Ма?ала Ма?жан Ж?мабаев ж?не орыс поэзиясы


Мағжан Жұмабаев және орыс поэзиясы
Минап Г.
Инновациялық үлгідегі гимназиялық
сыныптары бар №39 жалпы орта білім беру мектебі, Павлодар қаласы
Ұлт әдебиет үлгілерінің өзара әсері мен бірін-бірі құнарландыруы, жанрлық формалардың дамуы мен баюы, үздік жетістіктер мен дәстүрлердің ортақ игілікке айналуы, асылында, қазіргі әдеби процестің негізгі тенденциясы екендігіне дау жоқ. Ұлтымыздың рухани дәстүрі, ділі және тілі болып табылатын қазақ әдебиеті аз уақыт ішінде аса шапшаң даму кезеңдерінен өтіп, кемелденген өнерге тән жанрлық салалардың бәрін тудырып, жетіліп, өрлеу шыңына шықты.
Дегенмен бұл шыңға жету, өріне шығу оңайға түспеді. Ширек ғасырдан аса бір бүтін ұрпақ ақ пен қара жігін ажырата алмай, айтуға бата алмай, тілі күрмелді. Қазақ зиялыларның қаймағы сылынып, білімпаз қайраткерлер шындық тұманына тұншығып кете барды. Әйтсе де шындық әлемінің шыңы көрінді. Ғылым, әдебиет, мәдениет әлемінен қуылып, атын өшірген Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы есімдері қайта жаңғырды, шығармалары қолымызға тиді, ойлау, зерттеу обьектісіне күш берді[2]. Қазіргі кезде әдеби процесті, бүгінгі әдеби құбылыстарды жан-жақты зерттеуге, әдебиеттегі жалпы азаматтық, ұлттық мүдде-мақсаттарды толық ескеріп, көркем шығармаларының қоғамдық, тәрбиелік, көркемдік мәнін терең ашып беруге мүмкіндік туды. Қазақ әдебиетіндегі жарқын жұлдыздардың бірі, поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, өзіндік үлкен өнер мен өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат етіп қалдырған ақын – Мағжан Жұмабаевтың ақталуымен байланысты әдебиет тарихына тың толқулар кірді[3].
Адамды өзіне тартатын Мағжан өлеңдерінің сиқыры – поэзиясындағы ой еркіндігі. Кез – келген өлеңін оқи отырып, осыған көз жеткізуге болады. Қазақ ақынының көп шығармаларының сарыны 19 – 20 ғасырдағы орыс ақындары А.С.Пушкин, А.Блок, Н.А.Некрасов т.б. поэзиясымен тікелей байланысты.
Тұтасымен алғанда, Мағжан өлеңдері – қазақ әдебиетінде сөз өнері жаңа, соны дүние. Мұндай абстракциялық ой – толғамдарын Мағжаннан бұрынғы поэзиядан көру қиын. М.Жұмабаев өмір жолын жақсы білетін Сайфи Құдаш бір сөзінде былай деген: «Мәскеудің жоғарғы әдебиет – көркемөнер институтында оқыды. Сол кезде профессорлардың бірі Мағжан – «Қырғыздың Пушкині» деуші еді»[4].
Ақын өлеңдерінен оқи отырып, терең ләззат аласың. Ақынның «Жел», «Толқын», «Көктем» т.б. өлеңдері К.Бальмонттың «Я вольный ветер, я вечно вею», «Я в бегстве живу неустанном, в ненасытной тревоге живу» («Ветер»), А.Блоктың «Ветер налетит, завоет снег» деген жыр жолдарын еске салады.
Мен ақынмын – жел жүйрік,
Гуілдеймін, ұшамын.
Мен – ойыншы көбелек,
Көрінген гүлді құшамын.
Бүлдірген бетің сұрланып,
Желге сенбе, жас бала!
Сыбырлар кетер ұрланып,
Шын жары оның – сар дала...
Мен – ақынмын, жырлаймын,
Жүрекке жүйрік жел кірсе,
Мен – ақынмын, жылаймын,
Жүрекке ауыр шер кірсе[1].
Қарап отырсақ, ерікті, ерке желдей басталған ой, ақындық асқақ көңілдің шерімен барып бітеді. Былай қарағанда желдей ескен көңіл шексіз, шетсіз бай сияқты көрінгенмен, оның да іркілер жері бар. Ақын көңілі жай, саябыр, егер жылы жел лебі тисе, ал шер тисе ақын жаралы. Ақын туған табиғатымен, жаралған жерімен бірге, оның күйі соққан жел, жарық күннің жаңғырығындай. Сонан да ол «Шын жары оның – сар дала» дейді.
Ақын өлеңдерінде «Күн» сөзін жиі қолданады. Күнді аса бір ілтипатпен атап, тәнтті көңіл білдіреді: «Күн алтын жан – жағына сәуле шашты», «Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем», «Күннен туған баламын», «Алтын Күн шығып келді». Осы әр өлеңдерінен алынған жолдар Күнге деген табыну шын жүректен айтылғанына көзімізді жеткізеді.
Күн деген сөзге байланысты айтылатын тағы бір жай осы атаудың К.Бальмонт шығармаларында жиі ұшырайтыны. Сол тұстағы (1915-1925) орыс ақындарын жақсы білген Мағжанға олардың әсері болуы мүмкін. Мәселен, күн туралы К.Бальмонт : «Я, в этот мир пришел, чтобы видеть солнце, а если день погас, я буду петь.. я буду петь о солнце в предсмертный час», - дейді. К.Бальмонт өлім жайында көп айтқан. Мысалы: «Любовь и смерть, блаженство и печаль во мне живут красивым сочитаньем », «Хотел убить змею печали» [8] дейді. Мағжанда: «Қалың ой – қара жылан жүректі еміп» деген өлең жолдары кездеседі.
Ал Мағжан Жұмаевтың «Сен сұлу» өлеңінен сонау Пушкин, Абайлардан тарайтын, биік адамгершілігімен баурайтын қымбат, асыл сезімді жолдардың жалғасын танимыз. Пушкин «Я вас любил так искренно, так нежно, Так дай вам бог любимой быть другим» деп ізгілік шыңына шықса, Мағжан дүниеде не сұлудан сүйгенін сұлу көру – махаббат сезімінің ізгі жүректен туатынын жырлады. Немесе орыстың ұлы ақыны Н.А.Некрасовтың «Коробейники» өлеңінде екі жас кездескен түні көк бидай егісі жапырылып қалады. Соны ақын өлеңге қосып: «Көк бидай, сен бойыңды жаз, жастар құпиясын шашпа», - дейді. Орыс поэзиясы бұл өлеңді «ұшқалақтық» ләззатты дәріптедің демейді. Мағжанда да осыған ұқсас «Күміс нұрлы ай» аталатын өлеңі бар:
Ыстық құшақ, отты сүйіс, балды тіл...
Бірдеңе деп күбірлейді жібек жел.
Бұл – жастық қой, жасыра гөр, жібегім,
Айтып қойсаң, амал қанша... өзің біл!
дейді[6].
XIX ғасырдағы орыс поэзиясындағы «Қысқы жол» өлеңінің сарыны М.Жұмабаевтың арқасында қазақ поэзиясынан да орын алды. Бұл өлең 1914 жылы жазылған мұндағы «екі иенінен дем алып», «ішін тартып», «жер бауырлап жаяулап», «аузы – басы жыбырлап», «жерді жапқан кебінді сүйіп» деген тіркестер қыс, аяз туралы өлеңге қаншама сыр беріп тұрғаны түсінікті.
Қараңғы түн, сар дала,
Көрінбейді айнала.
Боран соғып тұр борап,
Жолды басқан құр сорап.
Астымдағы жануар
Құлағын қайшыландырып,
Зорға борт – борт желеді[7].
Табиғат құблыстарының жұмбақ суреті оқушыны ерекше құпия күйге бөлейді. Өлеңнің соңғы жолдарында лирикалық кейіпкердің боранмен арпалысқа түсіп, енді не істерін білмей өлімге мойынсұнғанын білдіреді:
Сар далада адасып,
Суық кебін жамылып,
Қаларын кім біледі?
Орыс әдебиетіндегі «Қысқы жолдың» сарыны А.С.Пушкин лирикасында жырланады. А.С.Пушкиннің қысқы жолының суреті романтикалық сезімге және өмір пафосына толы[9]. Ал қазақ ақынының анологиялық суреті өмірдің өліммен аяқталатыны жайлы ойды ұялатады және барлық жайттардың соңы бір тығырыққа келіп тіреледі:
Барады үдеп бұл боран,
Жанымда жоқ тірі жан.
Тоңазыды денем де,
Адаспай дұрыс келем бе?
Қорқып жүрек ойнайды,
Көз алдыма елестеп,
Әлденелер келеді[10].
М.Жұмабаев қысқы табиғат көрнісіне өзінің сезім дүниесін қоса жырлайды. Өлеңдегі лирикалық қаһарманның сезімі, оның бай қиялы тоғыса келіп, жанды, тірі сурет жасап тұр.
М.Жұмабаевтың табиғат туралы жазған өлеңдерінің ішінде «Жазғытұрым» өлеңін ерекше атап өту керек (А.С.Пушкиннің «Зимноее утро» өлеңімен салыстырсақ). Мағжан өлеңінің идеялық мазмұны мен жалпы эмоциялық тоны Пушкин өлеңімен ұқсастығы бар.
«Болды, міне, дәл алты ай,
Жаттың ұйықтап, еркетай.
Ұйқың қанды, тұр, қозым,
Аш көзіңді, жұлдызым»
Деп маңдайдан ақырын
Жұмсақ жылы сәулемен
Сипап жерді Күн күлер[10].
Бұл – ақындық сұхбат, тұрмыс, өмір қуанышына толы сезімге бөленген адам болмысын көрсетеді. Ақынның қолданған аллегориялық тілі, символдары лирикалық қаһарманның ой – сезімін күшейтеді.
Сонымен, М.Жұмабаев пен орыс поэзиясындағы байланысты өзімізше ашып көрсеттік. Пушкин, Бальмонт және Блок өлеңдерімен эмоциялық тоны, сарынының ұйқастығына жоғарыдағы мысалдар дәлел. Мағжан туындылары қаншама жылдар бойы шаң басып, қараусыз жатқанына қарамастан, ақын туындыларын зерттеу қолға алынғаннан бері кең ауқымда зерттеліп, зерделенді. Байрон сөзімен айтқанда: «Кончил жизни путь герой, теперь начинаеться путь его славы» дегенге саяды.

Пайдаланған әдебиеттер
Жұмабаев М. «Сүй, жан сәулем» – Алматы «Атамұра», 2002.
Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті – Алматы «Білім», 2003.
Елеукенов Ш.Р. Әдебиет және ұлт тағдыры – Алматы «Жалын», 1997.
Бес Арыс (естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалары) Алматы «Жалын», 1992.
Қабдолов З. Сөз өнері – Алматы «Мектеп», 1974.
Майтанов Б. Мағжан Жұмабаевтың поэтикасы – Алматы, 2001.
Жұмабаев М. Шығармалар/3 томдық.Т.1 – Алматы «Білім», 1995.
Локшина Б.С. Поэзия А. Блока и С. Есенина – Ленинград, 1978.
Орыс Совет поэзиясының антологиясы – Алматы «Жазушы», 1980.
Елеукенов Ш.Р. Мағжан Жұмабаев – Алматы, 1990.