Доклад К?ПТІЛДІЛІК – Б?ГІНГІ ЗАМАН ТАЛАБЫ


КӨПТІЛДІЛІК – БҮГІНГІ ЗАМАН ТАЛАБЫ
«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің талабы. Тілдің адам өміріндегі ең шешуші рөл атқаратыны әркімге де түсінікті. Ол танудың, түсінудің, дамудың құралы. Ал көп тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының шет елдермен халықаралық байланыстары күннен-күнге арта түсуде. Сол байланыстарды дамыту үшін көп тіл білетін жас ұрпақ тәрбиелеу қажет-ақ.
Ендеше көптілділік – бүгінгі заман талабы. Бір халықтың мәдениетін басқаларымен салыстыру арқылы ғана, әлем суретін әр қилы әрі тұтас көруге мүмкіндік беретін ұлттық мәдениеттің күллі ерекшеліктерін, барша құндылықтарын сезінуге болар еді. Турасын айтсақ, екінші бір тілде сөйлеу өзге тілді пайдалану ғана емес, басқа ұлттық мәдениеттің, психологияның аясына сыналап енуді де аңғартады. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандықтардың жаңа ұрпағы ең кемі үштілді болуы, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруі тиіс. Еуропада көптілділік қалыпты нормаға айналған, біз де осы қатардан міндетті түрде табылуға тиіспіз. Ағылшын тілін кең тұрғыда білмей, ұлттың нағыз бәсекеге қабілеттілігі туралы айту қиын», - деген-ді. [3, 3]
 Елбасымыз: «Мектеп жасына дейінгі білім беру деңгейінде үш тілді оқытуды жаппай енгізуді қамтамасыз ету қажет. Осылайша біз тілдерді меңгерудің қисынды жүйесін қалыптастыра аламыз: әліпбиі – балабақша деңгейінде, мектепте – базалық деңгей, университет пен колледжде – мамандық бойынша кәсіби тіл», - деп, көптілді білім беруді дамытуға басымдық танытып отыр. Сондай-ақ, Қазақстан халқына Жолдауындағы білім беру жүйесінде үш тілдің – мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін, ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілін және әлемдік экономикаға үйлесімді кірігу тілі ретінде ағылшын тілін меңгерген, бәсекеге қабілетті маман даярлау міндетін атап көрсеткенін білеміз. Бұл дегеніміз оқу орындарына жаңа міндеттер, жаңа талап, жаңа мақсаттар қойып отыр дегенді түсіндіреді. Елбасы қойып отырған міндеттің негізгі мақсаты – өмірден өз орнын таңдай алатын өзара қарым – қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көптілді және көпмәдениетті құзіреттіліктерді игерген полимәдениетті жеке тұлға қалыптастыру.
Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі білім беру жүйесін, білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап бағалайтын болды. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды, іскерлікке қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам қарқынмен өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер - бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндеттер ауыр» деген болатын. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық - психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Бұл заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқытудың озық технологиялары мен инновациялық әдістерді сабақ үрдісінде тиімді пайдалана алатын білігі мен білімі жоғары ұлағатты ұстаз болу керек деген сөз. [5, 3]
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8 - бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» - деп атап көрсеткендей, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі - оқытудың әдіс - тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру. Ал білім беру жүйесінің алдындағы жаңа міндеттердің бірі инновациялық педагогикалық оқыту технологияларын пайдаланып білім сапасын арттыру. [2, 8]
Қазіргі кездегі жаңа білім саласына қойылатын талап инновациялық технологиялар мен әдістемелерді көптеп қолдану болып табылады. Сонымен қатар дәстүрлі оқыту әдісіне қарағанда инновациялық технология арқылы білім беру оқушының пәнге деген қызығушылығын, ізденісін арттырады. Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру десек, оқытушылар осы талапқа сай оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістемелерінің мән-мағынасын түсініп, өз тәжірибелерінде қолдана білудің маңызы зор.
Инновациялық технология - алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін қамтамасыз ететін оқудың әдіс-құрал және түрлерінің жүйесі арқылы оқыту мазмұнын жүзеге асыру жолы болып табылады. Инновациялық технологияда мазмұн, әдіс және құралдардың өзара байланысы десек, ал аталған озық әдістемені қажетінше педагогикалық міндетке сәйкес іріктей білу оқытушының педагогикалық шеберлігіне байланысты. Оқушылардың ағылшын тілі пәніне деген қызығушылығын арттыруда көп ізденіп, жаңа ақпараттық технологияларды меңгеруді, әр - түрлі әдіс-тәсілдерді білуді қажет деп санаймын және мен өз сабақтарымда қолданамын. Жаңа технологиялар мен интерактивті әдістерді, ақпараттық құралдарды ағылшын тілі сабағында қолданғанда күтілетін нәтижелер:
• үлгерімі төмен оқушыларға көмектеседі;
• оқушыларың сабаққа деген қызығушылығын арттырады;
• сабақта пайдаланылатын көрнекіліктердің санын арттырады;
• оқушылардың шығармашылығын арттырады;
• оқушыларды жеке жұмыс істеуге үйретеді;
• грамматикалық құрылымдарды оңай түсінуге көмектеседі;
• оқушылардың есте сақтау, есту, көру, сөйлеу, ойлау қабілеттерін дамытады;
• пікірталас, талдау, анализ жасау мүмкіндіктерін арттырады;
Көбіне мен ағылшын тілі пәнінде интерактивті әдістерді және түрлі ақпараттық технологияларды жаңа сабақ түсіндіргенде, грамматикалық құрылымдарды өткенде және қорытынды сабақта қолданамын. Бұл әдістер бойынша сабақ барысында оқушылар көп сөйлеп, оқытушылар аз сөйлеуге тиісті болады. Оқытудың басқа әдістеріне қарағанда, интерактивтік әдіс оқытушының жоғары белсенділік танытуын талап ететін әдіс. Сабақ кезінде оқытушының көбінесе тыңдаушы рөлін атқаруы оның процестен шет қалуы болып саналмайды. Сабақтың жоспары оқушылар өзара талқылау барысында нені ұғынуы керектігін көрсетеді, яғни, оқытушы оқушылардың іс-әрекетін алға қойған мақсатқа жетуге бағыттайтын басқарушының міндетін атқарады.
Инновациялық технологияны пайдалана отырып оқушыларға көптілді оқытудың әртүрлі деңгейлеріне сәйкес оқытудың жаңа технологияларын, ақпараттық және компьютерлік жүйелер арқылы ізденіс жұмыстарын жандандыра түсудің барлық мүмкіндіктері жасалған. Ағылшын тілін оқытуда лингафондық құрал-жабдықтар, аудио, видео кешені – оқушылардың ауызша және жазбаша аударудағы білімін жетілдіру, сөздік қорын қосымша жаңа сөздермен байыту, толықтыру, ой-өрісін дамыту мақсатында қолданылады.
Сондай-ақ оқыту процесінде мультимедия бағдарламасының көмегімен, ғаламтордан алынған әлемдік жағдайлар, педагогикалық технологиялардың түрлі әдіс – тәсілдері, комуникативтік бағыттағы оқыту элементтері кең қолданылады. Техникалық құралдарды пайдаланудың ең тиімді жағы уақытты ұтасың, дәл, тиянақты оқу-материалдарын алдын-ала дайындап, оқушыға беріп отырсаң өзінен-өзі жасауға тырысады, қызығады, жасамай,үлгермей отырған оқушы болмайды, себебі оның алдында бәрі дайын тұр. Сонымен қатар мұғалім қазіргі мектептегі ақпараттық құралдарды жетік меңгеру, Power Point, Active Studio бағдарламаларымен жұмыс істеп қана қоймай үнемі интернет жүйесіндегі жаңалықтар мен өзгерістерді өзінің кәсіби шеберлігіне қолдана білу, білім кеңістігін кеңейту, ашу бағытындағы өзгерістер мен әлемдік білім беру кеңістігіне кіруге талпыну керек.
Ағылшын тілін үйрету қиын да, қызықты жұмыс. Мектептерде жаңа технологиялар арқылы оқыту шет тілін үйренудің сапасы мен маңызын арттырады. Ағылшын тілін оқыту процесінде тілді дұрыс үйрету ауызша сөйлеу, сауатты жазу, мәнерлеп оқыту өте маңызды. Қазіргі кезеңде мектептерде ағылшын тілін оқыту дұрыс жолға қойылған. Оқушылардың ағылшын тілін біліп ғана қоймай, оның тарихын, ұлттық мәдениетін білуге көп көңіл бөлінеді. Ағылшын тілін оқытудағы білімділік мақсаты –ағылшын тілінде сөйлеуді үйрету, байланыста бола алу мен ортақ тіл табысып, қарым - қатынасты нығайтуға ұмтылу болса, тәрбиелік мақсаты - өзге адамдарды тыңдау мәдениетін қалыптастыру негізінде өз пікірін айта алу және қорғауға үйрету.
Білім беру жүйесінің алдындағы жаңа міндеттердің бірі инновациялық педагогикалық оқыту технологияларын пайдаланып білім сапасын арттыру екенін жоғарыда атап айттық. Ал ағылшын тілін ақпараттық технологиялар жүйесімен оқытудың ерекшелігі: оқу материалдарының ақпараттық-коммуникативтік технологиялар арқылы оқушылардың оқу іс-әрекетін мұғалімнің көмегімен немесе компьютер арқылы меңгерілуі. Жеке тұлғалардың қалыптасуын қамтамасыз ететін деңгейлеп, саралап оқыту, жобалап оқыту, коммуникативті оқыту, ақпаратты-коммуникациялы оқытудың негізгі-қағидалары балаға өз бетімен ықпал ету, өзіндік пікірлерін анық жүйелі жеткізе алатын жеке тұлға қалыптастыру, оқушылардың, танымдық, шығармашылық қабілетін дамыту болып табылады.
Қорыта айтатын болсақ, көптілді білім беру бағдарламасы аясында тәжірибе жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейтуге, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.
  Әдебиеттер:
1. Қ.Р «Тілдер туралы» Заңы
2. Қ.Р «Білім туралы» Заңы
3. Мектептегі шет тілі. Республикалық әдістемелік-педагогикалық журнал. №4 (22), 2006
4. Мектептегі шет тілі. Республикалық әдістемелік-педагогикалық журнал. №2(44), 2010
5. Қадашева Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі, Алматы 2008
6. ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.