Ашы? саба? М??ан Иманжанов шы?армашылы?ы
М.Иманжанов қазіргі Жезқазған облысының Ұлытау ауданында 1916 жылы желтоқсанда туған. 1935-38 жылдары Алматыдағы есеп-экономикалық техникумын оқып бітірген. Әдебиет-қалам тербеу ісіне қабілет-бейімін сезіп, 1938 жылы Жазушылар одағында ашылған алты айлық курсты бітіреді де радио хабарларын тарату жөніндегі республикалық комитетінде редактор болып істейді. Ал 1942-49 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әуелі әдеби қызметкер, сосын, жүре келе, бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Бірақ денсаулық жағдайына байланысты «Пионер» журналына бөлім меңгерушісі болып ауысады.
М.Иманжановтың әдеби-шығармашылық қызметі 1938 жылдан басталғанымен, оның республика жұртшылығына анық таныла бастағаны Ұлы Отан соғысы жылдары. Қаламгердің романтикалық сарында жазылған көркем әңгімелері мен очерктері баспасөз бетіне жиі басылады. Алғашқы әңгімелер жинағы «Жастық» деген атпен – авторы Тауұлы 1948 жылы басылып, оқырман қолына тиеді.
Мұқаңның қазақ оқырман қауымы арасында кеңінен танылып, жазушы есімін әйгілі еткен «Алғашқы айлар» хикаяты мектептегі оқу-тәрбие тақырыбына арналған. Оның басты кейіпкері білімді де жігерлі жас мұғалім Жақыпбек бүкіл оқу-тәрбие мәселесін өмірмен, өндіріспен байланыстыра жүргізу мәселесін көтереді және сол мақсат-мұратын жүзеге асыру жолында бар күш-жігерін салып, аянбай күреседі. Хикаят авторынан қалың оқырман арасында абырой-беделін арттыруға 1950 жылы «Алғашқы айларға» Жамбыл атындағы республикалық бәйге берілуі де кәдімгідей әсер етеді.
Шығармашылық жолын қысқа әңгімелер жазудан бастаған М.Иманжанов «Социалистік Қазақстан» газетінде істеген жылдары емін-еркін көсіліп, көптеген көркем очерктер мен көсемсөздерді, хикаят, пьесалар мен әдебиет туралы толғаныстарын, аяқталмай қалған «Көк белес» атты романын жазады. Жазушының 1954 жылы «Таныс қыз» әңгімелер жинағы, 1956 жылы «Тыңдағылар» атты әңгімелері мен очерктері, 1959 жылы «Адам туралы аңыз» көсемсөздер мен әңгімелері,1960 жылы «Көк белес» романы жарыққа шықты.
М.Иманжанов шығармаларының екі томдығын оның сүйген жары, әдебиетші-ғалым Рәзия Рүстембекова құрастырып, «Жазушы» баспасынан 1977 жылы жарыққа шығарды. Қаламгердің ғұмыры мен шығармашылық жолы туралы мақалалар мен хаттар, естеліктер жинағы 1980 жылы «Жалын» баспасында «Өркен» деген жеке кітап болып басылды.
М.Иманжанов көзі тірісінде «Социалистік Қазақстандай» орталық газеттің әдебиет бөлімін басқарғандықтан ба, әйтеуір, талантты жастарға мейлінше көп көмектескен, оларға білген ақылын айтып, хат жазысып тұрған. Біз мұны қазіргі қадірменді жазушылар Ә.Нұршайықовтың, Н.Серәлиев пен Б.Соқпақбаевтың жазып қалдырған, айтқан әңгімелерінен білеміз.
М.Иманжанов ғұмырының соңғы жылдарында ұзақ уақыт туберкулездің ашық түрімен ауырады. Ол емделу үшін Балтық жағалауы мен Қырым курорттарына да барады. Бірақ бұлардың да пайдасы мардымсыз болып шығады. Сондай кездері күнделік дәптеріне «Көңіл жетім күшік, қыңсылайды, ұясын іздейді», –деп жазады жаны күйзеліп. Жаны күйзелмегенде қайтсін. Ол әке болып «қос көгершінін» еміреніп сүйе де алмайды. Өзі оңаша бөлмеде, сүйген жары – Рәзиясы екі ұлымен басқа бөлмеде. Ол тек әйеліне: «Балалар терезе алдына келіп ойнасыншы. Мен сырттарынан сүйсіне қарап, көңіл-көкірегімді бір демдейінші», – дейді екен.
Ол 1958 жылы қырық екі жасында бақилық сапарға аттанды. М.Иманжанов Ұлы Отан соғысы жылдарында «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде жиі шығып тұрған мақалаларымен, очерк және публицистикаларымен – журналистік талантымен танылады. Қырқыншы жылдардың соңында шыға бастаған көркем туындылары – шағын әңгімелері де оқырман жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан жазушы. Оның негізгі кейіпкерлері – жастар. Олардың өмірге деген көзқарасы, достық, адалдық, мейірімділік секілді қастерлі қасиеттері Мұқан шығармаларының өзегі болды. Мұқанның сыршылдық, романтикалы сипаттағы әңгімелері, әсіресе жастардың сезімін толқытып, баурап алады.
«Қыз сыры» әңгімесі шыққанда, қыздардан: «Жігіт сырын» қашан жазасыз деген көптеген хаттар келген. «Қызыл гүл» (1941) әңімесінен алған әсерін жазушы Зейнолла Шүкіров Мұқанға арналған естелігінде: «…Менің бала сезіміме шағын әңгіменің бөлекше табиғаты қатты әсер етті. Аянышты адам тағдыры іші-бауырымды уылжытты»,–дейді. Әрине, бүгінгі әдебиеттің өскен дәуірінде, бұрынғы кемшіл соғып жатқан тұстарымыздың толысып жатқан кезінде 40-жылдардағы Мұқанның ол әңгімелері керемет болып көрінбес те. Бірақ олардың сол кездегі атқарған қызметін естен шығармаған жөн. Жоғарда аталған екі әңгіме жазушының көркем шығармадағы тырнақ алды туындылары еді. 1948 жылы жарияланған «Жастық» атты алғашқы әңгімелер жинағы мен соңғы аяқталмай қалған «Көк белес» (1958) атты романының арасында бар болғаны он жыл. Шығармашылық үшін бұл аз уақыттың ішінде Иманжанов әдебиетіміздің әр саласында қалам тербеп, «Таныс қыз» атты әңімелер жинағын, «Алғашқы айлар» повесін, «Азамат даусы» атты публицикалық еңбегін, «Жас өмір», «Менің махабаттым», «Сөнген шала» пьесларын жариялады.
Мұқанның балалық шағы халқымыздың тарихындағы қасіретті зобалаң жылдары – ашаршылыққа дөп келді. Сол себепті түрде білім алуға жағдай болмай, ауылда 4 сыныпты бітірген соң, ФЗО-да оқып, 1935 жылы Алматыдағы есеп-экономикалық техникумға түседі. Инситут бітірген болмаса да, Мұқан өмір бойы білімін толықтырып, көп іздену нәтижесінде жан-жақты, әр саладан хабардар сауатты жазушы болды. Жазушы болу үшін көп оқу керек екенін өз шығармаларымен дәлелдеді. Мысалы, Жамбыл атындағы республикалық бірінші жүлде алған «Алғашқы айлар» повесін жазғанда ұлы классик педагог жазушылар Л.Толстой, К.Ушинский, А.Макаренко еңбектерімен танысып қана қоймай, мектепте өтілетін ботаника, физика, биология пәндерімен де шұғылданып, шығармаға қажетті көп мағлұмат алды. Өйткені көркем шығарманы жас буынға білім беріп, ой өрісін дамытатын танымдық жағын қатты ескеретін.
«Алғашқы айлар» повесіндегі басты тұлға – Жақыпбек мектеп мұғалімі қандай болу керек деген талапқа жауап бергендей. Жақыпбек оқушылардың әрқайсысымен жақындасып, бала мен мұғалім арасындағы сенімсіздіктің жігін жойып, тіл табыса білу қияңқы баланы тәрбиелеуде бірден-бір дұрыс жол екенін дәлелдейді. Рас, бала жүрегіне жол табу оңай емес, Жақыпбек осы жолда табандылықпен күресіп, мақсатына жетеді. Жазушы Жақыпбекті балалардың жақсы көріп, үйір болуының себебін ашады. Ол бала табиғатына тән, әр нәрсені білсем деген құштарлық мінезін қолдап, оқушыларды колхоз шарушылығымен де етене жақындатып, көп мағлұмат береді. Немесе экскурсияға апару секілді қызықты жұмыстар жүргізеді.
Жазушы баланы еңбекке баулып өсіруді тәрбиенің басты шарты деп қарайды. Мектеп білім беруді ғана мақсат етпей, ата-анамен ынтымақтасып, қайткенде нағыз азамат тәрбиелеп өсіреміз деген мақсатты алына қою керек. Осы ойын кейін бір жас талапкерге жолдаған хатында Мұқан: «Біз балаларды оқы деп қана үгіттей бермей, еңбек етте, өмірді біл, колхоз шаруашылығын сүй дегенді де құлақтарына сіңіріп, қажетті жерінде дәріптеп отырумыз керек», — дейді.Міне, «Алғашқы айлар» повесінде осы идеяны негізгі нысана етіп ұстайды жазушы. Уақыт тынысын әрдайым қадағалап, тамыршыдай тап басып отырған жазушы қоғамның даму процесін, болашағын сол кезеңнің биігінен қарап бағалайды.
Мұқанның балаларға арналған әңгімелері онша көп емес. Бірақ қандай әңгімесін алсаңыз да балаға тәлім беретін өнегені ұсынып отырады. Коллективтің бала тәрбиелеуде қуатты күш екенін «Сапардың тәжірибесі» әңгімесінде әсерлі бейнелейді. Сапардың сыныптас жолдастарынан да, мұғалімнен де жасырын жүргізген тәжірбиесі сәтсіздікке ұшырайды. Өзінше жаңалық ашпақ болып машақаттанған еңбегі зая кетеді. Бұл сәтсіздік баланың қателігін мойындатқандай. Коллективпен ынтымақта, бірлікте ғана істің нәтижелі болатынына Сапардың көзі жетеді. Автор Сапардың ісінің ағаттығын біреуге айтқызу арқылы емес, іс-әрекет арқылы ашады.