?азіргі заман отбасында?ы т?рбиені? психологиялы? – педагогикалы? аспектілері


Қазіргі заман отбасындағы тәрбиенің психологиялық – педагогикалық аспектілері
«Шолаққорған» жалпы орта мектебі
Даубаева Лаура
Педагог- логопед
Секциясы:Қазіргі кезендегі білім беру жүйесін дамытудағы психологиялық - педагогикалық аспектілер
2015-2016 жыл
Қазіргі заман отбасындағы тәрбие
Еліміздің егемендік алған уақыт ішінде қоғамда қаншама өзгерістер болды. Сол өзгерістер туғызған соңғы жаңалықтар бала өміріне тікіелей әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Қазір біз өмір сүріп отырған қоғамдағы білім саласының басты мақсаты – әр оқушы өзінің және қоғамның мүддесіне өзін- өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзіретті, шығармашыл білімді тұлға қалыптастыру болып табылады. Ата –аналармен бірлесе отырып, баланың жанымен жүрегіне жылылық ұялату, танымдық күшін қалыптастыру және дамыту , білімін кеңейтуге тереңдетуге жағдай жасау. Өзінің бойындағы күш жігерін, сенімін нығайту, өмірге қызығушылығын, жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Ата – ананың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Осы міндеттерді орындау барысында біздер қандай кедергілер болса да жеңуге тиіспіз және қандай көкейкесті мәселелерді шешуге тиіспіз. Оқушылардың өміріндегі бір нәрсені ерекше деп алып, соған қатта зер салып, қалғандарын елемей қалдырсақ, ол қателіктің ең зоры болып табылады. Ондай ұсақ – түйектер үздіксіз күнбе – күн кездесіп отырады және өмірдің өзі сол ұсақ - түйектен құралады. А.Макаренко «Тәрбие ішінде ешбір ұсақ –түйек нәрсе жоқ» деген екен. Ал осынау жауапкершілігі зор міндетті тек мектеппен мұғалім ғана шешуге тиіс пе?
Меніңше, әрбір баланың іс –әрекеті, тәрбиесі отбасында ата- ананың жағымды өнегесінен қалыптасады, сондықтан баланың бас ұстазы ата- ана. Ал отбасы – таным белгісі, отбасы өркениет ошағы, отбасы- үлгі өнеге бастауы.
Ата- ана әр түрлі, олардың мектепке деген көзқарасыда сан алуан, сондықтан қандайда мектеп болмасын ең бірінші әлеуметтік иниститут ретінде «Отбасы- оқушы- мектеп» үшбұрышын қалыптастыру қажет.

Отбасы Оқушы
Мектеп
Осы иниституттың мақсаты- ата- аналарға балалары жайлы мектептен, мұғалімдерге оқушылар жайлы (өздері біле бермейтін қырларды) отбасынан білу керек, яғни ата-ана мектеп өмірімен тығыз байланыста болуын қамтамасыз ету қажет.
Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөзінің мәні тереңде жатыр. Яғни болашақ тізгінін ұстар, елінің ертеңі болар, халқының үмітін ақтай білетін дені сау, білімді де саналы жас ұрпақты өсіру талабынан туындап отыр. Осы ұлы мақсаттарға жету жолында киелі де қасиетті екі түсінік бар. Бірі, баланың бастапқы тәрбие мектебі алтын бесік – отбасы болса, екіншісі, алтын ұя мектеп. Бұл екі ортаның да мақсат мүддесі ортақ. Отбасы, ата-ана адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып жетілдірсе, адам бойындағы бар игі қасиет мектеп қабырғасында қаланады. Бұл киелі жерде қызмет ететін мұғалім мен ата-анаға жауапкершіліктің үлкен жүгі артылған. Дана халқымыз «Ұяда не көрсең,ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ананың әрбір іс-әрекеті балаға үлкен сабақ. Әрбір ата-ана өз балаларының тұңғыш тәрбиешілері. Бала – ата-ананың адамгершілік өмірінің айнасы.
Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін – бірі қадірлеуінен олардың өзара бірлігі мен түсінушілігінен, ата-ана мен балалар арасындағы мейірімді қарым –қатынастың қалыптасуынан, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді толық жатқан жазылмаған заңдылықтар арқылы көрініс табады.
Ата-аналардың рухани жадағайлығыЭкономикадағы кері процесстерБалалардың қажетті, қажетсіз ақпарат алуыАта-аналардың халықтық тәрбие мен этнопедагогика тағылымдар мәліметінің аздығы

Ата-аналардың отбасы педагогикасынан аз мәліметтенуі
Теледидар алдында отыратын біртекті ойлайтын ішкі жан дүниесі тым ұқсас, нәрсіз, жадау ұрпақтардың көбейіп бара жатқаны
Қазіргі заман отбасы тәрбиесіне кері әсер етуші факторлар



Кітапты рухани байлығы ретінде сезінбейтін ұрпақтардың өсуі
Адами ізгілік нормаларына жат шетелдік фильмдердің баланы қатігездікке тәрбиелеуі


Кішкентай сәбилердің үлкендер не айтса соны айтатыны не істесе соны істейтінін күнделікті өмірде жиі кездестіріп жүрміз. Сондықтан да отбасы – баланың бастауыш тәрбие мектебі дегеніміз өте орынды. Ата – ананың жасөспірімдерді қалыптастырудағы рөлі өте зор. Ата – ананың бала алдындағы жеке басының үлгі өнегесі, беделі жоғары болуы керек.Кез келген адам ұшқыш немесе ұста бола алмайды. Ал өмірге ұрпақ әкелген соң өнегелі отбасын құрып, әке мен ана болу – әрбір адамның міндеті.
Ата –ананың киім кию сөйлеу мәдениетінің жоғары болуы, өзгеге деген ілтипаты, үй ішіндегі тазалық пен тәртіп, сыпайы мінез, мейірімділік, төзімділік,балаға деген сүйіспеншілік тәрбие барысында өзінің оң нәтижесін берері анық. Баланың үйде көргені, ата-анасының жақын туыстарынан естігені – ол үшін тәрбиенің ең үлкені.Осы тұста сүрінбеу үшін ата-ананың,мінез – құлқының, ізетті қасиеттерінің жалпы мәдени дәрежесінің деңгейі өте жоғары болуы керек.
Баланың жаны мен тәні таза, рухани бай, дені сау етіп өсірумен бірге еңбекке деген сүйіспеншілікке, ұлтжандылыққа,адалдыққа,жинақылыққа баулып өсіруі шарт. «Қарға баласын аппағым дер, кірпі баласын жұмсағым дер» дегенді ескертіп, баланы қанша жақсы көргенмен оның жасаған жағымсыз қылықтарымен елеулі қателіктерін ескерусіз қалдыруға мүлдем болмайды.
Әрине, ол үшін баланың намысын қорламай, ар-ожданын аяққа таптамай , сенімсіздікпен қарамай байыпты ақылмен, қамқор сөзбен түсіндіру қажет. Сәл ғана сәтсіздігіне бола балаға сенімсіздік білдіру, оны алға ұмтылмайтын, жігерсіз жасық бала болуға итермелейді. Ал бұл ата-ананың бала тәрбиесіндегі жіберген үлкен олқылығы. Бала тәрбиесінің өзекті проблемаларын шешуге тәрбиенің уақыты өткен әдістерін ауыстыратын, тәрбиенің жаңа технологияларын қолданудың қажеттігі, ел ертеңі, ұлт болашағы үшін этнопедагогика мен этнопсихология ілімдерінің жетістігін әр отбасының тәрбие құралына айналдыру-бүгінгі күннің сұранысы. Алайда, соңғы уақытта еліміздегі нарықтық экономиканың қарқынына ілесу қиыншылығынан, көптеген отбасыларында бала тәрбиесі әлсіреп, тіпті еріксіз қолдан шығып, орны толмас олқылықтарға әкеліп соғуда. Ата-ана өз міндетін орындау барысында жіберілген кемшілігін қоғамға, білім беру мекемелеріндегі мұғалімдерге арта бастады.
Халық педагогикасында тәрбие ісін баланың жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен. Мәселен, «Ұлыңа бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшыңдай қара, он бес жастан асқан соң ақылшы досыңдай бағала» деген мәтел еркін тәрбиелеудің, көмекшім деп үмітпен қараудың, ақылшым деп санаудың қажеттілігін меңзейді. Халық педагогикасы тәрбие ісінде әр баланың жеке бас ерекшелігін ескере отыруды ескертеді. Осыны құптаған ата- бабамыз мынадай мақал – мәтелдер арқылы баяндаған «Баланы туады екенсің, мінезді тумайды екенсің». «Бір биден ала да туады, құлада туады», «Балаға үміт арту әккенің парызы, анықтау баланың қарызы» деп ой түйіндейміз. Баланың тәрбиесі туған, өскен ортасына, ата-ананың, отбасы үлкендерінің, ұстазының үлгісіне байланысты деп есептелген. Өскен ортаның тәрбиедегі әсері жөнінде Ж. Аймауытов, Н. Крупская, А. Макаренко, М. Жұмабаев сынды ғұлама ұстздардың ой – пікірлері халық педагогикасының қағидаларымен тығыз байланысты. Мәселен, Ж. Аймауытов «Тәрбие» атты көлемді мақаласында «адам мінезінің, ақыл – қайратының әр түрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан...» деп алдымен бала тәрбиесіндегі отбасының орнына ерекше тоқталады. «Баланы бұзуға,яғни түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнінде көрген өнеге», «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді – деген сөз ата –ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді....» дей келе, автор бала мінезін қалыптастырудағы жанұя мүшелерімен әке – шешенің ықпалын ашып береді. Бала мінезін жас шыбыққа теңейді.
А.С. Макаренко «Бұл жанұялық тәрбиенің ең дұрыс жолы . Баланы тәртіпке , ұқыптылыққа үйрету үшін жазалауды қолдануға тура келеді. Рас, жақсы жанұяда жазалау деген болмайды. Жанұя тәрбиесінің осындай қоғамдық , адамгершілік бағытта болуы баланы өнегелі іске үйретуге, білім алуға жағдай жасайды» дейді. Кейбір жанұяда ата-аналар өзінің жауапкершілігін сөзіне бермейді. Балаларын тәрбиелеуге салақ қарайды. Олардың мектептегі, үйдегі , қоғамдық орындардағы мінез – құлқын зерттеуінен көптеген кемшіліктер кездеседі. I V-VII сынып оқушыларында бірқатар ауытқу мінез – құлықтар байқалады. Өйткені бұл жастағы бала, қызба ,намысқой , үлкендердің бақылауын ұнатпай, өз мүмкіншіліктерне сын көзімен қарамайды. Кейбір мәселеге ойланбай асығыс шешім қабылдайды.Балалардың мұндай ерекшеліктеріне ата-аналары мән бермейді.Осының нәтижесінде тәртіпсіздік туады.Олар көшеде орынсыз қыдыру,үй шаруашылығындағы міндеттерден бас тартуды шығарады. Бұл фактілер жанұяда бірыңғай талаптың,ынтымақтың жеткіліксіз екенін көрсетеді.Бала мінез –құлқын қалыптастырудың негізгі көздерінің бірі - жанұядағы еңбек тәрбиесі.Жанұяда еңбек тәрбиесі талабына сай ұйымдастырылуы керек.Жанұя мүшелері еңбек іс-әрекеттерін орындауда тең құқылы өзінің қабілетіне,жасерекшелігіне қарай қызмет етуі керек.Баланың еңбек тәрбиесі,күн режимі педагогикалық талаптарға сай болу керек.Кейбір ата-аналар берілген тапсырманың орындалуына көңіл аудармайды.Осының нәтежиесінде бала бойында бірыңғай нақтылық,талаптың жоқтығы байқалады.Баланың мінез-құлқын қалыптастыруда мақұлдау, мадақтау тәсілдерін қолданған тиімді.Ата-ана баласының мінез ерекшелігін жете білмей, артық мақтау әрекетін жасайды.Осының нәтежиесінде бала бойында жағымсыз мінез-құлықтар толы болады.Тәкаппарлық,даңдайсығандық т.б теріс қасиеттер қалыптасады.
Жанұя тәрбиесінде ата-аналардың өз мінез-құлқы шешуші фактор болып табылады.А.С.Макаренко «Сіз өз балаларыңыздың тәрбиесін бастамас бұрын өзіңіздің жеке мінез- құлқыңызды тексеріңіз... Сіздің жеке мінез –құлқыңыз нағыз шешуші нәрсе...» деген болатын. Ата –аналар бәрі бірдей баланың жеке басына жиі көңіл аудармайды. Баланың ішкі жан дүниесіне, тілек, ойларына қоршаған ортаға қатысына көңіл бөлуміз керек. Ата-ана баласының дұрыс істемеген әрекетін түсіндіруге тырысады. Бірақ оның мінез құлқындағы қалыптасқан әрекеттердің себептерін білуге көңіл аудармайды. Мысалы бала берілген тапсырмадан бас тартса ата-анасы оны «қыңыр» деп есептейді. Біз баланың бас тарту себептерін анықтайық. Бұл жерде ересек адам мен баланың арасында қарым-қатынастың немесе этикалық байланыстың таяздығы деп есептеуге болады. Сондықтан баланың мінезін жақсы түсіну үшін ең алдымен,оның дамуына не нәрсенің қажет екенін білуіміз керек. Ол кіммен дос, кіммен ойнайды, не оқиды, оқығандарын қалай қабылдайтынын әрбір ата-ана білуге тиіс.
Ересек жастағы балалардың даму процесінде кенет өзгерістер пайда болады. Бұл «өтпелі кезеңде» баланы ерекше назарда ұстау керек. Бала кейде теріс қылықты адамдардың алдауына түсіп қоғамға жат, ортаға жағымсыз істермен айналысуы мүмкін. Балалардың мінез – құлқындағы кейбір ерекшелігіне ата-аналардың қарым –қатынасының әсері зор. Бала жанұяны бүтін бұзылмайтын қамал деп есептейді. Бірақ ата-анасының біреуі өмірден өтсе немесе әкесі жанұясын тастап кетсе, т.б. жағдайлар баланың мінез-құлқының күрт бұзылуына және өзінің жолдастарымен қарым-қатынасының өзгеруіне әкеп соғады. Жанұя балалардың адамгершілік қасиеттермен бірге ұлтттық мінез–құлқы мен тәрбие ортасы және қоғам дүниесін таныстыратын бастауыш әлеуметтік тәрбиенің ұжымы. Балалардың тәрбиесі олардың ата-аналарының күнделікті еңбек іс-әрекеттерімен тығыз байланысты.
Осы орайда ата-наның бала тәрбиесінде үлкен жауапкершілікте екенін, тәрбиенің ұсақ–түйегі болмайтынын сезіндіре отырып, оқушылыардың сана-сезімін, ақыл, ойын, әр баланың өзіндік ерекшеліктерін дамыту, өмірге көзқарасын, қызығушылығын адамгершілік нормаларын меңгеріп, жеке бас тұлғасын тәрбиелеу мақсатында ата-аналармен сауалнамалар жүргізіледі.

«Қамқорлықтың мөлшері» сауалнамасы.
Баланың дамуының және мінез-құлқының көптеген кемшіліктері ата-ананың жеткілікті көңіл бөлмеуінен болатыны белгілі. Бірақ, психологтардың есебінше, шектен тыс қамқорлықтың да зияны бар. Төмендегі тест пайымдауынша сіз өзіңіздің тәрбиеге көзқарасыңыз қаншалықты дұрыс екеніне көз жеткізесіз.
15 түрлі көзқарас ұсынылып отыр. Бір қарағанда, оның кейбірінің тәрбиеге қатысы жоқ сияқты. Дегенмен, әр көзқарастың тұсына өз ойыңызға сәйкес төрт санның біреуін қойыңыз.
1-мүлде келіспеймін;
2- келісуге асықпас едім;
3-осы дұрыс сияқты;
4- өте дұрыс, мен осылай ойлаймын;
Ата-ана баласына көмектесу мақсатында, оның алдынан шығып, қиындықтардың бәрін болжай білуі керек.
Жақсы ана өз отбасымен ғана қарым –қатынаста болса жеткілікті.
Кішкентай баланы шомылдырғанда ол құлап, бір жері ауырып қалмас үшін әрдайым мықтап ұстау керек.
Бала өзіне міндетті нәрсені істесе, алған бағыты дұрыс, соның арқасында ол бақытты болмақ.
Баланың спортпен шұғылданғаны жақсы. Бірақ, спорттық жекпе-жек түрлерімен шұғылданбасын, өйткені, дене жарақатын алуы немесе психикасы бұзылуы мүмкін.
Тәрбиелеу – ауыр еңбек.
Баланың ата-анасынан жасырар құпиясы болмауы тиіс.
Анасы балаларының алдындағы міндетін атқара алмаса, бұл әкенің де отбасына ие болудағы міндеттерін нашар орындайтынын білдіреді.
Ана махаббатының шектен артығы болмайды, махаббатыңмен балаға зиян тигізе алмайсың.
Ата-ана баланы өмірдің жағымсыз жақтарынан оқшаулауы тиіс.
Баланың жұмыс атаулыға ынтасы жойылып кетпес үшін, оны шектен тыс үй жұмысына үйретпеген дұрыс.
Үйге, еріне және балаларына анасы жетекшілік етпесе, істің бәрі бей – берекеттеу болар еді.
Отбасындағы тағамның ең дәмдісі мен пайдалысы бірінші кезекте балаға берілуі керек.
Инфекциялық аурулардан қорғанудың дұрыс жолы- айналадағылармен араласуды шектеу.
Бала өз қатарының ішінен достыққа кімді таңдайтынына ата-ана белсенді ықпал етуі тиіс.
Қорытынды: Жинаған ұпайыңыз 40-тан жоғары болса, сіздің отбасыңыз балажанды, яғни бәрі де баланың мүддесі үшін істеледі. Мұндай жағдайды құптарлық болғанымен, сәл артықтау болады. Оны психологтар шектен тыс қамқорлық деп атайды. Сондай отбасында бала үшін ересектер бәрін шешеді, оны шынайы немесе жалған қателерден әрдайым сақтауға ұмтылады, өздерінің талаптарына пікірлеріне бойұсынуға мәжбүр етеді. Ақырында бала ата-анаға тәуелді болып қалыптасады да, жасы өскен сайын жеке дамуына кедергі болады. Сіз өз балаңызға көбірек үміт артып оған сеніп, жеке мүддесіне де құлақ қойғаныңыз жөн. «Баланы тәрбиелеу дегеніміз – өзін –өзі алып жүруге үйрету» деп бекер айтылмаса керек.
25-тен 40 ұпайға дейін сіздің балаңыздың жөнсіз еркелік немесе бетімен кету қаупі жоқ, себебі, сіз оған мөлшерден асырмай, жеткілікті көңіл бөлесіз. Осындай қарым-қатынас деңгейін сақтауға тырысыңыз.
Алған ұпайыңыз 25-тен кем болса, өзіңізді тәрбиеші ретінде бағаламай,кездейсоқтыққа, жалпы жағдайдың қолайлы ағымына көбірек сүйенетін болғаныңыз.
Жұмыстағы және жұбайлық қарым –қатынастағы мәселелер балаға көңіл бөлуге мұрша бере бермейді. Ал бала сіздің көбірек назарыңыз бен қамқорлығыңызды күтуге хақылы!
Осындай сауалнамалар жүргізу арқылы ата-аналардың балаларына деген қамқорлықтың шектен тыс болуы да балаға зиян екенін түсіндіре келе ата-аналар өздерінің бала тәрбиесіне деген көзқарасының қаншалықты дұрыс екенін пайымдай алады.
Ата-аналармен бірлесе жұмыс атқару барысында ата-аналарға түрлі кеңестер беріліп отырады. Бүгінгі қарастыратынымыз баланың шығармашылық қабілетін дамыту үшін не істеу керек деген мәселе бойынша ата-аналарға кеңес.
Баланың сұрақтарына сабырмен және адал жауап беріңіз.
Баланың сұрақтары мен айтқан сөздерін шынайы қабылдаңыз.
Жеке жұмыстары үшін балаға бір бөлме, болмаса шағын бұрыш ұсыныңыз.
Бала өз жұмысының нәтижесін көрсету үшін стенд жасап беріңіз.
Үстел үстіндегі ретсіздік баланың шығармашылық жұмысына байланысты болса,кінәламаған дұрыс.
Баланы табысы мен жетістіктері үшін емес, ешқандай шартсыз яғни, ол қандай болса, сол қалпында жақсы көріп, қабылдағаныңызды көрсетіңіз.
Балаға шамасы келетін жұмыстарды тапсырыңыз.
Оның өзіндік жоспар құруына және шешім қабылдауына онысына жауапкершілік танытуына көмектесіңіз.
Жұмыстың нәтижесін жақсартуына көмектесіңіз.
Қызықты сапарларға балаңызды ертіп жүріңіз.
Баланың әр түрлі мәдени топтан шыққан балалармен араласуына көмектесіңіз.
Балаңыздың кемшілігін алға тарту арқылы оны басқалармен салыстырмаңыз.
Балаңызды кемсітпеңіз, ол өзін сізден кем сезінуіне жол бермеңіз.
Баланы өз бетінше ойлауға үйретіңіз.
Баланы әр түрлі оқиғалар ойлап шығаруға және қиялдауға үйретіңіз.
Жастайынан тұрақты түрде кітап оқуға дағдыландырыңыз.
Талап – тілектеріне көңіл бөліңіз.
Күн сайын баламен оңаша қалуға уақыт табыңыз.
Отбасының кейбір ортақ мәселелерін бірігіп талқылауға баланы да қатыстырыңыз.
Қателігі үшін баланың жер жебіріне жетпей,кез келген жетістігін мақтай біліңіз.
Оны әр түрлі жастағы ересектермен қарым –қатынас жасауға үйретіңіз.
Баланың неғұрлым көп танып – білуіне көмектесетін практикалық сынақтар жасаңыз.
Баланың қолына түскен нәрсені ермек етуіне тыйым салмаңыз, бұл оның ой – қиялына қанат бітіреді.
Қиындықтың себебін табуға және оны жеңе білуге ұмтылдырыңыз.
Балаға деген сезіміңізді бағалауда адал болыңыз.
Көруге, тыңдауға тұратын теле-радио хабарларды таңдауына көмектесіңіз.
Өз қабілетіне жақсы жағынан қарай білуін дамытыңыз.
Баланың жақсы ой – ниетіне сенім білдіріңіз.
«Бұл менің де қолымнан келмейді » деп, баланың сәтсіз ісінен ешқашан аулақ қашпаңыз.
Ойдағыдай нәтиже шығаратынына күмандансаңызда, балаңыз қолына алған жұмыстың негізгі бөлігін өзі орындауын қадағалаңыз.
Балаңыздың дамуын бақылау күнделігін жүргізіңіз, даму барысына талдау жасаңыз.
Жоғарыдағыдай кеңестер беру арқылы баланың шығармашылық қабілетн дамыту барысында ата-аналармен бірлесе отырып жұмыстар жүргіземіз.
Мұғалім Ата-ана бала
-Баланың дүниетанымын өзгерту мүмкіндіктері,
-Ата аналарға талап қоя білуі;
-Ата-ананың балаға уақыт бөле білуі;
Балаға талап қоя білуі. Ата-ана мәдениеті;
Ата-ананың жан –жақтылығы;
Психологиялық көңіл-күйі
Дүниетанымы;
Ата-ананың өзін тәрбиелей білуі;
Жаңа оқулықтардың мазмұнымен танысу. -Мұғалім мен ата-анадан өнеге алу.
Бұл кесте бойынша бала тәрбиесінде ата-ана басты рөл атқаратынын және ата-аналар бала тәрбиесінде өз жауапкершіліктерін сезінеді.
Жоғарыдағы аталған «Отбасы – оқушы - мектеп» үшбұрышын дұрыс құруымыздың нәтижесінде мынадай жетістіктерге қол жеткіземіз.
Ата-ана өзін мазалап жүрген өз баласы жайлы сұрақтарға мұғаліммен бірге жауап таба біледі;
Жаңа оқулықтардың мазмұнымен, ерекшеліктерімен танысады;
Мектепке, мұғалімге деген сенім күшейеді.
Жетістіктер арқылы тәрбиелеу баланың және оның отбасының қадір-қасиеттеріне, құндылықтарына, мұраттарына сүйенген түрде оқушыны, ата-аналарды мейілінше тереңірек түсінуге деген педагог пен мектептің ұмытылысын көздейді. Ата-аналардың тиімді тәжірибесін пайдалану, тәрбие үрдісінің барлық субъектілеріне (оқушы,ата-ана, педагог) отбасының және отбасылық дәстүрлердің басымдылығын көтеру олардың әрқайсысы, әсіресе оқушы, жеңістің дәмін танып, оны өз басынан өткізіп көретін жетістік ортасын жасауға мүмкіндік береді.
Әбу Насыр әл-Фараби атамыз : «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» дегендей, отбасындағы ата-ана, бала тәрбиесінде ең бірінші мына төмендегі ұсыныстарды есте ұстағаны жөн:
Баланың бойына өз елінің салт –дәстүрін, ана-тілін, дінін, мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу;
Баланы отбасында Отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу;
Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты дұрыстау;
Баланы табиғатына сәйкестендіріп, қабілетін анықтап, бейімділігін дамыту;
Баланың өзін-өзі бағалауға тәрбиелеу;
Отбасында баланың рухани байлығын дамыту;
Отбасында баланы жеке тұлға ретінде қарау;
Баланың өзін-өзі басқаруы.
Баланың табиғатына сәйкестендіріп, кәсіп таңдауға бағыт- бағдар беру.
Сонымен жаңа ғасырда, қоғам мүддесіне сай лайықты жан-жақты жетілген ертеңгі қоғам иегері боларлық азамат тәрбиелеп-өсіру отбасының, балабақшаның, мектептің, барша жұртшылықтың міндеті болып отыр. Адам баласын тәрбиелеуде қазіргі таңда қолға алынып отырған: психодиагностика, психопрофилактика, психокоррекция, психоконсультация, психологиялық ағартушылық бағыттағы жұмыстарын жүйелі түрде негізге алу арқылы ата-аналармен қоян-қолтық жұмыс жүргізуде де ата-аналар университетінің берері мол деп есептейміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Мектеп журналы №9 2004 ж
Мектептегі психология №3 2009 ж
Психологияны мектепте және ЖОО-да оқыту. №2 2007 ж
Мектептегі психология №4 2006 ж
Балаларға өзара әсер етудің тиімді жолдары. Елшібаева К. Алматы 2010 ж
Тәжірибелік психология. Т.Р. Нұрмаханова