Сахналы?-саба?:Тіл та?дыры — ел та?дыры
Семей қаласы №9ЖОББМ КММ2014-2015г
18 наурыз
Тіл тағдыры - ел тағдыры
Сабақтан тыс өткізілген сахналық-сабақ
Тойкенова Балжан Шаубановна
Тіл тағдыры - ел тағдыры
сахналық-сабақ
Ана тіліміздің орасан байлығы мен қуаты, кемелдігі мен кеңдігі- ешқандай талас тудырмайтыны ақиқат. Өйткені, біздің тіліміз қазақ халқының сан ғасырлар бойы тарихтың тегеурінді сынақтарынан аман-есен өтіп, қаймағы бұзылмай сақталды.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» - деп айқын бағдар берген біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне сүйене отырып, ұлттың ұйтқысына айналған, тілдің тағдырына шынайы жанашырлықпен қарау, оны насихаттау ұстаздың басты мақсаты. Ендеше келешекті жасайтын жас буынды тәрбиелеп, мемлекеттік тілде жетік сөйлей білуінде ұстаздың атқаратын орны ерекше. Орыс тілінде оқитын мектептерде сабақтан тыс өткізілген сахналық-сабақ үлгісін ұсынып отырмын. Бұл сахналық-сабақтың мақсаты оқушыларға Қазақстан мемлекетінің бүгінгі тәуелсіз, саяси болмысын анық түсінуі мен тіліміздің қазіргі халін айқын көрсету үшін, кешегі өткен тарихымызды терең ұғындыра келе, ата-бабамыздың ақырғы қаны тамғанша, осынау ұлан-байтақ жерді найзаның ұшында, қылыштың жүзінде жүріп қорғағанын көрсету және де Абылай хан бейнесі арқылы оқушыларды Отанға деген сүйіспеншілік, табындылық рухында тәрбиелеу.
( Баяу музыка ойналып тұрады. Сахыналық сабақтың музыкалық сүйемелдеуі «Көшпенділер» кинофилімінен алынды.)
1-көрініс:( Сахына ашылып, сахына ішінде Абылай ханның ордасы безендірілген.)
Автор: Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан ғып көтерген екен. Сол күннің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты.(Абылай хан би, батырлардың ортасында)
Абылай: -Маған Бұқар жырауды шақырындар (Бұқар келеді).
Бұқар: -Ассалаумағалейкум хан ием! Сіз шақырыпты деген соң алдыңызға келдім. Өзіңіз ойлы отырсыз ғой, не болды хан ием?
Абылай: -Мен бүгін түс көрдім. Бұл түс жай түс емес сияқты. Сол көрген түсімді жорышы Бұқар. (Түсін айтады).
Абылайдың түсі: « Астымда жалын құйрық жүйрігім бар. Сарыарқаны серуендеп келе жатыр едім. Алдымнан бір арыстан тұра қашты. Арыстанды қуып жетіп, ішін жарып жібердім. Оның ішінен бір жолбарыс шықты Жолбарысты да қуып жетіп, ішін жарып жібердім. Жолбарыстың ішінен бір көкжал қасқыр шыға келеді де, тұра қашты.
Көкжал қаскырды да куып жетіп, ішін тіліп жібердім. Одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп, қарнын жарып жібердім . Оның ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарыла түсті. Бірақ бұлар менен қашпады. Олардың бәрі атымның сауырына , жалына жабыса бастады. Шошынғаннан айғалап жіберіп едім, оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің!», - депті Абылай.
Бұқар: -Рұқсат етсеңіз, мен жоруымды бастайын. (Түсті жоруы). Сонда Бұқар жырау былай деп жорыған екен: «Жалын құйрыққа мінгенің-хан тағына мінгенің. Ал, алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай қайратты, жүректі болады екен. Ал көкжал қаскырдың баласы, төртінші ұрпағың, қызыл түлкідей заманына қарай қу болады. Ал қызыл түлкіден ары қарай тараған тұқымың, бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп уақтанып кетеді екен», -депті.
Жауынгер: -Уа, хан ием! Алыстан қарақұрттай қаптаған қалмақтар бізге қарай жортып келеді. Не бұйырасыз?!
Абылай: -Хабар бер! Жинаңдар батыр, билерді. Еліміздің, жеріміздің намысын көтеретін қол жинасын! Ел үшін еңіреген ер жігіт батырларымыз Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Көкжарлы Барақ барлығы Арқадағы Бурабайға жасақтарын ертіп келсін.
( Осы кезде барлығы тұрып бата беріледі).
Қасиетті, Жер-Ана!
Қасиетті, Су-Ана!
Ата – бабамыздың аруағы қолдай көр! Әумин!
Жүрелік! Жау басынар әйтпесе! Аттан! Аттан!
( Музыка ойналып, сахына ақырын жабылады)
2-көрініс
Автор: Мен қазақпын қаныммен, сүйегіммен,
Сән салтанат салтымды сүйемін мен.
Бақ орнатам молланың басына да,
Мұрагермін, оған да иемін мен.
Мен қазақпын, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске.
Айта бергім келеді, айта бергім.
Мың өліп, мың тірілген . Қазағымның қазіргі 21 –ші ғасырдағы өмірінен үзінді ұсынамын .
Көрініс.(Дастархан басындағы жастар:екі ұл,екі қыз бала)
1-оқушы: У нас Еркоша такой умный, он «Машину времени» изобрел. Давайте поднимим бокалы за нашего Еркошу!
2-оқушы: Еркоша жасаған машинаң жақсы екен. Бізді отырғызып қыдыртпайсың ба?
3-оқушы: Мен негізі мынандай баспен Қазақстанда қор болмауым керек ! Мое место в Голливуде. Мен бекер қазақ болып тудым, оданша француз немесе англичан болып тусам ғой. Ендігі қазір «Нобелевская премия» лауреаты болып отырар едім. Только родного казахского языка и традиции не знаю.
4-оқушы: Ну ладно, успокойся! Давайте лучше выпьем! У меня идея! Бүгін мына машинаны сынап көрейік, ал егер жараса, болашаққа барайық! А потом когда вернемся, экземпляра плана этого сооружения будем продавать в зарубеж. Столько денег зароботаем!
1-оқушы: Еркош, тенге керек жок! Давайте евра немесе доллармен алайық!
2-оқушы: Ал отырыңдар, дайынсындар ма! Кеттік ендеше! (Музыка.5,4,3,2,1,0)
3 көрініс:
Автор: Қадалып қайта - жау шапқанда,
Сау қалдық найзадан да , қылыштан да.
Қираған көп- көп қала , көп-көп қорған.
Түңілмей үміт күттік аппақ таңнан.
Бір сүйем жерімізді жауға бермей,
Қазақпыз қайсарлығын сақтап қалған!
Абылай хан бастауымен , батыр-билер қостауымен жаудың бетін қайтарып, басқыншыларға ойран сап, жеңіспен оралады. Ақ ордада жеңіс тойы тойланады.(Ақ ордадағы той көрінісі. Би биленіп,ән салынды.)
Абылай :(Орнынан тұрып. )- Ата-бабаның аруағымен ант етемін !
Кешегі өлген батырлардың қанымен ант етемін!
Бүгінгі жылаған жесірлердің көз жасымен ант етемін !
Мен сендерді бақытқа, байлыққа ,береке- бірлікке жеткізем ! Жетісу-жұмақ мекенің болады! Шыңғыстау-құтты қонысың болады. Қазақ жерінің бір тұтамын да ешкімге бермеспіз ,қасық қанымыз қалғанша ,өз жерімізді, елімізді, ана тілімізді қорғаймыз! Келешек қазақ халқы үшін, біздің ұрпағымыз үшін күресеміз, өмір сүреміз.
Жауынгер: -Уа, хан ием! Дат! Айтар сөзім бар!(Хан рұқсат береді). Қайдан екенін белгісіз, бір жылтыраған үлкен жұлдыз ба, әлде тас па аспаннан жарқ етіп түсті. Ішінен төрт адам шықты. Не қалмақ, не жоңғар,не қытай екенін білмейміз. Өздері шүлдірлеп біресе қазақша, біресе басқаша сөйлейді.
Өзіңізге алып келдік. Киген киімдері, түрлері бір қызық , таң қаларлық! (Екі жауынгер төртеуін итеріп, алып келеді.)
Абылай : -Иә ,қонақтар сөйлеңдер. Кімсіңдер? Қайдан келдіңдер ? Неге келдіңдер? Ал өзімізге келсек, мен -Абылай ханмын. Мынау- кең байтақ қазақ жері, мынау -менің ел-жұртым. Жақсы оймен келсең, біз қонақжай халықпыз. Барынша күтіп, ат мінгізіп, шапан жабамыз.Ал жаман оймен келсеңдер, біз сендерді тұқымдарыңмен құртамыз! Айтыңдар!
3-оқушы: -Мен Еркошамын. Біз сонда ХVIII ғасырда жүрміз бе ? Ничего себе. Болашаққа барамыз деп, артқа түсіп кеттік пе? Точно, мынау Абылай хан, это же наш предок!
1-оқушы:- Сейчас эти дикари нас убьют. Қашу керек. Ма-ма
2-оқушы:- Тура тур. Биз оларға озимиз туралы айтайык. Пусть они узнают , что мы их предки.
2-оқушы:- Бізде қазақпыз. Менің атам, әкем, анам бәрі қазақ! Сен- біздің атамызсың. Біз Қазақстан мемлекетінде, ХХІ ғасырда өмір сүреміз. Біз Еркоша жасаған машинамен болашаққа барамыз деп, сіздерге тап болдық.
Абылай : -Қазақ болсаң мына шұбарланған тілдерің не? Мына киген киімдерің, сұқыттарың не? Бойжеткен қыздың әсемдігі мен ер-жігіттің намыс қайраты қайда?
4-оқушы:- Біздің заманымызда жастар осылай киінеді. Неғұрлым дененді жалаңаштасаң, соғұрлым әдемі көрінесің. Шашты қырқып, бет-ауызды
бояп, тырнақ өсіріп, маникюр жасаймыз.
Абылай : - Болашақтан болдындар ғой, түсіндім . Енді « Ел тағдыры-Тіл тағдыры» дегендей ел мен тілдің жағдайын айтшы!
2-оқушы:- Біз қазір тәуелсіз мемлекетпіз. Егеменді ел болдық. Кең-байтақ жеріміз картадан өз орнын алды. Тілге келсек! Қазір мемлекеттік тіл-қазақ тілі болғанмен, көбіміз біле бермейміз .Біз орыс тілін, ағылшын тілін үйреніп , сөйлегенді жақсы көреміз. Бізде орысша білмесең «ауылбай» дейді. Барлығымыз компьютер үйреніп, соткамен сөйлесеміз .
Абылай : -Уа, заман-ай , Қазағым-қайран елім! Жеткен жерің осы ма? Қан төгісіп, ел мен жер тәуелсіздігі үшін қаншама еңіреген ер-жігіт жанын қиды. Зарлап жылаған ана үні, жалына жылаған жесір үні, еңіреп жылаған жетім үні зая кеткені ме? Мен өз жерімді, үш жүзді біріктіріп болашақтың қамын ойлап, қазағымның ұрпағы өссін-өнсін дедім. Сондағы көрем дегенім осы ма еді?! Міне, алдыма «қазақпын» шүлдірлеп, өз елі мен тілін сыйламаған, менсінбеген ұл-қызды көріп отырмын. Бұқар, айтшы менің түсім бекер болмағаны ма? Расында да қазақ арыстандай айбарлы ұлдарынан, еліктей еркелеген қыздарынан айрылып, қазіргі кейпі бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке болып кеткені ме? (Төртеуі ойланып, қателерін түсініп, төмен қарады.)
3-оқушы:– Абылай ата, кешіріңіз! Біз қатемізді түсіндік. Расында да, біз сіздер беріп кеткен асыл мұраны бағалай алмай жүр екенбіз. Елге қайтып, егеменді елдің көк байрағын көтеріп, ана тілді құрметтеп, мәртебесін жоғарлатуға уәде береміз! Сіздер «аманат» қып берген қазақтың кең байтақ жерін қорғауға, сақтауға ант етеміз! Өзіміз сияқты жастарға үлгі боламыз. Келешек ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімізді қосамыз!Бас иіп кешірім сұраймыз.
Бұқар: -Иә, Абылай, мына жастарды кешіріп, еліне қайтарайық.Бұлар қателерін түсініпті. Біздің еңбегіміз зая кетпеген сияқты. Қазақ жері-егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болыпты. Тілдің де тағдыры түзелер!
«Үмітсіз-шайтан» дегендей үмітімізді үзбейік.
«Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» дегенді естен шығармайық.(Шымылдық жабылды, музыка «Көшпенділер» кинофильмінен.)
Мұғалімнің қорытынды сөзі.
Рөлдерде ойнаған оқушыларды марапаттау.