Баяндама О?у ?рдісінде заманауи технологияларды ?олдану ?дістемесі
Оқу үрдісінде заманауи технологияларды қолдану әдістемесі
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8 - бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау»[1] - деп атап көрсеткендей, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі - оқытудың әдіс - тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру. Ал білім беру жүйесінің алдындағы жаңа міндеттердің бірі инновациялық педагогикалық оқыту технологияларын пайдаланып білім сапасын арттыру.
Елімізде оқыту мазмұны жаңартылып, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу мақсатында жаңа буын оқулықтарының негізінде жасалған бағдарламалар бастауыш мектептің жаңа жүйеге көшуін, әрбір мұғалімнен жаңаша жұмыс істеуін, батыл шығармашылық ізденісін, оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын арттыруды талап етеді. Сондықтан, мұғалім өз білімін жан-жақты жетілдіре отырып, оқушыны қызықтырып оқыту керек екені сөзсіз.[2]
Жаңаша оқытудың «Кембридждік» жүйесі бойынша бұл тәсіл біршама өзгереді. Мұнда балаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауға, ойлануға мүмкіндік жасалады. Олар өз беттерімен және өзара әрекеттесе оқып-үйреніп, ортақ бір шешімге келуге бағытталады. Сондықтан да қазіргі таңдағы әрбір ұстаздың да, оқушының да іс-әрекеті ерекше шығармашылық сипатта болуы керек.
Бағдарламаның мақсаты – оқушылар өздерінің қалай оқу керектігіне назар аудара отырып, олардың өз ойлары мен дәлелдемелерін нақты жеткізе алатын, яғни ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген бәсекеге қабілетті жан-жақты жетілген жеке тұлға қалыптастыру болып табылады.
Ондай «тұлға» болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, қазіргі сандық технологияларды, өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең пайдалана білетін жан болуы тиіс.[3]
Бағдарламада зерттеуші-психолог Шульман түсінік, дағды және тұтастықты «мұғалімнің үш көмекшісі» деген. Оны бас – кәсіби түсінік, қол – оқытудың тәжірибелік дағдылары, жүрек – кәсіби-өнегелік тұтастық деп түсіндіреді. Бұдан біздің ұққанымыз, әр мұғалім теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, шын ынта-ықыласымен оқушыларға мейірімділік, аяушылық, құрмет таныта білуі тиіс. Бұл біздің біліктілігіміз бен рухани құндылығымыз жоғары деңгейде болуы керек деген сөз.[3] Біліктілікті арттыру бағдарламасының негізгі мазмұны жеке жеті модуль түрінде берілген, олар оқыту барысында аралас түрде ұсынылады:- Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер;-Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету;- Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау;- Оқыту мен оқуда ақпараттық-ком-муникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану;- Талантты және дарынды балаларды оқыту;- Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу;- Оқытуды басқару және көшбасшылық.[3] Мұғалім төмендегідей қағидаларды есінде ұстауы қажет:- Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру;- Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау;- Өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру;- Мұғалім бала бойындағы шығармашылық сапалардың болатындығын мойындап, әрі қарай дамытуы керек.
Бағдарламаның басты жаңа бағыты – іс-әрекет арқылы зерттеу болып табылады. Ағылшын ғалымдары теориялық білімдерін міндетті түрде мектептерде қолданып, оның дұрыс-бұрыс жақтарына терең талдау жасап отырады екен. Осы бағытта әрбір жаңашыл мұғалімнен өзі сабағында қолданған жаңа тәсілдердің дұрыс-бұрыс жағын терең талдап, зерттеу жүргізу талап етіледі.[3]
Бағдарламаға сүйене отырып, оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер бойынша оқушыларға алдымен әр сабақ сайын тренинг өткізілсе, сабақ көңілдірек болатынына көз жеткіздім. Тренинг-оқушы назарын жаңа сабаққа аударуда, қызығушылықтарын арттыруда, ынтымақтастық қалыптастыруда маңызды тәсіл. Сабақ бастамас бұрын тренинг өткізу оқушыларға жағымды, оң әсер етті. Ең бастысы оларға ұнады. Ынтымақтастық орнату мақсатында «Жақсы тілек», «Әсем күлкі,ақ тілек» тренингтерін ұйымдастырдым.Бұл тренингте оқушылар бір-біріне жақсы тілек айтып, сабақты жақсы көңіл-күймен бастады. Топқа бөлу барысында оқушылардың сабаққа белсенді қатысулары, өз ойларын ашық, еркін жеткізулері, бастысы, топта оқушы оқшауланып қалмайтындығын көрсетті.
Топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырады. Екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үшіншіден, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды. Бұл әдіс сонымен қатар топ болып ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауға,ойын еркін ортаға салуға, бірінен- бірі үйренуге септігін тигізді. Яғни, топтық жұмыс оқушылар арасында әлеуметтік өзара қарым-қатынасты, тиімді араласу, проблемаларды шешу және топ ішінде шығарманы жан-жақты талдауға көмектеседі.
Топтық жұмыстың тиімділігі:• Оқушылар өзара достық қатынаста болады;• Бір-бірінен сұрай отырып білімдерін жетілдіреді• Өзгелерге ойын жеткізу үшін өз шешімін дәлелдеп үйренеді;• Менен сұрап қалады-ау деп қорықпайды,топ болып жауап береді;• Оқушылардың мектепке деген көзқарасы өзгереді. Уақыттары қызықты әрі тиімді өтеді.• Топтық жұмыста бос отыратын оқушы болмайды.
Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың білім алуының ажырамас бөлшегі болып табылады және әңгімелесудің үш түрі бар,олар:-Әңгіме-дебат барысында;-Топтық әңгіме барысында;-Зерттеушілік әңгіме жүргізілу үстінде байқалады екен.[3] «Диалогті оқыту арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру, олардың білім деңгейін көтеру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту ең маңызды мақсат» деп К.Д.Ушинский айтқандай баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жұмыс жасап, сабақ барысында оқудың белсенді әдістері, диалогтік оқыту және оқу әдісін қолдануда білім сапасын арттыруға көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Оқушылар диалог әдісін қолдана отырып, білімді бірлесіп құру, талқылау, түсіну мен дағдыларды қалыптастыру арқылы білім алады. Әр сабағымда оқушыларға сұрақтар қою арқылы, тақырып бойынша өз ойларын ашық, еркін айтуға мүмкіндік бердім. Өзара талқылау арқылы, түрлі ойлардың болатындығын, бір бірінің түсінуіне көмектесетінін көрсетсе, сұхбаттасу арқылы өз ойларын дәлелдеуге тырысты. Бұл оқушылардың қандай деңгейде екенін түсінуге көмектеседі. Біз көбінесе диалогтік оқытуды сұрақ – жауап ретінде қолданамыз. Яғни, бала теорияны меңгерумен қатар тәжірибе жүзінде де қалай жасау қажеттігін ұғынуы керек. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында көптеген сұрақтар туындайды. Оқушылар өзара пікірлер мен болжамдар айта отырып, бірлесе жұмыс жасайды. Жұмыс жасау барысында оқушыларға көптеген сұрақтарды қоюға болады. Мысалы, кез келген сабақтың басталуы сұрақ – жауаптан тұрады. Сұрақтардың берілуіне байланысты оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады. Оқушы мен мұғалім арасында жақсы қарым-қатынас орнайды. Диалогтік оқыту оқушы мен оқушы арасында да туындауы мүмкін. Мұнда оқушылар бір-біріне сұрақтар қояды. Бір-бірінің жауабына қанағаттанбаса, қосымша да сұрақтар беруі мүмкін. Сын тұрғысынан ойлау – креативті тұлғаны қалыптастырудың бір жолы. Сыни тұрғыдан ойлануды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтіргендер – Джинни, Л.Стил, Куртис, С.Мередит, Чарльз Темпл.Жобаның негізінде Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады.Сыни тұрғыдан ойлану әдіс- тәсілін қолдану нәтижесінде оқушылардың өзін-өзі бақылау, сөйлеу, тыңдау қабілеттерінің артқаны байқалды.[3]Бұл әдіс – тәсілдер оқушыларға:-еркін ойлауға мүмкіндік береді;- ақыл-ойын дамытады;-шығармашылық белсенділігі артады;-ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді;-тіл байлығы жетіледі;-жан-жақты ізденеді;-өз ойын жеткізеді;
Бағдарлама бойынша бұрын-соңды қолданбаған жаңа тәсілдің бірі – критерий бойынша бағалау. Осы 7 модульді сабағымда колданған кезде сыныптагы көрініс, оқушылардың көзқарасы мен оқу үрдісіне қатысы бойынша орын алған өзгерістерге соның ішінде оқытуды бағалау және оқыту үшін бағалау модуліне тоқталғым келді.Бағалау – оқыту үрдісінде және мұғалімнің қолындағы маңызды да әсерлі құрал екендігі рас.[3]
Ол бізге тек қана оқушының білім деңгейі мен жетістіктері туралы ақпарат беріп қана қоймайды, оқушылармен кері байланыс орнату құралы болып табылады. Бағалаудың мақсатына қарай оның бірнеше түрлері бар. Олар: формативтік бағалау және жиынтық бағалау. Бұл бағалау жүйесін өзгертуге әкеледі. Бір мұғалім оқытса да оқушылардың білім игеру деңгейлері әр түрлі болып табылады. Әр оқушының мұғалімді түсінуі мен тақырыпты қабылдауы әр түрлі, сол себепті жетістіктері де бірдей емес. Оқыту үшін бағалау бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеуі және түсіндіру үдерісі. Берілген анықтаманың маңызды элементтерінің бірі оқушылардың деректерді қолдануына баса назар аударту болып табылады. Бұл ретте, мұғалімдер жалғыз бағалаушы тұлға болмайтындығына назар аударылады. Оқушылар өздерінің сыныптастарын және өздерін бағалауға тартуы мүмкін және мұғалімдер бағалауды белсенді жүргізген кезде оқушылар белсенді қатысуы керек. Талпынғандар ғана білім ала алады. Білім алушылар өз білімін арттыру үшін бағалауды үйренуі қажет, сондықтан оқушыларға өзінің оқуын жақсарту үшін кері байланыс арқылы ақпаратқа сәйкес жұмыс істеу қажет. Бұл олардан түсінушілікті, қызығушылықты және ықыласпен әрекет етуді талап етеді. Оқытуды бағалаудың мақсаты, керісінше, оқушы қазіргі уақытта не оқып білгенін жинақтау болып табылады. Негізінен, ол тікелей келешек оқытуға үлес қосуға бағытталмаған, бірақ маңызды .
Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану – заман талабы. Әр мұғалім өз сабағын түрлендіріп өткізгісі келеді. АКТ-ға теледидар, интернет, ұялы телефон, ұтқыр қондырғылар, компьютер немесе ноутбук жатқызылса, әрқайсысының өзіндік қолданылу орны бар. АКТ оқушы қызығушылығын арттырады және есте сақтауға көмектеседі. Өйткені естігеннен, оқығаннан гөрі көзімен көрген есте жақсы қалады. Қайта қызығушылықтары оянып, белсенділіктері артады. Интерактивті тақта арқылы оқытудың басқа тәсілдеріне қарағанда (салыстырғанда), көптеген жетістіктері бар. Қарапайым тақта және компьютер проекторына қарағанда, интерактивтік тақта сабақ мазмұнын кеңінен ашуына мүмкіншілігі өте зор. Сабақта мұғалім интерактивтік тақтаны бір емес бірнеше рет пайдалана алады, қарапайым тақтаға қарағанда интерактивті тақта пайдалануға ыңғайлы, әрі уақыт үнемдейді. Материалдарды оқып үйрену барысында интерактивтік тақтаны пайдалану білім өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді, сондықтан мұғалімдердің дайындаған материалы оқушыларға түсініктірек болады.[3]
Талантты және дарынды балаларды оқыту-қабілетті, дарынды
балалар көбінесе шапшаң, тез ойланатын, көп көлемде білімді меңгеретін, оны ұзақ уақыт бойына ұмытпайтын болып келеді. Түсінігі өте жоғары, сезімтал, жоспарлаған ойын, алдына қойған мақсатын қалайда орындауға тырысатын, түйсігі ерте дамып, моральдық қасиеттерге бай, қиялы ұшқыр, батыл әрекеті басым болып келеді[3]
Оқушылардың қабілеті мен дарындылығын дер кезінде айқындау, оларды тәрбиелеу білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі міндет болып табылады.
Негізгі міндеттерді көздеу үшін бағдарламалар мен ережелер әзірленген:
- қабілеттілікті ерте айқындауды қамтамасыз ету;
- оқушының шығармашылық мүмкіндігін көрсететін диагностика жүргізу;
- қабілетті балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге арналған педагогика-психологиялық кепілдемелер әзірлеу;
- дарынды балаларға практикалық көмек көрсету.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу-бұл
әдістің ерекшелігі--мұғалім бағыт беруші,ол оқушылардың өз бетімен тақырыпты меңгеруіне жағдай жасайды.Ал оқушылар ізденуші,зерттеуші ретінде ақпарат мағынасын өз бетінше жете түсіне алады, өткен тақырыппен салыстыра отырып, қорытынды жасай алады. Барлық жастағы оқушыларға кез-келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап,өзіндік пікір айтуға,саналы шешім қабылдауға бағытталады.[3]
Бағдарламаның жеті модулінің соңғысы – « Білім берудегі басқару мен көшбасшылық».Көшбасшылық-адамды тұрақты дамуға жетелейтін қабілет. Білім беруде басты көшбасшы тұлға – мұғалімнің өзі. Жоғарыда айтылған идеялардың барлығын қамтып, бір-бірімен тығыз байланыстыра, шебер қолдана білсе, ол мұғалім көшбасшылығы болмақ. «Нағыз ұстаз өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді», – деген екен Мәлік Ғабдуллин. Оның бұл сөздерінен көп нәрсе аңғаруға болады. Оқушы өзінің ұстазына қарап, еліктеп өседі.[3]
Оқушы бойындағы көшбасшылық қасиеті:
-топтық жұмыс кезінде оқушының топтарды басқаруы;-жақсы оқитын оқушылардың үлгерімі төмен оқушыларға көмектесуі;-мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуы;-топтық жұмыстарды жүргізуде көмекші болуы;-сынып оқушыларын бір іске жұмылдырып, ұйымдастыра білуі;-тапсырылған істі жауаптылықпен орындауы сияқты іс-әрекеттерінен байқауға болады.
Әр сабақ сайын оқушылардың орнын ауыстырып, топқа бөлу де, топтасып жұмыс жасау да, ақпараттық технологияны жиі пайдалану да, сыни тұрғыдан ойлату да, қажымай, талмай дарынды, талантты оқушыны анықтап, оның дарындылығын одан әрі дамыту да, шығармашылық тапсырмаларды көптеп беру де оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырып, білім беру жүйесінде оң нәтижелер береді деп ойлаймын. Мұғалім мен оқушы көшбасшылығы – мұғалім жеті модульді тиімді пайдаланып, нәтижеге қол жеткізе алса – мұғалімнің көшбасшылығы, ал оқушыларда топқа бөлінгеннен кейін-ақ көшбасшы көрінеді, топта айрықша белсенділік танытқан оқушы–көшбасшы, ол әдетте басқа оқушыға көмектесіп, соған жауап бергізуге тырысады, өйткені ол өзін емес, сыныптастарын, топты алға сүйрейді.Жалпы, осы жеті модуль идеяларын тұрақты пайдалану арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын түсіндім.
Пайдаланған әдебиеттер:
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы »
12 жылдық білім беру жүйесіне көшу бағдарламасы.
Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін
арттыру курстарының бағдарламасы.
Мұғалімге арналған нұсқаулық .Үшінші (негізгі) деңгей.