План урока по предмету организация обслуживания посетителей


Бекітемін
Директордың оқу ісі
жөніндегі орынбасары
____________Г.Г.Исмагулова
"__"_________ 2016 ж.
Сабақ жоспары
Топ № 3
Сабақтың аты Келушілерге қызмет көрсетуді ұйымдастыру
Сабақтың тақырыбы: 1.9. ҚР ұлттық ыдыстары.
Сабақ мақсаты:
Біліктілігі: Оқушыларды ҚР ұлттық ыдыстарымен таныстыру, түрлері мен пайдалануы туралы мәлімет беру.
Тәрбиелік: Оқушылардың таңдаған мамандығына деген қызығушылығын арттырып, еңбекке деген жауапкершілігін жақсарту.
Дамытушылық: Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, жаңа материалдарды меңгеру дәрежесін, жүйелі ойлауын және пәнге, мамандығына қызығушылығын дамыту.
Сабақтың түрі: Дәріс
Көрнекілігі: суреттер, әр түрлі ыдыстар, слайд, оқытудың техникалық жабдықтары (мультимедиялық аппарат, проектор, слайдтар, оқу материалдары)
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру бөлімі:
1. Оқушылармен сәлемдесу
2. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу
3. Сабаққа дайындықты тексеру
Жаңа сабақты түсіндіру
Сабақ жоспары:
Көшпенді өмір салтына байланысты қазақтардың ыдыс-аяқтары алғашқыда тек теріден және ағаштан жасалған. Себебі, азық салуға, ас дайындауға сынбайтын ыдыс қажет болды. Ошақтың негізі болған мыс қазан біздің заманымыздан бұрынғы 3-4 ғасырда пайда болған дейді тарихшы ғалымдар.
Жылқының, өгіздің мойын терісінен жасалатын, қымыз құюға арналған торсықтың негізінен екі түрі бар. Біріншісі, дөңгелене келіп, ағашпен жиектеліп, терімен қапталады. Қылқа мойынды ұзынша, тығын салатын аузы бар. Екіншісі, айбалта пішінді. Үлкен иіннен жоғары шыққан қошқар мүйізді қос қапталы бар және мойыны ұзын. Торсық тек қымыз құю үшін ғана емес, оны бабында ұстауға да ыңғайлы. Ұзақ сапар кезінде шайқалып, қымыз қашанда бабында сақталады. Ал қымыз ашытатын ең үлкен ыдыс – саба. Ол тұтас теріден (екіден бес теріге дейін) тігіледі. Әрқайсысының өз аты болған, мысалы «бес биенің сабасы», «тай жүзген» деген сияқты. Сондай-ақ түйенің мойын терісінен қымыз ашыту үшін сүйретпе жасаған. Оның емдік қасиеті де бар екен.
Алысқа апарылатын ақты ешкінің тұтас терісінен жасалған меске құятын болған. Құрметті қонаққа қымызды мес немесе сүйретпеден құю ұят саналған.
Сондықтан, тек сабадан құйып берген. Жылқы және ірі қара терісінен шелек т.б ыдыстар жасаған. Жер суаруға, құдықтан су тартуға қауғаны пайдаланған. Былғары ыдыстар үй тірлігіне қолданумен бірге қазақтардың қайталанбас ұлтты өнер үлгісі ретінде де қарауға болады. Әсіресе торсықтар мен бие сауатын көнектер мұқият өрнектелетін болған. Былғарыға басылған күрделі өрнектер, шеңберлі оюлар, өсімдіктердің мәнерлі нұсқалары домалана келген ыдыстардың сыртына тұтас салынып, жекелеген тұстарда бір-бірімен ғажап үндестік тапқан.
Қазан (2 сурет) – басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны мүлде жоғары. Өйткені ол күнделікті тіршілік құралы. Қазақ дастарханынна түсетін тағамдардың барлығы да (қымыздан басқасы) ең алдамен осы қазаннан өтеді. Халық жай ғана қазан демей «қара қазан» деп қастерлеп айтады. Бұл жерде қара сөзі қасиетті, киелі, берекелі деген ұғымды білдіреді. Қазан шойыннан жарты шар үлгісінде құйылады, ұстауға қолайлы төрт құлағы болады. Сыйымдылығына қарай көлемі әр түрлі болады. Ең үлкенін он екі қарыс қара қазан немесе тайқазан дейді. Қазан кәдімгі үш бұтты ошаққа немесе жерошаққа асылады. Бетіне қақпақ жабылады. Көшпелі елде қазан қирамас үшін оған қалың кенеп, киізден арнаулы қазанқап жасалады. Оттан көтеріп алғанда қол күймес үшін және күйе жақпас үшін тұтқыш қолданылады. Қазан түбіндегі қаспағын қыру үшін қырғыш пайдаланылады.

1 - сурет
Саба (2 сурет). Қымыз құюға арналған, ел ішінде кең таралған кәделі ыдыстың бірі. Ол жылқы терісінен жасалады. Сабаны жасау үшін терінің түгін жидітіп, сыпырып, көк етінен алынып, тазартып, илейді. Дайын теріні талдың қабығымен бояйды. Содан соң әр кім өзіне қажетті сыйымдылық мөлшерде (шамамен жүз литр) төрт бой етіп пішіп, түбін кең, аузын тарлау етіп шуда жіппен тігеді. Жоғары байлау үшін саба аузына жіп тағады. Осылайша саба дайын болғаннан кейін ішін жуып-шайып айран құйып бірнеше күн қояды. Мұны ішкі дәмін алу дейді. Бұдан кейін керіп, созып дымқылдап пештің ысын қырып алып жағады. Мұны құрамдау дейді. Оны қайтадан майлап, арша, тобылғы немесе қайың қабығының түтініне ұстайды. Мұны ыстау дейді. Ысталған тері берік болып, құрт-құмырсқа түспейді. Ыстың дәмі мен иісі құйылған қымызға шауып, оның сапасын арттыра түседі.
Жылқы терісінен сыйымдылығы 5-10 литрлік шағын ыдыстар да жасайды. Оны торсық дейді. Бұл сусын құюға арналған тері ыдыстың местен кішірегі. Бұл да қымыз, айран сиқты сусын құюға лап жүруге ыңғайлы ыдыс. Одан сәл үлкенін сүйретпе дейді.
Сабадағы қымызды пішу үшін піспек қолданылады. Піспектің басы дөңгелек ағаштан жасалып, оның ұзын, түзу сабы болады. Сабының қолға ұстайтын жерін күміспен, сүйектен әшекелейді.
Сабаның үлкен, кішісі де болады. Оның астына қою үшін ағаштан сәкі жасалады да оны саба аяқ деп атайды.
Бұрынғы кезде асқа, тойға, салтанатқа саба мен қымыз, малдан сойыс апаратын болған. Бұл үлкен құрметтің, мырзалық, байлықтың белгісі деп бағаланған. Мұны Мәшһүр Жүсіп былай деп суреттейді. «шоң бидің сабасы деп айтсын деп Ақбура қара Алтайдың баласы айғырдың терісінен жонын сыртына қаратып, жал-құйрығын өзіне қойып, бұлқынына бір өгіздің терісін тіктіріп, өзін түйеге теңдегенде сегіз қанат үйдің бір үзігі бір жағына тең болады екен» бұрынғы бай, би мырзалар қымыз бен сабаға осындай мән беріп қарап, оны кісілік, сыйластық нышаны ретінде қабылдайтын болған. Кімнің сабасы үлкен болса, оның мерейі де, мәртебесі де, ел алдында беделі де жоғары тұрған. Демек қымыз бен сабаның әлеуметтік маңызы да зор болған.
Табақ (3-сурет) – ет салынып таратылатын ағаш ыдыс.Мұны емен, қайың сияқты кепкен қатты ағаштарды әуелі қайнатып алып шабады.Іші шұңғылдау, жалпақ ернеулі, жиекті, дөңгелек, ағашы қалыңдау болып жасала береді.Үлкендерін сыйлы адамдарға бас табақ ретінде тартады.табақ шарадай безендірілмейді, тек ағаштың өзінен ғана жасайды. Көбінесе ет тағамдары салынатындықтан тазартуға, жууға оңай болуы үшін өрнектер де ойылмайды.
Астау - жоғарыда айтылғандай қатты ағаштардан тұтас ойылып жасалады.Ол табақтай емес, ұзыншалау, сопақ, екі жағынан ұстауға лайықталып ернеу қойылады. Бұл ыдыс қазіргі күндерде көп қолданылмайды. Сондықтан мұны мұражайлардан ғана көруге болады.Астаумен ерте кезде ет салып тартқан.

2 - сурет 3 - сурет (1 - табақ; 2 - астау)
Күбі – малды ауылдың қысы – жазы пайдаланатын ыдысы. Бұған қымыз, шұбат, айран, ашыған көже құйылады.Күбіні тұтас ағаштан үңгіп немесе арша, емен, талдың жұқа тақтайшаларынан қосып та жасайды.жеке тақтайшалардан жасалған күбіге түп салып сыртынан темір құрсаулармен тартылады.Тұтас ағаштардан жасалғандардың іші тегіс болуы үшін күйдіріледі.Дайын күбінің ішін майлап, саба сияқты жиі-жиі ыстап отырады.Күбінің сыйымдылығы 20-30 литр, биіктігі 80 сантиметрдей, түп жағы кең, аузы тарлау болады.Шаң - тозаң түспес үшін, әдемі, дөңгелек қақпақ жасалады.Піспек сабы шығып тұруы үшін қақпақтың төбесін теседі немесе шетіне кертік қалтырады.
Піспек - күбідегі сусынды пісіп, араластыру үшін піспек пайдаланылады. Оны күбі аузынан (қақпағынан) сыртына шығып тұратындай ұзын сабы және жалпақ әрі дөңгелек басы болады, ағаштан жасалады.Сабының жоғарға жағын әшекейлеп немесе күміспен қақтап әшекелейді.
Аяқ – ағаштан ойылып жасалатын ас құйылатын, сыйымдылығы 1 литрдей шұңғыл, дөңгелек ыдыс.оның орнықты түбі, жиегі тік, жұқа болады.Көбінесе қымыз, шұбат құйып, сыйлы кісілерге ұсынады. Сыртын оюлап, түрлі-түсті сырмен сырлайды. Балаларға лайықталған шағын түрін тостаған дейді.
Мес – қымыз, шұбат , айран тағы басқа сусын құюға және сақтауға арналған тері ыдыс.ол бітеу сойылған ешкі ( серке) терісінен жасалады.Оны жасаудың жолы былай: терінің жүнін, шелін алып, илеген соң талдың қабығымен, қынамен бояйды және ыстайды.Ішіндегі сусынды кесе аяққа құюға ыңғайлы болу үшін мес аузына асықты жіліктің екі басын кесіп өткізіп қояды.Мес жолаушыларға, көшіп-қонушыларға, бақташыларға сусын құйып алып жүруге өте ыңғайлы ыдыс.
Мес ұлт ұғымында толу, жинау мағынасын білдіреді.Білімдар этногроф Мәшһүр Жүсіп Көпеев қолжазбалар жинағын «Мес» деп атаған.
Бұлқыншақ - сусын құюға арналған тері ыдыс.Оны жасау үшін жылқының сан терісін шашасына дейін бітеу сойып алады да саба әзірлегендей жолдардан өткізеді.Сан жағына сопақшалау етіп тері тігеді, ол пайдаланғанда астынғы жағына келеді.Аузына ағаштан, тоздан тығын жасалады.
Бұлқыншақ ердің, кереге басына ілуге, жаяудың иығына асуға ыңғайлы ыдыс.
Шара - қымыз құюға арналған ыдыс.Кей жерлерде тегене деп те атайды.Қымызды дастарқанға апарғанда сабадан осы шараға құйып апарады.Оның ішіне 10-15 литр қымыз сияды.
Шараны емен, қайың сияқты қатты, кепкен ағаштардан ойып жасайды.Оның іші шұңғыл, өзі дөңгелек, жиегі тік болып келеді.шара сыртынан ою-өрнектермен, күміс немесе сүйек әшекейлермен көркем безендіріледі.Өзіне лайық ағаш қақпағы болады, ол да әшекейленіп жасалады.Сары қымыз, әсем шара ыдысты дастарқан сәні, үйдің көркі, қолы берекелі әйелдің мәртебесі десе де болады.
Ожау. Шарадағы қымызды сапыру, аяққа құю үшін ожау керек.Оны да әсемдеп, өрнектеп, ұзын сапты етіп тұтас ағаштан жасайды.Сабын қолға ұстауға ыңғайлы етіп, бунақтап, қосарлап, өрнектеп әсемдейді. Кей өңірлерде оның сабы қысқы, тіке жасалатын үлгілері де бар, оны сапты аяқ деп те атайды.
Ожау шараның егізінің сыңарындай бір-біріне жарасып тұрады,сондықтан да екеуі бірге жасалады, бірге қолданылады, бірге сақталады.

1.Мес
2.Бұлқыншақ
3.Ожау
4.Тостаған
Жаңа сабақты бекіту
Сұрақ-жауап.
1. ҚР қандай ұлттық ыдыстары бар?
2. Түбі дегеніміз не?
3. Саба дегеніміз не?
4. Ожау не үшін қажет?
5. Шара ыдысы қандай сусынға арналған?
6. Мес ыдысы дегеніміз не?
7. Сабадағы қымызды пішу үшін қандай ыдысты қолданылады?
8. Саба ыдысының қандай түрлері бар?
9. Табақ қандай тағамды салуға арналған ағаш ыдыс?
10. Бұлқыншақ қандай ыдыс?
Үйге тапсырма: оқу, мазмұндау. Реферат жазу
Сабаққа белсене қатысқан оқушыларды бағалау.
Оқытушы: Умьянова С.Ж. _______________