Ашы? саба? К?ктем келді г?л алып к?ркем ?дебиет


Көктем келді гүл алып.
Тақырыбы: " Көктем келді гүл алып"
Мақсаты: көктем мезгілі жайында балалардың білімін одан әрі жетілдіру. Өз ойларын жеткізе білуге үйрету, сөздік қорын молайтып, тілін дамыту. Балалардың төрт мезгіл қыс, көктем, жаз, күз туралы түсініктерін кеңейте отырып, әр жыл мезгілінің маусымдық өзгерістері жайлы әңгімелей айтуға, мақал-мәтелдер, тақпақтар, арқылы жеткізе білуге үйрету. Өлеңді мәнерлі, әдемі айта білуге дағдыландыру. Әр жыл мезгілінің өзіндік ерекшеліктерін дұрыс жеткізе айтуға, оны бейнелеп, бояу түстерін дұрыс бере білуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: көктем мезгіліне байланысты суреттер, 4 мезгіл суреттері, ақ қағаз, түрлі түсті қарындаштар.
Балалар шаттық шеңберіне тұрып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді.
Тәрбиеші: Балалар, "Сәлем-сөздің анасы", амандасу- адамгершіліктің, әдептіліктің баспалдағы. Сондықтан да, алдымен қонақтармен амандасып алайық.
Балалар:
Арайлап таң атты, ( қолдарын жогары көтереді)
Алтын сәуле таратты. ( қолды созып сәуле таратады)
Жарқырайды күніміз,( екі қолды екі жаққа жаяды)
Жайнай түсті даламыз.( даланы көрсетеді)
Қайырлы таң ,балалар, ( бір-біріне қарайды, бастарын иеді
Қайырлы таң, қонақтар. (апайларға қарап, басын иіп сәлемдеседі)
Қүніміз сәтті болсын,
Балабақшамыз көркейе берсін.


Тосын сәт:
-Балалар, қонаққа қуыршақ Айгерім келді.
(балалармен амандасады)
-Қуыршақ Айгерімнің қолында нелер бар?
-Шарлар бар.
-Неше шары бар?
-Төрт шары бар.
-Түстерін атаңдаршы.
-Көк, жасыл, қызыл және сары.
-Осы түстер нені білдіреді екен?
-Бұл түстер төрт жыл мезгілін білдіреді.
Ал қандай түс, қай жыл мезгілін білдіретінін жұмбақ шешу арқылы анықтаймыз. Жұмбақтарды бізге қуыршақ Айгерім жасырады.
Әрбір шарға жұмбақ жазылған қағаз байланған
Балалар жұмбақтарды шешеді.
1. Суда мұз бар,
Жерде қар бар.
Боран борап соғады,
Бұл қай мезгілде болады?
(қыс)
Көк түспен жылдың қыс мезгілін белгілейді.
-Неге көк түспен белгілейміз?
-Айнала көгілдір қар жатады, су мұзға айналады.
2.Қар, мұз еріп, су көбейіп,
Сай салаға толады.
Бүршік жарып, жарық ашып,
Гүл бәйшешек басады.
(көктем)
Жасыл түспен жылдың көктем мезгілін белгілейді.
-Неге жасыл түспен белгілейміз?
3. Шие пісіп,
Көбелек ұшып,
Гүлден гүлге қонады.
Айтыңдаршы, балалар,
Бұл қай кезде болады?
(жаз)
Қызыл түс жазды білдіреді.
-Неге қызыл түспен белгілейміз?
-Күннің көзі жарқырап тұрады. Айналы қызыл түске боялады.
4.Жапырақты бояды,
Атырапты бояды.
Бояп-бояп барлығын,
Сап-сары ғып қояды.
(күз)
Сары түс күзді білдіреді.
-Неге сары түспен белгілейміз?
Жұмбақтарды шештік, енді қуыршақ Айгерім сендердің қалай сабаққа қатысатындарыңды қарап отырады. Сабақтың соңында сыйлықтарын таратады.
Тәрбиеші:
-Балалар, жылдың осы төрт мезгілі бір-біріне ұқсай ма?
-Жоқ, ұқсамайды.
-Дұрыс, әр жыл мезгілінің өзіндік ерекшеліктері бар.

Суретпен жұмыс
-Ал, қәзір жылдың қай мезгілі?
- Көктем мезгілі.
-Көктемнің белгілері қандай?
-Көктемде күн жылынады.
-Қар ериді.
-Құстар ұшып келеді.
-Жаңбыр жауады.
-Гүлдер шығады.
-Ағаштар бүршік жарады.
-Дұрыс айтасыңдар, балалар.
Балалар шеңберге тұрып, бір-екіге саналады.
1-ші топ орнында қалып, тақпақ жаттайды.
Тәрбиеші:
-Балалар, бүгін біз Ө. Тұрманжановтың "Көктем келді гүл алып" өлеңін жаттаймыз.
Көктем келді гүл алып
Балалар-ау, балалар!
Шақырады далалар.
Көктем келді гүл алып,
Құстар келді жыр алып.
Балалар тірек сызба арқылы, тақпақтың жолын тауып айтады.
Тәрбиеші балаларға қайталатады.
2-ші топ суреттерді бояйды.
Ақ қағаз бетінде төрт мезгілге байланысты суреттер бейнеленген. Балалар әр мезгілге сай түстерді таңдап, бояйды.
Тәрбиеші балалардың жұмысын аралап жүріп мадақтайды.
Тапсырмаларын орындағаннан кейін сергіту сәті жүргізіледі.
Сергіту сәті: Б. Бөрібаев
Тереңдет ойыңды,
Тік ұста бойыңды.
Құстарға ұқсайық,
Қалықтап ұшайық.
Шық алға оң қанат,
Шық алға сол қанат,
Шаршаған кездерде
Қонайық жорғалап.
Екі топ тапсырмаларымен ауысады.
1-ші топ сурет бояйды.

2-ші топ тақпақ жаттайды.
-Балалар, қазір біз сендермен "Жыл мезгілдеріне" саяхатқа шығамыз.Ол үшін пойызға отырамыз
Балалар қатарға бір-бірден тұрады. Тәрбиеші- паровоз, балалар вагондар болады. Тәрбиеші дыбыс береді де, пойыз алға жылжи бастайды. Пойыз "Қыс" станциясына келеді.

-Көк түспен қыс мезгілін белгілейді.
(Қыс суретіне қарап суреттеу.)
-Қыста күн суық, аяз, боран болады. Күн қысқа, түн ұзақ болады. Айнала аппақ қар жамылады. Адамдар жылы киінеді. Қыста балалар шана, коньки теуіп ойнайды. Қардан аққала жасайды.
-Балалар, қыс айларын атайықшы.
-Желтоқсан, қаңтар, ақпан.
-Қыста қандай мерекелер бар?
-Тәуелсіздік күні, жаңа жыл.
Тақпақ, болжамдарды айтады.
Ойын:
Қыста орманда қандай жануардың ізін кездестірмейсіңдер?
(кірпі, қоян, тиін, түлкі).
Дыбысты ести сала олар қатарға тұрады да, пойыздың қозғалысы жаңадан басталады.
Әрі қарай "Көктем" станциясына тоқтайды.
Балалар: Күн жылынады, қар ериді, көк шығады. Жер жыртылып, егін егіледі. Жыл құстары ұшып келеді.
-Көктем айларын атайықшы.
-Наурыз, сәуір, мамыр.
-Осы көктем айларындағы қандай мерекелерді білеміз?
Аналар күні, Наурыз, Ғарышкерлер күні,Жеңіс күні.
Тақпақ, болжамдарды айтады.
Ойын:
1.Табиғаттағы мына құбылыстардың қайсысын сендер көктемде көрмейсіңдер? (көктемдегі құбылыстар 3сурет, күз 1 сурет)
2. Мына бұтақта қандай жемістер өседі? ( банан, құлпынай, қарақат, алма)
Әрі қарай "Жаз"станциясына тоқтайды.

Балалар: Айнала жасыл, күн ыстық, ұзақ. Балалар демалады суға түседі.
-Жаз айларын атайқшы.
-Маусым, шілде, тамыз.
-Жаз айларында қандай мерекелер бар?
-Балаларды қорғау күні.
Тақпақ, болжамдарды айтады.
"Күз" станциясына тоқтап суреттер бойынша әңгімелейді, тақпак, мақал-мәтел, ырымдарды айтады.
-Күзде жемістер мен көкөністер піседі, егін жиналады. Күн суытып, жаңбыр жиі жауады. Жапырақтар сарғайып түседі.
-Балалар, күз айларын атайықшы.
-Қыркүйек, қазан, қараша.
-Күзде қандай мерекелер бар?
Білім күні, Республика күні.
Ойын:
"Күлшеқыз"ертегісінде көкеністердің қайсысын сиқыршы каретаға айналдырды?( асқабақ, қызанақ, пияз, бұрыш)
-Балалар, жыл мезгілдерін өте жақсы білесіңдер екен.
-Міне, балалар, "Көктем келді гүл алып" тақпағын тірек сызба арқылы жаттап алдық.
Енді, қай топ тірек сызбаға қарамай, тақпақты мәнерлі, әдемі, көңілді айтып бере алады?
Екі топ та тақпақты айтып береді.
Қорытынды:
- Мінекей, балалар, біз тақпақты жаттап алдық, ойнадық, көңіл көтердік, суреттерді боядық.
-Балалар, сендерге бүгінгі сабақ ұнады ма?
-Несімен ұнады?
Өзін-өзі бағалау.( қызыл, көк, сары көбелектер арқылы)
Қуыршақ Айгерім де сендерге өте риза, сондықтан ол өзінің әкелген сыйлықтарын тартып бермекші.(балалар бәйшешек гүлін алып қуыршақ Айгеріммен қоштасады).