Елорда Астана жайнай бер 4 класс
Елорда немесе астана — мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы; елдікті, ұлттық бірлікті білдіретін бас қаласы. Астана ұғымы ұлыстар, тайпалар одағы, мемлекеттік бірлестіктер пайда болған кезеңде, перғауын, қаған, халифа, шаһ, әмір, король, патша, хан, сұлтан, т.б. елбасылар лауазымдарымен қатар өмірге келді. Түркі халықтары, оның ішінде қазақтар ел билеушілер тұрағын орда деп атаған. Астана орнын осы хан ордасы атқарды. Көшпелі тайпалардан құрылған мемлекеттерде хан ордасы да бір орында көп тұрақтамай, көшіп-қонып жүрді. Мысалы, Ақтабан шұбырындыдан кейін Түркістан қаласынан шегінген Әбілқайыр хан өз ордасын Ырғыз, Тамды, Сырдария өзендері бойына ауыстырып отырған. Абылай ханның астанасы Түркістан шаһары болғанымен, ұзаққа созылған жорықтарында ордасын қалмақтардан азат етілген жерлерге тігіп (Көкшетау, т.б.) біраз уақыт бойы елін сол жерден басқарып отырған. Әбілпейіз Сарыарқада, Уәли хан Көкшетаудағы Сырымбетке, Бөкей мен Жәңгір Жайық пен Еділ аралығындағы Ордаға, қазақтың соңғы ханы Кенесары Ұлытауға ордасын тіккен. Халық түсінігінде Ұлытау, Хантау, Ордабасы, Түркібасы, Күлтөбе, Мәртөбе сияқты хан ордасы қонған, ту тігілген, Үш жүз басын қосқан, құрылтай жиналған, мемлекеттің, ұлт тағдырының ең түйінді мәселелері шешілген жерлер аса қастерленіп, қасиеті астана ұғымына жақындастырылған. Алғашқы кезде астананың басты қызметі елді әкімшілік жағынан басқару болды. Кейін астаналық қалалар пайда болған соң олар сауда, қолөнер, мәдениет орталықтарына да айналды. Хан ордасы орналасқан, қазына сақталған, қамал салынған елді мекен ірі шаһарға айналып, оған керуен жолдары тартылды