ГЕОЛОГИЯЛЫ? КАРТАЛАР ЖАЙЛЫ ЖАЛПЫ МА?Л?МАТТАР


ГЕОЛОГИЯЛЫҚ КАРТАЛАР ЖАЙЛЫ ЖАЛПЫ МАҒЛҰМАТТАР
1.1 Геологиялық картаның түрлерi
Геологиялық карта дегенiмiз - топографиялық негiзi бар жер қыртысының белгiлi бiр ауданының геологиялық құрылысын берiлген масштабта шартты белгiлер арқылы бейнелеу. Мұнда геологиялық құрылысы жер бетiне шығып жатқаны ғана емес, терең қабаттардағы таужыныстары бiр-бiрiнен жасы, құрамы жəне жатыс жағдайлары бойынша ажыратылады. Бiр карта көлемi негiзiнде ауданның геологиялық құрылысының бар ерекшелiктерiн, яғни төрттiк жыныстар құрамы мен қалыңдығын, тектоникалық өзгешелiгiн, пайдалы қазындыларын, гидрогеологиясын, геоморфологиясын, таужыныстардың физикалық қасиеттерiн жəне т.б. көрсетуге болады. Практика жүзiнде мұндай жан-жақты карта жасалмайды, себебi шартты белгiлермен тым шексiз көп бейнеленгендiктен оны оқу қиынға соғады. Сондықтан да кəдiмгi геологиялық картадан өзге, оның басқа түрлерi жасалынады. Оларға төрттiк шөгiндiлер, литолого-геологиялық, тектоникалық, геоморфологиялық, гидрогеологиялық, инженерлiкгеологиялық, пайдалы қазындылар, пайдалы қазбаларды болжау жəне т.б. геологиялық карта түрлерi жатады. Төрттiк шөгiндiлер картасында төрттiк жыныстар түпкiлiктi жыныстардан бөлек бейнеленедi. Мұнда олар жасы, тегi жəне құрамына байланысты көрсетiледi. Кейде неогендiк континенттік жыныстарда осылай мазмұнды болып төрттік шөгінділер картасында көрсетіледі. Литолого-геологиялық картада жасына қарай боялған, өзiндiк жасты жыныстар көлемiнде, штрихпен олардың құрамы да көрсетiледi. Егер карта масштабы 1:1 000 дан iрi болса əрбiр жыныстардың таралу шекарасы нақтылы көрсетiледi, ал одан ұсақтарында басым таралған жыныстар ғана бейнеленедi. Жыныстардың литологиялық құрамы 1:50 000 жəне одан iрi масштабты карталарда да көрсетiледi. Аталған картаның бiр түрiпетрографиялық карта. Тектоникалық картада құрылымдық пiшiндердiң əр түрлi категориялары мен жастары шартты белгiлер арқылы көрсетiледi. Олар жалпы жəне аймақтық болып бөлiнедi. Алғашқысында жер қыртысының негiзгi құрылымдық элементтерi пайда болу жағдайлары мен уақыттарына байланысты бөлiнедi. Аймақтық тектоникалық картада өзіндік ерекшеліктері бар белгілі бір ауданның құрылымдары қойылады. Бір ауданда пайдаланылған шартты белгі басқасында пайдаланылмайды.
Геоморфологиялық картада шартты белгiлер мен жер бедерiнiң негiзгi түрлерi мен жеке элементтерi, жасы жəне тектерi есепке алына бейнеленедi. Бұл картаның негiзi ретiнде топографиялық карта мен төрттiк шөгiндiлер картасы пайдаланылады. Гидрогеологиялық карта - сулы қабаттардың жасы, тегiне, құрылысына қарай жеке топтарға бөлiнiп түрлi түстi бояумен бейнеленедi. Инженерлiк-геологиялық картада жасы мен құрамы бейнеленген жыныстардың физикалық қасиеттерi түрлi түстi бояулар мен штрихтар көмегiмен көрсетiледi. Пайдалы қазындылар картасы геологиялық картаға əртүрлi форма жəне түстi шартты белгiлермен немесе табиғи контур төрiнде осы ауданда таралған пайдалы қазынды кен орындары, минерализация көздерi, учаскiлерi көрсетiледi. Бейнеленетiн картада пайдалы қазындылар топтарға (жанғыш, металдық, металдық емес), ал олар жеке түрлерге бөлiнедi. Пайдалы қазбаларды болжау картасы - геологиялық немесе тектоникалық карталар негiзiнде, жеке минералдық шикiзаттар немесе олардың комплекстерi үшiн жасалынады. Мұнда олардың таралуы мен болашағы көрсетiледi. Геологиялық карталар мiндетi (1:50 000 (1:25 000) пайдалы қазындылар жəне арнайы карталар (геофизикалық, геохимиялық, гидрогеологиялық, төрттiк шөгiндiлер, үгiлу қабаттары) болып бөлiнедi. Геологиялық карталар масштабына байланысты ұсақ масштабты, орта масштабты, iрi масштабты жəне дəлдiктi болып төрт типке бөлiнедi. Ұсақ масштабты карталар (1:500 000 жəне одан да ұсақ) iрi аймақтардың, жеке мемлекеттердің, тұтас материктiң немесе дүниежүзiнiң геологиялық құрылысы жайлы жалпы мағлұматтар бередi. Мұнда масштаб көлемiнде негiзгi топографиялық элементтер (iрi өзендер, елдi мекендер мен теңiздер нобайы) ғана көрсетiледi. Мысалы Қазақстан аумағының 1: 1500 000 жəне 1:1000 000 масштабты карталары (В. Ф. Беспалов (1965)), (Н. А. Афоничев (1981), (Г. Р. Бекжанов (1996)). Орта масштабты карталар (1:200 000-1:100 000) топографиялық планшеттiң жеке беттерiне сəйкестендiрiле құрастырылады. Ол сол аймақтың геологиялық құрылысының негiзгi ерекшелiктерi мен пайдалы қазындыларының болашағы жайлы мағлұматтар бередi. Бұл картаның топографиялық негiзiнде горизонталдар сиретiледi, негiзгi емес қатынас жолдары, елдi мекендер, жəне т.б. алынып тасталынады. Iрi масштабты карталар (1:50 000-1:25 000) жоғарыда аталған сияқты жеке беттер түрiнде, нақтылы топографиялық негiзде орындалады. Бұл карта ауданның толық геологиялық құрылысын, пайдалы қазындыларының барлық түрiн, болашағын айқындап көрсетедi. Ол жер бетiнiң геологиялық құрылысы ғана емес, оның терең қабаттарының құрылысы туралы да мəлiметтер бере алады. Бұл картаны ауылшаруашылық, құрылыс, өндiрiс қажеттерiне де пайдалануға əбден болады.
Дəлдiктi масштабты геологиялық карталар (1:10 000 жəне iрiлерi) арнайы топографиялық негiздi пайдаланып құрастырылады. Мұнда кен орны орналасқан ауданның геологиялық құрылысы толық көрсетiлiп, пайдалы қазындының таралу заңдылығы, қоры мен игеру жағдайын анықтауға мүмкiндiк туады.
1.2 Геологиялық картаның шартты белгiлерi
Таужыныстарының жасы, құрамы жəне тегi геологиялық карталарда шартты белгiлер көмегiмен көрсетiледi. Шартты белгiлер үш түрлi болады. Түрлi түстi бояулар – шөгiндi, вулканогендi жəне метаморфты жыныстардың жасын, ал интрузивтiлердiң құрамын бейнелеу үшiн қолданылады. Картада олар əр түстілігімен, индекстерімен, штрихтарымен ажыратылады. Əр түрлі жасты таужынысының өзіндік түсі болады. Олар стратиграфиялық шкалаға сай болуы керек. Бөлімдер мен жікқабаттарды да белгілеу үшін шкаланы пайдаланады. Мұнда жүйенің төмен бөлімшелеріне қоюлау түстер қолданылады. Мысалы: Алғашқы девон - қою қоңыр, орта девон - қоңыр, жоғарғы девон - ашық қоңыр. Ал жергілікті (комплекстер, сериялар, свиталар, подсвиталар) жəне аймақтық (горизонт, лона) бөлімдер стратиграфиялық шкаламен сəйкес келеді. Бір ерекшелігі–олардың түс айырмашылығы болуы керек. Əріпті-цифрлі белгілер – таужыныстар жасы мен тегін, ал интрузивті, кейбір вулканогенділер үшін құрамын көрсетеді. Бөлімдерді индекстеу стратиграфиялық шкалада берілген. Шөгiндi, вулканогендi жəне метаморфты жыныстарды картада белгiлейтiн индекстер кiшi жəне үлкен латын грек əліпбиінің əрiптерiнен жəне цифрлардан тұрады. Алдымен үлкен немесе үлкен мен кiшi латын əрiптерiмен жүйе жазылады. Жүйенiң бөлiмi оның төменгi оң жағында араб цифрiмен көрсетiледi. Жікқабаттың қысқартылған атының индексi бiр немесе екi латынның кiшi əрiпiнен құрастырылады, ал оның бөлiмдерi араб цифрiмен белгiленедi. Жалпыға қабылданған стратиграфиялық бөлiмдемелерден өзге көптеген жағдайларда қосымша жергiлiктi бөлiмдемелер енгiзу қажет болады, оларға серия, подсвита, горизонттар, топтама (пачка) жəне қат-қабат (толща) жатады. Бөлімнің индекстері жүйеге берілген əріппен беріледі (үлкен əріппен), ол бөлімнің төменгі, ортаңғы, жоғарғы екендігін көрсетеді. Мысалы: J2 - Юра жүйесінің ортаңғы бөлімі; K2 - Бор жүйесінің жоғарғы бөлімі.
Егер бір жүйеде екі жікқабаттың аты бір əріппен басталса, онда екі əріп қолданылады. Сонда көне жікқабаттың бірінші əріпі бір əріп болып бірінші жазылады, ал жас жікқабаттың екі əрпі жазылады (біріншісі жəне ең жақын дауыссыз əрпі). Мысалы: D3f - жоғарғы девонның фран жікқабаты, D3fm жоғарғы девонның фамен жікқабаты, S1l - жоғарғы силурдың лландовер жікқабаты, S1ld- жоғарғы силурдың лудлов жікқабаты. Жікқабатшаның индексін жанына 1(төменгі), 2(жоғарғы) – екі мүшелік үшін жəне 1,2,3 сандарын қосу арқылы белгілейді. Мысалы: K1al3 – төменгі бордың жоғарғы альб жікқабатшасы. Зонаның индексі екі кішкентай латын əрпінен тұрады (біріншісі жəне жақын дауыссыз əрпінен) жəне жікқабат немесе жікқабатшадан нүкте арқылы ажыратылады. Мысалы: K1al.hs –жоғарғы альбтің Hysteroceras orbignyi зонасы. Жергіліктік жəне аймақтық стратиграфиялық бөлімдерді (комплекстер, сериялар, свиталар, горизонттар жəне провинциалдық зоналар) белгілеу үшін, оның жанына екі кішкентай əріпті жалғаймыз (бірінші жəне оған жақын дауыссыз əріп). Бір ерекшелігі олар курсивпен жазылуы керек. Мысалы: C1vkz - төменгі карбонның визе жікқабатының қызыл свитасы, D1-2ur төменгі-ортаңғы девонның ұрып сериясы. Егер стратиграфиялық атаулардың аты бір əріппен жəне қалған əріптері бірдей болса, онда үш əріп қолданылады. Мысалы: P3br- берік, P3brs борисфей свиталары (олигоцен). Стратиграфиялық атауларға қосымша (подсвиталар, подгоризонттар) 1,2,3 жəне 1, 2 сандары қосылуы арқылы белгіленеді. Мысалы: C1v1kz - төменгі карбонның төменгі визе жікқабатшасының қызыл свитасының төменгі подсвитасы. Пачкалар араб сандарымен белгіленеді. Мысалы: C1kz23 төменгі карбонның қызыл свитасының ортаңғы подсвитасының үшінші пачкасы. Масштабы 1:200000 жəне 1:50000 карталарда жыныс жасының индексін ғана емес эффузивтер құрылымының индекстерін де көрсету керек.
Риолиттер λ (лямбда)
Базальттар β (бета)
Андезиттер α (альфа)
Фонолиттер φ (фи)
Дациттер ξ (дзета)
Пикриттер, кимберлиттер ι (иота)
Трахиттер τ (тау)
Стратиграфиялық бірліктер біреуден көп болып кетсе, онда индексте атаулар арасына тире қойылады. Мысалы: K1b-g - төменгі бордың берриас, аланжин жəне готерив жікқабаттары. Егер индексте əртүрлі бөлімдер болса, онда индексте бөлімдер көрсетіледі. Мысалы: Kal+s - бор жүйесінің төменгі бөлімінің альб жікқабаты жəне жоғарғы бөлімінің сеноман жікқабаты. Егер картада жас онша анықталмаған болса, онда оның жанына сұрақ белгісін қоюға болады. Мысалы: T3-J1? - жоғарғы триас жəне төменгі юраның (?) құрылымы. Масштабы 1:50 000 (1:25 000) карталарда төрттік жүйенің гентикалық типі, оның сол жағына символдардың қосылуымен қарастырылады. Мысалы:
e – элювилік
p – пролювилік
d – делювилік
l – көлдік
ed – элювий делювилік
m – теңіздік
c – коллювилік
g – мұздық
s – солифлюкциалдық
lg – көлдік-мұздық
v – эолдық
f – флювиогляциалдық
a – аллювилік
Мысалы: aQ1 - төменгі төрттіктің аллювилік жынысы; pdQIII - жоғарғы төрттіктің пролювий-делювилік жынысы. Төрттікті жыныстардың жасын көрсету үшін араб цифрлары қолданылады. Мысалы: gIQII жəне g 2QII төрттіктің мұздық жəне оны басып жатқан мұз-көлдік жынысы. Жатыстарда террас деген ұғым бар. Оны белгілеу үшін: егер террасаның аты беймəлім болса, онда араб сандарымен белгіленеді; ал аты белгілі болса, онда оның бірінші əрпі көрсетіледі. Мысалы: aQI - төменгі төрттік звеноның аллювиальді жатысы, pdQII - ортаңғы төрттік звеноның пролювиальделювиаль жатысы. Төрттік звенода терраса болады, егер терраса аты бізге беймəлім болса, онда араб сандарымен белгілейміз; ал егер аты белгілі болса, онда бірінші əрпімен көрсетеміз. Мысалы: a3QII - ортаңғы төрттіктің аллювиальдік жатысының үшінші террасасы, жоғарғы төрттіктің теңіздік жатысының хвалын террасасы. Индекстер картада қара тушпен анық болып жазылуы тиіс. Штрихты белгiлер - таужыныстар құрамын, ал бiртүстi геологиялық карталар үшiн қосымша жасы мен құрамын да көрсетедi. Интрузивті жəне страфицияланбаған вулканогенді құрылымдардың белгіленуі. Интрузивті жəне страфицияланбаған (экструзивті-субвулкандық фация) вулканогенді құрылымдардың белгіленуі картада түстер мен индекстер арқылы, кейде краптар арқылы көрсетіледі. Бояулары магмалық жыныстардың құрамын айқындайды. Əр петрографиялық топқа өзінің түсі беріледі
Бір-біріне жақын немесе бір кұрамды интрузивтік жыныстар əртүрлі түстермен боялады, жынысы жас болған сайын түсі де ашық бола бастайды. Стратифицияланбаған вулканогенді құрылымның экструзивті-субвулкандық фациялары өзіне сай түспен белгіленеді, бірақ масштабы 1:50 000 геологиялық карталарда индекс жəне қара түсті краптармен ажыратылады (эффузивті жəне вулканогенді жыныстарға сай келеді) (2-сурет); ал масштабы 1:200 000 карталарда негатифті (ақ) штрихтармен жəне индекстермен, желілер мен дайкалар сəйкес түсті сызықтармен беріледі. Бір петрографиялық топтың дайкалары (мысалы, аплит, микрогранит, гранит-порфир) картада бір түспен сызылады, ал олардың жасы мен құрамы индекстермен көрсетіледі. Гидротермальдық (кварцті, баритті, кальцитті жəне т.б.) желілер қара сызықтармен жəне минерал түзуші минералдардан тұрады. Мысалы, кварц желісі -индексі q. Стратифицияланбаған магмалық жыныстардың индекстері оның заттық кұрамын, жасын көрсетіп, дененің комплекстерге жəне комплекс ішіндегі фазаларға кіретіндігін көрсетеді. Магмалық жыныстардың заттық құрамын грек əріптерімен жəне оны жыныс топтарымен көрсетеді (2-кесте).
Граниттер γ (гамма)
Диориттер δ (дельта)
Анортозиттер η (эта)
Габбро ν (ню)
Пироксениттер υ (ипсилон)
Перидотиттер, Дуниттер σ (сигма)
Сиениттер ξ (кси)
Фельшпатоидты сиениттер φ ξ (фи, кси)
Метаморфтық жыныстардың белгіленуі. Аймақтық метаморфизм түзілімдері индекс жəне түстер арқылы белгіленеді. Метаморфтық жыныстардың заттық кұрамын көрсету үшін, арнайы штрихтер мен краптар қолданылады.
Стратифицияланбаған ультраметаморфты кристалдық жыныстар мен метаморфтық ортожыныстар магмалықтар сияқты белгіленеді; яғни түсі құрамы көрсетіледі, индекс-құрамы, жасы мен қай комплекске жатуын көрсетеді. Мысалы: Аrpr - Архейдің приазов комплексінің мигматиті. Мигматиттер (мигматталған жыныстар), жапсарлы метаморфизмді жыныстар, тектониттер, диафториттер, т.б. болып берілген стратифицияланбаған бөлімшелер түрлі түсті белгілермен беріледі. Əр түрлі шартты белгілер. Ондай шартты белгілер 2-суретте берілген. Əр жасты геологиялық түзілімдер (стратиграфиялық, интрузивті, метаморфты) шекаралары қара сызықтармен сызылады, мүмкін сызықтар (болжамдар) нүкте-сызық болып келеді. Нақты анықталған жарылымдар қалың қара сызықпен, болжамдысы үзілмелі сызықпен ьеріледі. Жарылымдардың түрлері (лықсыма, ығыспа, ысырма) бергштрихтер (бастырмалар) жəне тістер (жамылғылар) көмегімен көрсетіледі. Жанында жазылған сандар олардың еңістену бұрышын көрсетеді. 2 - суретте геологиялық карта түсірулерде жиі қолданылатын шартты белгілер келтірілген.
Геологиялық картаға тек басты-басты палеонтологиялық ашылымдар жəне ұнғымалар, геологиялық құрылымда ерекше рөл атқаратын нүктелер кіргізіледі.
1.3 Геологиялық қималар мен стратиграфиялық бағана
Зерттелетiн ауданның терең қабаттарының геологиялық құрылысын, қабаттардың жасын, қалыңдығын, бiр-бiрлерiмен арақатынастарын бiлу үшiн геологиялық қималар түсiрiледi. Қима аудандағы таужыныстары түзетiн геологиялық құрылымдарды толық қиып өтуi тиiс. Сонымен қатар ол тектоникалық күрделi, магмалық дене таралған аймақ арқылы өткенi жөн болады, сол себепте оның бағыты түзу ғана емес сынған сынықты болуы да мүмкiн. қиманың шартты белгiлерi тiк жəне көлденеңдi, масштабтары картанiкiне сəйкес болуы тиiс. Қима сызығының шеттерi əрiптермен белгiленiп, оның батыс, солтүстiк-батыс, оңтүстiк-батыс жəне оңтүстiк бөлiгi сол жағында орналасады. Геологиялық қима түсiрiлгеннен соң стратиграфиялық бағана жасалынады. Стратиграфиялық бағанада картадағы бөлiнген барлық тау жыныстары (төрттiк жəне интрузивтiктен өзгелерi) көрсетiледi. Олар бағана бойында жас ретiмен, геологиялық қимадан алынған қабат қалыңдықтарымен үйлестiрiле орналастырылады. Бағанада арнайы шартты белгiлер арқылы стратиграфиялық бөлiмдер арасындағы байланыс (үйлесiмдi, үйлесiмсiз, параллельдi, бұрыштық, құрылымдық) көрсетiледi. Бағанада тау жыныстары картадағыға сəйкес стратиграфиялық бөлiмдемелерге бөлшектенедi. Бағаналар масштабы аудандағы жыныстардың жалпы қалыңдығына байланысты əртүрлi болып келедi. Негiзiнде бағананың биiктiгi картаның меридиàналдық биiктiгiне сəйкес болғандығы жөн. Ал стратиграфиялық бөлiмдерiнiң қалыңдығы жайлы мəлiметтер қабаттар созылымын тiк қиып өтушi қимадан алынады. Сондықтан да, бағанадағы қабаттар қалыңдығы мiндеттi түрде олардың геологиялық қимадағысымен пара-пар болуы тиiс. Бұл қима бағананы өзара тексеру үшiн қажет. Геологиялық карта, шартты белгiлер, қима мен стратиграфиялық бағананың жалпы орналасу схемасы (3-суретте) көрсетiлген.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Жүнісов А. А. Құрылымдық геология:Оқулық. -Алматы: ЖШС РПБК «Дəуір», 2011. – 224 б.
Жүнісов А. А. Геологиялық карта түсіру мен қашықтықтан зерттеу əдістері. -Алматы: 2003 -200б.
Жүнісов А. А. Құрылымдық геология пəнінен зертханалық сабақтарды орындауға арналған əдістемелік нұсқаулар. –Алматы: ҚазНТУ, 2009