Т?рбие са?аты: ?деп ?лемі т?рбие


Тақырыбы: «Әдеп және әдет»
Мақсаты:
Балалардың бойына әдептілік әліппесі сәлемдесуден бастап, кішіпейілділік, қарапайымдылық, сабырлылық, инабаттылық, т.б. әдептіліктің негіздерін сіңіре отырып, әдепке жатпайтын әдеттерден аулақ болуға баулу.
Халқымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі ғасырлар бойы қолданып келе жатқан мақал-мәтелдерін, ырым, тыйым, ұлағатты сөздерінің мән маңызын түсіндіре отырып, бабалар рухында тәрбиелеу.
Сөйлей білуге, орынды, қисынды сөйлеуге, сөздің астарын ұғына білуге үйрету.
Адамгершіліктің жақсы қасиеттерін бойларына сіңіріп, әдепті, иманды, ізгілікті бойларына жинаған білімді, ұйымшыл сынып ұжымын қалыптастыру.
Көрнекілігі:
Плакаттар: «Әдеп әлемі», «Ұлылардан ұлағат», «Тәлім сөз – тәрбие құралы», «Қарапайымдылықтың 7 сипаты», «Ынсап, рақым, ар, ұят, сабыр, сақтық - әуес болар алты шарт» (Шәкәрім), «Адам баласы адам баласынан ақыл, ар, ғылым, мінез деген нәрселермен озады» (Абай), «Күш арқылы жете алмайтын жеңіске әдептің арқасында жетуге болады» (Диссан Лаббак), «Жақсы адам болып қалыптасу үшін жаратылысыңнан гөрі жаттығудың рөлі зор» (Демокрит), «Мен мақалдардан көп өнеге алдым, басқаша айтқанда нақыл сөздермен ой толғап үйрендім» (М.Горький).
Буклеттер: 1. Үш пайғамбар. 2. Әдеп әлемі.
Карточкалар: 1. Мақалды да ойлаймыз. 2. Ұйқас тауып ойнаймыз.
Қиындылар.
Кіріспе бөлім.
Мұғалім:Қоғамның үлкен байлығы - әдепті адам, себебі қоғамда, тіпті шағын ұжымда, не сыныпта әдепсіз бір адам болса ол өзіне ғана емес, сол ұжымға жаман ат келтіреді. Бұны халқымыз: «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді»,-дейді.
Қатардағы қарапайым кісінің жақсы адам болуының жолы - әдептілік, инабаттылық үрдістерін үйрету, бойына дарыту болып табылады. Өйткені әдептілік нәсіл қуатын нәрсе емес, халық:
Баулытынды батыр болады,
Үйретінді шешен болады,
Көре-көре көсем болады-
дейді.Яғни, жеке адам өзінен-өзі әдепті болып шыға келмейді, әдептілік өскен ұясынан, жүрген ортасынан, мектебінен, достарынан, ұстаздарынан алған тәрбиесінен болады. Мысалы: грек философы Демокрит: «Жақсы адам болып қалыптасу үшін жаратылыстанудан гөрі жаттығудың рөлі зор»-дейді.
Әлем деген ауқымы кең сөз. Бір сағатта әлем сөзінің мағынасына еніп, оны шарлап шығу мүмкін емес.
Жүргізуші: Әдеп – этика (грекше этнос, қазақша ғұрып) деген сөзден шыққан. Бұл тұңғыш рет ғылымға ежелгі грек философы Аристотель тарапынан енгізілген. Одан бұрын да дүниенің төрт бұрышында әдеп жайлы талай жәдігерліктер дүниеге келген. Әсіресе шығыста әдеп, мінез-құлық, адамгершілік туралы трактаттар мол болған.
Адам ажарлы, ақылды, қайратты, сұлу, білімді болуы мүмкін, бірақ ол әдепті болмаса, қаншалықты мансап, атақ-дәрежеге жеткенмен бәрібір қадірлі, айтулы, көргенді адам атана алмайды. Оған мысал Наполеон туралы дерек...(Талейронмен диалог).
Оқушы:Алтыннан асыл әдеп бар.
Күші асқан залым халықты.
Сыйлатам деп жылатар.Әдепті адам өз басын
Сүйдіргеннен сыйлатар.
Болайын десең мақтаулы
Биязы болып әдеттен
Дәулетің таймас өмірде
Сыпайы сырбаз әдептен.
Оқушы: Ұлықпан хәкімнің әңгімесінде: Анушируан Әділ (531-579) патша уәзірі Бұзұрғмехрденнің әдепті адам кім деген сұрағына: «Қашан, қайда барса да адамдар жақсы қабыл алатын кісі»,-деп жауап берген.
Оқушы: Әдептілік дегеніміз ұнамды қарым-қатынас жасай білу. Әдеп адамның өмір сүру тәсілі мен жасына байланысты өсіп кемелденеді.
Оқушы: Ұлы Абай: «Қолымда билік болса, адам мінезінен жөндеуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген екен.
Негізгі бөлім.
Жүргізуші: Әдеп амандасудан басталады. Сәлемдесудің мәні – ең алдымен адамның кейіп-кескінін тану, бір-бірінің аман-саулығын сұрасу, өздерінің аман-есен дидарласып тұрғандарына қуанып, шүкіршілігін жасау, ниеттерінің ақ-адал, таза екенін білдіру.
Сәлемдесудің әдеп ретінде ең басты шарты – жылы шырай. Онда сәлем беруші мен сәлем алушының қас-қабақ, бет-жүз құбылысы, даусы маңызды қызмет атқарады. Қабағын түйіп, жүзін суытып немесе естілер естілмес міңгірлеп ернін жыбырлата салу көргенділік емес.
Әдептіліктің негізгі парасының бірі орынды қисынды сөйлеу. Шынында да адамның адам болып тұлғаланып, кемелденуіне сөздің атқаратын рөлі зор.
Оқушы: Жылқы кісінегенше, адам сөйлескенше дегендей адамдар бір-бірімен сөз арқылы ұғысып, өзгені де, өзін де сөзі арқылы таниды. «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деуі жылы сөздің қаншалықты керемет екенін аңғартады.
Оқушы: «Тәтті айтқанда бал тамған, ащы айтқанда қан тамған», «Тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады» немесе «Жанды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз», «Қаһарлы сөз, қамал бұзады» деген сөздердің өзі сөйлей білудің зор маңызын аңғартады.
Оқушы: Әсем сөйлеуге халықтың ауыз әдебиетін, әсіресе терең ойдың інжу-маржанын жетік біліп, сырына үңілу арқылы жаттығып төселуге болады . Халық: «Ақылды адам сөзді нақылсыз айтпайды»-дейді.
Жүргізуші: Мейірімді болу жеткіліксіз, оған қоса тағы әдепті болу керек. (А.Алшель). Дөрекі болу - өз басыңның қадір қасиетін ұмыту деген сөз. (Н.Г.Чернышевский). Мейірімділікті анадан үйрен, Әдептілікті данадан үйрен. (Халық). Тәрбиесі жаманға жақсы ұстаздан пайда жоқ. (С.Сараии). «Осыншама әдептілікті кімнен үйрендіңіз?» деп сұрағанда Лұқпан Хакім: «әдепсізден үйрендім»-депті. (С.Сараии). Шын мәдениетті адам болудың бірден-бір жолы өзіңнен бұрынғы буыннан дұрыс тәрбие алу, дұрыс үлгі көру. (Е.Букетов).
Оқушы: «Ассалаумағалейкүм» деп дидар несіп еткенде,
Қол алысып, көңілденбес жоқ пенде,
Күн нұрындай сәлеміне адамның,
Бұл дүниенің ғанибеті жеткен бе? (Ш.Аяпов).
Оқушы: Исламның ең жақсы сипаттары: «Аштарға тамақ беру, Танитын, танымайтындарға сәлем беру». (Хадистерден).
Оқушы: Әдептіліктің алды – сыпайы сөйлеу. (А.Югнаки).
Оқушы: Анық сөйлей білмесең, анық айта да алмайсың, шатастырушылық ойдың шиеленісуінен келіп шығады. (Н.Г.Чернышевский).
Оқушы: Жылататын да, жұбататын да – сөз. (Б.Момышұлы).
Оқушы:
Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңе кетпейді. (Төле би).
Қорытынды бөлім.
Сонымен, біз бүгінгі сағатымызда әдепті болу жолдары мен оған апаратын нақыл сөздерді паш еттік. Яғни, ата-бабамыздың ұрпағын «тек» деп өсіргені осы ғұлама халқымыздың сөздерінен бастау алғаны. Сәлемдесуден бастап әдептіліктің қаншалықты қажет екендігін ұғынғандаймыз. Ой қорыту ретінде сабағымызды мынадай тапсырмалармен аяқтаймыз: ребус, сөзжұмбақ.