?ке к?рген о? жонар, ана к?рген тон пішер
Тақырыбы: «Әке көрген оқ жонар,
Ана көрген тон пішер»
Мақсаты: Отбасындағы әке мен ер азаматтың ролінің мәнін ұғындыру, әрбір тұлғаны тәрбиелеу туралы ой - пікірлермен бөлісу.
Әдісі: ой қозғау, пікірталасБарысы:
«Ана – сая болар бағың болса,
Әке - асқар тауың» - дей отырып, сіздерге арналған: «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» атты сынып сағатымыз ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.
«Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз.Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» дейді халқымыз, бүгінгі сынып сағатымызда отбасы туралы ой қозғалады. Сабағымызды бастамастан бұрын топқа бөлінейік. Шарды жару арқылы топқа бөлініп, орнымызға орналасайық. Топ мүшелері көріністі көңіл бөліңдер, тапсырма осы көрініске қатысты болады.
Нұржан: Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез – құлқы, өзгелермен қарым – қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл – береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. «Әке – асқар тау», «Әке – балаға сыншы» дейді халқымыз. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Қазақ халқында «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға, баланың қандай болмағына негіз қалайтын да әкенің өзі дей отырып, көрініске назар аударайық.
1. Көрініс.
Ертеде бір үлкен қарт қатты сырқаттанып жатса, жалғыз ұлы келіп:- Әке, мен сені айшылық жерде аты шыққан тәуіпке апарып емдетемін, - депті. Сөйтіп әкесін арқасына салып, жолға шығыпты. Олар ұзақ жүріпті, қас қарайған кезде алдан қарауытқан сұлбаны көрсетіп, әкесі:
- «Балам анау не? – деп сұрапты.
- «Ол – түйе» - деп жауап беріпті. Сәлден кейін әкесі әлгі жауабын қайталапты. Әке осы сауалын үшінші рет қайталап сұрағанда баласы:
- «Ол – түйе, түйе» Өзім шаршап келе жатқанда, неге сұрай бересің? - деп ренжіпті.
Сонда әкесі:
- «Балам, кішкене кезіңде мен ауыр тірліктен шаршап келіп отырсам да, сенің «Анау не, мынау не?» деп күніне жүз рет сұрайтын сұрағыңа беті қайтпасын, жігері жасымасын деп үнемі жауап беретінмін. Бұл аурудан емделейін деген ойым жоқ еді, тек бетіңді қайтармайын деп көнгенмін, енді сенен сөз естігенше, үйіме барып, ажалға мойын ұсынғаным артық» депті.(Көріністен қандай ой түйгендері сұралады?)
1. Әке баласына неге ренжіді?
2. Баланың орнында сіз болсаң әкеңе қалай жауап берер едіңіз?
Рысбек: Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір – шапағат көзі – әке. Әкенің бұл ролі бала – шағаның әкеге, анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас - қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая биіктей береді. Әрине, ер азамат өзінің әкелік борышын ұмытпағанда, әсіресе әйелімен қабағы жарасып, тату, сүйіспеншілікте тұрғанда, оған деген көзқарасында халқымыздың ізгі дәстүрін, өнегелі өміршең салтын, діни жол – жосығымызды ескергенде ғана оның қадір - қасиеті, бүкіл отбасын, ауылды ағайын - туысты топтастырушылық мәртебесі арта түспек. Келесі көріністі тамашалайық.
2. Көрініс.
Әкесі жұмыстан келе сала «Жұмыс дегенің құрып кетсін! Жатып алып демалғанға жететін не бар екен, шыбын жанның рахатын іздеу керек, жұмысты тек ақымақтар ғана істесін» деп өзінен - өзі ызаланады. Осыны естіген 5 - сыныпта оқитын баласы да «Сабақ күннен - күнге қиындап барады, басты ауыртып керегі не, бәрібір түсінбеймін» деген сөзді жиі айтып, оқуға салқын қарай бастайды.
1. Әкеден қандай тәрбие күтуге болады?
2. Бұл отбасындағы баланың тәрбиесі қандай болмақ?
Байлы: Отбасы - адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы - адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата - ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе»,- деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?Келесі көріністі тамашалайық.
IV. Сергіту сәті.
Жүргізуші:
-Балалар, үйдің алтын қазығы кім?
-Бала.
-Үйдің алтын қазығы-ана. Ана-ақылшың, әке- қамқоршың, аға – қорғаның, інің- сүйенішің, қарындасың- қанатың.
-Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?
- Мейірімді әке.
- Әрине әкенің орны бөлек. Ашты тоқ, жоқты бар ететін– ана.
-Өмір сүру үшін не қажет?
- Алтын, ақша, мал, дүниет.б.
- Өмір сүру үшін су, от, тұз, қыз, ақыл. Су тіршіліктің нәрін келтірсе, от өмірге жалын береді, тұз астың дәмін келтіреді, қыз өмірдің сәнін, ақыл өмірдің мәнін келтіреді.
- Өмірде не жетім?
-Ата-анасыз бала жетім.Халыққа сенімсіз болса,хан жетім. Ақылсыз ханы болса, ел жетім. Сусыз құдық жетім, досы жоқ жігіт жетім. Шәкіртсіз ұстаз жетім. Қызы жетесіз болса, ана жетім, Ата-ана ақылы жерде қалса, бәрінен де сол жетім.VI. Қызықты сұрақтар.
1. Балаңыздың туған күні?
2. Сынып жетекшісінің толық аты – жөні
3. Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?
4. Балаңыздың парталас көршісі кім?
5. Балаңыздың сүйікті асы қандай?
6. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
7. Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
8. Балаңыз 1 - сыныпқа қай жылы барды?
9. Балаңызды еркелетіп қандай сөз айтасыз?
10. Балаңыз сізді ренжіткенде, ең алдымен, қандай сөз аузыңызға түседі?
VII. Қорытынды.
Ата - анаға көз қуаныш,
Алдына алған еркесі.
Көңіліне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой - өлкесі,- деп Абай атамыз айтқандай ата- ананың қуанышы, гүлденген үміт арманы тек перзент сүю, оны тәрбиелеу екендігін айтқысы келген екен. Ендеше, ата - аналар қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер олардың ең басты үлгі болар бейнесі екенімізді ұмытпайық. «Әкеге қарап ұл туар» демекші, жақсы мінездер мен асыл қасиеттерді ардақтай білейік, атымызға сіңіріп, бойымызға дарыта білейік.
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, бүгінгі сынып сағатына қатысып, пікір алмасып, көзқараспен бөлісіп, сұрақтарға жауап беріп атсалысқан-дарыңызға көп - көп рахмет. Қош сау болыңыздар