Сценарий на тему Т?уелсіздік туы желбіре


1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар, ата- аналар!
2-жүргізуші: 16 желтоқсан тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік туы желбіре» атты кешімізге қош келіпсіздер!
1-жүргізуші:
Бізге тәуелсіздік туын, қазақтың көк байрағын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған және дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына биыл 29 жыл толып отыр.
«Мен қазақпын, қазақпын деп мақтанам,
Ұранға «Алаш» деген атты аламын»- деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын- сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні- қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.
1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы болды. Сол пленумда Дінмұхаммед Қонаев бірінші хатшы қызметінен босатылып, орнына бұрынғы Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.В. Колбин сайланды. Бұл студент және жұмысшы жастардың бейбіт мақсаттағы шеруіне әкеліп соқты. Алаңға шыққан жастарды қарулы күшпен басып- жаншыды.
2-жүргізуші:
Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екенідігіне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген тексіз» деген қазақтың ғажап сөзі осындайдан шықса керек. Себебі, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар- намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан- жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін емес.
1-жүргізуші:
Осы желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, орнымыздан тұрып бір минут еске алайық! (1 минут үнсіздік)
2-жүргізуші:
Қасқалдақ ұшып көлінен,
Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен,
Қарғалар билік алған күн.
1-жүргізуші:
Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.
2-жүргізуші:
Қақаған қыстың ызғары
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қара көз қазақ қыздарын,
ОМОН-дар бастан тепкен күн.
1-жүргізуші:
Қариялар итке таланып,
Ер басын күрек шапқан күн.
Аппақ қар қанға боялып,
Қып- қызыл мұз боп жатқан күн.
2-жүргізуші:
Озбырлық күшпен тұншығып,
Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір шындық,
Ер қайрат қыршын кеткен күн.
1-жүргізуші:
Қайғы езіп елдің еңсесін,
Жаншыды-ау жанын батпан мұң.
Енді қайтып келмесін,
Сол бір қарғыс атқан күн.
2-жүргізуші:
Соңына мәңгі ұмытылмас мұң қалдырып, жыл өткен сайын тарих қойнауына сіңіп бара жатқан 1986 жылдың желтоқсаны қай қазақтың жүрегін сыздатпайды, кімнің көңіліне мұң ұялатпайды.
1-жүргізуші:
Жалғыз Отан – адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат – нағыз ердің бірі еді ғой.
2-жүргізуші:
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.
1-оқушы: Елдос
Тәуелсіздік- тірегім
Көзіме бүгін жас келіп тұр, халайық,
Әрбір істі зердеге алып қарайық.
Тәуелсіздік жолында жанын пида еткен,
Ерлерімізді есімізге алайық.
Жүрмейікші жүнжіп босқа түнеріп,
Еске алайық, есімдерін білелік.
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ,
Алмайықшы екі қолдан жіберіп.
Жиырмадағы жалындаған жасында,
Қаншама жас азап шекті расында.
Желтоқсанның ызғары өтіп кеудеден,
Қарсы тұрды Колбин қосқан қосынға.
Соны ойласам елжірейді жүрегім,
Өздері өліп, қорғап қалды Ұлы елін.
Желбіресін көк байрағы халқымның,
Тәуелсіздік болсын мәңгі тірегім!
2-оқушы: Дастан
Егемендік
Мұз жастанып азаттықтың жолында,
Тәуелсіздік туы тұрды қолында.
Сойыл таяқ ойнаса да жанында.
Отан үшін жанын қиды ұлдарың.
Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың,
Күйініштен ауырады жүрегім,
Естігенде желтоқсанның ызғарын.
Желтоқсан- ау, ұмытылмайсың жүректе,
Ұрпақ өсер айналатын тірекке,
Егемендік тиді бүгін еншіме,
Желтоқсаным, жеткіздің ақ тілекке.
1-жүргізуші:
1986 жылғы Алматы толқулары сол кездегі билік иелерінің күш қолдануымен аяусыз басылып тасталса да, халықтың санасына түскен демократия саңылауын мүлдем өшіре алмады, халықтың әділетті қоғам құруға деген құлшынысын тежей алмады.
2-жүргізуші:
Иә, халқымыз жылдар бойы аңсап келген тәуелсіздігіне 1991 жылы желтоқсанда қол жеткізді.
1-жүргізуші:
1987 жылдың басынан 1991 жылдың соңына дейінгі небәрі 5 жылдың ішінде Қазақстан Рессейдің қарамағындағы келешегі күңгірт тәуелді одақтас республикадан дүниежүзіндегі іргелі мемлекеттермен терезесі тең, тәуелсіз елге айналып, қысқа мерзім ішінде ауыр да маңызды жолдан өтті.
2-жүргізуші:
Егемен еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі қол жеткізген жетістіктеріне назар аударайық.
(Екі жүргізуші кезекпен оқып тұрады, слайдтан көрсетіліп тұрады)
1990 ж- Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды
1991 ж- Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды
1992 ж- Қазақстан Республикасының қарулы күштері құрылды
1992 ж- Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты
1993 ж- Ұлттық валюта енгізілді
1994 ж- Талғат Мұсабаев ғарышқа самғады
1995 ж- Конституция қабылданды
1996 ж- Мемлекетіміздің әнұран, елтаңба, туы қабылданды
1998 ж- Елордамыз Астанаға көшіріледі
1999 ж- Кезектен тыс президент сайлауы өтті
2000 ж- Мәдениетті қолдау жылы
2003 ж- Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» стартегиясы жарияланды
2005 ж- Президент қайта сайланды
2006 ж- Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы қабылданды
2010 ж- «Жаңа он жылдық – жаңа экономикалық өрлеу- Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» жолдау жарияланды
2011ж- 7-ші қысқы Азияда ойындары
2015 ж – Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты
1-жүргізуші:
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар,
Таныды тепе- тең деп тереземді.
2-жүргізуші:
Қазақпын, қойнауы – құт, жері – дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәріне айтам, - демекші ендігі кезекті 7- сынып оқушысы Шукмнова Айгерімнің «Қазақ елі осындай» әніне берейік.
1-жүргізуші:
Ел үшін ерлігімен елене
Абырой мен атағына бөлене
Ләззат сынды қазақ қызы қаһарман,
Ұрпағына болар мәңгі өнеге.
2-жүргізуші:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан елім менің! – дей келе, келесі кезекті Еркемай мен Диляраның «Қазақстан биіне» берейік.
1-жүргізуші:
Арманыңды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс
О, халайық! Құтты болсын қуаныш. 6-сынып оқушыларының орындауында «Қазақ жастары» әні. Қарсы алыңыздар.
2-жүргізуші:
Қасиетті Қазақстан мекенім,
Ақиқаттың алтын бесігі екенсің
Елім, жерім, Отаным- бақ- дәулетім,
Болашағым, өнер- білім, өркенім.
1-жүргізуші:
Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма,
Туған тілім шұбарланба жарқыра.
Тарихымда таланттылар көбейсін,
Бас иемін ата- баба рухына,- дей келе ортаға «Алаш » тобын шақырамыз. «Қазақ биі»
2- жүргізуші:
Қарасақ қайда, алыс жақын қырларға,
Алдағы күнге астасып жатыр нұрлы арна.
жүргізуші:
Қаншама ұлттық құт мекені сияқты
Бір өзіңе арналмайтын ән бар ма? Ән: «Сарбаздар». Орындайтын 9-сынып оушысы Амангельдиева Айым
жүргізуші:
Сүйрік саусақ сағадан
Мың бұралған өрмелеп
Асып- тасып сабадан,
Биші кетер дөңгелеп. Еркемай мен Диляраның орындауында «Шашу» биі.
2-жүргізуші:
Қазақпын еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар,
Таныды тепе- теңдік деп тереземді. Ән: «Байқоңырым». Орындайтын Әмірбаев Елдос, Елубаев Ернұр
1-жүргізуші:
Барлық ұлттың басын қосты бұл достық,
Ұлы достық, құрлы достық, күн достық.
2-жүргізуші:
Достық деген қасиетті ұранға,
Кең даланың жүрегі де үн қосты.
1-жүргізуші:
Бүгінгі кешімізді М. Шахановтың мынадай өлең жолдарымен аяқтағымыз келеді.
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана.
2-жүргізуші:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – сатылмайтын байлығы.
Туған дәстүр, салт- санасы тірегі,
Қадамыңа шуақ шашар үнемі.
1-жүргізуші:
Және туған тарихы, еске алуға қаншама,
Ауыр ірі қасіретті болса да.
Төрт анаға әнін жалғай алмаған,
Пенделердің басы қайда қалмаған.
2-жүргізуші:
Төрт анасын қорғамаған халықтың,
Еш қашанда бақ жұлдызы жанбаған. Ән: «Туған жер» Орындайтын Манарбеков Нұрым.
Келесі кездескенше сау саламатта болыңыздар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын.