?деби-саз кеші ?аза? хал?ыны? д?ст?рлі ?н ?нері
«Бекітемін »
«Өнер» мектебінің
Оқу ісінің меңгерушісі:
_______Даулетова Г.
735965279336500«Қазақ халқының дәстүрлі ән өнері» әдеби-саз кеші
Дайындаған: Алиханова Асел Сакеновна
Мұнайлы ауданы 2017ж
Қазақ халқының дәстүрлі ән өнері
Қазақ халқының дәстүрлі өнеріне ұлттық музыкалық аспаптар домбыра мен қобызда орындалатын халық әндері мен күйлерін жатқызуға болады. Ән мен күй өнері жайында ел ішінде көнеден жеткен бір аңыз бар. Тұжырымдап айтар болсақ ол аңызда былай делінеді: Құдыретті күшті Алла ән-күй өнерін жаратқаннан кейін көкке қалықтатып жіберіпті. Қалықтап жүрген әуен талай елдің үстінен өтіп келіпті де ұлан байтақ жерді иеленіп жатқан кең пейіл, ақжарқын, ізгі ниетті, табиғатпен үндестік тапқан бір ғаламат халықты көріп соларға қонған екен. Бұл ұлы қазақ елі болатын. Содан бері қазақтың бойына тал бесік пен жер бесіктің аралығында ән мен әуенге , күй мен жырға деген ерекше құштарлық, ыстық ықылас, дарын , қабілет дарыған екен.Халқымыздың осы бір қасиетін терең сезінген ақын Кеңшілік Мырзабеков:
«Рақмет, өнер сүйген қалпыңызға,
Бір дәстүр қанға сіңген халқымызда
Қазақтың тууы да, өліміде ән
Ән біздің сертіміз де, антымызда
Дем берер шаршағанда, шалдыққанда
Әншіні сыйлайды елі сондықтан да!
Халықтың жүрегіне бұл қасиет,
Адалдық ар ісі боп орныққанда.
Халқының мұңын мұңдап, қарсы тұрар,
Әншісі қорлықтарға, зорлықтарға.
Халқынан айыра алмас сүйікті әнін,
Иесін ажал алып, жер жұтқанда.
Өнерді жасардағы көзсіздікпен,
Өнерді сүйе алудай ерлік бар ма?»,-деп жырлайды. Өнерді өмірінің өзегі ете білген ата – бабаларымыз ел іргесі тыныш болса, шаруасын күйттеп жата бермей, мыңғырған кең даланы, думанды тоймен дүбірлетіп, таңғажайып салтанатымен сауық- сайран құрған.
“Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Жүрекке түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй”,- деп дана Абай атамыз қазақтың ән мен күй құдыретін осылай жырлаған. Қазір назарларынызға Айтқалиева Аяжанның орындауында халық әні «Айтжанай» қабыл алыңыздар!
Қазақтың әні мен күйі- халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық қуанышы. Қазақ халқының рухани жәдігерліктерінің ішінде мақтаныш етер бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар көрінеді. Бұл қазақ әншілік өнердің сан ғасырлық даму тарихының бар екендігін бірден бір айғағы. Киелі қара домбыра мен қарт қобыз сүйемелдеуімен айтылатын дәстүрлі ән өнері кемел құрылымымен, кең диапазон, күрделі ырғақ- иірімдерімен ерекшеленеді. Талай ғасыр сүзгісінен өтіп, бүгінге жеткен дәстүрлі ән өнерінде әуендік, орындаушылық, құрылымдылық өзгешіліктері мен кең тараған мекеніне байланысты шартты түрде бірнеше мектеп қалыптасты. Олар - Арқа әншілік дәстүрі, Батыс Қазақстан әншілік дәстүрі, Жетісу әншілік дәстүрі, Сыр өңірінің жыраулық дәстүрі болып мектептерге бөлінеді.Дәстүрлі ән үлгілері ежелден ғұрыптық әндер, халық әндері, кәсіби халық композиторлары шығармалары болып, баға жетпес құндылықты құрайды. Қазақтың әншілік өнері жанрлық сипаты жөнінен алуан түрлі. Ән – ұлт тарихының шежіресі. Қазақ музыка өнерінде Арқа өңірі, Жетісу жері (Әсеттің жолын жалғастырған Дәнеш Рахышев мектебі мен Кенен Әзірбаев мектептері; Қабан жыраумен Сүйінбай Аронұлының жолын жалғастырған Жамбылдың жыршылық мектебі), іштей ірі төрт мектепке бөлінген жыршылық дәстүрінің ықпалы айқын сезілетін Сыр бойының ән өнері және Батыс аймағының әншілік дәстүрлері белгілі. Зерттеуші Ақселеу Сейдімбек бұл орындаушылық дәстүрді «Бірінші, Қазақстанның орталық және солтүстік өңіріне тән әншілік мектебі. Екінші, Қазақстанның оңтүстік және Жетісу өңірін қамтитын әншілік мектебі. Үшінші, Қазақстанның Батыс өңірін қамтитын әншілік мектебі. Төртінші Сыр бойының әншілік- термешілік мектебі. Бесінші, Қазақстанның шығыс өңірін, Баян өлке мен Шығыс Түркістанды қамтитын әншілік мектеп»- деп беске бөледі. Енді осы мектептерге жеке тоқталып өтсек.
Арқа дәстүрлі әншілік мектебі
Арқа ән мектебі айрықша дамыған. Арқа еліміздің Шығыс, Орталық, Солтүстік Қазақстан аймағын қамтитын кең байтақ өлке. Арқа өңірі әншілік өнердің кең қанат жайып, ерекше дамыған өлкелердің бірі саналып, әндері кең тыныстылығымен , әуенінің байлылығымен, терең мазмұндылығымен, асқақтылығымен ерекшеленеді. Дәл осы өңірде 19 ғасырдың екінші жартысында қазақтың халықтық кәсіби әншілерінің мектебі қалыптасты. Оның негізін қалаушы әнші – Біржансал Қожағұлұлы (1831-1894). Ал, Ақан сері, Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанов, Ыбырай Сандыбаев, Мәди Бәпиұлы, Әсет Найманбаев, Естай Беркімбаев секілді Арқа ән мектебінің өкілдері халықтық кәсіби әннің музыкалық-поэтикалық стилін қалыптастырды.Осынау ұлы дәстүрді 20 ғасырда Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаппас Айтбаев, Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Жабай Тоғандықов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан және т.б.дәстүрлі әншілер жалғастырды. Зерттеушілер Арқа әнінің ту тіккен биіктігі ретінде Көкшетауды айтып келгені белгілі. Оған себеп, Көкше өңірінде ән атасы- Біржан сал , «өнерінен өмірі сұлу» Ақан сері Қорамсаұлы, «топ жарғанның бірі» Үкілі Ыбырайдың , алып күш иесі, композитор -Балуан Шолақ сияқты қазақ музыка өнерінің алыптарының көркем әндерінің осы Көкшетауда дүниеге келуі. Әйтсе де, музыкатанушылардың көзінен үнемі қалтарыста қалып қоя беретін үлкен бір ән ошағы бар. Ол – Қызылжар өлкесі. Салыстыра отырып зерделесек, Арқа әндерінің ең алғашқы қарлығаштары Қызылжар өлкесінен қанат қаққанын байқауға болады. Көкшетау әндеріне қарағанда , Қызылжар әндерінің «жасы үлкендігі» тың ізденістерге баруға жетелейді. Мысалы, ән атасы атанған Біржан салдың Сегіз серіні өзіне ұстаз тұтуының өзі көп жайды аңғартқандай. Ал, Сегіз серінің дүниеге келген жері осы Қызылжар өңірінің Гүлтөбе- Мамай атты өлкесі. Бір кереметі – Арқаның ең көне әндерінің бірі «Жиырма бестің» шығарушысы деп жүрген Салғара Жанкісіұлы(1759-1859) осы Гүлтөбе- Маманайда дүниеге келген. Сол сияқты өз маманының белгілі өнерпаздары – Нияз сері Бекдәулетұлы мен (1818-1893), Сейітжан сал Көрпешұлы да (1819-1885) осы Гүлтөбе- Маманайда туған деген деректер бар. Бұл деректер мен дәйектер Арқа әндерінің үлкен ошағының бірі – Қызылжар өңірі екендігін , ал Гүлтөбе – Маманай жері Арқа әншілік дәстүрінің «Бастау көздерінің» бірі деген батыл тұжырым жасауға негіз бола алады. Арқа ән дәстүрінің орындаушылық ерекшеліктерін аймақтық ән мектептерінің ерекшеліктерімен салыстыруға және бұдан бірнеше ғасыр бұрын бір жүйеге келтірілген академиялық ән салу мамандығының озық тәжірибесімен салыстыра отырып талдауға болады. Арқа ән мектебіне тән ерекшеліктің бірі - дәстүрдегі жанрлық – стильдік дыбыс идеалы. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Оның қатарында вокалдық және аспаптық өнердің арақатынасы, әнші даусының ерекшелігі , әншінің дыбыс бояуы, түрі және нақты әншілік динамикалық – артикуляциялық әдістер. Қазір біз Арқа ән дәстүрінің орындаушылық ерекшелігін қалыптастыратын бірнеше талаптарға тоқталамыз. Алдымен , халықтық кәсіби әншілік өнердің басты талабы- адамның табиғи таза дауысы. Арқаның ән дәстүрі тәжірибесінде төмен дауыстар сирек кездеседі. Мысалы, Қали Байжанов Қосымжан Бабақов , Құрманбек Жандарбеков Қайрат Байбосынов сынды баритон дауысты әншілер. Әншілік жоғарғы дауыстың болуын техникалық өлшемдермен байланыстыруға болады. Себебі, тек жоғарғы дауыстар ғана алысқа ұшады. Александр Затаевич жазбаларында бұл жайлы : «Қазақтар қуатты , алысқа жететін, кеңістікті кернейтін дауыстарды аса жоғары бағалайды, шырқаған дауысы қас қарайғанда 7-8 шақырымға жететін әншіге жететін адам жоқ»- деген. Арқа ән дәстүрінде салған әні сахараға жайылған сондай әншілер Ыбырай Сандыбаев пен Әміре Қашаубаев. Әншінің дауыс сапасы , қуаты, тұрақтылығы мен тембрлік көркемдігі , икемділігі дәстүрлі ән терминологиясының дамуына ыкпал тигізеді. Мысалы, «Көмейінен бал тамған», «күміс көмей әнші», «жезтаңдай әнші», «Дауысын алты қырдан асырған әнші» деген секілді терминдік анықтамалар әнші дауысының тембрлік, акустикалық мінездемесінен көрініс береді.
Арқа ән дәстүрінің орындаушылық ерекшелігі дыбыстың естілу тұрғысынан алғанда жеке ән салуға бейімделген. Тек жеке орындау ғана әншінің өзіндік әдістерін қалыптастырды. Арқа ән дәстүріндегі дыбыс шығару әдістері халықтық эстетикаға баланады. Ән салу өнеріндегі эстетикалық түсінікті қалыптастыратын дәстүрлі әншілік терминалогияның саналуандығы көп мағыналылығында қолданылатын түсініктердің көп мазмұндылылығында. Бұл жерден халықтық кәсіби әншінің әншілік дыбыс тазалығындағы динамикалық – артикуляциялық және тембрлік- фондық үйлесімі сезіледі. Мысалы, асқақтата, әндете, баяу, баяулатып, жай, жайлап, қоңыр, майда, шалқыта, шырқата, ырғақпен.
Арқа әндері әуені жағынан Италияның әндеріне өте жақын. Италияның әндері «бельканто» стилімен орындалады. Бельканто дегеніміз – италия тілінен аударғанда – красивое пение- сұлу ән. Дыбыстан дыбысқа жеңіл өту, дуыстың сұлулығымен бояуының қоюлығы, барлық регистрдегі дауыстың біркелкілігі және әуен суретінің жылжымалы техникасын сақтайтын дыбыс шығару жеңілдігін білдіретін виртуоздық ән салу техникасы. Мысалы : Ақансерінің «Сырымбет» әні «Ауылым қонған Сырымбет саласына, болдым ғашық ақ сұңқар баласына», - мұнда әннің әр сөзін бөлек- бөлек буынға бөліп айтсақ әннің ерекшелігі кетеді. Ән үзіліп-үзіліп, кесіліп-кесіліп, қысқарып қалады. Сондықтан әнді бір демде үзбей айтқан абзал. Сондай- ақ , Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әні: «Қаратау кейде қарлы , ахау, кейде қарсыз, ер жігіт кейде малды , кейде малсыз». Яғни, бұлда бельканто стилінің орындаушылық талаптарына сай, дыбысты үзбей , легатомен орындалатын шығарма. Бұл тұрғыда Арқа әндері, Ақан, Біржан, Жаяу Мұса әндері құрылымы жағынан және орындалу техникасы жағынан Италия әндеріне өте жақын. Ал, Батыс Қазақстанның әндері мен Сыр өңірінің жыр – термелерін бельканто стилімен айту дұрыс емес. Өйткені, әннің орындау мәнері бұзылады. Арқа әндерімен Италия әндері кең тынысты, дыбыстың үзілмеуін талап етеді. Ең кереметі Арқаның әншілерін кез – келген уақытта академиялық ән салу мәнеріне үйретуге болады. Әр әншіліктің өзіндік стильдік ерекшеліктері , өзіндік орындаушылық мәнерінде, вибраторларында айырмашылықтар болмаса Арқаның ән салу техникасымен академиялық вокалдың ән салу техникасы бірдей.
Батыс Қазақстан әншілік дәстурі
Батыс өлкесінің жыршылары , әсіресе әншілер мұрасы талай уақыт зерттеушілердің назарына ілінбей , күй өнерінің көлеңкесінде қалып отырды. Оны бүгінге дейін Батыс аймағының ән мәдениеті сөз естілген тұста Мұхит Мералыұлы есімімен шектеліп , өзгеше түрге ие бола отырып қалыптасқан маңғыстаулықтар «қайқыларды» өз дәрежесінде игеріп , мектеп деп атауымыз аңғартады. Соның бірі, еліміздің Батыс бөлігінде туған өзгеше музыкалық сипатымен айрықшалана отырып, сазының кербездігімен, өзіне тән ырғағымен, жергілікті күй мектебінің домбыра қағыстарымен сүйемелденетін әншілік дәстүрдің бірі – Маңғыстау өлкесінде болды. Ежелден жыраулық өнерімен ақындық мектебімен танымал аймақта Адайдың «Бес жүйрігі» мен «Жеті қайқысы» әйгілі болған. Олар Абыл, Нұрым, Ақтан, Аралбай, Қашаған секілді жыр жүйріктері мен қайқы атанған сегіз қырлы , бір сырлы тума дарындар. Қайқылар осы өңірде серілік құрып, халықты өнерімен сусынддатқан дара өнері иелері еді. Ақтөбе , Орал жерлерін қамтыған Батыс аймағының мектебіне өлкенің көнеден келе жатқан жыршылық өнерінің ықпалы зор болды. Ең алдымен Қазақстанның Батыс аймағы ежелден жыраулардың , тарихтан белгілі айтыс ақындары мен жыршылардың ордасы. Аймақтың жыршылық өнері музыкатанушылардан бұрын ауыз әдебиетін зерттеген филолог ғалымдар назарына іліккен. Бұл көптеген батырлар жырының , әсіресе «Қырымның қырық батыры» сияқты халқымыздың қымбат поэзиялық мұрасы кемелденген , ауыз әдебиетінің ірі өкілдері шыққан орта. Батыс өңірінде дәстүрлі әдеби орта болғандығын , ол орта ақындарының ең басты сипаты- ерлік , батырлық жырларды жырлап тарату екенін Қайрат Жумалиев, Әлкей Марғұлан, Есмағамбет Ысмайылов сияқты ғалымдардың қай – қайсысы да айқын байқап, құнарлы пікір айтқан. Ән мәдениетін зерттеуде осы ғасырлар қойнауынан келе жатқан екі ірі жанр тоғысуын ескеруге міндеттіміз және ол ән жанрынан айқын аңғарылады. Назар аударар болсақ , қай аймақтың әншілік мектебі болмасын , олардың өзіндік ерекшелігін , стильдерін айқындауда және тәжірибелік игеруде негізгі локальді айшық өрнектерді анықтауда алдымен аспаптық сүйемелдің маңызды орын алатындығын көреміз. Еліміздің барша орындаушылық мектептерде , әсіресе, Батыс өлкесінде домбыра сүйемелі әннің характерін беруде, тыңдаушыға жеткізуде өте үлкен рөл атқарады. Аспап сүйемелінсіз ән бір сипатта болса, домбыра партиясы шығармаға өзгеше бояу , мінез береді. Ән пайда болған өңірден күй де, жыр да шықты. Мысалы, Арқа , Жетісу өңірінің күйлері шертіп, баяу орындалатын болса, Сыр өңірінің күйлері жорғаның бүлкіліндей қозғалысты, жылдамдықты алып отырады. Ал, Батыстың күй музыкасы жігерлі, жалынды, дауылды, өткір, екпінділігімен ерекшеленеді. Осыдан келіп , әннің аймақтық айшықтарын да аңғарамыз. Яғни, орындаушы от-жалынды , батырлық, ерлік рухын, қызу шабыт характерін негізінен аспап көмегімен , ондағы темп пен штрихтар арқылы жеткізеді. Бұл домбыра сүйемелінің қағыстары ең алдымен аймақтағы Құрманғазы, Байжұма, Дәулеткерей, Дина, т.б. күйшілер өнерімен сабақтас болып жалғасын табуда. Батыс аймағының ауызша кәсіби әншілік мектебін. Мұхит Мералыұлы (1841-1918) қалады.Дарабоз әнші , ақын , композитор. Мұхит шығармашылығы 19 ғасырда шырқау шыңына көтерілген куйшілік мектептер тұсына қатар келді. Осындай екі түрлі өнерден сусындап өскен Мұхит әндеріне бұл жанрлардың ықпалы зор болды және айқын сезіледі. Оның әндері бүкіл өлке өнерін көз алдыңызға әкеледі. Композитор шығармаларының құрылымынан , даму желісі мен әуендік- интонациялық бағытынан, ладтық түзілімінен өзінің қалыптасқан , қанып өскен ана сүтімен дарыған осы дістүрлердің ықпалы көрінеді. Ол тіршілікте өнерді бәрінен жоғары қойып, атақты, дәулетті ұрпақтан бола тұра өмірдің нарқын байлықтан, барлықтан іздемей , барша саналы өмірін өнерге бағыштайды. Оның халық арасына кең тараған «Айнамкөз», «Үлкен Айдай» , «Кіші Айдай» , «Зәуреш», «Паңкөйлек», «Дүние», «Ақ иіс» әндері қазақ музыка мәдениетінің алтын қорындағы арналы үлгілер. Мұхит мектебі орындаушыдан дауыс күшінің зор әрі диапазонының кеңдігін , күрделі әрі екпінді, төкпе күйлерде кездесетін қағыстары бар домбыра сүйемелімен үлкен шеберлікті талап етеді. Композитор әндерінің аспаптық сүйемеліндегі алуан түрлі қағыстар мен күрделі иірімдер оның дәулескер күйші болғандығынан хабар береді. Бқл жөнінде Ахмет Жұбанов оның Боғданың, Тазбаланың, Абыл-Қошқардың Сәулебайдың күйлерін нақышына келтіріп, орындаушылардың бірі болғандығын және өзінің күй шығарғандығын да жазады. Демек, Мұхит әндерін домбырамен сүйемелдеп айту үшін әнші домбыраны күйшіден кем меңгермеуі керек дейді.
Өлкедегі екінші мектеп Маңғыстау топырағында қалыптасып , өңірде «Қайқылар әндері» аталып бүгінге жеткен дәстүр. Бұл мектептің өкілдері «Адайдың жеті қайқысы» атанған сегіз қырлы , бір сырлы өнерпаздар. «Қайқы» атауының шығуына тоқталайық. Ғасырдың аяғында Адай елінің билері бір жиында әншілер жайын сөз қылады. Біреуі «бәленше әнші» деп, екіншісі «түгенше әнші» деп әр қайсысы әр әншіге мінездеме береді. Ақыры : «Біздің мұнымыз жарамайды екен, оданда әншілер байқауын өткізіп, кім жақсы аталса , соған бәйгесін берейік,»- деп бәтуаласады. Билер кеңесі келер айда «Тесіктам» деген жерде , Мамыртай ауылының беретін асына барлық әншілерді жинамақ болып шешім қабылдайды.
Айтылған күнде келіп, асқа ел жиналады. Билер де , әншілер де келеді. Ән сайысының бас төрелігіне Иса – Досан көтерілісінің басшыларының бірі болған Иса Тіленбайұлы сайланады. Ас қыза түседі. Өнерпаздар сайысы елдің құлақ құрышын қандырғаны сондай – бұл кереметке көшпенді ел қатты қызығады. Ас аяқталар кез болғанда , төрешілер әншілер жарысының қорытындысын жариялайды. Бас төреші Иса би жиналған әншілердің ішінен жеті адамды таңдап алып: «Осы адамдар бұдан былай Адайдың жеті қайқысы атансын», - деп жар салады. Сол «Жеті қайқының» есімдері өз аттарымен қоса руының аттарымен бірге аталып елге тарайды. Сонда «Жеті қайқы» деп жүргеніміз мыналар: Жаңай Өскінбай, Медет Жылгелді, Майлан Шолтаман, Кенже Әділ, Мая Досат , Қаржау Тұрсын және Тіней Тастемір. Тастемірді көбіне «Жаманадай Тастемір» деп те атайды. «Жеті қайқының» бізге жеткен әндерінің кейбірін атап кетсем: Тіней Тастемір Боранқұлұлының «Маңғыстау» әні, Кенже Әділ Өтеғұлұлы «Жайма қоңыр», «Бес өрдек» әндері, Жаңай Өскінбай Қалманбетұлы «Жеті Бұлбұл», «Жирен жорға», «Кербез Айша» әндері, Қаржау Тұрсын Алдашұлы «Оймауыт», «Айырық», «Көлқайнар» әндері, Мая Досат Бәймембетұлы «Бос мойын», «Той қайда» , «Ырғама» , «Жамал-ай» әндері, Медет Жылгелді Теңізбай ұлы «Құнан нар», «Дәурен ай», «Ағибаш» әндері. Майлан Шолтаман Байсарыұлы «Талкеме», «Сары өзен», «Ақ кербез» әндері, Бегей Қайып Қорабайұлы «Ақ бөбек», «Жадау көк» әндері т.б. Қазіргі таңда жеті қайқының әндерін халық, әсіресе жастар сүйіп орындайды. Қазіргі тыңдайтындарыңыз Шолтаманның әні «Талкеме» орындайтын дәстүрлі ән бөлімінің 2 сынып оқушысы Демболсынов Ербаян , мұғалімі: Асқамбаев Темірбек. Қазіргі таңда Маңғыстау әндерін орындап, ел арасына таратып, жүрген әншілер көп. Олар : Жұмабай Бөлекбаев, Жеткізген Сейітов, Амандық Көмеков, Сауле Жанпейісова , Серік Әбдірахманов, Рухия Батыршиева , Елдос Еміл , Айгүл Қосанова , Ақмарал Ерімбетова, Ақылбек Өтешов сияқты әншілер. Бүгінгі таңда Маңғыстау өнер колледжінің жанынан Ақмарал Ерімбетованың үйретуімен көптеген шәкірттер даярланып, Маңғыстау қайқыларының әндерін үйренуде. Солардың бірі арамызда отырған , қазіргі Мұнайлы ауданының «Өнер» мектебінің дәстүрлі ән бөлімінің мұғалімі Темірбек Асқамбаев.
Жетісу әншілік дәстүрі.
300 жыл созылған қазақ-қалмақ соғысы тарихқа біржола еніп, орыс отарлауы жетпеген Жетісу өңірі үшін ХІХ ғасырдың басы ең бейқұт заман болды. Қой саудасы Орталық Азия көпестері арқылы Қытай, Иранға жетіп, ет, сүт, май өндіріп базарларда сатылды. ХІХ ғасырда Жетісу қазақтарының жер шаруашылығымен айналысуы да кең дами бастады. Жетісуды мекендеген қазақтар – бидай, сұлы, арпа егіп, суармалы жүйе арқылы жақсы өнім алатын болған. Осындай саяси-әлеуметтік жағдайда Жетісуға ән жанры қайтадан оралып, әншілік мектебі қалыптасады.
Жетісу әншілік музыка мектебінің бастауы Дәурен сал Құдабайұлы шығармашылығында Жетісу ән дәстүрі тек өзіне тән музыка элементтерімен, ерекшеліктерімен біржола тұрақталған. Ол дәстүрді жалғастырушы әнші-композиторлар Бейсебай Қаратаев, Пышан Жәлмендеұлы, Иса Тергеусізұлы, Шүкітай Әбдікерімов, Тәбия Қаражанова, Омарқұл Итаяқов, Сәдіқожа Мошанұлы, Қапез Байғабылұлы сияқты даналар, бергенінен берері көп шамада, қайғы-қасіретке ұшыраған, трагедиялық жағдайда өмірі үзілген. Олардың шығармалары «халық әні» делініп, басқа авторлар атынан айтылып, бұзылып, бүлініп, бізге үзім-үзім жеткен.
Соңғы жылдары, қандастарымыз ата-баба жеріне қайта оралғанда, сол әндердің бір шамасын ала келді. Бірақ олардың айтуында олар шыққан елдің үні әуен иірілімдерінде, ырғақ суретінде баршылық, басымшылық болып, түстікте жатқан халықтар мәдениетінің лебі естіледі. Соның бәрін жіктеп, талдап, өз орнына орнату – алда шешетін мәселе. Жетісу әншілік музыка мектебінің көрнекті өкілі Кенен Әзірбайұлы. Кенен атаның ұзақ ғұмыр кешкенінің арқасында оның өз әндері де, Кенен ата айтып жүрген бауырлары-әріптестерінің әндері де бүгінге бұзылмай, сол қалпында жетті.Дәстүрлі ән зерттеушісі Ерлан Төлеутайдың айтуынша, Жетісу өңірінде дәстүрлі ән өнері 19-ғасырдың екінші жартысынан бастап қана қалыптаса бастаған. Оған дейін бұл өңірде жыр-терме айту, айтысу өнері дамып келген. Алайда Жетісу өңірінің дәстүрлі ән өнерін зерттеп жүрген Сағатбек Медеубеков: «Ән өнері оған дейін де болған. Бірақ бізге жеткені сол 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап қана» дейді.
Ерлан Төлеутай, музыка зерттеушісі. Алматы, 6 маусым 2012 жыл
«МЕНІҢ АТЫМ – ШАЛТАБАЙ»Жетісу өңірінен шыққан дәстүрлі ән өнерінің иелерін атағанда ең алдымен ауызға ілінетіні - Шалтабай Алпарұлы.Шамамен 1830 – 1900 жылдар аралығында өмір сүрген Шалтабайдың бүгінге жеткен бір ғана әні – «Менің атым – Шалтабай».– Қазіргі таңда Рамазан орындап жүрген «Шалтабай» әні саяси болмысқа, саяси құрылымға қарсылық. Яғни оның ар жағында қара бастың қамы емес, елін, жерін отарлап жатқан жүйеге қарсылық, - дейді Сағатбек Медеубеков.– Менің атым – Шалтабай, әкем АлпарӨтіп кетті дүниеден қайран сұңқар.Сары қымызбен аузымды шайқаушы едім,Бір қасық қара суға болдым іңкәр. Менің атым – Шалтабай,Асылдан соққан балтадай,Шалтабайдай жалғызды,Кім іздеп арттан қайтады-ай?! - деп бостандықтағы сәттерін аңсап, өкситін тұсы Арқада арындап ән салып жүріп ату жазасына кесілген Сары Батақұлының:– Баласы мен Батақтың, атым – Сары,Құрысын мендей болса жұрттың бәрі.Он екі ай абақтыда жатқанымда,Қара шай бір қайнатым болды дәрі.Күз болса құс қайтады жайлауына,Дұшпанның біздер түстік байлауына.Артымнан іздейтұғын кісі жоқ боп,Сібірдің кеттім қапы айдауына, - деп келетін қоштасу әнімен үндес.
Тыңдау : «Менің атым - Шалтабай»
«БҰЛ СОВЕТ ЕҢ ӘУЕЛІ БАЙДЫ ҚҰРТТЫ...»Жетісу өңірінде Шалтабайдан кейін аталатын әнші - Жәлменденің Пішәні.Өз кезінде болыс болған Пішәннің артында қалған екі ән - «Ғайша» мен «Дүние шіркін».– Ей, Жәлменденің Пішәні едім,Николайдың тұсында кісі-ақ едім.Кісі ақысы кісіге кетпейді екен,Талайды мен кезінде қышап едім, - деп бір заманда өзінің жасаған қиянатының өз басына туғанын әнге қосқан әншінің тағдыры Арқа әншісі Мәдимен тағдырлас.– Қалып ем абақтыны тамұқ па деп,Қышадым өзімді өзім қамықпа деп.
Құс төсек Пішән жатқан қара жерді,Қалыпсың енді, міне, мамық па деп.
Тыңдау:Пішәннің әні «Ғайша»Аққу едім көлдегі,Сұңқар едім шөлдегі,Амалым бар ма, әттең, дүние-ай шіркін, - деп сарыла ән салған Пішән совет үкіметі орнағаннан кейін 1921 жылы ату жазасына кесіліпті.– Көтер Ғайша басыңды төсегіңнен,Менің көңілім пәс бүгін кешегіден.Шыға алмайтын тереңге түстім Ғайша,Көре алмаған дұшпанның өсегінен, - деп басталатын Пішәннің әйгілі әні Сағатбек Медеубековтің айтуынша «Ату жазасына кесілген әншіні Жақа деген татар досы үш күнге кепілге алып, үйіне алып келеді. Үшінші күні таң бозынан келген екі солдат түрмеге қайтадан алып кетеді. Сол тұста шығарған соңғы қоштасу әнінде жаңа орнаған совет үкіметінің әділетсіздігіне деген ақынның ашық қарсылығы анық аңғарылады.Ерлан Төлеутай: «19 ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастаған Жетісу ән дәстүрін жиырмасыншы ғасырдың басында совет үкіметі желкесінен қиып тастады» деген еді. Сағатбек Медеубеков бұл дәстүрдің үзілмегенін айтты.– Совет үкіметі орнағаннан кейін өзінің қарсылығын ашық айтқан әншілердің бірі - Ырыскелді Сауданұлы.
Жасасын, мына совет жасатады, қорасын мың қойыңның босатады.
– Жасасын, мына совет жасатады,Қорасын мың қойыңның босатады.Тақыр жерге тар кепе орнатып ап,Тасадан байға кедей тас атады.Бұл совет ең әуелі байды құртты.,Байлардан мініп тұрған тайды құртты.Шекараға застава орнатып ап,Қытайдан келіп тұрған шайды құртты, - деп әндеткен Ырыскелді әнші екі көзі көрмейтін соқыр болған еді, - дейді Сағатбек Медеубеков.Бірақ артында тек мәтіні қалған бұл өлеңнің әуені сақталмаса керек.Сол себепті де шығар «Қазақтың мың әні» антологиялық жинағына Ырыскелді Сауданұлынан ешқандай ән енбепті.
«АЛАШ ҚОНҒАН АҚБОЗ ҮЙ БОС ҚАЛДЫ МА...»Жетісу өңірінен шыққан дәстүрлі ән өнері иелерінің ішінен есімі ерекше аталатын әнші - Қапез Байғабылұлы.– Алаш қонған ақбоз үй бос қалды ма,Жетім-жесір қасында дос қалды ма.Өкінбейін десем де, өзегім бар,Өтіп кетті дүние қас-қағымда.Әзәзілге сендің бе,Айтқанына көндің бе,Халқым деген ҚапездіЖау деп ұстап бердің бе?!
Итжеккенге айдаған,Кер заманның әлегі.Бұлбұл құстай сайраған,Бұл Қапездің әні еді - деп келетін «Қоштасу» әні, сонымен бірге 1937 жылдың сұрқай күйін айшықтап берген :
– Балалары айырылған, ай-хой, анасынан,Аналары айырылған баласынан.Жетім-жесір жалаңаш, ай-хой, ашыққан соң,Дән іздейді сабанның арасынан.Ай-хой, ауыр күн-ай,жазатын күн бар ма екен бауырыңдай,Қазағым, арылар күн бар ма екен азабыңнан, - деп басталатын зарлы толғауы сол кезеңдегі саяси жүйеге деген әншінің жан әлеміндегі қарсылығынан туғаны аңғарылады.
Тыңдау: Қапездің әні : «Ай-хой»
«ҚАҢҒЫРТҚАН ЕКЕУМІЗДІ ПАТША ҚҰРҒЫР»Қазақ даласына совет үкіметі орнаған кезеңге дейінгі Жетісу ән өнерінің соңғы өкілі ретінде Кенен Әзірбаев аталады.– Ең үлкен қарсылық - музыка екенін жақсы сезген большевиктер ел ішінен шыққан өнер өкілдерін баудай қиып түсірді. Солардың арасынан ғайыптан тайып Кенен Әзірбаев қана аман қалды, - деген Ерлан Төлеутай «Кененнің аман қалуына біріншіден әнші-композитордың қарақасқа кедейлігі себеп болса, екіншіден бала күнінен сол кедейлікті мінеп-жырлағаны септігін тигізді» деп санайды.Кенен Әзірбаев. Фотокөшірме Төрткен Кененқызының "Кенен ата" кітабынан алынды.
Ал Сағатбек Медеубековтің ойынша, Кенен Әзірбаев тек өз кедейлігіне ғана емес, жалпы әлеуметтік теңсіздікке қатысты күйініш білдірген.«– Бозторғай,Шырылдайсың, шіркін-ай,Құтылар күн барма екен,Осы қойдан, бір күн-ай , - дегеннің өзінде әлеуметтік теңсіздікке деген қарсылық жатыр емес пе, - деген Сағатбек Медеубеков әншінің «Бұлбұлға » әнін нағыз қарсылық мазмұндағы туынды ретінде атады.
Әнші Жәнібек Кәрменов 1984 жылы «Жұлдыз» журналына жариялаған мақаласында:– Адамзат ең бірінші ел сағынар,Елден соң туып өскен жер сағынар.Туған ел өскен жерім ойдан кетпес,Әйтпесе, сыйласар қырғыздан да ел табылар, - деп әнші басына күн туып Алатау асып кеткен шағында өзіне дейінгі дәстүрлі ән өнері иелерінің ізімен сағынышын зар етіп төгіп, мұңын бұлбұлға шағады.– Ой, бұлбұл, сен де бұлбұл, мен де бұлбұл,Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр,Айырылып ел мен жерден жүрген шақта,Жұбатып ертелі кеш сайра да тұр.Алатау сағындым-ау самал лебін,Қордайдың көкседім-ау қоңыр желін, - деп туған жер өскен ортаға сыймай қуғын-сүргін көрген өзі секілді мыңдаған боздақтардың өмірін әне арқау етеді», - деп жазады.Әнші осы аталған мақаласында «Борзторғай» әнін де қарсылық мазмұнындағы жырлардың қатарына жатқызады.«Ән – көзбен көріп, қолмен ұстаған, жүрегіңді улап, ойыңды қажаған, тән мен жанның азап, не рахат сезінісінен туындайды. Бала Кенен оны да басынан кешкен. Тілеп, сұрап алған емес, тіршілік тауқыметінің еріксіз еншілеп кигізген қамыты. Ең алғашқы шығарған әндерінің өзі мойынсұнбауды, бұлқынған қарсылықты танытады» деп жазылған мақалада.
Тыңдау : «Бозторғай» әніЖетісу өңірінің дәстүрлі ән өнерінің өкілдері ретінде бұдан басқа Қалқа (әйел адам), Сауытбек, Көдек, Бұлшалар аталады. Бұлардың барлығының артында тек бір-екі әннен ғана қалған.
Сыр өңірі әншілік дәстүрі.
Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан топырақ. Сол себепті, өңірде өмір сүрген жырау, жыршы, ақын, күйші, әнші, сал-серілер шығармашылығы әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс ретінде, өзіндік сипаты басым өнер түрі есебінде айрықша назар аударады.Сыр елінде өмір сүріп, аты үш жүзге мәлім болған ақын-жырауларымыз ұрпақ тәрбиесіне, инабаттылық пен ой-өрісінің дамуына, эстетикалық талғам биігінен көрінуін басты назарда ұстаған, сөйтіп барша шығармаларында рухани құндылықтарды арқау еткен. Бұл жырлар ұлтымыздың болашағына үлгі-өнеге ретінде жол салған. Атадан-балаға мұра болып келе жатқан жыраулық өмір арқылы жақсылық, ізгілік туын жоғары көтеріп, жастарды адамгершілікке, гуманизмге, еңбек етуге үндейтін толғау-термелерде игі қасиеттерді көңілге тоқып, зердеге сіңіруге баулыған. Тәрбие бастау бұлағын халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған құндылықтарынан алуы тиіс. Сондықтан Сыр сүлейлері шығармалары бүкіл тәрбие жүйесінің негізгі сипаттарына сай келеді. Жиенбай, Балқы Базар, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Бұдабай Қабылұлы, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Нұртуған, Нартай Бекежанов, Рүстембек, Көшеней секілді жыр жампоздары артына тәлім-тәрбие, өнеге қалдырып, өсиеттік мәні бар ақыл-нақылдар жазған. Сыр бойы жыраулары адам тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, жастарды өзін-өзі танып білуге, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа ұмтылдыруға, мейірімділікке, сүйіспеншілікке баулып келген. «Сыр сүлейлерін» биік бір заңғар тауларға теңейтін болсақ, Тұрмағамбет ақын сол таулардың ішіндегі еңсесі биік шыңы десек дұрыс. Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939)Сыр сүлейі – Тұрмағамбет Ізтілеуов көп жыл бойы Бұхара шаһарындағы әйгілі оқу орны – “Мир Араб” (Көкелташ) медресесінде дәріс алған, араб, парсы, түркі тілдеріне жетік, шығыс тарихы мен әдебиетінің алуан мағлұматын білетін және өзі ақындық, шайырлық, жыршылық өнерді қадір тұтатын елде туып өскен. Осындай жан-жақты да бай рухани байлықтардан нәр алған Тұрмағамбет шығармаларының қай-қайсысы болсын ағартушылық, эстетикалық оқу-білімге, өнер іздеуге, еңбек етуге шақыру, т.б. тәлім-тәрбиелік идеяларға толы. Т.Ізтілеуов өзінің “Балаларым” деген өлеңінде барлық жастарда жалқау болмай, сауатты болуға шақырып, білімді болудың қажеттілігі туралы айтады:
Болсаңдар, балаларым, хатқа ұста,
Төрден жай аларсыңдар, тұрмай тұста.
Төр түгіл, төменнен де тимейді орын,
Жүрсеңдер жалқаулықпен жазы-қыста.
Бақ қонып бастарыңа, орнар ықпал,
Ілімнің бола қойса кені ыдыста.
Қай жерде қазынасы болса ілімнің,
Қабыңды қолыңа ал да қыдырыста.
Базар жыраудың өлең құрылымы негізінен – толғау. Толғаулардың кейінгі ұрпаққа үлгі аларлықтай терең мағыналы нақыл өсиеттерге бай болып, ұйқасы, әуені, белгілі ырғағы болуы керек. Базар шығармалары осы талаптарға сай келеді. Жырау толғаулары негізінен ойға, сезімге құрылған. Пікірі тұтас ойы терең, жүйелі болып өріледі. Базардың қай өлең-толғауларын алмайық, бәрінен ақын өмір сүрген кезеңнің тыныс лебі еседі. Сол кездегі қоғамдық ортаның түсінік-танымы, мінез-құлқы суреткерлік шеберлікпен ашылады:
Жақсы мен жаманның
Арасы жер мен аспандай.
Білерсің бір күн басыңа
Іс түскен кезде сасқанда-ай.
Мырза менен сараңды
Өлшестіріп қарасаң,
Ылди мен зәулім асқардай!
Ғалым менен наданды
Салыстырсаң білерсің,
Дария шіреп тасқандай!...
Жыраудың табиғат туралы жырлары да ерекше. Өлеңдері өрнекті, бейнелі, метафора, теңеу, афоризмдерге бай. Табиғатты жалаң алмай, тіршілік иесі адаммен байланыстырып суреттейді:
Жоғарыдан төменге
Жүйесін тауып су ағар
Жазғытұрым болғанда,
Жердің бетін бу алар.
Күн жадырап, күн шығып,
Жан, жануар қуанар.
Жапырақтары жайқалып,
Ырғалы желмен шайқалып,
Түрленіп гүлдер қызарар.
Бұлбұлдар сайрап бағында,
Байғыздар тасқа ұялар..
Толғауын қолма-қол шығарып, өзіне тән әуен сазымен жырлаған Базардың мұндай айшықты, кестелі сөздері ел ішіне кең тараған.Сыр сүлейлерінің ішінде ел арасына аты кеңінен жайылған, шығармаларын үлкен-кіші бірдей білетін, өлең, толғаулары қазіргі жас жыраулардың репертуарынан мол орын алып келе жатқан Оңғар жыраудың әдеби мұраларын насихаттау, кейінгі ұрпаққа білдіре түсу – аға ұрпақтың ендігі міндеті осы. Артына сұлу сөзбен өлместей, өшпестей мұра қалдырған атақты бабаларымызды қалай құрметтесек те артық емес. Өзінің «Асыл зат дәрежеңді жаңа көрдім» деген өлеңінде Оңғар жырау қыз сұлулығын былай жырлайды:
Мойныңды бұра алмайсың зибат балдай,
Құмай көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.
Міні жоқ ақ бетіңнің шырақ едің,
Сарғайып ән саласың атқан таңдай.
Ақ бетің көрген шақта жарқ етеді,
Ішінде кең сарайдың жаққан шамдай.
Бала едің қатарыңнан пормаң бөлек,
Ішінде алтын қапаш жез қадамдай.
Атаңның анаңменен дәулетінде
Бұлаңдап жүруші едің кер маралдай.
...Түймедей зергер соққан алтын басың,
Қаламдай молда иген екі қасың,
Жібектей тоғыз түрлі базардағы,
Масар біткен екен қолаң шашың!
Тыңдау: Асқамбаев Темірбектің орындауында Оңғардың әні «Дүрдараз»
Нұртуған ақынның өлеңдерін жырға құмар, өнерді сүйетін жұртшылықтың бәрі ұнатады. Оның ел аузында айтылып жүрген үш төрт шығармасы кең шалқар қазақ даласына түгел жайылыпты.Әуелі баршамыз табынатын әділдікті, сыйластықты, пәктікті жырлаған «Адамгершілік туралы» атты толғауын оқысам:
Шекпенің жұқа болса жел өтеді
Білмеген асыл затты жүн етеді.
Жігіттер жас кезіңде өнерлі бол,
Айналмай өмір қызық тез өтеді.
Қолға алған бір ісіңді тындырмасаң,
Жалқаудың ертеңменен күні өтеді.
Сыпайы бірін-бірі қадір тұтса,
Арада сіз біздескен шен етеді.
Өсекке үйірсек жан ақыр түбі,
Досының ақ көңілін кір етеді.
Ұрыншақ, шайпау жанның тілі удай,
Жүрегің шоқ басқандай дір етеді.
Баз біреу толарсақтан сорға батып,
Артықтың түймедейін мін етеді.
Білімсіз надан жанның дабырасы,
Жарығын дүниенің түн етеді.
Өзімшіл ісіп-кепкен ақырында,
Бақытын өз қолымен тұл етеді.
Әккілер екі жүзді әрқашанда,
Айласын көлеңкелеп пұл етеді.
Кейбіреу қолда барды ұқсата алмай,
Қуартып кенезеңді шөл етеді.
Өнерлі, білімді жан кішік келіп,
Ауысып ақылымен көл етеді.
Ақ көңіл, адал жандар даналығыны,
Шешіліп, жасырмай-ақ сыр етеді.
Осы «Адамгершілік туралы» өлеңінде ақын әр адамның бойындағы көзге көрінбейтін, сырттай да сезілмейтін жұмбақ қасиетін дөп басып, соның сырын ашып берген. Кез келген жанды қуантатын да, ренжітетін де бақытқа қарай жетелейтін де, сонымен қабат тосыннан қайғыға батырып, қапаландыратын да – осы адамның мінез-құлқы. Сонымен, Нұртуған Кенжеғұлұлы – қазақтың бұрынғы өткен атақты ақын, жырауларынан үйрене отырып, жаңаша жыр жазуға талпынып, ұлттық поэзиямызда өзіндік үнін қалдырып кеткен, мақтан тұтуға жарайтын ақын. Қазақтың ақындық, әншілік тарихында «Нартай мектебі» деген ұғым бар. Ол мектептің іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызған – белгілі халық ақыны әрі композиторы Нартай Бекежанов. Енді қорытындылай келгенде :«Сыр сүлейлері» Балқы базар, Дүр Оңғар, Ешнияз сал, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Қарасақал Ерімбет, Жиенбай жырау, Нұртуған, Бұдабай, Нартай жыраулар және т.б. шығармаларының жастарымыздың эстетикалық тәрбиесін дамытып, жан дүниесін рухани сезіммен байытатын мүмкіндігі зор.
Қорытынды: 1965 жылға дейін қазақтың дәстүрлі әндері ауыз екі түрде сақталып, ел арасына ауызба – ауыз таралып келді. Тек 1965 жылы Мәдениет министрі І. Омаровтың тікелей қолдауымен Алматыдағы екі жылдық эстрада – цирк өнер студиясы жанынан майталман әншілер Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтің ән кластары ашылып, осы кезден бастап, арнайы оқу орнында дәстүрлі әнді оқыту қолға алына бастады. Оған себеп: XX ғасырдың бас кезінде А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С. Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов сынды қазақ зиялылары бас қосқанда үнемі «Қазақтың әні мен күйі бірқалыпта тұрмауы керек, үлкен ізденістер қажет, әлемдік музыка мәдениетінің озық үлгілері қатарында болуы тиіс» - деген пікірлерді айтып отыратын. Ол үшін дәстүрлі әнді оқытатын арнайы музыкалық оқу орындарын ашып, жастарды сауаттылыққа үйрету басты міндет болды. 1987 жылы Алматы мемелекеттік консерваториясында «Халық әні» бөлімі ашылып, кейін өз алдына кафедра болса, 1998 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясында «Халық әні» мамандығы бойынша арнайы оқытыла бастады. 2010 жылы осы оқу орны Қазақ Ұлттық Өнер университеті болып қайта құрылып, «Дәстүрлі ән кафедрасы» ашылды. Содан бері қазақтың дәстүрлі ән өнерінің 4 мектебі тереңдетіліп, мемлекеттік стандарттың «халық әні» мамандығы бойынша бакалавриат дәрежесінде мамандандырылған түрде оқытылады.