Кешірімділік — к??іл ке?дігі. 8 сынып ?зін-?зі тану саба?ы
Бекітемін
Мектеп директоры: ______Ө.Дүйсәлі
«__» «_____» 2015 жыл
Өзін-өзі тану сабағының жоспары
Мектеп: №1 мектеп-гимназиясы
Мерзiм: 21.11.2015 Мұғалiм: Құспанова Аңсағаным.
Сынып: 8 Оқушылар саны: __
Тақырып: Кешірімділік – көңіл кеңдігі
Құндылық: Дұрыс әрекет
Қасиет (сапа): мейірімділік, ақылдылық, рақымшылдық, адамгершілік
Мақсаты:
Оқушыларға кешірімді болу адам өміріндегі маңыздылығы туралы түсініктерін кеңейте отырып, дұрыс әрекет жасауға үйрету.
Міндеттері:
Білімділік: Оқушыларға кешірімділіктің дұрыс әрекет екендігін ұғындыру.
Дамытушылық: Оқушылардың кешіре білу қасиеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Оқушылардың мейірімділік, ақылдылық, рақымшылдық, адамгершілік қасиеттерін көрсете білуге, жақсылық жасауға тәрбиелеу. Ресурстар: (құралдар, мәлiметтер)
Интерактивті тақта, слайд, музыка, ватман, қағаздан жасалған гүлдер
Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі. (5 «Т» сақтау)
Тыныштық сәті. Нұрға бөлену.
Ыңғайланып отырайық. Денемізді түзу ұстайық. Аяқ-қолымызды айқастырмаймыз. Қолымызды тіземіздің үстіне болмаса үстел үстіне қойып аламыз. Көздерімізді жұмайық. Елестетіп көрейікші:
Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің ортасында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз.Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер жасайды және баршамызға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға барды. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналады. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздерді ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын. Ғаламның барлық түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын. Нұр менің ішімде. Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат, тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…
Енді осы нұрды жүрегіңізге апарыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет! Сабақ барысын талдау:
Үй тапсырмасын тексеру
Кітаптағы 48-беттегі М.Мақатаевтың «Күндестік
құрысын» өлеңінен берілген үзіндіден түсінік сұрау. Берілген сұрақтарға жауап береді.
Адамдар арасындағы реніштің тууына не
себеп болды?
Күндестік, бақталастық деген сөздерді қалай
түсінесіңдер?
Күншіл, қызғаншақ адамдарға қандай кеңес
берер едіңдер?
Адам адамға тек қана қуаныш сыйлауы керек
деген пікірге келісесің бе?
Біреуге өкпелеп, ренжігенде өздеріңді қалай
сезіндіңдер?
Ендеше қорытындылайық. Адамдарға ренжу, өкпелеу – еш пайда әкелмейді. Күйзеліске апарады, денсаулыққа зиян тигізеді, отбасының берекесін алады, жүректі қатайтады. Сондықтан адам адамға түсіністікпен, кешірімділікпен, жылы сөзбен қарым-қатынас жасағаны жөн. Қолымыздан келгенінше қуаныш сыйлағаны дұрыс, сонда адами қасиеттерімізді, адамгершілігімізді жоғалтпаймыз. 3. Дәйексөзбен жұмыс.
«Кешірімділік – анадан, кішіпейілділік - данадан»
Халық даналығы Әңгімелеу (Мұғалім сыйы):
«Көк ту және достар» мультфильмі
Сұрақтар:
1. Бұл мультфильмді көре отырып, қандай ой түйдіңіздер?
2.Адамның жасаған жақсылығын есте сақтап, ал жамандықты, өкпені ұмыту керек дегенді қалай түсінесіңдер?
3. Адамдардың сенімін жоғалтпас үшін оларға деген өкпеңді кешіру білу керек пе?
4. Айналаңдағы адамдар сені ренжіткен кезде өзіңді қалай сезінер едің?
5. Өзіңнің бойыңда қандай рақымшылдық қасиеттер бар? 5. Сергіту сәті. «Қара жорға» Шығармашылық әрекет, топтық жұмыс.
«Кешірімшіл баламыз!» тақырыбында өлең құрастыру
1-топқа:
Мейірімді баламыз,
......................................,
Нұрлы күн сөнбесін!
......................................,
Өшігуді білмейміз,
.....................................!
2-топқа:
Тату өмір сүрейік,
...................................,
Бақытты баламыз!
....................................,
Жақсыға бой түзейік.
.....................................!
3-топқа: «Кешірімділік – дұрыс әрекет» тақырыбына сурет салу Топпен ән айту.
«Мейірімді болайықшы, бауырлар!»
Сөзі: Серік Қалиев
Әні: Құрмаш Маханов
Көркем етіп көркейтсе де маңайын,
Көріп жүрміз өкпешілдің талайын,
Өшігуді қояйықшы өзгеге,
Кешірімді болайықшы, ағайын!
Көк нөсерін көл етсе де жауындар,
Көк пен жерді сел етсе де де дауылдар,
Пейілдерді пенделікпен тарылтпай,
Мейірімді болайықшы, бауырлар!
Болашаққа қол ұстасып барайық,
Ақиқаттың ауылын іздеп табайық,
Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз,
Кішіпейіл болайықшы, халайық!
Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп,
Сонда дағы бөлінумен шаршап ек,
Өзімізге қалайтұғын нәрсені,
Тілейікші өзгеге де болса деп. Ойын. «Кешірім гүлін сыйлау»
Балалар, сендер гүлдерге соңғы кезде ренжіткен
адамдарыңа кешірім сөздерін жазып сыйлаңдар.
(Балалар бір-бірінен және мұғалімдерден кешірім сұрап, кешірім гүлін сыйлайды. Үй тапсырмасы.
«Кешірімділік» туралы өз ойларын жазып келу. Соңғы тыныштық сәті.
Көзімізді жұмып, еркін жайғасайық! Енді бүгінгі
өткен сабағымыздан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық, сол жөнінде ойланайық. Мен осынау әсем де көрікті әлемді сүйемін. Егер барлық жасаған әрекетіміз дұрыс болса, біздің жан дүниемізде жан тыныштығы орнайды. Тыныштық, ол – жүрегіңді тыңдау. Осының барлығын жүрегімізге салып, көкейімізге түйіп алайық. Жайлап көздеріңізді ашуға болады. Мұғалім: Құспанова Аңсағаным