Презентация по технологий Халы? ?неріндегі кимешек тігу технологиясы
Халық өнеріндегі кимешек тігу технологиясыМолдажанова Лаура Серікжанқызы
КІРІСПЕ Ұлттық киім – бай тарихи – мәдени мұра, оны зерттеу бізді өткен ғасырларды әдет –ғұрып, салт-дәстүр халықтың хал-ахуалынан кең көлемде жан –жақты хабардар етеді. Қазақ халқының киімі басқа ұлттардан өзгеше өзіндік қасиетке толы. Мұның басты себебі: қазақ халқының табиғат төсінде өсіп, еркін ғұмыр кешуімен байланысты. Қазақтың ұлттық киімдері негізінен ертедегі көшпенділер киімдерін еске түсіреді. Қазір өзіміз күнделікті киіп жүрген бірқатар киім үлгілері сақ дәуірінен бастау алады. Соның бірі, қазақ халқының ұлттық бас киімі. Қазақ халқының киiмi басқа ұлттардан өзгеше өзiндiк қасиетке толы. Адам баласы қай заманда да баскиімге ерекше көңіл бөліп, аса құрметпен қараған. Баскиімді жерге тастамайтын, кісіге баскиімін бермейтін ырым – тыйымдар күні бүгінге дейін сақталып келеді. Қуанғанда бөркін аспанға лақтырып, күйрегенде жерге ұрып сүйініш пен күйініштің де белгісін баскиім арқылы аңғартқан. Ертеде екі тайпа ел жауласып өзара бітімге келе алмай жағдай қиындағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын басынан сыпырып алып екі араға тастағанда киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмаған. Демек, кимешектің саяси, тарихи мәні бар деп айтуға болады. Әсіресе, әйелдердің тұрмыс – тіршілігінде шашты жинап, басты байлап жүрудің гигиеналық, этикалық, эстетикалық мәні зор. Тіпті, шаштың қадірі бастың қадірінен кем болмаған.
Өткен заманда шашына рұқсатсыз қол тигізген бөтен адамнан сөз құнындай құн дауланған, төлем белгіленіп айыппұл алынған. Қазақта күйеу жігіт қалыңдығының шашын сипағаны үшін, қыздың жеңгесіне «шаш сипатар» ырымын жасаған. Күнделікті тамақ әзірлеу, бала күтудің өзі шашқа ерекше көңіл бөлуге мәжбүр етеді. Себебі, шаш айналадан жаман қуатты тартатын, қажетті – қажетсіз хабар – ошарды, ғарыштық қуатты жылдам қабылдайтын түкті түйсік «антенна» деп саналады. Кимешек –қазақ әйелдерінің әдемілігін арттырып, ажарын ашатын киелі бас киімі. Оның түрлері тігілуі мен әшекейіне қарай аймақтық рулық ерекшеліктерге ие, сан алуан сипатта кездеседі. Кимешектің әшекейі мен әдемілігі жас ерекшелігіне қарай парықталып тұрады. Мәселен, әр жастағы әйелдер кимешегінің ою — кестесі жеңіл, тым жылтырақ болмайды. Ал, жасырақ әйелдердің кимешегі қызылды — жасылды, барынша сәнді етіп әшекейленеді. Киелі кимешекті қалай болса солай кез келген уақытта кие салмайды. Оны кюге қатысты өзіндік жол — жоралар бар. Кимешек — қазақ әйелдерінің киелі бас киімі.Әдетте кимешек ақ матадаң немесе ақ жібектен молдау пішіліп, адамның басын, иығын, кеудесі мен жаурынын жауып тұрады. Кимешекке қарап әйелдердің шырайын, жас мөлшерін, тұрмыс-жайын, тіпті жүріс-тұрысына дейін анық ажыратып алуға болады екен. Апаларымыздың ұқыптылығы мен салақтығы да кимешегінен көрінетін. Кимешектің түрі мен тарихи тұрпаты сан-алуан. Олар көбіне рулық-тайпалық өмір ерекшеліктеріне байланысты.
Зерттеудің мақсаты: Қазақ халқының мәдениетімен, соның ішінде ұлттық әйелдер бас киім – кимешек туралы тарихилығын жете білуге, сонымен бірге қазіргі жастарға ұлттық мәдениеттің маңыздылығын өзекті болып табылатынын көрсету.
Зерттеудің міндеттері: Қойылған мақсаттан шыға отырып, келесідей міндеттер қойылды және шешілді: 1. Қазақ халқының ұлттық бас киімдерінің ерекшеліктері, түрлері, пайдалану және тұтыну ерекшеліктерін түсіну; 2. Көркем өнердің дәстүрін, оның тарихилығын жете білу, бас киімнің тиімділігін түсіну; 3. Кимешекті пішу әдісін, үлгісін дайындаумен танысу; 4. Қазіргі уақыттағы ұлттық мәдениеттің рөлі мен маңыздылығын көрсету.
Зерттеудің өзектілігі: Қазақ әйелдерінің киелі бас киімі – кимешек. Ұлттық бас киімнің қазіргі таңда жастардың бейхабарсыз екенін ескере отыра, әйелдердің киім пірі — кимешекпен терең танысқым келді. Ғасырлар бойы сәнін де, мәнін де жетілдіре түскен кимешектің бүгінгі тәуелсіз еліміздегі ерікті үлгілерінің тарихымен, оның маңыздылығы мен әйелдер қауымының өмірінде алған ерекше орнын жеткізгім келді. Осыны мен жадымда сақтап, алдыма мынадай мақсат қойып, жұмысымды жаздым.
Кимешек түрлері
ҚОРЫТЫНДЫКимешек — қастерлі, ел арасынан үзілмей келе жатқан әйел адамның бас киімі. Бойындағы иманы, инабаты, қорғаны, бетжүздігі, талғамы, дәрежесі, мәртебесі. Салтанат сәнімен әйелдеріміздің бетіне әр беріп келген кимешек те басқа киім үлгілеріндей өзіндік пайда болу, даму, құлдырау, қайта өрлеу дәуірлерін басынан өткізді. Қазақтың ұлттық киiм үлгiлерiнiң көшпелi тұрмыс пен құбылмалы ауа райына бейiмделе дамуына көршi халықтармен арадағы мәдени-экономикалық байланыс, шаруашылық-мәдени тип, тiршiлiк қамы мәдениетi әсер еткендiгi сөзсiз.Киелі кимешек қадірі кеткендіктен, мезгілі өткендіктен емес – қиын, аласапыран жылдарда ғайып болды. Ұзақ жылдар бойымыздан кетсе де, ойымыздан өшпеген ақ кимешек мезгілін күтіп, айдынын аңсап жеткен құстай ақ тілеумен қайта оралды. Әркім өз келбетін сақтауға ұмтылып жатқан жаһандану кезеңінде сәні мен мәні астасқан асыл мұрамыз салтанатты кимешек – ұлтымыздың қастерлі қазынасы ретінде сөздік қорымызға, өмірімізге еркін еніп, ерекше назар аударуға лайықты төл туындымыз. «Киелі кимешек» зерттеу жұмысы арқылы ескі мен жаңаны үндестіріп, заманымен үйлестіріп, жаһандану дәуіріндегі қазақ әйелдерін өзіне тән тарихи көркем бейнесімен қайтадан көзайым етуге ұмтылдым. Сыртқы келбетіміздің кейпінен ішкі жан дүниеміздің астарын айшықтай түсуге талпындым. Сөзімізді түйіндей келе, Ұлы даланың мәдени мұрасының бірден – бір мұрагері қазақ халқының қасиетті әжелерінен қалған киелі дүниені сақтап қалу, дамыту – бүгінгі біздің басты парызымыз деп ойлаймын. Қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғайтын, немере – шөбереңнің алдында мәртебеңді асыратын, бетіне иман ұялатып, жүзіңе шырай беретін аналарымыздың беделі болған кимешек болашақтың да еншісіне бұйыратын бұйым болса деген үмітім бар.