Стая на тему Жа?сы ?н мен т?тті к?й
Жақсы ән мен тәтті күй
Аманов Сәкен Абайұлы
Музыка пәні мұғалімі
Ақтөбе қаласы, Елек орта метебі
"Құлақтан кіріп бойды алып", жүрек қылын шертетін, нәзік тілмен сөйлеп, жан-дүниеңді билейтін музыканың еліткіш те еліктіргіш ғажап қасиеті жұртқа мәлім.
Музыкалық дарыны мол қазақ халқы басқа тарихи-кәсіби дәстүрі бар елдер сияқты балаларына белгілі бір музыкалық аспабта нота арқылы білім беріп, айрықша оқытпағанымен, оларды өз ортасынан шыққан музыканын асқан шеберлері-әнші, күйші, жыршы, жырау, ақындар секілді тума таланттардың өнерпаздық өнегелі өнерлерін үйретіп, олардан үлгі алуға баулып отырған. Сол үшін де қазақ халқы музыканы да, оны орындаушыны да барынша қастерлеп, қадір тұтады.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар-деген Абайдың жыр жолдары кімді болса да толғандырары анық.
Қазақтың дәстүрлі мәдениетінің бірі- музыка аспаптары. Олар ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұра. Қазақтың күй-мұрасы: «төкпе күйлер»,«шертпе күйлер»деп екіге бөлінеді.Төкпе күйлер-екпіні қарқынды, жігерлі, дауылды болып келеді, ал шертпе күйлер-адамның ішкі ой-толғаныстарына, туған жер мен табиғат сұлулығына, адам өміріндегі сыр-сипатқа құралған пәлсапалық ой түйіндері басым болып келеді. Әуен, үн шығаратын көне аспаптардың ішіндегі ең бастысы- домбыра.
Домбырам,жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң
Өнердің не екенін де білмес едім,-деп, ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, ол қазақ ұлтының маңдайға басар мақтанышына айналған. Оның қос ішегінен күмбірлей төгілген құдіретті күй талайды тамсандырып, таңдай қақтырғаны бізге шүбә келтірмейді. Қазақтың тілі жеткізе алмас жан сырын, терең философиялық ойын күмбірлеген күй тілімен көпшілікке көркем етіп бере алатын да осы домбыра аспабы. Сондықтан да домбыра рух жебеушісі ретінде әр қазақтың төрінде ілулі тұрады.
Жым-жырт тыңдағандар тіл кескендей,
Құрыштап құлақтарын үн кескендей,
Сылдырап кейде қамыс, кейде бұлақ,
Қырдағы қоңыр түнде жыр кешкендей,-деп І.Жансүгіров жырлағандай тоқсан тараулы күүйдің терең өмірлік сырын, көп қырлы эстетикалық қасиетін ашып суреттейді.
Ендеше осы бір бай ұлттық рухани қазыналарымыздың бүгінгі таңда жастарға эстетикалық тәрбие берудегі рөлі де айрықша болмақ. Сондықтан өнер сүйген қауым адам баласына тән ізгі қасиетті, шынайы достықты, әсем мінез құлықты қастерлейді. Әсем ән мен тәтті күйден, өнер атаулыдан ләззат алып, адамгершілік биік мұраттарға ұмтылады.