірімен бірге қалыптасатын саяси - әлеуметтік құбылыс.Бір жағынан, ол жеке тұлғалық, қоғамдық сана элементтерінен тұрса, екінші жағынан, Отанды қорғауға, сақтауға, нығайтуға бағытталған сезім.
Қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі – халықтың береке- бірлігінде, ынтымақ-ықыласында, елдігі мен ерлігінде және мемлекетіміздің күш-қуатының беріктігі мен ұлан –байтақ жерінің бір тұтастығында.
Патриотизм ұғымы өздігінен қалыптаспайды, ол үшін бірнеше алғышарттар қажет:
- төл тарихымызды білу;
- ана тілді ардақтап, құрметтеу;
- ұлттық салт-дәстүрді, әдеп-ғұрыптарды қадірлеу.
Адамзат отансүйгіш және қайырымды бала тәрбиелеуді мақсат тұтады. Қазақ халқы өз баласының ізгі ниетті, адал жүректі, өр әрі намысшыл болғанын қалайды. Қазақтың атына кір келтірмей, елін, жерін қастерлеп, туған халқының мәртебесін жеке пиғылынан жоғары қоятын жан болғанын тілейді. Ал, бұл қасиеттер бала бойына тек тәрбие арқылы сіңеді. Отанымызды мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астында тату-тәтті, баянды ғұмыр кешуі үшін еліміздегі әр азаматтың бойында ортақ мақсаттарға деген ұмтылыс, барлық халықтарға деген құрмет болуы тиіс. Оның басты құралы- патриоттық тәрбие. Патриоттық сезім- ұлттық рух деңгейінің өлшемі. Сол себептен Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында азаматтардың отаншылдық сезімі мен өз еліне сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде таниды. Дей тұрғанмен, әттеген-ай дейтін тұстарымыз да жетерлік. Қоғамдық жерлерде қазақтың қара көз балалары өзара орысша сөйлеп, Еуропа мәдениетіне еліктейді. Мұның себебі неде? Жастардың арасында патриоттық сезімді қалай дәріптеуімізге болады? Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың «берік денелі, түзу ойлайтын, дәл пішетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жан толқынтарлық болса, баланың тәрбие алып, шын адам болатындығы» деген қағидасы өміршең болып отыр. Дәл осындай игі қасиеттерді бойына сіңірген жалпы адами құндылықтарды меңгерген, қоғамның жоғары мұратты мақсаттарына сай келетін жеке тұлғаны қалыптастыру - баршамыздың алдымызда тұрған міндетіміз.
Бұл әдістемелік нұсқаулық балабақшаның тәрбиешілеріне арналған.
Баланың бойында адамгершілік патриоттық тәрбиені қалыптастырудың негізгі міндеттері мына жайлармен түйінделеді:
-Ізгілік бастамасымен тәрбиелеу. Өз отбасына, балабақшасына, туған қаласына, көшесіне сүіспеншілік-
пен, қамқорлықпен қарау.
-Табиғатқа қамқорлықпен қарау.
-Еңбекте-еңбек сүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу.
-Қазақ халқының салт-дәстүріне қызығушылықпен қарау.
-Мемлекеттік рәміздермен таныстыру. Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. 
- Балалардың бойына халқымыздың рухани байлығын сіңіру, ұлтымыздың дәстүрлерін дарыту.

Осы міндеттер мен мақсаттарға сүйене отырып оқу жылында қолданатын төмендегідей ілгерлемелі жоспар құрдым.
№ Тақырыбы Мақсаты Жүргізілетін жұмысы Өткізу уақыты
1 «Еліміздің рәміздері»
баланың өз халқына, ұлтына деген сүйіспеншілік,мақтаныш сезімін ояту.
Бейнеслайд
Қыркүйек
2 «Ұлттық ойындар»
балаларға ұлттық ойындар арқылы өз халқының әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін, қонақжайлылығын көрсету жарыс сабақ Қазан
3 «Ұлттық киімдер»
Ұлттық киімдер туралы мағлұмат беру,ою-өрнектермен таныстыру. сәнді ұлттық киімдер көрмесі Қараша
4 «Тәуелсіз елімнің Елбасы»
балаларды елі,жері үшін қызмет етуге және ұлтжандылыққа тәрбиелеу дөңгелек үстел
Желтоқсан
5 «Тұсау кесу»
салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу Ауылға саяхат Қаңтар
6 «Бесікке салу»
Қазақ халқының ежелден сақталып атадан балаға мұра етіп қалдырған салт-дәстүрімен таныстыру шағын мұражайға саяхат Ақпан
7 «Наурыз- жыл басы»
Балалардың ұлыстың ұлы күні- «Наурыз» мерекесі туралы білімдерін кеңейту, «Наурыз көже» туралы түсінік беру
мерекелік іс-шара
Наурыз
8 «Ертегілер мен аңыздар»
Халық ертегілері арқылы туған жерге, оның салт-дәстүріне сүйіспеншілік сезімдерін тәрбиелеу, жақсы-жаманды ажыратуға тәрбиелеу. сахналау,
қойылым Сәуір
9 «Мақал,мәтелдер,тыйым сөздер»
балаларды адамгершілікке, отансүйгіштікке,адалдық қа тәрбиелеу .Айтқызу арқылы тілін дамыту,ойлау,есте сақтау қабілеттерін дамыту жарыс сабақ Мамыр
Сабақ конспектілері
« Бесікке салу»

Мақсаты: Балаларды жас нәрестені бесікке бөлеу рәсімімен таныстырып, бесік, оның оның жабдықтары тұралы мағлумат беру. Балалардың байланыстырып сөйлеуін, тілін дамыту. Ұлттық салт-дәстүрмен таныстыру арқылы балаларды адамгершілікке, кішіпейіл, мейірімді, қамқор болұға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы:Балалар, жан-жақтарыңа қараңдаршы қандай әдемі. Терезеге қараңдаршы, күн алтын сәулелерін шашып тұр. Ендеше қане шеңбер жасап тұра қалып айналамызбен амандасып жіберейік.
Армысыз, қайырлы күн!
Армысыз, Қайырымды аспан-ата!
Армысыз, мейірімді жер-ана!
Армысыз, шұғылалы Алтын-күн!
Қуанайық, шаттанайық бәріміз!
Күліп шықты күн бүгін!
Бәріміз күндей жарқырайық!
Бәріміз тату болайық!
-Қыс айларын ата.
-Қыс ерекшеліктерін атайықшы.
Енді ауа райы туралы қандай халық болжамаларын білесіңдер?
Қыс суық болса, жаздың ыстық болғаны.
Қыс қарлы болса, жаз жаңбырлы болады.
Егер қой тұяғымен төсін қасыса, қар қалың жабады
Киік топ-топ болып басқа жаққа бет алса, онда ауа райы қатты бұзылып, суық болады.
Егер қой тісін қайраса, кешікпей ақ боран болады.
Егер ит қарға аунаса, боран соғады. ( Балаларды орындықтарына отырғызу)
Есік қағылып қонаққа әже келеді.
Сәлеметсіңдерме балалар?
Сәлеметсіз бе? Жоғары шығыңыз.
Мен бүгін сендерге қонаққа келдім.
Біз қазақтың салт- дәстүрінің бірі: « Бесікке бөлеу» рәсімімен танысамыз. Әже бізге комектесуге келді.
Бесікті неден жасайды?
Бесікте бала таза жатады және денесі сымбатты болып өседі. Ерте кезде біздің ата-бабаларымыз кошіп қонып жүрген кезде баланы бесіккке бөлеген өте қолайлы болған. Нәрестені бесікке салмастан бұрын, бесікті адыраспанбен немесе аршамен түтіндетіп аластайды. Сонда баланың ұйқысы тыныш болады, шошымайды деген ырым бар. Бесікті аластағанда былай дейді:
Алас, алас баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Көзі жаманның көзінен алас!
Тілі жаманның тілінен алас!
Алас, алас, аласы,
Келді міне баласы.
Көш көш пәлесі,
Келді міне иесі.
Баланы бесікке бөлерден бұрын «тышты ма?» ырымы жасалады. Бесікктің түбек тесігі арқылы бауырсақ, кәмпіт өткізгенде «тышты ма?» деп сурайды. Қасындағылар «иә, иә» деп жауап береді. Тостақан алақандарға түбек тесігі арқылы өткен тәттілер түсіп жатады. Бұл халқымыздың «балаға бесік құт дарытсын» деген ниеттен тұған рәсімі. «Тышты ма?» ырымынан соң баланы бесікке бөлейді.
- Балалар, біз бесік туралы қандай нақыл сөздер білеміз?
Нұрай: Бос бесікті тербетуге болмайды.
Бекнұр: Бесіктің үстінде отыруға болмайды.
Алина: Бесікті аяқпен тербетуге, тебуге болмайды.
- Сәбиді тербеткенде айтатын әнді қалай атайды?
- « Бесік жыры»
- Ендеше «Бесік жырын» үнтаспадан тындап, бірге айтайық.
Диана: Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып.
Ұста болар ма екенсің?
Жазира:Таңдайларың тақылдап
Сөйлегенде сөз бермей
Шешен болар ма екенсің?
Әлия : Кең балағын түрісіп,
Ойға, қырға жүрісіп.
Балуа болар ма екенсің?
Бекзат: Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп.
Батыр болар ма екенсің?
Ал қарақтарым, менің қайтатын уақытым болды. Үйде немерелерім тосып отыр. Сау болыңдар, балалар!
Балалар шаршадыңдарма? Ендеше қазақтың ұлттық ойыны « Шаңырақ» деп аталатын ойын ойнайық.
Балаларды екі топқа бөліп, музыка тоқтағанда «Шаңырақ» құру керек. Қай топ бірінші құрса сол топ жеңіске жетеді.
Балалар , сендерге бүгінгі сабақ ұнады ма?
Адал жақсы ниетпен
Бар адамға бақ тілеп.
Жарып шыққан журектен,
Сөздің бәрі- ақ тілек! – деп айтқандай, әрбір ана баласының бесікте жатқан кезінде-ақ армандаған тілектерін орындап, мейірімді, тәрбиелі, жақсы азамат болып шығасыңдар деп сенемін.
Тұсау кесу

Сабақтың мақсаты:Балаларға қазақтың салт-дәстұрлері арқылыұлттық тәрбие беру,халкымыздың мақал-мәтелдерімен таныстыру арқылы балаларды адамгершіліке,мейрімділіке ,отаншылыққа,қамқоршы болуға тәрбіелеү.
Әдіс тәсілдер:Түсіндірү,қөрсету,қайталау,сұрақ –жауап.
Сабақтың барысы:
Балаларды шаттық шемберге шақыру,дәстүрлі ізгілік ніет білдіреді,олең жолдарын айтады.
Аман болсам халқым үшін,
Халқым үшін-жалпын үшін,
Ата-бабам салып кеткен
Аянбаймын салтым үшін .
Балалар шеңберде тұрып, бірбіріне сәлемдесудің түрлерін айтады:
-Сәлеметсіз бе?
-Қайырлы күн!
-Сау-сәлемет болыңыз!
-Аман-саусыз ба?
-Аман-есенсіз бе?
-Үй ішіңіз аман ба?
Тәрбиеші: - Сәлемдесу –әдептілік белгісі.Сәлемдесу-кездескен адамдардың бір-біріне аман-саулық тілеп,тілектестігін,көрсетіп білдіру,әдептілік пенізеттілік нышынын көрсетіп,жақсылыққа жарқылуы. Осы кезде бір бала атқа мініп шауып келеді: «Сүйінші!,Сүйінші!»,Айнагүл әженің аулында «Тұсау кесу»тойы басталады келіңіздер,көріңіздер,қуанышқа ортақ болыңыздар- деп жар салады.Міне,ботам сүйіншіңді ала ғой –деп оған ырымын берді.Ал,лақтарым,шұнақтарым,қозыларым,ендеше Айнагүл әженің аулына тойға барайық .Қандай көлікпен барамыз ? Көліктердің атын атандаршы (Ұшақ,кеме,жылқы). Бәрекелді ,тамаша,ал,біз Айнагүл әженің үйіне бір жануармен барамыз,Оны мен сендерге жұмбақтап айтамын,жауабын табындар.
Арқасында екі тауы бар ,
өзі мінсең көлек,жүн киім,сүті шыпалы,
Ол не?
Балалардың жауабы: Түйе. ( Бір балаға түйе туралы тақпақ айтқызу)
Түйе-түйе,түйелер,
Ойпан жерде үйелер .
Күлтөбеге көп аунап,
Үсті басын күйелер.
Міне,балалар түйеміз де дайын екен,енді жолға шығайқ.Бәрі Айнагүл әженің аулына келді .
Әже:
-Сәлеметсіздер ме ботақандарым,төрлетіндер,жоғары шығыңдар,үлкендер төрге шықсың.(Немересін жетелеп бір әже келеді)
-Менің немеремнің азан шақырып қойған аты Бейбіт-дейді әже.Тұсау кесердың алдында балалар Бейбіт не тілек айтар екен?
Балалар:Бақытты болсын!Дені сау болсын!Ер болсын!Райымбек Атадай батыр болсын ,Абай атадай ақын болсын,Құрманғазы атадай күйші болсын,Әлібек атадай әнші болсын!
-Рахмет,қарлығаштарым.
-Әже: енді Тұсау кесу рәсімімізді бастайық.
-Ой ,айналайындар,маған көмекке екі бала келіп,Бейбіттін екі жағынан ұстасын.Кесетін аспапты,ала жібімді алайын.Не үшін ала жіппен тұсап кеседі деп ойлап отырасыңдар ғой. «Болашақта Бейбіт ешкімнің ала жібін аттамасын» деген тілек қой .(Ала жіпті байлап, қайшымен қиып жатқанда)
Қаз,қаз балам,қаз,балам,
Қадам бассаң,мәз болам.
Күрмуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейн!
деген өлең айтылады .Тұсау кескен адам баланың екі қолынан ұстап қадам бастырып жүргізеді,ал балалар әр қадамын дауыстап санап тұрады 1,2-10. Осыдан кейін санамақ айтылады.
1-бала:Қане,балам,қаз басқын
Бір-қа-дам-аз бастың.
Қаз-қаз,Бірің аз!
2-бала:Енді еренбе,екі бас,
Ерге сенбей екі де аз ,
Қаз-қазекін де аз!
(Осылайша онға дейін айтып шығу керек ).
Тұсау кесіп болған соң,баланың басқан қадамын санайды. Әже шашу шашады .Бейбіттің әке-шешесі тұсау кескенге сыйлығын береді. Әже Бейбітке тақия кігізеді де ,өскенде ел сайлайтын жігіт бол-дейді.
Балалар Бейбітке арнап «Ботақан»әнін айтып береді.Әже: Ой, құлындарым,ботақандарым қандай жақсы ән айттыңдар,рахмет сендерге, көп жасаңдар-дейді.
Бүгінгі сабақтың басынан бері,балалар,мен осындай еркелетер сөздерді көп айттым,себебі қазақ халқы балаларын еркелеткенде,жақсы көргенде төрт түлік малдың төлдерімен атайтыны бар.
Д/о. «Төлдерін тап»
Тәрбиеші: Балалар, әже кішкене сырмақ жасап жатыр еді ,соған көмек көрсетіп жіберіңдерші.
Би. «Сырмақ».
Әже балаларға рахмет айтып ,дастархан басынашақарады.
Тәрбиеші:Балалалар, бүгін біз қайда бардық?Қандай салт-дәстүрмен таныстық?Сендерге сабақта не ұнады?
«Жүректен-жүреке» шеңбері . Өлең жолдарын оқиды:
Біздер бұрын көрмеген,
Салт- дәстүрі өлмеген.
Үйренеміз дәріптеп,
Заманымда гүлдеген.
«Атқа мінгізу»

Сабақтың мақсаты: Балаларға қазақтың салт-дәстүрлерін айтып, ұлттық тәрбие беру, халқымыздың мақал-мәтелдерін, қазақша тілектер айта білуге баулу арқылы тілін дамыту, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Атқа мінуге керек құралдар: ертоқым, ер, жүген, тоқым,ашамай
Жүргізген жұмыстар: Билермен, батырлармен танысу.
Шаттық шеңбері:
Сәлеметсіз бе, алтын күн!
Сәлеметсіз бе, жер ана!
Сәлеметсіз бе, қайырлы күн!
Сәлеметсіз бе, балалар!!!
Сендерді көрсем қуанам
Ойын-«Танысу»
Добым, добым домала,
Щеңберді қуып жағала – деп.
Доп кімге домалап барса сол бала сұрағыма жауап береді.
Сенің атың кім?
Сен неше жастасын?
Сен қай қалада тұрасын?
1. Бала жүгіріп келіп:
- Алақай, алақай. Атқа мінгізу тойы болғалы жатыр.
Ата, әже, шеше, әке келеді.
Қонақтарды қарсы алады.
- Сәлем бердік, асаламағалейкүм. Қош келдіңіз, төрге шығыңыз.
Тәрбиеші: балалар, қазақтың салт-дәстүрің өздерің білетін түрлерін атаңдаршы.
1 Бала: Шілдехана, бесік той.
2 Бала: Тұсау кесу, сүндет той.
3 Бала: Атқа мінгізу, құда той.
4 Бала: Сырға салу, беташар.
Тәрбиеші : Жарайсыңдар, салт-дәстүрдің түрлерін жақсы ұғынып алған екенсіңдер, ендеше атқа мінгізу тойын бастайық.
Бүгін біз атқа мінгізу тойын өткіземіз. Қонақтар бәрі келіп болдыма.
Бала: Жоқ, батырлар келген жоқ.
Тәрбиеші: Міне батырлар да келіп қалды
Бала: Қош келдіңіздер төрге шығыңыз, батырлар
Батыр: қош көрдік!
1 Батыр: Мен Қарасай батырмын.
2 Батыр: Мен Бөгенбай батырмын.
3 Батыр Мен Қабанбай батырмын
Би «Қамажай»
Тәрбиеші: балалар, бізге қонаққа Билер де келіп қалыпты
Балалар: Ассалаумағалейкум!
Билер: Уағалейкум, балалар!
1 Би: Балалар мен Әйтеке бимін.
2 Би: Мен Қазыбек бимін.
3 Би: мен Төле бимін.
Айтыс
Ойын: «Тақия тастамақ»
Ата: Бәрекелді балам атты әкел. Мынау – ер, ертоқым, тоқым, жүген.
Атты әкеледі.
Ата: - Бәрекелді біссімілә!. Қошақаным жігіт болдың, атқа міндің.
Әже: - Шашу, шашу.
Тәрбиеші: Оң аяқпен, аттың оң жағымен атқа отыру керек.
Ата: - Ал билер, бата беріңдер.
Әйтеке би: - Ар сатып алған атақтап
Тер сатып алған мал артық.
Салқын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық.
Қазыбек би: - Жарқылдайды екен деп
Жастықты сөкпе
Бәрінің шыққан тегін сол
Қалтылдайды екен деп
Қарттыңды сөкпе
Ертенңгі жетер шегің сол.
Төле би: - Үй сыртында тыйын болса
Ерттеулі тұрған атың ғой
Ел ішінде қариян болса жазулы
Тұрған хатың ғой.
Ата: - Батырлар сендер не дейсіңдер.
Қарасай батыр: - Қазақтың жерін қорғаған
Намысында қорғаған
Қарасай батырмын, мендей бол!
Бөгенбай батыр: - Езілген қазақ елінің
Бағы үшін туған ермін
Мен Бөгенбай батырмын, мендей бол!
Қабанбай батыр: - Ел күйінгенде күйінген
Ел сүйінгенде сүйінген
Мен Қабанбай батырмын, мендей бол!
Ата: - Жігіт болдың қарағым
Атқа міндің шырағым
Мұратыңа жетебер
Күннен-күнге өсе бер, әумин!
Ән, би, ойындар.
«Тұлпар неліктен қазақ халқының сүйікті аты?»
Сабақтың мақсаты:
«Жүйрік тұлпарлар қайдан туады?» аңызымен балаларды таныстыру; қазақ әлемендігі тұлпар бейнесі туралы түсінік қалыптастыру; туған жерге деген патриоттық сезімді қалыптастыру жұмысын жалғастыру.
Керекті құралдар:
«Қобыланды батыр» аңызы кітабы; Тұлпар бейнесі салынған сурет; ҚР елтаңбасы; мольберт;
Алдын ала жүргізілетін жұмыс:
Үй аттары туралы әңгіме; «Қобылынды батыр аңызымен таныстыру».
Сабақтың барысы.
Тәрбиеші: Сәлеметсіздерме, балалар! Мен бүгін мына қамзолды бекер киіп келгем жоқ Сздер неліктер екенін сезіп отырсығдар ма? Ия мен сіздермен қазақ мәдениеті туралы сөйлескім келіп отыр, соның ішінде халықтың жақсы көретіні туралы.
Бұл не? (тәрбиеші тұлпардың суретін көрсетеді).
Балалар: Бұл тұлпардың суреті.
Тәрбиеші: Ал, енді тұлпарды қазақ халықы неліктен жақсы көретінін біз бұгін білетін боламыз. Қазақ мәдениеті шексіз кең даладағы көшпелі халықтың өмірін көрсетеді, ал атсыз дала ойға кірмейді. Мұнда табындар жүйткиді, желді қуып жеткісі келеді. Бірақ сіздер олардың арасынан тұлпарды ешқашан кезіктіре алмайсыз. Неге?
Балалар: Біз Тұлпарды көре алмаймыз себебі ол ғажайып, және тек қана ертегілер мен аңыздарда кездеседі.
Тәрбиеші: Тұлпар - бұл таңғажайып ат және ол таңғарлық жағдайда көрінеді. Қалай екенін белгілеріңіз келе ме? Оның өмірге келуі жөнінде аңыз былай дейді.
Өсіп жетілген бие айлы түнде теңіз жағасына келіп, керемет әдемі теңіз атының шығуын күтеді, аттың құйрық жалы жерге сүйретілген, ал өзі айдың жарығымен алтын күміс түске бояла көренеді. Міне осы екеуінен, дала биесі мен теңіз атынан, екі табиғат белгісінен су белгісі мен жер белгісінен таңғажайып құлындар - тұлпарлар туылады. Міне осындай ғажайып сәтте тұлпар өмірге келеуі.
Нағыз тұлпарды енді өсіру керек. Ал оның қалай өскенен менің ойымша білу сендерге қызықты болу керек. Бұл туралы «Қобыланды батыр» жырында былай баяндалады.
Айлы түнде құлын өмірге келісімен, оны сол сәтте-ақ жасыл көрпеге орап үстіне жібек шатыр құрады. Себебі оған ешкімнің көзі түспен керек. Алғашқы 40 күнде құлынды бие сүтімен асырайды, ал 90 күн болғанда жеміне қызыл шөптің қоспасын қосады (себебі адымы кең, шабасы ұшқыр, ауру сырқаудан аман болсын деп). Тек 91 күн болғанда, бесін намаз кезінде тұқайына дейін жасыл бархытпен жауыл оны шатырдан шығарады. 3 жылда тұлпар тұяғы күшке толып темірден де қатаяды, және аттың шауып өткен жеріндегі тас сынады. 4 жылда оған жибек арқан кизізеді. Оның ұзындығы 40 аршын жерге сүйретілген, бұл аттың үркек болмауына көмектеседі. Ал 5 жаста оны далаға шығарып, жүген салып мініп байқайды. Содан соң оған әдемі ер тоқым кигізеді. Тұлпарды өсерудің ғажап салты осындай.
«Жаяу көкпар» ойын өткізіледі.
Тәрбиеші: Егер айлы түнде өмірге келсе ай оған қандай түс береді деп ойлайсыңдар?
Балалар: Ай оған күмістей түс береді.
Тәрбиеші: Ал, алтын түстес күн сәулесі ат бейнесінде қалай көрінеді?
Балалар: Ол күндей жарқырауы керек.
Тәрбиеші: Тұлпардың өмірге келуіне теңіз суы да өз үлесін қосты, ол қандай түс?
Балалар: Жарқыраған теп-тегіс тері мен көгілдір көз сыйлады.
Тәрбиеші: Ал, шетсіз дала өзінің кеңдігімен және ұшқыр желімен ат бейнесіне қандай із тастады?
Балалар: Дала оған ұшқыр шабыс пен жеңіл қозғалыс сыйлады.
Тәрбиеші: Жайылып жүрген мықты бұқалар не сыйлады?
Балалар: Бұқалар күш пен төзімділік сыйлады.
Тәрбиеші: Көк жүзінде қалықтаған және алыстағыны көрқыран тұлпармен не бөлісті?
Балалар: Сергектік, көрегендік, жылдамдық әрекетімен бөлісті.
Тәрбиеші: Қорқуды білмейтін арыстан не сыйлады?
Балалар: Батылдық және жаужүректік сыйлады.
Тәрбиеші: Ал, тұлпарға қулықты кім сыйлады?
Балалар: Қулықты сары түлкі сыйлады.
Тәрбиеші: Қазақстан табиғатының барлық күші тұлпардың ерекше болып өсіп жетілуіне көмектесті. Анықтап қараңыздар. Тұлпар арыстанның айбатын, қыранның көрегендігін, бұғының жылдамдығы мен сымбатын, түлкінің қулығы мен тапқырлығын бойына жиды.
Сіздер мұндай атты қалай атар едіңіздер?
Балалар: Аңыздағыдай, ертегідегідей.
Тәрбиеші: Ал адамдар оны қасиетті деп атады. Адамдар жай аттармен не істейді?
Балалар: Жүрді, жер жыртты, жүк тасыды.
«Жаяу тартыс» ойын өткізіледі.
Тәрбиеші: Тұлпар тек халықтың қорғаны болар еді. Мұндай қасиетті аттың иесі таңғажайып батыр болуы керек. Ол ер тоқымда отыра алу үшін қандай болу керек?
Балалар: Батыл және епті.
Тәрбиеші: Ал аты оған бағыну үшін қандай болу керек?
Балалар: Атты бағыну үшін батыр ақылды болу керек.
Тәрбиеші: Одан қорықпау үшін?
Балалар: Ол мейірімді, адал болу керек.
Осындай батыл, епті және жаужүрек атты тек қаны халқын сүйетін және оны жаудан қорғайтын қыз жүректі батыр ғана міне алады. Аңызда адал достар, батыр мен ат-тұлпар өз Отанын қорғауда бір-біріне қалай көмектескендігі туралы айтылады.
«О менің тұлпарым, тұлпарым,
Сен құлын болдың, тұлпарым,
Отанға қауіп төнгенде,
Сен бәрін қорғайсың, менің тұлпарым!»
Көйлегін жыртып батыр тұлпардың қан срғалаған аяғын байлайды. Бар күшін жиып тұлпар батырды жау арасынан алып шығады. Хан байқап қалып, өзінің нөкерлеріне батырға құып жетіңдер деп бұйырады. Тұлпар болса жерге тимей құстай ұшады. Сөйтіп адам досы батырды үлкен қатерден сақтап қалады. Келесі күні батыр үн тастап, жауыз ханды қазақ жерінен қуады.
Тәрбиеші: Сіздер тұлпарды тек қазақ халқында пайда болғанын түсіндіре аласыңдар ма?
Балалар: Себебі, оның Отаны шетсіз дала, онда тек қана ат бар жерде жүре алады. Онда жаумен күреске қажет, әрі епті, әрі күшті, әрі шапшандық бар.
Тәрбиеші: Мен бүгін біздің республикамыздың елтаңбасын әкелдім. Мүмкін өздеріңе таныс бейнені корерсіңдер. Тұлпар өз халқына адамдықты және туған ошақтың қорғаушысын бейнелейді.
(Сабақтың соңында балалар тұлпардың суретін бояйды).

Ұлттық педагогика негіздерімен балаларды оқыту арқылы оларды өз халқын сыйлауға, туған тілін құрметтеуге үйретеді. Бұл балалардың бір- бірімен қарым- қатынас кезінде өзара кішіпейілділікпен қарауды, әдеп сақтауды, сыпайы сөйлесуді қалыптастырады. Мен өзімнің күнделікті өткізіп жүрген іс-тәжірибемде көптеген ұлттық ойындарды кеңінен пайдаланамын.
Халық ойындары педагогиканың дәстүрлі құралдары болып саналады.Ол бала өмірінің табиғи серігі, көңіл күйінің бұлағы.Ұлттық ойындар – қазақ халқының ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын- сауықтардың бір түрі.Ұлттық ойындар – ата- бабаларымыздан қалған байлығымыз, асыл қазынамыз.Сондықтан ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы өте зор. Ұлттық ойындардың балабақшаға лайықтары: «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Ақ серек-Көк серек», «Айгөлек», «Ақ сандық- Көк сандық», «Арқан тартыс» т.б.
Ойынды ойнау барысында балалардың жас ерекшілігі ескеріледі. Әр түрлі ойынның өту барысында оның ережесін сақтап, яғни 3 кезеңнен тұратынын ескеруіміз керек:ойынды өткізер алдындағы дайындық жұмыс;ойынның басталуы мен ойналу барысы; ойынның аяқталуы.
Ойын ойнау негізінде бала:
ОЙЫН


тілін жаттықтырады, әр сөзді бірлесіп, нық айтуға тәрбиелейді
денесі қимылдап,бойысергиді, батыл,өжет болуға тәрбиелейді


өз халқының тарихын, жерін, даму сатысын, әдет-ғұрпын,салт-дәстүрін тануға көмектеседі

Ойынды ойнату мен үйретудің мақсаты:
ұлттық ойындар дене шынықтыру іс-әрекетінде кең қолдана отырып, балалардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қою, спорттық шеберліктерін, мүмкіндіктерін арттыру;
қазақ халқының ерлік-жауынгерлік тарихын ұрпаққа ерліктің өшпес үлгісін қалдырған батырлардың өмір өнегесімен таныстыру, өз жерін, өз елін қорғай алатын ел жанды, ұлттық намысы мол жігерлі бүлдіршіндерді тәрбиелеу;
жас ұрпақты өздігінен білім деңгейін көтеруге үйретіп өзін-өзі тәрбиелеуге дағдыландыру;
Ұлттық ойын ойнатудың негізгі мақсаты:
балалардың денсаулығын нығайту;
денені шынықтыру;
мәдениетін қалыптастыру;
өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі жетілдіру;
ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР
«Арқан тартыс»
Арқан тартыс — ұлттық ойын.Ойынды жазда көгалды алаңда, спорт залында өткізуге болады. Ойынға ұзындығы 10 метрдей жуан кендір арқан керек. Ол арқанның тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды, белгінің екі жағынан бір жарым-екі метрдей жерден тағы да жогарыдағы тәртіппен белгілейді. Ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді. Олардың саны 10—12 адам болуы мүмкін, ойыншылар бойларына қарай қатар түзеп тұрады.
Ойын басқарушының берген командасы бойынша қатар түзеп сапта түрған ойыншылар оң жақ шетінен бастап қатар санын «бір, екі, үш»... деп сол жақ шетіне дейін санап шыгады. Сөйтіп тақ жағы бір бөлек, жұп жағы бір бөлек бөлініп шығады.Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына арқандағы үш белгінің екі шеткісін дәл келтіріп керіп тұрады да, арқанның шеткі белгісінен бастап ұшына дейін ойыншылар қос қолдап ұстап тартып тұрады. Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі.

«Жаяу тартыс»

«Жаяу тартыс» ойынына қатынасушылар екі-екіден ортаға шығады да, екі басы біріктіріліп түйілген арқанды екеуі бірдей екі жағынан мойындарына іліп, екі қолтығының астынан жібереді де, екеуі екі жаққа қарай еңбектеп, күні бұрын белгіленген жерге дейін бірін-бірі тартып жеткізулері керек. Қайсысы сүйреп, жеткізсе, сол ойыншының ұтқаны болып есептеледі. Әдетте, бұл ойынға өзіне-өзі сенімді, дене күші мығым жігіттер күш сынасу үшін қатынасады.
«Асық ату»
Асық ойыны — қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны –сақа, жақсылары – оңқай аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар,тәйке,омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадамекі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі.

«Қыз қуу»
Бұл - ұлттық ат спорты ойыны. Қыз қуу жарысында атқа мінген жігіт атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп, оның бетінен сүюі керек. Бұл - жігіттің жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз жігіт пен оның атын қамшының астына алады.

«Соқыртеке»

«Соқыртеке» — ұлттық ойын. Балаларды көпшіл болуға, талғампаздыққа, іскерлікке, ептілікке, алғырлыққа және шыдамдылыққа баулиды.
Ойынға қатынасушылар жиылып, алқа-қотан тұрғаннан кейін, бір қыздың, не жігіттің көзін байлап, қолына бір метрдей жас шыбық беріп, ортаға шығарады. Ол:
Қараңғыда көзім жоқ,Тиіп кетсе сөзім жоқ.Қайда кеттің қалқа жан,Жетектейтін өзің жоқ.Қолға түскен құтылмас,Қала бермек көзім боп,
— деп таяғын өзі болжаған тықыр, дыбыс естілген жаққа қарай соза береді. Айнала трған ойнаушылар қашып жүріп:
Соқыр — соқырақ,Оң көзіңе топырақ.Топырағын алайын,Тотияйын салайынСаған бір ем табайын,
—деп келіп, «Соқыр текеге» тиіп қашып жүреді. Осылай ойнап жүргенде «соқыр текенің» қолына түскен ойнаушы ұтылады да, екеуі орын ауыстырады.
«Соқыр теке» мен оны түрткілеп қашып жүрушілердің өрісін мөлшерлеп сызып қояды.
«Алтыбақан»

Алтыбақан — қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан құру үшін 6 бақан немесе 6 сырық, үш арқан керек. Бақандарды үш-үштен бір басын буып, аралығын үш-төрт метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да жоғары жағы сырықпен жалғастырылады. Бақандардың жоғарғы ашаларына екеуі жоғарырақ, бірі төмен етіліп үш арқан тартылады. Жоғарғы екеуі отыруға немесебел  сүйеуге арналады, төменгі арқанға табан тіреледі. Қыз бен жігіт қарама-қарсы орналасып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербетіледі. Тербелушілер қосылып ән бастайды да оған тамашалаушылар қосылып, думандатып әкетеді. Бел, табан арқандарының орнына соңғы кезде жеңіл тақтайлар қолданылып жүр.
«Кім түртті?»

Жаздыгүні жастар ауылдың сыртына шығып, ойнап-күліп көңілдерін көтереді. Өз арасынан беделді біреуді ойын басқарушы етіп белгілейді. Ол келген адамдардың бәрін қатарластыра отырғызады. Сонан кейін оларды қайтадан біртіндеп тұрғыза береді. Мұнан соң басқарушы қалаған бір ойыншыны ұстайды да оның басын төмен иіп еңкейтіп, екі қолымен иығынан басып тұрады. Сонда ол төңірегін мүлде көре алмайды.
Бұл кезде ойынға қатынасушылардың бәрі жабыла барып, оны кезек-кезек түртіп қалады да, тым-тырыс тұра береді. Ал басқарушы одан: «Сені кім түртті? деп сұрайды. Егер ол бірінші болып түрткен ойыншының атын дәл атаса, түрткіден босатылады да аты аталған адам оның орнына келеді.Егер ол алғаш түрткен ойыншының атын дәл басып атай алмаса, бір ауыз өлен айтып, жазадан құтылады.
«Ақ сандық, көк сандық» 

Бұл ойын көгалды алаңда, балабақша ауласында, дене шынықтыру, спорт залдарында, мәдениет үйлерінде, мектептің кең дәліздерінде ойналады. Ойынға қатынасушылар екі ойыншыны ортаға шығарады. Ортаға шыққан екі ойыншы бір-біріне арқаларын беріп, қолдарын айқастыра ұстасып отырысады. Сол кезде ойын жүргізуші тақпақтап:
«Ертең аулым көшеді,Уық бауын шешеді,Қара қойым қашады,Құмалағын шашады...Ақ сандың, көк сандықАрқан тарт, кілем арт!»-
-дейді.Соңғы «арт» деген сөз қолдасып ұстасып отырған екі ойыншыға берілген белгі. Соңғы сөз айтылғанда қолдасып отырған екеуі тез тұрып кетуі керек. Қайсысы қарсыласын арқалап кетсе, арқадағы ойыншы қашан ұтқыр (тапқыр) жауап бергенше түспейді. Ойын жүргізуші:«Аң сандық, көк сандықАспаннан не көрдің»,— деп сұрақ қояды. Ал арқадағы ойыншы:
«Жұлдыз көрдім, ай көрдім»,
— деп жауап береді.
Одан кейін: «Жерден не көрдің?»— деген сияқты сұрақтар беріледі.
Егер ойыншы осы сұрақтарға жауап бере алмаса, онда жеңіледі. Арқалап тұрған ойыншы оны біраз сілкілеп, есін шығарады. Ойын жалғаса береді, оқушылар кезекпе-кезек ортаға шығып, ойынды жалғастырады. Соңында жеңімпаз атанған екі ойыншы күш сынасады. Жеңген ойыншы мақтау алады немесе сыйлықпен силанады. Ойын жастарды мықтылыққа, төзімділікке, жылдамдыққа, амал-айла, әдіс қолдана білуге баулиды, тілін дамытып, есте сақтау қабілетін де шыңдай түседі.
«Айгөлек»

Қазақтың ұлттық ойындарының ішіндегі халық арасында ең көп таралғандарының бірі осы «Айгөлек» ойыны. Бұл ойынды жасыл желек атқан көктемде, күн ұясына отырып шілденің аптап ыстығы қайта бастаған жазда, тіпті салқын самалды қоңыр күзде де ашық алаңдарда ойнай беруге әбден болады. Ойынға жиналған жігіттер мен қыздардың саны неғұрлым көп болса, соғұрлым қызықты өтеді. Халық арасында кең тараған бұл ойынға балалар мен жасөспірімдер, жас жігіттер мен бойжеткендер де қатыса алады. Ойын ережесі: кешке жиналғандар өзара тең екі топқа бөлінеді. Олар қаз-қатар қол ұстасып, құлаштарын керіп, арасы бір-бірінен 15-20 қадам қарама-қарсы екі сызықтың бойында тізіліп тұрады. Екі жақтың ойыншылары орталарынан бір-бір жігіттен бөліп, ойын басқаруды соларға тапсырады. Содан соң бір топтың кезек алған ойыншылары барлығы бір дауыспен өлеңдетіп:Айгөлек-ау, айгөлек,Айдың жүзі дөңгелек.Теміршіден дем шығар,Үзеңгіден тер шығарАқтерек пен көктерекБізден саған кім керек? – десе,
екінші топтың ойыншылары оларға былай жауап қайтарады:Айгөлек-ау, айгөлек,Айдың жүзі дөңгелек.Теміршіден дем шығар,Үзеңгіден тер шығарАқтерек пен көктерек Бізге мұнда Бекзат керек.Осы аты аталған ойыншы жүгірген бетімен шақырған қарсы қатардағы ойыншылардың біреуінің арасынан келіп қолдарына бұзып өтуі керек. Егер бұзып өте алмай қалса, онда қарсы жақтың қатарында қалады, ал бұзып өткен жағдайда сол екі ойыншының қайсыны ұнатқанын өз тобына алып кері кетеді. Осылайша екі топтың біреуінің ойыншылары таусылғанша ойнай береді, болмаса белгіленген уақыт аралығында қай топтың ойыншылары көп болса, сол жағы жеңіске жетті деп есептелінеді.
АҢЫЗДАР
Аңыз әңгімелер — Халық ауыз әдебиетінің жанры. Оқиғасы шындық өмірден алынғанымен, ауызша айтылып таралғандықтан, фольклорлық сапалармен толыққан көркем шығарма. Аңыз әңгімелер тарихта болған белгілі бір адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Мұндай адамдардың ел үшін еткен еңбегі, қамқорлығы, халық намысын қорғауы, сол жолда жасаған игілікті іс-әрекеттері ел аузында аңыз әңгімеге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Аңыздар- балалардың ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтеді.Оларды адамгершілікке, еңбекке,тапқырлыққа, туған өлкеге сүйіспеншілік сезімге баулу ісінде шешуші орын алады.Аңыздардың балабақшаға лайықтысы: «Алдар көсе», «Қожанасыр», туған өлкенің киелі жерлері мен жануарлары туралы аңыздар.
«Аққу туралы аңыз»

Ертеде ауылда бір ананың баласы ауырып жатады. Ауруына ем табалмай, тауіпті шақырады. Емші келіп баланың тамырын ұстап, « баланы аққудың қанатымен ұшықтау керек, әйтпесе баладан айырыласыңдар» - дейді.Әкесі қасиетті құсты аталмаймын, қалай барам деген соң, жалғыз ұлын өлімге қыймай аққуды атуға анасы кетеді. Сөйтіп, ол емін- еркін жүзіп жүрген қос аққудың біреуін атып салады. Оны көрген жылқышы « Аққуды неге атасың, арың барма? Кеудеңде жаның барда, кел бері!» деп шақырады. Сонда ана, «Кешір ата! Адам емес мен, енді жай тулақпн. Жемісіне тас аттым гәкку бақтың. Жалғыз ұлым ауырып амалсыздан, тәуіптің айтуынан аққуды аттым» - деді. Ауылына жеткен ана аққуды атқан кезде баласынан айырылғандығын тусінеді.
«Бір жұлдызды құтқару»
Теңіз жағасын жағалап  келе жатқан бір кісі бір нәрселерді жерден алып теңізге лақтырып жатқан бір баланы көреді. Жақындағанда оның толқынмен жағаға шығып қалған теңіз жұлдыздарын құтқармақ болып жатқанын байқайды. Ал көкжиекке дейін созылып жатқан жаға болса, теңіз жұлдыздарына толып-ақ қалған екен.
-Сен не істеп жатырсың?-деп сұрайды әлгі кісі.
-Бұлар ертең су қайтқанға дейін жағада қалып қойса, өліп қалады ғой,-дейді бала таңырқап.
-Бұл ақымақтық қой!,-дейді қызбаланып әлгі адам, -қарашы олар қаншама, жағада мың емес, миллионы жатыр. Бір өзің ештеңе өзгерте алмайсың, сенің осы жасап жатқан тірлігіңнің мәні бар ма?
Бала жерден келесі теңіз жұлдызын қолына алып, шамалы ойланып тұрып, былай депті:
-Менің жасаған тірлігімнің мәні мен маңызы өте зор, әсіресе …  мына бір теңіз жұлдызы үшін.
Түйін: Халық айтқандай, төбе түйірден, теңіз тамшыдан құралады. Өзгелер үшін жақсы нәрсенің бәрін бірден жасау мүмкіндігін күткен адам ештеңе жасамайды, өйткені ондай мүмкіндік сирек кездеседі.
«Сауысқан мен көкек»
Ертеде сауысқан мен кӛкек бір орманды мекендепті. Олар ұялары болмай, ағаштың бұтақтарын паналап күнелтіпті. Көкек күнде ерте тұрып  алып: «ұя керек», «ұя керек», - деп, көршілерінің мазасын кетіреді. Бір күні сауысқан көршісіне: 
    – Екеуіміз бірігіп бірік ұя істейік. Әуелі саған, содан кейін маған салармыз,  - дейді.
    Көкек: 
    – Менің ұя салатын қуатым да, құралым да жоқ. «Керек, керек» деп қақсай берсем, құстың бәрі ағайыным, көп болып көмектесіп, ұя салып берер, - деп келіспейді. 
   Сауысқан көкектің көмегін күтпей–ақ, ұя салуға кірісті. Ол ұясының қабырғаларын жас бұтақтармен  таспалап, берік етіп өрді. Оны шыммен, өсімдік тамырларымен мықтап байланыстырды.  Іші  –  тысын саз балшықтармен сылады. Кішкентай бұтақтардан құрастырып, қақпалы есік жасады. Ұяның астына мамықтан төсек төседі. Ал көкектің «керек, керек» деп қақсай  – қақсай даусы қарлығып, тілі сақау болды. Ол кейінгі жылдарда «керек» дегендегі «р»  - ды айта алмай, «керек» деудің орнына «көлек, көлек» дейді. Сондықтан жұрт оны кекетіп «көкек» деп атайтын болды. Сол көкектің күні бүгінге дейін өзімдікі деген ұясы да, үйіші де жоқ.  
Тыйым сөздер
Бала бойына салт-дәстүрлерді сіңірудің тағы бір жолы –қазақтың тыйым сөздері.Тыйым сөздердің тәрбиелік мәнін өте жоғары бағалаған ата-бабаларымыз болашақ ұрпаққа,мейірімді,инабатты,аяушылық сезімі жоғары, жаны аши білетін,тіршілік атаулыға қамқоршы бола білуге тәрбиелеу үшін пайдаланған.Қазақтың әр бір
тыйым сөздерін алып қарасақ,үлкен тәрбиелік мән-мағынасы бар.Мен оларды сабақта,ойындарда көп қолданамын.
Нанды баспа.
Суға түкірме.
Қолыңды төбеңе қойма.
Көкті жұлма.
Дастарқаннан аттама.
Тіл тигізбе анаңа.
Пышықты шалқасынан қойма.
Отты баспа,күлді шашпа.
Таңдайыңды қақпа.
Жалғыз ағашты кеспе.
Ақты жерге төкпе.
Таянбашы жағыңды
Оттан қарғып аттама.
Бейітке қарап қолыңды шошайтпа.
Үйге жүгіріп кірме.
Бас киімді теппе.
Ішегіңді тартпа.
Таңдайыңды қақпа.
Дастарқанға нанды төңкеріп қойма.
Малды теппе.
Түнде айнаға қарама.
Қолданылған әдебиеттер:
1.Нысанбаев Ә., Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, -
Алматы: Жазушы
2.НазарбаевН.Ә.«Қазақстан-2030» 3. «Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы». Қ.Р. Президентінің Жарлығы Астана, Ақорда, 2006 ж.
4. А.Құсайынов Білім және Реформа. Алматы 2006.
5. Жалпы білім беретін мектептерде патриоттық тәрбие беру.-Тәрбие құралы,20076.Ж.Әбиев, С.Бабаев, А.Құдиярова.Педагогика. - Алматы, 2004
7.Қазақ халқыныңсалт-дәстүрлері.   Авторы: Сейіт  Кенжеахметұлы. Алматы 2006ж.
8. Ф. Жұмабекова. Мектепке дейінгі педагогика, Астана. Фолиант-2008.
9. Отбасы және балабақша. Ғылыми – әдістемелік , педагогикалық журнал.
10. Мектеп даярлық. Республикалық ғылыми – әдістемелік журнал.
11.Молдагариннов А «Казахские детские игры»
Мазмұны:
Кіріспе..........................................................................
Баланың бойында адамгершілік патриоттық тәрбиені қалыптастырудың негізгі міндеттері .........................
Ілгерілмелі жоспар........................................................
Сабақ коснпектілері .....................................................
Бесікке салу...................................................................
Тұсау кесу.......................................................................
Атқа мінгізу...................................................................
Тұлпар неліктен қазақ халқының сүйікті аты?...........
Қазақ халқының ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні
Ұлттық ойындар..............................................................
Ақан тартыс.....................................................................
Жаяу тартыс.....................................................................
Асық ату...........................................................................
Қыз қуу.............................................................................
Соқыртеке........................................................................
Алтыбақан........................................................................
Кім түртті.........................................................................
Ақ сандық-көк сандық.....................................................
Айгөлек.............................................................................
Аңыз әңгімелердің тәрбиелік мәні ...............................
Аңыздар..........................................................................
Аққу туралы аңыз..........................................................
Бір жұлдызды құтқару...................................................
Сауысқан мен көкек......................................................
Тыйым сөздер……………………………………………
Қолданылған әдебиеттер...............................................