«Полиязычие основа формирования поликультурной личности»
“Көптілділік білім беру: Көзқарастар. Шешімдер. Нәтижелер.»
Кабдушева А.Ж.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»
Тарихи деректерге жүгінсек, осыдан 12 ғасырдың алдында жасаған энциклопедик ғалым, әлемде Аристотелден кейін екінші аға ұстаз аталған ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70 ке жуық ұлттың тілін жеттік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалтырып кеткендігі анық.
XXI ғасыр – ғылым ғасыры. Үштілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.
«Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.
Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар - қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінде айтқандай, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор.
«Үштілділік - нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы»,-Б. Хасанұлы анықтама бергендей бүгінде оны қолдануға жан-жақты күш салынуда.
Елбасының үштұғырлы саясаты аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. Алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан да «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл - заман талабы»,- деген елбасының қағидасына сүйене отырып, қазіргі таңда балабақшадан бастап мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда. Осы орайда ауыр жүк артылып отырған мұғалімдер мен тәрбиеші-ұстаздардың бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеудегі еңбегі зор.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2050 » стратегиясында мұғалімдерге сенім арта отырып, жастарымыздан үміттенеді. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет ауыр»-делінгендей жастарды сауатты баулысақ болашағымыздың жарқын болатыны белгілі. «Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер»,-деген жолдарда жастарымызға деген үміт пен сенім жатыр. Сондықтан да жастарымыздың болашағы үшін әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер ашылып, «Болашақ» бағдарламасының негізінде олардың шетелге шығып білім алуына жан-жақты жол ашылған.
Осынау мүмкіндіктерді игеру мақсатында бүгінгі білім ордалары үштілділікті енгізудің, оны тиімді жүргізудің тың жолдарынан ізденіс табуда. «Қазақстан әлемде тұрғындары үш тілді қатар қолданатын, яғни қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-халықаралық тіл ретінде, ағылшын тілі- әлемдік экономиканың жетістікті интеграциясы ретінде, жоғары білімді елдер қатарында қабылдануы тиіс»- деді Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев .
Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі факторларының бірі- мектепте көптілді білім беруді жолға қою болып табылады.
Көптілді білім- көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мен шетел тілдерінің бірін білу тұлғаның ой-өрісін кеңейтеді, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашады, ұлтаралық қатынас мәдениетін, толлеранттілігін және планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Маманға шет тілін меңгеру кез-келген шетелдік ортада өзін еркін ұстап, жаңа кәсіптік ақпараттар легіне немесе жалпы ақпараттық ғаламшарға бейімделу мүмкіндігіне ие болады.
Мектепте қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бірлікте алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Алайда дәстүрлі оқытуда тек аударма жасатумен ғана шектеліп отырсақ, қазіргі оқыту технологиясында түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, оқушы-субьектінің ізденісіне, яғни, жеке тұлғаның әрекетін дамытуды мақсат етудеміз.
Өз іс-тәжірибемізде оқушылардың интеллектуалдық қабілетіне түрткі болатын ойын технологиясын қолдана отырып сабақты үш тілде жүргізудің тиімділігі зор. Өнімді нәтиже беріп жүрген іскерлік ойындары: «Полиглот», «Кім тапқыр?», «Үздік тілші», «Кел, сайысайық!», «Тілдер сөйлейді» сынды тағы басқа ойындарды өткізудің үштілді меңгертудегі маңызы айрықша. Оқушыларды ойната отырып, үш тілде жүргізілген сөзжұмбақтар, анаграммалар олардың коммуникативтік құзыреттіліктері мен функционалдық сауаттылықтарын арттыруға негіз болды. Сондай-ақ, ақпараттық технологияны: электрондық оқулықтар, презентациялар, тест т.б түрлері оқушылардың қызығушылығын оятып, уақыттарын үнемдеуге, қосымша деректерді тиімді қолдануға түрткі болды. Шығармашылық жұмыстарға жетелейтін тапсырмаларды да оқушылар қызыға орындап, еркін аударма жұмыстарын жасауға дағдыланды. Мәселен, «Мақал-мәтелдердің үндестігі» салыстыру жұмысы оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты ұсынылып, сыныбына орай күрделеніліп отырады. Бұл тапсырмада мақал-мәтелдерді тақырып бойынша табу, үш тілде аудармасын ұсыну, үндестігін табу.
Бұл жерде оқушылардың сөйлеу тілдері мен сауаттылықтарына назар аударылады. Ал осы тақырып бойынша қабілеті жоғары оқушыларға шығармашылық бағыттағы тапсырма «Мақал-мәтелдердің баламасын жаз» ұсынуға болады. Бұл жерде оқушылар өздері таңдаған тақырыпта үш-тілде мақал-мәтел ойлап, баламасын жазуға талаптанады. Көптілді білім беру ісінде атқарылып жатқан жұмыстардан шығатын қорытынды менің ойымша мынадай:
- көптілді білім беру- бұл мектепте оқу пәндерін екі немесе одан да көптілде аудармасыз оқыту;
- билингвалды білім беру - оқу және оқудан тыс жұмыстардың негізгі бағыттарын екі тілде іске асыру, педагогикалық үрдісте екі тілді оқыту құралы ретінде пайдалану;
- әрбір мектеп бітірген Қазақстан Республикасының азаматы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік біліп шығады;
- көптілді меңгерген оқушылар өзгермелі кезеңде еркін әрекеттер жасауға бейім болады;
- көптілді меңгеру еңбек нарығында да жоғары бағаланады;
- алыс және жақын шетелдерде тілдік көмекті керек етпейді. «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыру мақсатында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына арналған ағылшын тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің сапасын арттыру және үш тілде оқытуды дамыту жөніндегі мәселелерді қарастыру қажет.Сондай-ақ, оқушылардың түрлі санаттарының ағылшын тілінде толыққанды білім алуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету және елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, бәсекеге қабілетті тұлғаны дайындауды жүзеге асыру керек. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік және орыс тілдерін оқып-үйреніп қана қоймай, олардың әлемдік экономика тілі – ағылшын тілін оқуы мәселесін шешу көзделгені де біз үшін маңызды. «Тілдердің үштұғырлығы» жобасы Қазақстан Республикасы азаматтарының ағылшын тілін оқып-үйренуі үшін жағдай жасауды болжайды: барлық жалпы білім беретін мектептерде, оның ішінде шет тілдерін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған мектептерде, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында ағылшын тілін оқытудың сапасын арттыру; кадрларды даярлаудың, оқу процесін әдістемелік және оқу құралдарымен қамтамасыз етудің икемді жүйесін жасау қажет. Осы мақсат үшін: 1) жалпы білім беретін мектептерге ағылшын тілінің шетелдік оқытушыларын тартуды қамтамасыз ету;2) мемлекеттік қызметшілерге қазақ және ағылшын тілдерін жеделдетіп оқытуға арналған жалпы пайдаланылатын қағидалық сөздіктер, оқулықтар, оқу бағдарламалары мен жоспарлар, әдістемелік құралдар, интерактивті оқыту жүйесін, инновациялық-әдістемелік бейнесабақтар әзірлеу және шығару болжануда.Бұл ретте, қазақ тілін меңгергендердің ағылшын тілін меңгеруі оңай екенін білу маңызды. Бұл мемлекеттік тілді насихаттау мәселесі емес, әртүрлі объективтік көрсеткіштерді растайтын факті. Мысалы, жалпы әлемдік тілдерге түркі тілдері 26 мың сөз сыйлаған болса, ағылшын тілінде шашамен 4500 мың түркі тілдерінен енген сөздер кездеседі. «Тіл» журналына берген интервьюінде «Заман-Қазақстан» журналының журналисі Ахмет Аляз осындай деректерді келтіреді. Әлем тілдерін грамматикалық жағынан қарастыра отырып, адам ойының процесінің өзін реттейтін логикалық заңдар барлық тілдер үшін бірдей, ал әрбір тіл үшін грамматиканың әртүрлі екеніне көз жеткіземіз. Бір тілде ыңғайлы, ұғынықты түсініктер екінші тіл үшін қолайсыз және басқа тіл үшін артық. Алайда, ағылшын тілі мен қазақ тілінің арасында салыстыру жүргізе отырып, олардың арасында кейбір грамматикалық ұқсастықтарды байқауға болады. Әуелі фонетикаға назар аударайық. Дауысты дыбыстар бойынша ағылшын және қазақ тілдерінде бәлендей айырмашылық жоқ: қазақ тілінде олар 11, ал ағылшын тілінде (дифтонгтарды қоспағанда) 12 және олардың көпшілігі айтылуы бойынша да бірдей, бірақ артикуляцияда аздаған айырмашылықты көруге болады. Мысалы, қазақ тілінде жаңа сөздер мен сөздердің әртүрлі нысандары түбірге қосылу, яғни жұрнақтар мен жалғаулар арқылы жасалады. Ағылшын тілінде де сөз жасаудың осындай тәсілі бар. Инфинитивтен оған –ing жалғауын қосу арқылы «ингтік» деп аталатын нысандағы ағылшын тілінің ең жиі қолданылатын нысаны пайда болады.Инфинитивге жалғанған -er (кейде -оr) жұрнағы көп жағдайда іс-әрекетті жасауды білдіреді: to read – reader (оқу – оқырман), to write – writer (жазу – жазушы), to work – worker (жұмыс – жұмысшы), to sail – sailor (жүзу – теңізші) және т.б. Сөзге жаңа лексикалық мән беретін жұрнақ қазақ тілінде ең жиі таралған сөз жасайтын аффикс болып табылады. Ол сөзжасамда оңай байқалады. Мысалы, -шы, -ші: жұмыс – жұмысшы, оқу – оқушы, жазу – жазушы және т.б. Дегенмен, кейбір айырмашылықтар да бар. Қазақ тілінде түбір өзгеріссіз қалады, ал аффикстер түбірмен үйлесімдік табады, яғни, үйлесімдік заңы бойынша өзгеріске ұшырайды. Осы заңға сәйкес барлық қазақ сөздері жіңішке және жуан буынға бөлінеді. Мысалы, көл, ән – жіңішке немесе қол, жан – жуан. Ағылшын тілінде жұрнақтар мен жалғаулар негізінен тәуелсіз болып табылады.Қазақ және ағылшын тілдеріндегі дауыссыз дыбыстардың да саны бірдей деп айтуға болады: қазақ тілінде олар 25, ал ағылшын тілінде – 24. Дауысты дыбыстар бұл екі тілде де бірдей. Қазақ тіліндегі сияқты ағылшын тілінде дыбысты дұрыс айтпау сөздерің мағынасының өзгеруіне алып келеді.Бұл тілдер арасында сондай-ақ кейбір ерекшеліктер де бар. Орыс тіліндегі «род санаты» ағылшын тілінде әдетте тек жақты, өзіндік есімдікті және ерекшелік түрінде кейбір жануарлар мен заттарды білдіреді. Адамға қатысты зат есім («Who is this?» – «Бұл кім?» сұрағына жауап береді) орыс тіліндегідей «мужской род» (сәйкесінше «he, his – ол, оның» есімдігі) және «женский род» (сәйкесінше «she, her – ол, оның» есімдігі) түрінде болады. Ал қазақ тілінде «род санаты» деген ұғым жоқ, сондықтан сөйлемнің мағынасына байланысты сын есім, есімдік немесе сан есім ағылшын тіліне әртүрлі аударылуы мүмкін. «To be» етістігі ағылшын тілінде міндетті түрде қолданылады, ал қазақ тілінде ол жоқ.Қазақ тіліндегі сөйлемдегі сөздердің өзіндік реті бар, ол тұрақты. Жай хабарлы сөйлемдегі бастауыш әдетте басында, ал баяндауыш әрқашан соңында, анықтауыш анықталатын сөздің алдында, мезгіл пысықтауыш сөйлемнің басында тұрады. Дәл осылай ағылшын тілінде де бастауыштың, баяндауыштың және т.б. сөйлем мүшелерінің өз орны бекітілген белгілі бір тәртібі бар. Мысалы, «Wе live in Astana» – «Біз Астанада тұрамыз», «Put the book on the table» – «Кітапты столдың үстіне қой».Бірақ ағылшын тілінен қазақ тіліне аударуға қатысты тілдің ерекшеліктерімен байланысты белгілі бір қиыншылықтар туындайтыны жасырын емес. Белгілі қазақ лингвист ғалымы Қ.Жұбанов былай деп айтқан: «Бір тілде басқа тілдің қандай да бір сөзімен мәні бойынша дәл қатар келетін сөздер сирек кездеседі. Мәселен, орыс тілінде «пастух» деген ұғым болатын болса, қазақ тілінде «қойшы», «жылқышы», «сиыршы» деп бөлініп көрсетіледі, сол сияқты орыс тіліндегі «тетя» сөзі қазақ тілінде «апа» да «тәте» де және «жеңеше» де болуы мүмкін. Күрделі болғанына қарамастан кез келген орыс тіліндегі сөйлем қазақ тіліне бір сөйлеммен аударылуы мүмкін. Алайда, мұндай сөзбе сөз аударма стилдің дәлдігін ғана емес, сонымен қатар оның мәнін де беруі мүмкін емес».Тағы бір күрделілік – фразеологиялық сөздерді аударудың мүмкін еместігі немесе дәлсіздігі. Ағылшын тілінен фразеологизмдерді басқа тілдерге аудару әрқашан мұндай конструкциялардың семантикалық тұтастығы мен күрделілігіне байланысты белгілі бір қиыншылықтар туғызады. Мысалы, «to get out of bed on the wrong side» – «сол аяғынан тұру»; «fish begins to stink (or stinks) at the head» – «балық басынан шіриді»; «nothing is stolen without hands» – «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Алайда, осындай қиыншылықтар кез келген тіл жұптарында туындайтынын түсіну өте маңызды. Қазақстандағы шетел тілдеріне және аударманың өзінің қиыншылықтарына қатысты проблемаларға қарамастан елімізде тілдік қарым-қатынастар процесінің дұрыс жолға түсіп келе жатқанын нық сеніммен айта аламыз. Мысалы, ағылшын тілінен мемлекеттік тілге анимациялық фильмдерді аударумен (бұрынғыдай орыс тілінен емес тікелей ағылшын тілінен аударумен) айналысқан «Болашақ» республикалық жастар қозғалысы өкілдерінің қызметі мұның нақ дәлелі.
Қорытындылай келгенде, болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса еліміздің ертеңінің көркейте түсері сөзсіз. Олай болса бүгінгі талапкерлерге әлемдік кеңістікке қанат қағып, шет тілін меңгерсем деп талап білдіргендерге сәттілік тілейік. Демек, «Тілі бірдің-тілегі бір», «Тіл тағдыры-ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі – тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету қазақстандықтардың ортақ парызы. Ендеше жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығулары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббаттарын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу мақсатына өз үлесіміздің бар екендігін мақтан тұтамыз!
Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер:
Жарықбаев Қ. Аталы сөз.– Алматы: Жалын, 1980.
Ақиқат. 2013 жыл, №1. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.
Ақиқат. 2011жыл, №5. «Қазақ тілін білу - әншейін бір ұран емес», Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮІІ сессиясында сөйлеген сөзіНазарбаев Н.Ә. (Қазақстан халқына жолдауы). Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. Астана, 2007
Хасанұлы Б. Тілдік қатынас негіздері,А, 2008ж.
Солташұлы Ы. Заман Талабы ــ көптілді болу. // Ақиқат. 26 қараша- 2012 ж. № 11. 14-15 б.
Жаминова Р.Ж. Модульдік оқыту технологиясын қолдана балалардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыру. // Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістер. ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. ІІ том. Астана-2012 ж. 115-120 б.
Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению,2-е изд. – М.: Просвещение, 1991. – 116 б.
Тер-Минасова С.Г. Язык и межкультурная коммуникация. – M.: Слово/Slovo, 2008. С– 264-270
http://www.akorda.kz/kz/category/poslaniya_narody. Қазақстан Республикасы Президентінің Ресми сайты.
http://www.surak-zhauap.kz/