Баяндама Жа?анды? бастама презентация


Тақырыбы:Бейбітшілік жолындағы Н.Назарбаевтың жаһандық бастамалары ҚазАқпарат  - Өтіп бара жатқан Қой жылындағы әлемдік экономикада қылаң берген дағдарыс көріністеріне, халықаралық проблемадағы өзекті мәселелерге, тұрақсыздық нүктелерінің кеңейе түсуіне қатысты. Қазақстан ұсынған бейбітшілік пен қауіпсіздік тұрғысындағы бастамалар әлем назарын өзіне аударғаны белгілі. Иә, есте болса, бұл жылы Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әлемдік деңгейдегі арағайындық қабілетін тағы бір танытып қана қоймай,  жаһандық бітімшергілікте де ойып тұрып орын алатындығын дәлелдеген еді. Орыс пен украин арасындағы текетірестің жігін жатқызуға барын салды, елорда төрінде әлемдік және  дәстүрлі дін көшбасшыларының басын қосып, ортақ ымыраға ұйытқы болды. Мұнан бөлек, қыркүйек айында БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясына қатысып, әлі күнге дейін әлем жұртшылығының егжей-тегжейлі талқылуына түскен өзекті жайттың ұшығын шығарар ұтымды ойлар айтты. Қазақ елінің, қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, ұлы мінберден қазақ тілінде баяндама жасады. Кәрі құрлықта да болды. Тағы да қазақ тілінің мәртебесін көтерді, ЮНЕСКО-ның  бас ассамблеясының бас мінберінен үн қатты. Мұның барлығы да елдің, ерін сүйер елдің ертеңі үшін жасалған нақты қадамдар еді.   Н.Назарбаевтың украиндық дағдарысты еңсерудегі үлесі. Есте болса, таяуда ғана ресми БАҚ-та Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Онжановтың «Елбасының сенімді бағыты» атты мақаласы жарық көрген еді. Онда ол өткен жылдың соңы мен 2015 жылдың басындағы Қазақстан Президентінің Ресейдің, Украинаның, Францияның, ГФР мен АҚШ-тың лидерлерімен кездесулері және келіссөздері «норманд төрттігі» елдері басшыларының кездесулерін ұйымдастыруға бағытталғанын атап өткен еді. Өткен жылдың желтоқсан айында Астанада өткен Франция Президенті Француа Олландпен арадағы келіссөздер барысында Елбасы Н.Назарбаев жоғары деңгейдегі ресейлік-француздық ымыраға себеп болған болатын. «Келіссөздер барысында өңірлік мәселелер, Таяу Шығыс жағдайлары, Ресей мен Еуропа арасында санкциялар аясындағы халықаралық тақырыптар бойынша мазмұнды пікір алмасулар өрбіді. Украина мәселесі де талқыланды. Франция тарапы біздің ынтымақтастығымыз бойынша бірқатар өзекті мәселелерге қолдау білдірді. Еуропалық Одақ мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы диалог орнату мүмкіндіктері де қаралды. Сонымен қатар біз Украина дағдарысын реттеу қадамдарын да салыстырдық», - деп атап өткен еді Н.Назарбаев француздық әріптесімен арадағы келіссөздерден кейін. Қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев Берлинде болып, ГФР-дің Феде-ралдық канцлері А.Меркельмен дағдарысты реттеудің кезек күттірмейтін шараларын талқылады. Донбастағы қантөгісті тоқтату және дау-жанжалды бейбіт реттеу жөніндегі аса маңызды уағдаластықтармен аяқталған үстіміздегі жылдың 12 ақпанындағы «норманд төрттігінің» тарихи Минск кездесуі жалпы күш-жігерлердің нәтижесіне айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік күш-жігері Қазақстанның халықаралық беделін нығайта отырып, шетелдер лидерлері мен әлемдік қоғамдастықтың жоғары бағалауына ие болды. Елорда төріндегі 5-ші әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен маусым айының 10-11 күндері елорда төрінде 5-ші Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өткен болатын. Халықаралық деңгейдегі бұл шараға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания Королі ІІ Абдалла, БҰҰ өркениеттері альянсының өкілі Н.әл-Насер, Минск және Заславск митрополиті, Бүкіл Беларусь Экзарх Патриархы Павел, ЕҚЫҰ бас директоры Л.Заньер, Бэдфорд епископы, Ағылшын шіркеуінің өкілі Р.Аткинсон, «Джинджя Хонче» Сионистік храмдар қауымдастығының басқарушы директоры Т.Тераи, ИСЕСКО бас директоры А.ат-Туэйджри, Дүниежүзілік лютеран федерациясының президенті  М.Юнан қатысып,  сөз сөйлеген болатын. Н.Назарбаев форум мінберінен діндер мен мәдениеттердің өзара қарым-қатынастары мәселесін Жер шарындағы бейбітшілік пен тұрақтылық мүдделері тұрғысынан талқылау біздің форумның айрықша ерекшелігі болып табылатындығын баса айтты. Елбасы өз сөзінде ең біріншіден   жаһандық қауіпсіздік режімінің күрт әлсіреуі орын алғандығын атап өтті. Екіншіден, әлемде әскери және ішкі дау-дамайлар қауырт өсе түскендігін, Украинаның шығысындағы жанжал еуропалық және жаһандық қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай төмендеткендігін баса айтты. «Үшіншіден, халықаралық терроризм қатері «ислам мемлекеті» деп аталатын іс-қимылдар пішінін қабылдады. Өздеріне қаратып алудың жаһандық желісін пайдалану арқылы әлемнің түрлі елдеріндегі жастар оның қатарына тартылуда. Жалған діни үндеулермен бүркемелене отырып, содырлар өзге діндер өкілдерін, журналистер мен еріктілерді жаппай өлім құштырудың жан түршігерлік актілерін жүзеге асыруда. Біз сіздермен бірігіп, мұндай көзқарасқа және діннің осындай қаскүнемдіктеріне қарсы ортақ пікірімізді білдіруіміз керек. Олар Ирак пен Сириядағы сан ғасырлық мәдени мұраларды қасақана қиратуда. Мұның бәрін ізгі ниеттілікке және адамгершілікке қарсы актілер демеске лаж жоқ», - деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті төртіншіден, қазіргі заманғы әлемде аш және жоқ-жітік адамдар азаймай отырғандығын бүгінде, БҰҰ мәліметтері бойынша, 700 миллион бала мен жасөспірім кедейшілік жағдайында өмір сүріп жатқанын баса айтты. «Тағы 150 миллионы  тастанды балалар. Мектептердің болмауынан 100 миллион баланың білім алуға мүмкіндіктері жоқ. 10 миллионы дәрі-дәрмек пен медикаменттер жетімсіздігінен зардап  шегуде. Әлеуметтік қолайсыздықтың, ал одан кейін қылмыстың, әлеуметтік дүрдараздықтың, терроризм мен экстремизмнің бастапқы ортасы да міне, осы», - деді Елбасы. Бесіншіден,  Н.Назарбаев рухани-өнегелілік құндылықтарды көмескілендірудің жаһандық проблемаларын көрмеу де мүмкін еместігін айтып, БАҚ-тар мен Интернет-желілер арқылы балағат сөздер, адамдардың рухани бастауларын қорлау, қылмыстық көргенсіздік пен бетімен кетушілік, «жаппай мәдениет» деп аталатынның жексұрын үлгілері кеңінен таратылып жатқандығына назар аударты. Осы ретте Қазақстан Көшбасшысы Әлемдік және дәстүрлі діндердің V съезіне қорытынды декларация қабылдауға тура келетіндігін айтып, оған бүкіл әлем бойынша миллиардтаған адамдардың мұң-мұқтаждары мен үміттерін бейнелейтін бірқатар үндеулер қосуды ұсынатындығын ашық айтты. Бірінші. Барлық әскери жанжалдарды тоқтату және бітім жариялау. Барлық қарсы тұрушы тараптар келіссөздер үстеліне отырып, зорлық-зомбылықты тоқтату, бейбіт азаматтарды қорғау, бүкіл қарама-қайшылықтарды бейбіт жолмен шешу жөнінде келісімдер қалыптастыруы тиіс. Екінші. Кез келген елде және мемлекетаралық қарым-қатынастарда кез келген саяси қарама-қайшылықтарды шешудің күш қолдану тәсілдері батыл түрде теріске шығарылуы керек. Үшінші. Бүкіл жетекші державалардың саяси лидерлерін қазіргі заманғы әлемдегі сенімсіздік шыңырауының ұлғая түсуін тоқтатуға шақыру маңызды. Салдарынан «үшінші әлем» мен қарапайым адамдар ауырырақ зардап шегетін өзара санкцияларды тоқтату қажет. Әлемді ХХІ ғасырда «қырғи-қабақ соғыс» уақытының стереотиптерін, әсіресе, блоктық ойлауды қайта жаңғырту қаупінен сақтандырудың маңызы зор. Бүгінде қарама-қайшылықтарды реттеу, соғыстар мен дау-жанжалдарды тоқтату үшін БҰҰ мен қауіпсіздіктің өзге де халықаралық құрылымдарының мүмкін деген барлық тетіктерін пайдалану керек. Төртінші. Барлық адамдарды саналылыққа және Интернетті қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарын адамдар арасындағы дінаралық араздықтарды тұтандыру үшін пайдалану тәжірибесін тоқтатуға шақыру қажет. Бұл тұрғыда БАҚ-тардың қожайындары мен баспагерлерінің, өздерін «төртінші билік» деп атайтындардың бәрінің моральдық жауапкершілігін арттыру керек. Бесінші. Мемлекеттер мен қоғамдарға кедейшілік, аштық, эпидемия, жұмыссыздық, табиғи зұлматтар мен техногендік апаттар проблемаларын шешу үшін күш-жігерді біріктіру өмірлік тұрғыда қажет. Осының бәрі қауіпсіз және үйлесімді әлемнің жаңа архитектурасының бөлігіне айналуы тиіс», - деп түйіндеді сөзін ҚР Президенті. БҰҰ бас мінберіндегі Н.Назарбаев бастамалары Дүниежүзі көшбасшылары бас қосқан айтулы жиын барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Экономикалық және Әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму Кеңесіне айналдыруды, Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудан соң 70 жыл өткенде ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге, 2016 жылы БҰҰ-ның халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыруды, БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды, «ЭКСПО-2017» көрмесі инфрақұрылымы негізінде Астанадан БҰҰ қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуды, БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынды.   ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясы Конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде ЮНЕСКО-ның алатын орны айрықша екенін атап өтті. «Қазақстан негізгі басымдығы Біріккен Ұлттар ұйымының орнықты даму мақсатының маңызды бағыты болып саналатын ЮНЕСКО-ның қызметін толық қолдайды»,  деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті өзі осы мінберден 20 жыл бұрын баяндаған мақсат-міндеттердің бәріне, сондай-ақ БҰҰ Мыңжылдық даму мақсаттарына  біздің ел қол жеткізгенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық, мәдениетаралық, дінаралық негізде өркениеттердің күйреуі мен қақтығысы ушығып кеткеніне арнайы тоқталды. «Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші  сессиясында өткен дебаттар әлем дамуының жаңа парадигмасын әзірлеу қажеттігін дәлелдеп берді. Қазақстанның халықаралық бастамалары осы маңызды міндетті орындауға бағытталған. Біз «Жаһандық Стратегиялық Бастама  2045» жоспарын ұсынамыз. Оның мәнісі   соғыстар мен қақтығыстардың түпкі себептеріне жол бермейтін бүкіләлемдік даму стратегиясын жасау», - деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бес съезін өткізгеніне, онда түрлі конфессиялардың өкілдері бейбітшілік пен келісімге, зорлық-зомбылық қолданбауға шақыратынына назар аударды. Елбасы Француз монахы Гильом Рубрук 13-ғасырдың ортасында христиан, будда, манихей және мұсылман қауымы тату тіршілік кешкен қазақтың көне Қойлық қаласында болғанын еске салды. «Былтыр Қазақстан, Қытай және Қырғызстанның бастамасымен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралары тізіміне Ұлы Жібек жолында орналасқан сегіз археологиялық нысан енгізілді. Бұл тізімде толеранттылықтың, діни төзімділік пен достықтың символы  Қойлық қаласы да бар. Еліміз таяуда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Біз Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын жаңғыртып жатырмыз. ЮНЕСКО-ның алдын ала есепке алу тізіміндегі ескерткіштер мұқият қорғалуда. Олардың қатарында Отырар, Түркістан, Сауран және Сығанақ бар», - деді Қазақстан Президенті. Елбасы өз сөзінде Ұлы Жібек жолы дәстүрлерін жаңғыртудың айрықша маңыздылығын атап өтті.