О?УШЫЛАРДЫ? ЛОГИКАЛЫ? ОЙЛАУЫН ШЫ?АРМАШЫЛЫ? ЖАТТЫ?УЛАР АР?ЫЛЫ ДАМЫТУ




ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЛОГИКАЛЫҚ ОЙЛАУЫН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖАТТЫҒУЛАР АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ
Қазіргі уақыттың  негізгі талаптарының бірі – білімді әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, логикалық ойлауы дамыған жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын шығармашыл адамға айналдыру.
Мектептегі оқыту үрдісінің негізгі  мақсаттары – баланың білімді игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным әрекетін белсендіріп, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеу.
Оқытудың мақсаты оқушыларға білім беру ғана емес, сонымен бірге олардың ойлау қабілетін дамыту және белсендіру оқушылардың білімді, дағдыны меңгеру үшін, болашақта танымдық және тәжірибелік іс-әрекетке оқушыларды дайындау қажетті шарт болып табылады.
Әлемдік психолого – педагогикалық әдебиеттерде адамның ойлауын дамытатын мәселелерді А.Н.Монтьев, С.П.Рубинштейн, М.В.Занков т.б. атақты ғалымдар теориялық тұрғыдан қарастырған .
Ойлау дегеніміз – ақиқат дүниені өзара барлық байланыс қатынастарымен сәулелендіретін, миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленетін процесс .
Балалардың ойлауын дамыту туралы М.Жұмабаевтың сөзімен алсақ: «Ойлау жанның өте бір қиын, терең ісі.Жас балаға ойлау тым ауыр, сондықтан басқыштап іс істеу керек. Оқулықтағы берілген тапсырмалар, суреттер баланың жанына дұрыс әсер ететіндей, оқушының оқуға, білімге деген ынта – ықыласы, құштарлығы болуы керек».
Оқу материалын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей  жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады.Сондықтан да мұғалім балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады.
Дұрыс ойлаудың формалары мен заңдары туралы ғылым логика деп, ал ой қорытындыларының обьектив пікірлерге негізделетін процесі логикалық ойлау деп аталады.
Логикалық ойлаудың ерекшелігі – қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдарлары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Бұл байланыстар мен қатынастардың дұрыстығын теріске шығаруға болмайтыны пікірлерде көрсетіледі.
Психолог – ғалымдар: Н.Н. Поспелов, Ю.А.Петров, А.Н.Леонтьев, «логикалық ойлау» ұғымына нақты анықтама берген. Олардың пікірінше «логикалық ойлау»  дегеніміз логика заңдылықтарын пайдалана отырып ой-пікірлерді, тұжырымдарды қолдануға негізделген ойлаудың бір түрі.
Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту жөнінде А.В.Запорожец, Л.Н.Венгер, И.С. Якиманская еңбектері жарық көрді.
Жоғарыдағы авторлардың  пікірлерінше «Логикалық ойлауды дамыту» дегеніміз:
барлық логикалық ойлау операцияларын (талдау, жинақтау, салыстыру, жалпылау, саралау) арнайы жүйелі түрде қалыптастыру;
ойлау белсенділігін, өзбеттілігін дамыту.
«Логикалық ойлау – логикалық сөйлеудің негізі, ал мұны –
логикалық сөйлеуді ұстаз дамытуға тиіс», деп көрсетті К.Д.Ушинский.
Бастауыш сынып баланың логикалық ойлауын дамытудың  негізгі кезеңі деп есептеледі. Өйткені логикалық ойлау кейінірек бейнелік ойлаудың негізінде қалыптасады, ауқымы кеңірек мәселелерді шешуге ғылыми білімдерді меңгеруге  мүмкіндік береді.Әйтседе бұл баланы қайткенде де, неғұрлым ертерек логикалық «жолға» шығару дегенді көрсетпейді. Біріншіден, ойлаудың логикалық формаларын игерудің  өзі ойлаудың логикалық жетілген бейнені формалары ретінде игерілмейінше, толық құнсыз күйде қалып отырады. Дамыған көрнекі схемалық ойлау  баланы логика табалдырығына жеткізеді. Екіншіден, логикалық ойлауды игеріп болғаннан  кейін, бейнелік ойлау өзінің мәнін ешбір жоғалтпайды.
Тәжірибе барысында жасөспірімдерде ой тұтастығының сақталмауы байқалады. Мұндай қателерді болдырмау үшін оқушының  ой  жүйелігінің  қажеттігін сезінуіне көз жеткізудің амал – тәсілдерін тауып, орнықты ой түйіндеуге жетелеу қажет.
Ал оқушылардың ойлауын дамытып, дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйрету – математика сабағының міндеті.
Жаңа буын математика оқулығының  басты ерекшеліктерінің бірі – оның әрбір сабаққа  лайықталған  материалы, негізінен алғанда, төрт текті жаттығулардың тобынан  тұрады.  Солардың бірі — балалардың шығарамашылық іс-әрекетке бейімдеу мақсатын көздейтін, оқулықта жасыл түсті қоршауға алынған шығарамашылық жаттығулар. Бұрынғы оқулықтардың ешқайсысында жаттығулардың осындай тобы қарастырылмағандықтан, қазіргі мектеп тәжірибесінде шығармашылық жаттығуларды орындаумен байланысты  оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыруда үлкен қиындықтар туындап отыр. Оқушылардың шығарамашылық жаттығуларды орындау икемділігін бағдарлама талаптары деңгейінде қалыптастыруда айтарлықтай кемшіліктер мен олқылықтар орын алуда.
Математиканы оқыту процесінде жаттығулардың алатын орны ерекше. Жаттығу дегеніміз не? Жалпы алғанда, ғылым мен тұрмыстың  әр алуан салаларында, «жаттығу» термині әр түрлі мәнде қолданылады. Ал, педагогикалық әдебиетте жаттығу ұғымы оқытудың әдісі жөніндегі дәстүрлі түсінікпен  іштей байланысты мағынада анықталады. Анықтамалардың көпшілігі, жаттығу дегеніміз білімді бекітудің және білік пен дағдыларды қалыптастырудың, сондай –ақ оқушылардың ойлау қабілетін дамытудың негігі әдістерінің бірі дегенге әкеп саяды.
Математикалық білімді жаттығулар орындау негізінде игеру мәселесіне ғылым тарихында ұлы жаңалықтар ашқан атақты ғалымдар да жоғары баға берген.Мәселен, ұлы ағылшын ғалымы И.Ньютон  жаттығулардың теорияға қарағанда, көп нәрсеге үйрететіндігіне назар аударған.
Жаттығулар алуан түрлі болады және олар, ең алдымен, оқу пәнінің ерекшелігіне байланысты ажыратылады.
Кең мағынада алғанда,  математикалық жаттығу деп кез келген математикалық мазмұндағы тапсырмаларды түсінеміз. Басқаша айтқанда, математикалық жаттығуларды құрылысы жағынан мысалдар, есептер, логикалық жаттығулар, есеп құрастырумен байланысты жаттығулар, т.с.с. деп бөлуге болады.
Қазақстан Республикасы бастауыш білімнің мемлекеттік стандартына сәйкес, математикалық білімнің жаңа мазмұны  біртекті емес және әр түрлі екі деңгейді қамтиды. Олар міндетті және мүмкін деңгейлер.
«Міндетті  деңгейге бастауыш мектеп көлеміндегі берік игерілуі тиісті  материалдар жатады. …
Ал, мүмкін деңгейге, мазмұны тұрғысынан алғанда, негізгі мәселемен үйлесетін, алайда оқушының  математикалық  ой-өрісін кеңейтуге бағытталатын, үйреншікті емес   түрде ұсынылатын және де оны орындау шығармашылық іс-әрекетпен  ұштасатын  және де оны орындау шығармашылық іс-әрекетпен ұштасатын материалдар жатады. Мұның бәрі міндетті деңгейдің материалымен кеңейте және тереңдете түсуге қызмет етеді, математиканың жүйелі курстарының аса маңызды тарауларын ілгеріде  оқытып – үйретудің негізін қалайды. Сондай-ақ балалардың дамуына әсерін тгізеді және негізгі материалды терең меңгеріп  алуға көмектеседі».
Жаңа буын оқулықтарында бастауыш математикалық білім мазмұнының мүмкін деңгейін қамтамасыз ету мақсатында ұсынылып отырған  жаттығулар ерекше назар аудартады. Олар бір сарынды іс-әрекеттер орындаудан бас тарта отырып, өзгермелі әр түрлі бағыттағы ізденістер тудыру арқылы оқушыны  шығармашылық әрекет жағдайына  енгізуге мүмкіндік  жасайды. Шығарамашылық  жаттығулар ұсынылғанда, оқушының алдында  мақсатқа  өзіне мәлім әрекет тәсілімен жете  алмайтын  проблемалық  жағдаят пайда болып, ол оқушының  интеллектуалдық қиналуын туғызуы мүмкін. Осының барысында  оқушы жаңа әрекет тәсілін іздестіру бағытындағы шығармашылық сипаттағы іс -әрекеттер  орындауға талпынады.Осы тұрғыдан алғанда  математикалық жаттығуларды, біздің пікірімізше, шығармашылық жаттығулар деп атаған орынды сияқт.
Шығармашылық жаттығу – бұл нақты мәні берілмеген, есепті шартты математикалық заңдылықтар арқылы орындау.
Шығармашылық тапсырмалар оқушылардың  жаңа бір нәрсені ашуы, яғни оқушы өзін белгілі бір жаңалықтардың авторы ретінде сезінеді. Бұл оған белгілі бір пән төңірегіндегі қызығушылығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни, оқушыны өзіне тарта, баули түседі.
Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған стандартты емес тапсырмаларды шығармашылық жаттығулар деп атаймыз. Сондықтан шығармашылық жаттығуды ұдайы жүргізе отырып біз оқушылардың тек пәнге деген қызығушылығын ғана емес, логикалық ойлауын да дамыта аламыз.
Мектеп тәжірибесінде шығармашылық жаттығулар үздіксіз орындалмай жатқандығы белгілі. Кейбір мұғалімдер шығармашылық жаттығу міндетті деңгейге жатпайтындықтан оны орындамайды,  орындағанымен сабақ соңында асығыс шешуін  оқушыларға жалпылама айтқыза салады, яғни талдау жүргізілмейді. Балаларда ой операиялары толық жүргізілмегендіктен  логикалық ойлаудың даму деңгейі төмен болады. Ал оқушылардың логикалық ойлауын дамытудың  бір жолы — шығармашылық жаттығуды жүйелі орындату.
Сыныптағы  оқушылардың білім деңгейі бірдей емес. Олардың ішінде математиканы сүйіп оқитын, оған деген ынтасы зор оқушылар да бар. Оларды жеңіл, бірыңғай жаттығулар орындау жалықтырады. Сондықтан мұғалім  оқушыларға  міндетті емес тапсырмаларды үнемі орындатып отыруы тиіс.
Оқушылардың логикалық ойлауын  дамыту үшін:
есепті, жаттығуларды талдай білу іскерліктерін қалыптастыру;
сызба графиктік модель бойынша есеп объектілерінің арасындағы байланыстарды түсіндіру;
Есептегі нақты заттарды оның моделімен ауыстыру;
Пәнге деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру;
Сыныпқа дұрыс психологиялық жағдай орнатуға мүмкіндік туғызу.
Оқу процесіндегі  осындай іс-әрекеттердің  арқасында  қоғам талап етіп отырған шығармашылық қабілеті жоғары, өз ойын жүйелі де ашық айта алатын, қоғамға еркін сіңетін, өндіріске белсене араласатын азамат қалыптасады.