О?у ойынын ??растыру ар?ылы о?ушыларды? шы?армашылы? ?абілеттерін дамыту


ОҚУ ОЙЫНЫН ҚҰРАСТЫРУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУ
Рзағазы Гүлхан Бақытқызы
Алматы облысы, Балқаш ауданы, Жиделі ауылы, "Жиделі орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен"ММ тарих пәні мұғалімі
Күнделікті сабақтарда қолдануға тиімді ойындар өте көп. Педагогикалық ғылыми-әдістемелік газет-журналдарда оқу ойындары туралы көптеп жазылып та жүр. Мен өз сабағымда қолданатын іскерлік оқу ойындарына тоқталғым келеді. Іскерлік ойындарында оқушылар берілген сценарилер бойынша рөльдерді бөлісіп, зерттеу жасайды, деректерді талдайды және практикалық мәселелерді бірлесе отырып шешеді. Сабақтағы күрделі мәселелерді шешудегі оқушыларымның шығармашылық қабілеттерін дамытуда А.Әлімовтың зерттеуінде көрсетілгендей ойын түрлерінің екі түрін пайдаланамын. Бірінші, сабақ тақырыбы бойынша жазылған сценарийлер бойынша қысқа ситуацияларды ойнау. Екіншісі, компьютерде қолданатын ойындар. Компьютерлік ойындарда оқушылар жеке мүмкіндіктерін пайдаланып, Интернет арқылы байланысуына болады. Оқу ойындарының қайсысында болсын басты мақсатым - оқушылардың шығармашылық қиялдарына жол ашу. Осы ойын барысында оқушылардың қандай шығармашылық дағдыларға үйренетінін анықтап, соған қатысты бағалау критерийін құрастырамын. Сонымен бірге, ойын оқушылардың тарау соңында білімдерін тексеру тесті кезінде көмектесуі керек және оқугылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Ойын сценарийін жазғанда қызықты кейіпкерлер таңдап алынады. 6-сыныпта «Ежелгі дүние тарихы » пәнінен сабағындағы қызықты кейіпкердің бірі Хаммурапи – б.з.б. 1792-1750 жыл аралығындағы Вавилон патшасы, Перғауындар: Тутмос, Аменхотоп, Рамзес т.б. Әр кейіпкердің жасын, кәсібін, өмір сүрген ғасырын, оқиғаның өрбитін уақыты мен мекен-жайын нақтылау керек. Сюжет жалпы түрде жазылады. Мысалы: Хаммурапи елде бірыңғай тәртіп пен басқару жүйесін орнату үшін заң шығаруға өз қарамағындағы ақылгойлерін жинап, мынадай тапсырма береді. Тапсырма саны сыныптағы оқушылардың барлығына жетуі керек. Тапсырманы алған әрбір вавилонның ақылгөйі заң жобасын жасайды. Оқушыларға берілетін тапсырмалар үлгісі: 1.Егер адам бөгетті бекітуге құнтсыз болып, көршілерінің егістігін су басып қалатын болса .... қандай жаза қолдануды ұсынасың? 2.Егер адам жерді игеру үшін жалға алып, онда егін өсірмесе, ... қандай жаза қолдануды ұсынасың?3. Егер ұлы әкесін ұрса, ... қандай жаза қолдануды ұсынасың? 4.Егер емші қола пышақпен адамға қиын операция жасаса және ол адамды өлтіріп алса, ... қандай жаза қолдануды ұсынасың? 5. Егер адам өгіз айдауды жалдап алса, оған еңбегі үшін қанша төлеуі керек? 6.Егер адам басқа адамның баласының қөзін шығарса, ... қандай жаза қолдануды ұсынасың? Рөлде ойнаушылар өз қиялдарымен Хаммурапидың заңдар жинағын құрастырады. Рольдік ойынның қатысушылары шешімін қажет еткен заңдар жобасын құрғаннан кейін «Әрі қарай не істеу керек? Заңдарға қалайша таңдау жасаймыз? Оның салдары қандай болу керек?» деген сұрақтар төңірегінде заңдарды жүйелеу керек. Ойынның шешімі ретінде ауыл шаруашылығына байланысты бір заңға берілген бірнеше үкімнің ішінен оқушылар таңдау жасап біреуін жазады. Жазған заң жобасы нәтижесінде вавилондықтар ауыл шаруашылығына жауапкершілікпен қарауын қамтамасыз етілуі керек. Осылайша оқушылар оқулықтан оқып, түсінгенін айтып, сұраққа жауап беру сияқты жалықтыратын әрекеттерден гөрі, ойнай отырып шығармашылық қабілеттерін шыңдап және рөлде ойнай отырып заң шығарудың маңыздылығын түсінуге, тарихи кейіпкердің бейнесінде өзіне жауапкерлік арта отырып білімді тез меңгеруіне мүмкіндік береміз. Осы жерде Хаммурапидің заңдары оқушылар құрған заңдармен сәйкес келмесе, оларда қате білім берілмей ме деген сұрақ туындауы мүмкін . Кез-келген адамның бойында өз жетістігін салыстыруға деген қызығушылық туындайды. Оқушыларға оқулықта Хаммурапи заңдарынан үзінділер берілгенін ескертпей-ақ, өздері оқып салыстырып жатады. Бұл ойын арқылы өз бетімен білім алу және шығармашылық, біліктілік қабілеттерін шыңдау болып табылады. Мұғалім оқушылардың шығарған заңдарын олардың шығармашылық еңбектері ретінде жинақтап отыруына болады. Ойын аяқталғаннан кейін бірден оқушылардың ойын туралы ойларын білдіруін сұраған жөн. Ол үшін оқушыларды шағын топтарға бөліп, сұрақтарды төмендегідей сұрақтарды талқылауды тапсырасыз:
Бұл ойыннан өздеріңіз үйренген және білген нәрселердің ішіндегі ең маңыздысы қайсы?
Бұл тақырып бойынша тағы не білгіңіз келеді?
Бұл заңдарды қазіргі заңдардан қандай айырмашылығы бар?
Талқылауға жеткілікті уақыт бере отырып, оқушыларды өзім құрастырған критерий арқылы бағалай аламын. Бұл әр оқушы жұмысының тиімділігін бағалауыма мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Төлебаев Т., Құсайынов Р.,Дәкенов М. «Ежелгі дүние тарихы» 6-сынып оқулығы. А, «Атамұра» 2006ж.