Word. Халы? даналы?ына баулуда?ы ма?ал-м?телдерді? т?рбиелік м?ні ?ылыми жоба 25 бет



Халық даналығына баулудағы мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні
Мазмұны
Кіріспе………………………………………………………………………………...3
1.Мақал – мәтел туралы……………………………………………………….....…5
2.Зерттеу бөлімі……………………………………………………………………..7
2.1 Мақал – мәтелдердің құрылымдық ерекшеліктері…………………………...7
2.2 Мақал – мәтелдердің өзара айырмашылығы………………………………....9
2.3 Мақал – мәтелдердің тақырыптары…………………………………………..10
2.4 Халық даналығына баулудағы мақал – мәтелдердің тәрбиелік мәні…….13
Қорытынды………………………………………………………………………….19
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі………………………………………………...20
Қосымша 1..........................…………………………………………………………21

Кіріспе
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» осылай деген: «…Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын.
Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама.
Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек».
Мақал-мәтелдерден халықтың ой-санасы, дүниеге көзқарасы, ақыл- өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, мазмұн тереңдігімен, түр жағынан ықшамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан салалы құбылыстарына баға беріліп, ой түйінделіп, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі негізінде пікір айтылады.
Өкінішке орай ғылым мен техниканың, жалпы өркениеттің қарыштап алға дамыған заманында біз дайын құндылықтарға әбден үйреніп, төселіп кеттік. Олар – әлемдік ғаламтор өнімдері, электрондық өнімдер, т.б. Сөз жоқ бұл құндылықтардың да өмірде алатын орны зор. Дегенмен, адамдардың арасындағы «тірі» қарым-қатынасқа жетпейді. Көпшілігіміздің сөйлеу мәдениетіміз, сөздік қорымыз, ұтқыр, ойлы сөйлеу шеберлігіміз кемшін түсіп жататыны жасырын емес. Сондықтан өзімнің, достарымның өмір сүру әрекетінің ережесі және ақ пен қараны ажырататын әділ таразы болып табылатын халқымыздың мақал-мәтелдерінің тақырыптарын, мән-мағынасын зерттеп, зерделеуді осы зерттеу жұмысымның өзекті мәселесі ретінде алдым. Себебі ата-бабаларымыз тобықтай түйінмен-ақ адамға дұрыс жол сілтей алған. Мақалдар мен мәтелдерде адамның жан-жақты тәрбие алуына үлкен мән берген, тәлім-тәрбиені мақал-мәтел арнасына шеберлікпен сыйғыза білген.
Зерттеу жұмысының мақсаты – талдау, саралау негізінде ұтқыр, дәл айтылған тіркестерде берілген қазақ халқының ділінің жалпы және жеке ерекшеліктерін анықтау; ұлттық мінез-құлықтың мақал-мәтелдерде айтылған өзіндік ерекшеліктерін зерделеу.
Зерттеу жұмысының міндеттері – оқушылардың, менің достарымның сөйлеу тілінде пайдалануын белсендіруге және жеке өмірлік тәжірибесін кеңейтуге ықпал ететін қазақтың тіл шығармашылығының бірегей формасы, мақал-мәтелдердің тақырыптарын зерделеп, мәнін ашу.
Зерттеудің болжамы – қазақ мақал-мәтелдерінің тақырыптары мен мағынасын зерделеу заманауи адамның тілінің мәдениетін, нақтылығын, байлығын анықтайтындығы жөніндегі болжам алынды.
Зерттеу объектісі – Қазақ халқының мәдени және әдеби мұрасы.
Зерттеу пәні – Сонау ықылым заманнан бізге өзінің тағылымдық мәнін жоғалтпай жеткен қазақ әдебиетінің ажырамас бөлігі болып табылатын мақалдары мен мәтелдері, сонымен қатар халқымыздың мақал-мәтелдерінде айқындалған мәдениеті.
Зерттеу әдістері – талдау, бақылау, іс-тәжірибеде қолдану.
Зерттеудің жаңалығы – зерттеу жұмысында мақал-мәтелдер арқылы қазақ халқының салттары мен дәстүрлерінің ерекшеліктері сараланды.
Жұмыстың нәтижесі мен қорытындылар – жастарға тәлім-тәрбие беретін, ұнамды үлгі қалыптастыратын мақал-мәтелдерді насихаттау; мақал-мәтелдерді мектеп өмірінің барлық бағыттарына /сабақта, сыныптан тыс өмірде ,т.б./ кеңінен енгізу керек деген қорытындыға келдім.
Іс-тәжірибеде пайдалану аясы – мектепте тек қазақ тілі мен әдебиеті пәні ғана емес, сонымен қатар басқа да оқу пәндерін оқыту іс-тәжірибесінде; әсіресе, жастардың сөйлеу тілінде пайдалану керек.
Негізгі бөлім
1 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
Мақал-мәтел – әрі қысқа, әрі нұсқа айтылған сөз мәйегі, ой маржаны. Мақал-мәтел бір ғасырдың ғана жемісі емес. Олардың алғашқы үлгілері есте қалмаған ықылым заманда туып, өзінің қалыптасу, даму, өсу процесінде талай ғасырмен бірге жасасқан. Бұл жолда әр түрлі қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған. Мақалдар мен мәтелдерде айтылмайтын, сөз болмайтын өмір саласы жоқ десе де болады.
Мақал-мәтелдерден халықтың ой-санасы, дүниеге көзқарасы, ақыл- өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, мазмұн тереңдігімен, түр жағынан ықшамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан салалы құбылыстарына баға беріліп, ой түйінделіп, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі негізінде пікір айтылады.
Халық терең ойды аядай қалыпқа сыйғызып, шебер беруге тырысқан. Сөйтіп, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жинақтап, қорытып береді. Онда халық тарихы, әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі кең көрініс тапқан.
Мақал менен мәтелдерде халқымыз жақсылық пен жауыздықты, адамдық пен арамдықты, еңбеккерлік пен еріншектікті, жомарттық пен сараңдықты салыстыра сөз етеді. Адамгершілік жолына нұсқан, мін келтіретін жамандық пен жауыздық қылықтардың барлығын батыл сынап, жиренте әшкерелеп, бүкіл жұртшылыққа адамгершілікке тән мінез, қылықтардың барлығын ұсынады.
Өкінішке орай ғылым мен техниканың, жалпы өркениеттің қарыштап алға дамыған заманында біз дайын құндылықтарға әбден үйреніп, төселіп кеттік. Олар – әлемдік ғаламтор өнімдері, электрондық өнімдер, т.б. Сөз жоқ бұл құндылықтардың да өмірде алатын орны зор. Дегенмен, адамдардың арасындағы «тірі» қарым-қатынасқа жетпейді. Көпшілігіміздің сөйлеу мәдениетіміз, сөздік қорымыз, ұтқыр, ойлы сөйлеу шеберлігіміз кемшін түсіп жататыны жасырын емес. Сондықтан өзімнің, достарымның өмір сүру әрекетінің ережесі және ақ пен қараны ажырататын әділ таразы болып табылатын халқымыздың мақал-мәтелдерінің тақырыптарын, мән-мағынасын зерттеп, зерделеуді осы зерттеу жұмысымның өзекті мәселесі ретінде алдым. Себебі ата-бабаларымыз тобықтай түйінмен-ақ адамға дұрыс жол сілтей алған. Мақалдар мен мәтелдерде адамның жан-жақты тәрбие алуына үлкен мән берген, тәлім-тәрбиені мақал-мәтел арнасына шеберлікпен сыйғыза білген. Мақалдар мен мәтелдердің мазмұны бабаларымыздың өмір тәжірибесін қамти отырып, біздің санамызды, әсемдік сезімімізді, талғамымызды, көзқарасымызды дамытады. Сонымен қатар ұлтымыздың мақал-мәтелдері сөздің мағынасын түсіне білуімізге және тапқырлыққа баулиды, шеберлікке, шығармашылыққа бастайды, көркем сөз табиғатына жетелейді әрі ұшқыр, көңілге қонымды, ойлы, бейнелі сөйлеуге үйретеді, сөйлеу мәдениетін дамытады.
Оның үстіне мақалдарымыздың бен мәтелдеріміз тіл үйренуде, сауатты жазып, ойды көрікті әрі көркем етіп жеткізуде, тіл сауаттылығына баулуда ең тиімді, ең құнды құрал ретінде де маңызы зор деп есептеймін.
Мақалдар мен мәтелдердің ғибраттық, өсиеттік мәні дүниетану қабілетіміздің дамуына баулумен және ұлтжандылыққа тәрбиелеумен қатар, өмір шындығының көрінісі ретінде ұлтымыздың тарихымен танысуға да септігін тигізеді деп ойлаймын.
Мақал-мәтел – халықтың өз перзенті, өзі жасаған баға жетпес қазынасы, өзіне жақын да, түсінікті де, сондықтан сүйікті де. Бұлар – сан ғасырлар бойы заман сынына өткен, керегіне жараған өміріне өнеге болған, қисығын түзететін таразы болған, болады да.
2. Зерттеу бөлімі
2.1. Мақал – мәтелдердің құрылымдық ерекшеліктері
Мақал – мәтелдің өн бойында поэзияға тән жинақылық, үнділік, саздылық, ұйқас, ырғақтылық байқалады. Онда басы артық сөз болмайды. Барлығы өз орнында, екшеленген, сұрыпталған, жымдаса біріккен, ой-өрнек ажыраспас туыстық тапқан, ішкі мазмұнына сыртқы формасы сай үндестік тапқан болып келеді. «Ер дәулеті - еңбек» деген мақалды талдап көрелік. Осындағы сөздердің бірін де өзгерту мүмкін емес. Мұндағы негізгі ой – еңбектің құдіретін, ол бүкіл бүкіл игіліктің көзі екенін білдіру. Ой қазығы «еңбек» деген сөз болған соң, «е» дыбысы ерекше естіліп тұр. Мақалға саздылық, үнділік беріп тұрған да – сол. «Дәулет» сөзінің мақал бітіміне кіруі де соған байланысты. Оның орнына «ырыс, байлық, молшылық» т.б. сөздердің біреуін де ала алмайсың. Сөздер сол бітімінде ғана үлкен ой жүгіне ие. Сөздерді ауыстырып қолдансақ, онда бұл мақал поэтикалық қасиетінен де, мән – мағынасынан да айырылады, мақалдық қасиеті жұтаңдайды.
Мақал-мәтелдерде халық сөзді барынша үнемдеп қолданады. Тіпті кейде кейбір сөзді тастап кетіп отырады. Мысалы, «Ақыл – жастан, асыл – тастан» мақалында «шығады» деген сөз қалып қойған. Бірақ одан мақал ойсырап тұрған жоқ. Түсіп қалған сөз өз өзінен ойға оралып, ишарамен білінеді.
Мақал-мәтелдердің тура және ауыспалы мағынасы болады. Мысалы, «Өнер алды – қызыл тіл», «Ер қанаты – ат», «Елін сүйген ер болады», «Жігітті намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалдар ешқандай тұспалдаусыз тура мағынада айтылып тұр. Ал, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кірер», «Не ексең, соны орарсың», «Жауырды жаба тоқиды», т.б. мақал-мәтелдерде айтпақ ой тура айтылмай, жұмбақтап, астарлы мағынада ишарамен білдірілетінін көреміз.
Мақалдарды жасаудағы көркемдік тәсілдердің бірі – әсірелеу. Мысалы, «Көп түкірсе – көл», «Жақсы – ай мен күндей, әмбеге бірдей». Сондай-ақ салыстыру әдісі жиі қолданылады. Мысалы, «Жақсы қыз – жағадағы құндыз, жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз». Мақалдар мен мәтелдердің үш жақты ерекшелігі бар тұлғалар екендігіне ғалымдар ертеден-ақ назар аударып келеді. Біріншіден, мақалдар мен мәтелдер – фразеологизм сияқты тілдік құбылыс. Екіншіден, пайымдау мен ой - пікірдің түйіні ретінде логикалық тұлға. Үшіншіден, келелі ой, кең мазмұнды қысқа айтып, қорытынды жасаудың тамаша үлгісі. Мақал-мәтелдердің осындай үш жақты қасиеті оларды тілдік құбылыс ретінде және ойлау құбылысы ретінде бөлек-бөлек зерттеуді қажет етеді.
Мақал мен мәтелдер сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбайды, даяр қалпында жұмсалады, құрамдары әрқашан тұрақты болады. Мақал- мәтелдер – сан ғасырлар жемісі, сондықтан әбден ой елегінен өтіп, екшеленген, сөйтіп тұрақталған сөз оралымдары. Мақал мен мәтелдердің ішінде тура мағынасында ұғынылатыны да бар, яғни олардың мағыналары сол мақалдарды құрастырушы сөздердің мағыналарынан туады. Олардың тұрақтылығы мағыналарының астарлы келетінінде емес, керісінше, олардың даналық қорытындылар болып келуінде.
Мақал мен мәтелдер де әр түрлі дәуірдегі нақты өмір шындығына, халықтың ерте кездегі ұғымына, ой-санасына сай келіп отырады. Мақал-мәтелдер фразеологизмдер сияқты құрамын сақтап қолданылады, олардың сөздерінің орнын ауыстыруға болмайды. Олар қай тұрғыда болсын, я морфологиялық, я синтаксистік тұрғыда болсын, өзгеріссіз, даяр күйінде қолданылады. Мысалы, «Аздың қадірін білмеген, көптің қадірін қайтіп білер» деген мақалда құрамындағы жеке сөздердің берер мағынасы сөз болып отырған жоқ, түгел бір мақалдың тұтас мәні сөз болып тұр.
Мақал-мәтелдердің игі қасиеттерге үндеу, ақыл-өсиет сипатында болатындары баршамызға мәлім, яғни ішкі мазмұнның сыры олардың өздеріне ғана тән, меншікті мағынасы бар оралымдар екендігін дәлелдейді. Мақал-мәтелдердің мағынасы сөйлемнің бастапқы мағынасымен жарыса отырып дамиды да, келе-келе астарлы мәнге өтеді. Мысалы, «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында», «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» дегендер тура мағынасымен қатар, ауыспалы мағынаға да ие. Ол мағыналар бір-бірімен астарласып, байланысып жатыр. «Адам аласы», яғни адамның жаман пиғылы, жағымсыз жақтарын сырт бітімінен көре, сезе алмайсыз. Демек, сөйлемнің фразеологиялық мағынасы «ала» сөзінің ауыспалы мағынасының негізінде қалыптасқан.
«Біреуге ор қазба, өзің түсесің» сөйлеміндегі туынды мағына «біреуге ор қазу» бөлігінің мағыналық өзгерісінің жемісі, яғни «басқаға жамандық жасау» деген ұғымды білдіреді. Ал «өзің түсесің» сыңары «ор» сөзімен байланысты туынды мағынасын дамытып, тұтас сөйлем «басқаға жамандық жасасаң, өзің де жамандықтан аулақ қалмайсың» дегенді білдіріп тұр.
Кейбір мақалдар тура мағынаны ғана білдіреді дедік. «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі» деген нақыл шын мәніндегі өмір тәжірибесінен алынған, көбіне тура мағынасында қолданылады. Сонымен қатар, әрбір мақалды айтқанда «адам», «кісі» категориясына байланыстырып айтамыз, соларды сипаттауда қолдынамыз. Мақалдардың тура мағынада ұғынылатындарының өзінде әйтеуір салыстыру, теңестіру, астарға айналдыру білініп тұрады. «Қамшыға бүлдіргі, баға үлгі керек» дегенде халқымыз балаға жаман әдет, әдеп үйретпе деген мәнді қоса ұғындырады. Мақал-мәтелдер ауыс мағынада қолданылғанда да, олардың құрамындағы барлық сөздер тұтас мағынадан қалыс қалмайды. Мысалы, «Қисық ағаш қиыспайды, қыңыр адам сыйыспайды» деген мақал жөн білмейтін адам ешкіммен тіл табыса алмайды дегенді меңзейді. Дыбыстық жағынан да, грамматикалық жағынан да, сонымен қатар мағынасының кесек ойға, мәнге құрылуы жағынан да тиянақты болып келетін мақал-мәтелдер тілдік тұлға болып табылады.