Ма?ала. Тараз тарихыны? Т?уелсіз ?аза?стан жа?дайында зерттелу ахуалы
Тараз тарихының Тәуелсіз Қазақстан жағдайында
зерттелу ахуалы
Адамзат өркениетінен жеткен тарихи жәдігерлер санатындағы құндылықтардың зерттелуі мен зерделенуі арқылы сол өркениетті жасаушы халықтар мен қауымдастардың тарих толқынындағы орны мен өресін анықтауға болатыны баршамызға аян.
Ұлы даланың ұлағатын пайымдау үшін, асқар тау- шалқар көлі, қара орман- құланды даласы бар қабырғалы қауымның өткен өмір, кешкен ғұмырын бағамдау үшін олардың өз қолымен жазып кеткен жартастағы жазулар мен жер астындағы жәдігерлеріне, көкейінде көптеген көмбелеріне жүгінетініміз аян.
Жазба тарихы аздау өлкеміздің кешегі, шын мәніндегі кемел тарихын тарамдап, оның өркениет өресіндегі өзіндік орнын анықтап берудің бүгінімізге қажеттілігіні мен ертеңімізге керектілігі жөнінде аз айтылып, аз жазылған жоқ.
Геродот, Страбон,Де Рубрук, Плано Карпини, Жувейни, Әл- Макдиси мұраларындағы арғы дәуірлерді қамтыған деректерден бермен қарайғы хатталып- қаламданған тарихнама тарауларына жүгінер болсақ, байырғы бабаларымыздың сипаттамасы көшпенділер,тек « судың тұнығы мен шөптің шүйгінін іздеп » ( « Ханнама»әулетнамасы) үдере көшіп, үрке қонып өмір сүрген қауым болып елестейді.
Ғылыми айналымда басымдылыққа ие осынау этно- анықтама да « ойға қонып, бойға сіңгелі» қашан. Шынында да солай ма?
Адамзат өркениетінің елең алаңында –ақ қорғанды қала, қоршаулы қоныстар тұрғызған бабаларымыз, жаңа дәуір мен орта ғасырлардң межесінде де қала құрылысын қарқынды жүргізіп отырған.
Ежелгі Мауреннаһрдың, Испиджабтың, Тараздың, Жетісудың аумағын алып жатқан қалалар мен қамалдар шоғыры сол тарихи кезеңдердің елең алаңынан жеткен жәдігерлер.Яғни , көшпенділер атанған алып халықтың тас пен қыштан қаланған қамалды қалалары, салтанат сарайлары мен күмбезді ғимараттары болғандығының айғағы. Дегенмен, осынау алып құрылыстардың қай жылдары тұрғызылғандығы жөніндегі ғылыми анықтамалар әлі де ала-құла , дөп басып дәл айтқан пікірлер де жоқтың қасы. Шамамен алынған ғасырлық өлшемдердің дәйексіздігі Ұлы Даланы мекендеген ұлттар мен ұлыстардың өркениет өресіндегі өзіндік орнын дәл айқындап бере алады деп айтуға да әлі ерте.
«Бәрі де уақыттан қорқады, ал, уақыт тек Пирамидалардан ғана қорқады»-дейтін қанатты сөзге арқау болған Египет кереметтері, Афины Акропольдары, Рим Колизейі, Перудегі Майя сарайлары, Антикада аңыздармен деңгейлес жатқан алып құрылыс нысаны- Ежелгі Тараздың « алтын шеңберінде»жатқан қалалар болып саналады. Сонымен, қазақ даласында қаздай тізілген, бірі шикі кірпіштен қаланып, бірі үлкен біліктілікпен күйдірілген аса берік қыштан өріліп, аракідік тұнба жынысты кеулей қазу арқылы салынған сәулет өнері нұсқаларының ішіндегі орны да, өрісі де, аумағы мен көлемі де ерекше жатқан «Тараз және оның өңірінде орналасқан қалалар» ғылыми- зерттеу және зерделеу жұмыстарының қазіргі нәтежесі не берді және болашақта атқарылатын жұмыстардың бағыт бағдары қалай болуы керек ?
Ерте дәуірлердегі «Халықтардың ұлы көші» аталатын тарихи заманның алғашқы қамалды қаласы Тараз екені белгілі. Қазіргі Қытайдың ертедегі хан әулетіне бодан болудан бас тартқан ержүрек ғұндардың Теезек тәңірқұт бастаған қауымы Талас өзенінің бойында жетіп, « Хан әулетнамасының» дерегіне сүйенсек Тәңірқұт- Теззек – Талас қаласының іргетасын қалайды. Бұл шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 43-40 жылдардың тұсы. Сарыөзен бойын мекендеп, еркін көшіп, ен жайлаған ержүрек қауым-ғұндардың « тәуелсіздік жолында жан пида!»- деп үдерген көшіне пана болған Талас өзенінің жағасына « мәңгілік қала»салуының игі сабағы қанаттандырған келер дәуірлердің іс- қимылы – Тараз қаласының айналасына салтанат сарайлы, күмбір күмбіз, қорған- қамалды қалалар қатарын тұрғызу дәстүріне ұласқаны тарихтан белгілі. Мирки, Құлан, Барсхан,Жикил, Атлах, Бехлу, Жувикат, Шелжі, Күлшүбтар тағы басқа да қалалар мен қорғандар ежелгі Тараздың жоғарыда айтқанымыздай « Алтын белдеуін» құрайтын мекендер.
Әлем тарихының інжу-маржандарының қатарына бері келе жатқан қалалар- Рум, Афина, Шам, Шаш, Самарқанд, Бұхара және т.б.-лардың жататыны дәлелденбейтін, даусыз аксиома. Осындай айшықты, тарихы тереңде жатқан қалалардың бірі және бірегейі, Орталық Азияның кіндік қалаларының саусақпен санаулыларының бірі- Көне Тараз болып саналады. Оның сонау қатым замандардан бергі тарихы жайлы материалдық және жазба ескерткіштер, ғылыми – зерттеу туындылары жетерлік. Мысалы, тараз тарихы туралы Ресейдің В.В. Бартольд, А.И. Веселовский, О.Г.Большаков, И.Бичурин, Кеңестің А.Н. Бернштам, С.Г.Агаджанов, С.Л.Волин, В.В.Григорьев, С.Каллаур, Ю.А.Зуев, С.Г.Кляшторный, О. Караев, Д.Р.Кочнев, А.Бацевич, О.Прицак, С.П.Толстов, Қазақстанның Ә. Марғұлан, Х. Алпысбаев, К.М. Байпаков, А.Б.Ерзакович, Т.Қожекеев, М. Елеуов, Т.Сенигова, А.қадырбаев және т.б. ғалымдар өз еңбектерінде жан-жақты қарастырды.
Бұл мәселе сонымен бірге жергілікті тарихшы-археолог және өлкетанушы ғалым- зерттеушілердің қаламдарына арқау болды. Тараз тарихының қыр сырларын жан-жақты ашуға ат салысып жүрген жергілікті ғалымдарымыздың қатарында Қ.Байбосынов, М. Мырзахметұлы, Т. Молдақынов, Б. Әбілдаев, К.Рысбаев және т.б. бар.
Енді осы проблеманың Тәуелсіз Қазақстан жағдайында зерттелуі жайында біраз сөз қозғайық... Қазақстан мемлекеті тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін 1997 жылы 7 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен қаламыздың ежелгі аты қайтарылып, Тараз атанды.Тараз қаласының салынғанына 2000 жыл толуы әлемдік деңгейде 2002 жылдың 25-56 қыркүйегінде тарихта мәні зор оқиға ретінде кең көлемде атап өтілді. Бұл торқалы той қатардағы тойлардың бірі емес. Өйткені, Тараз қаласы Еуропа мен Шығыс елдерінің мәдениетін жалғастырып жатқан, қазақ елін әлемге танытқан « Алтын көпір» іспетті Сауран, Сығанақ, Баласағұн т.б. сияқты көне кө қалалардың бірі .Олардың осы күнге дейін жеткен әрбір кірпішінде бабаларымыздың бостандық пен аңсаған мұңы мен шері жатқан тәрізді. Олай болса, тәуелсіздікке ие болған мемлекетіміздің бұл ұлы тойға үлкен саяси астар беруі де осыған байланысты болар. Яғни, мұның өзі бостандық бұғауынан босанған Егемен еліміздің мәдениеті мен өркениеті жөнінен әлемдегі байырғы елдермен терезесі тең екендігін, Қазақстан сияқты жас мемлекетіміздің тарихи тамыры тереңде жатқанын ресми түрде танығандығының белгісі , тәуелсіздігіміздің жемісі деуге болады.
Тараз қаласының 2000 жылдығына орай көптеген тарихшы- ғалымдар ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көп жылдар бойы белгісіз болып келген тарихтың жаңа беттерін ашып, қала тарихының дамуына елеулі үлес қосты. Қайталанбас ғұмырды басынан кешірген көне Тараз бірде гүл жайнаса, бірде жермен жексен болып, тағдыр тәлкегіне түскенімен, бәрібір өз тарихы ізін әлем тарихының беттерінде қалдырылды.Араб, парсы, қытай, грек және еуропалық тілдердегі азды-көпті дерек – мағұлматтар осының айғағы. Ол деректерді іздеп табу, біртіндеп жүйеге түсіру енді ғана қолға алынып, толыса бастады.
Осы тәрізді алғашқы көрінісі ретінде бірқатар зерттеуші ғалымдардың еңбектері жеке кітап болып басылып шықты. Атап айтсақ, Қ. Рыспаевтың « Древный Тараз », А. Әбдуалиев, И. Жеменей, М. Мырзахметұлы « Көне Тараз», Б. Әбілдаұлы «Талас, Айша бибі, Қарахан» және «Талас- Тараз»(тарихи роман ) , Т. Кожекеевтың «Керімсал кент», сондай-ақ, Таразға-2000 жыл, Қ.Байбосынывтың «Жамбыл өңіріндегі тас мүсіндер» атты жаңа кітаптары басылып шықты.
Сонымен қатар, Тараз тарихы туралы бірінші топтағылар, негізінен, тарихи жылнамалық сипаттағы қара сөздер жазылған туындылар. Оларды атап айтсақ, Әлем шекарасы, Сұлтан Мұхаммед Мотреби Самарханидидтің
«Таркәрә- толшо арасы», Хожа Әбу-л-фаз Мұхаммед ибн Хосейін Бейһәш Дәбирдің «Тарихи -бәйһәш» кітабы; Рашид-ад дин Фызолла Хамадинидің « Жами–ат таварихы»; Шараор-ад- дин әли Иаздидің «Зафарнамасы »; Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-и Рашиди »; Әбубакір Мұхаммед ибн- Жафер әл- Нәрмаһиидің « Бұхара тарихы».
Екінші топтағылар, негізінен, сөздіктер.Мысалы,түсіндірме сөздік ретінде берілетін « Фәһәнг – е- шяс-ол-лұғат» және тағы басқа.
Үшінші топтағыларға негізінен, дастан түрінде немесе өлеңмен жазылған поэзиялық туындыларды жатқызған. Мысалы, Фирдаусидің « Шаһнамасы» және тағы басқаларының өлеңмен жазылған жинақтарында Тараз қаласының әр қырынан алынып, мадақтала жырланған.
Ал, төртінші топтағыларға, негізінен, парсы тілінде жазылған ғылыми зерттеу жұмыстарын жатқызған. Мысалы, доктор Мұхаммед Абади Бсавидің « Исламдық қалаларға тиісті мекендер жөніндегі еңбегі» мен Аббас Ахбал Аштияни –« Монғол тарихы». Ең соңғы, бесінші топқа басқа тілдерден парсы тілінде аударма еңбектерін жатқызған.[ 1]
Б.Әбілдаұлы өзінің « Талас. Айша бибі. Қарахан » аттаы еңбегін Тараздың 2000 жылдығына арнап жазған. Бұл кітапта екі мың жылдығы бар Тараз қаласының айтулы белестері мен оқиғалары нақты тарихи дерек негізінде баяндалады. Негізінен, автор тарихи тақырыптарға қалам тартқан зерттеуші- журналист. Автор Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрғанда –ақ Айша бибі, қарахан, Ақыртас туралы зерттеулері негізінде аңыздар мен тарихи мағұлматтарды да қалың оқырмандарға жеткізген болатын. Автор кешегі Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы жағдай шиеленісіп тұрғанда Тараздың тарихын республика Ғылым Академиясы Византия деректеріне сәйкес 568 жылдан бастау керек деген сараптамасына қарсы шығып, Қытай жылнамалары негізінде Қазақстандағы ең ежелгі қаланың іргетасы бұдан 2000 жыл бұрын қолдау тапқандығы кітапта жақсы көрсетіледі. Мұнда Тараздың сан тарихын, Айша бибі мен Қарахандар тегін,заманның өмірін сатылай , сабақтастыра көрсетеді.[ 2]. Бұл кітапта келтірілген нақты тарихи дерек көздері жұмыс барысында пайдаланылады.
2005 жылы « Бауыржан мұрасы XXIғасыр кезінде» аталатын ғылыми орталықтың жетекшісі, аға қызметкері Мұхаммеджан Кәтімхан мен тарихшы Дархан Қыдырәлінің «Тараз тарихы» деп аталатын кітабы жарыққы шықты. Бұл кітап шежірелі Тараз қаласының тарихын Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағат деректері қарастырып, негізінен бұрын ғылыми айналымға түспеген дерек көздерін пайдаланып жазған. Бұл еңбек облыстық архив сөресінде сүрленіп жатқан тарихи құнд дерек- мағлұматтар көзін жаңғырта таныту мен дараланады.
Авторлар Тараз қаласын басынан өткерген сырға толы тарихын қазбалай отырып, бір жүйеге түсірген.Мұнда Көне Тараз тарихына, Тараздан шыққан ұлы тұлғаларға, Тараз қаласында орын алған діндер тарихына аса көңіл бөлінген.
Ал, Қараханидтер тұсындағы Тараз бен Хорезмшах, Шыңғыс хан қол астында қалған қала тарихын қысқаша баяндап өткен.Сондай ақ бұл еңбекте қанша рет қирап, қайта жаңарған Тараз қаласына Қалмақтар мен Қоқан хандығының иелену заманы , Патшалық Ресейдің Әулие-Атаны жаулап алуымен отарлау жылдары туралы тың дерек көздерін пайдаланған [ 3,107-137-бб].
Тараздың 2000 жылдығынан кейін жарық көрген «Тараз. Жамбыл облысынан : энциклопедиясы» бұл кітапта Тараз өңірінің бай тарихын, оның жасампаз адамдарының бүгінгі тыныс- тіршілігін көрсетуге арналған. Шежіре іспетті бұл кітапта аймақтың табиғаты , әкімшілік – аумақтық құрылымы, экономикасы мен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен өндіріс ошақтары, қазба байлықтары мен кен орындары, географиялық атаулары, өркен жайған ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениеті, туризімі мен спортына қатысты атаулар облыстың танымал адамдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы мәліметтер берілген.
Басылымда 20 ғасырлық тарихы бар талайға Тараздың ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі бай тарихы баяндалып, қала мен облыс аумағындағы әйгілі мәдени ескерткіштер әліпбилік жүйе бойынша сипатталған. Жамбыл облысының қазіргі шаруашылық- экономикалық әлеуеті туралы мағұлмат берілген. Жамбыл облысының бұл энциклопедиясында қазіргі Таарз қаласын былый сипаттаған: «Тараз Қазақстанның оңтүстігіндегі ежелден келе жаткан қала. Жамбыл облысының әкімшілік орталығы. Тұрғыны 33 0000 адам. Талас өзенінің сол жағалауында орналасқан Тараз қаласы маңызды экономикалық мәдени орталықтарының бірі. Қалада 40 тан астам ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.Таразда 4 жоғары оку орны, 4 колледж жалпы білім беретін мектептер(54), 24 балабақша , 11 аурухана, емханалар, санаторийлер(7), кітапханалар (20 дан астам), мәдениет үлері мен театрлар (2), саябақтар бар. Талас өзенінің батыс жағалауындағы Талас-Аса жазығында аса үлкен аумақты алып жатыр.Қаланың батыс және оңтүстік- батыс жағында 10-20км жерде Талас Алатауы орналасқан. Солтүстігі мен шығысында Мойынқұм құмы жатыр. Жалпы Тараз теңізден 490-700 м биікте тұр. Қаланың қысы жылы, жазы- ыстық және құрғақ»[ 4] .
Сондай- ақ, жоғарыда атап өткен коференция материалдарының ішінен құнды да дәйекті деректермен ерекшеленетін мақалаларды атап өтуге болады. Оларға ежелгі қала орны мен елді мекендерге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген тарихшы-археологтар мен зерттеушілердің мақалаларын жатқызуға болады. Мысалы, т.ғ.д. профессор М.Елеуовтың « Орта ғасырлық Тараздың экономикалық және саяси мәдениеті»- атты мақаласында археологиялық қазба жұмыстарына сүйене отырып, орта ғасылық Тараз қаласының экономикалық жағынан жоғары, саяси мәдениетінің жақсы дамығандығын айтады. Сондай ақ, археологиялық деректер Қазақстан мен Орта Азия жеріндегі басқа қалалар мен Тараз қаласының экономикалық және саяси. Мәдени байланысын тығыз болғандығын көрсетеді. [6].
М. Қасеновтың «Ортағасырлық Қостөбе» атты мақаласында Тараз қаласының оңтүстігінде 15 шақырым жерде Сарыкемер ауылының шығысынд орналасқан Қостөбе қаласында археологиялық қазба жұмыстар жүргізіліп толық зерттеу жасалған.Қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдар арқылы оның 6-11 ғғ өмір сүргенін дәлелдеген.Сондай ақ, мұнда Қостөбе қаласының қорғаныс жүйесіне және т.б толықтай сипаттама беріледі.[7,82-б].
Ө.Қалиевтың «Шу мен Талас өңірлері ортағасырлық қалаларының қорғаныс жүйесінің зерттелу тарихы»,- атты мақаласында аталған өңірге В.В. Бартольдтың 1893-1894 жылдары келуінен бастап, 1980-1997 жылдарға дейінгі жүргізілген зерттеу жұмыстарын баяндайды. Соңғы зерттеу барысында Шу –Талас өңірлерінде орналасқан 403 ортағасырлық елді мекендер мен қалаларды тарихи – топографиялық құрылымына қарай ұзын қорғанды қалалар, төрткүлдер және төбелер болып жіктеп, әр топтағы ескерткіштерге тоқталған.
М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінің Ғылыми кітапхансында 2000 жылдық тарихы бар, киелі Көне Таразға өз үлестерін қосты. Атап айтсақ: «Тараз ғасырлар куәсі», « Тараз-2000», «Тараз- тамыры тереңде», «Тараз- білім мен өркениеттің алтын бесігі», «Тараз- тарихымыздың темірқазығы», «Әулие өлкеге тағзым», «Қайырымды істеріміз- Тараздың 2000 жылдығына», « Тараздың бүгіні мен ертеңі», «Тараз және руханият», « Тараз туралы археологиялық- географиялық зерттеулер», « Ежелгі және орта ғасырдағы Тараз», « Ұлы Жібек жолының орталығы- Тараз», « Туған жерім- Таразым», « Ғасырдан сыр тартқан- Тараз», және т.б. көрмелер мен жазбаша ауызша анықтамалар, шолулар, библиографиялық көрсеткіш тізімдері ұйымдастырылды. Баспадан: « Тараз ғасырлар куәсі » анықтамалық библиографиялық көрсеткіші. Алматы,2002-64бет. Екімыңжылдық тарихы бар киелі көне Тараз. Алматы 2002-16 беттен тұратын күнтізбе шығарылды.
Қорыта айтқанда,Тараз қаласының тарихын зерттеу жұмыстары негізінде, біріншіден, қазақ халқының жай көшпенділер емес, ерте заманнан отырықшылығы да және мемлекеттік құрылымы да бар екендігін танытты. Екіншіден, Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропа мен Азия елдерінің көне заманнан–ақ саяси –экономикалық байланыста болғандығын дәлелдеді. Үшіншіден, көне мәдениет ошақтары болған Отырар, Сығанақ, Сауран, Баласағұн,Тараз және т.б қалалардан табылған сәулет өнерінің үлгілері мәдениеттің ошағы болғанын дәлелдейді.
Пайдаланылған әдебиеттер .
1.Мырзахметұы М., Жеменей И., Абдуалиев А. Көне Тараз. Алматы,2001,131-бет.
2.Тараз Ұлы Жібек жолының темірқазығы. Жамбыл- Тараз. 2001,13- сәуір.
3.Ердәулетов С. « Тараз –Әулие- ата-Жамбыл». Алматы.1983.107-137-бб.
4.www.rambler.ru5.Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы 7- том. Алматы 2005
6.www.google.kz
7.Байбосынов К. Жамбыл өңіріндегі тас мүсіндер. Фотоальбом. Алматы.Өнер. 1996ж.