Тренинг «Б?ріміз біріміз ?шін, біріміз б?ріміз ?шін»


Тренинг
«Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін»
Мақсаты: оқушылардың қарым-қатынасын дамыту, сынып ішілік жағымды атмосфера тудыру.
Сәлемдесу: Оқушылар барлығы шеңбер бойына тұрып, оң жағындағы адамға қолын созып бүгінгі сабаққа сәттілік тілейді. Сөйтіп, үлкен шеңбер құрылады.
1-жаттығу. «Ыстық орындық»
Оқушылар шеңбер бойымен отырады. Өз еркімен ортаға бір оқушы шғып, өзін таныстырады. Аты-жөнін, сүйікті тағамы мен түсін, қызығушылығын айтады. Содан кейін сыныптың басқа оқушылары, тренингті жүргізуші мұғалім де ыстық орындықта отырған оқушыға өзінің көкейінде жүрген сұрақтарын қояды. Сұрақтар реті әртүрлі болуы мүмкін, мысалы, өзінің жеке басы, болашағы, арманы және т.б. Жаттығу кезекпен осылай жалғаса береді.
2-жаттығу. «Ассоциация»
Әрбір оқушы белгіленген бір оқушыдан бастап барлық оқушының атттарын бірінің астына бірін тізіп жазып шығады. Содан соң әр оқушының қасына ең алдымен жақсы қасиетін, содан соң жаман қасиетін жазып шығады. Ең соңында осы адамды қандай аңға немесе жануарға, құсқа ұқсатады, соны жазуы керек. Оқушылар бірінің жазғанын бірі көрмеуі тиіс. Артынан тренингті жүргізуші барлығының жазғандарын жинап алып, рет-ретімен кімнің жазғанын атын оқымай басқаларын оқушыларға жеткізеді.
3-жаттығу. «Бұзылған теледидар»
Ортаға бір оқушы шығады, оның құлағына бір оқушы келіп бір сөйлем айтады, ал тыңдаған оқушы осы сөйлемді сыныпқа жест, мимика, әртүрлі қол әрекеттерімен жеткізуі қажет. Ал оны тамашалап отырған оқушылар оны табулары керек.
4-жаттығу. «Ұқсастығын іздеу»
Оқушылар доңгелене отырады, оқушыларды қолындағы допты бір-біріне лақтыра отырып, сол допты лақтырған оқушымен ұқсастықтарын айтады. Мысалы: шашының түсі, көзі, мінезі.
5-жаттығу. «Онға дейін санау»
Бір-бірінің шынтақтары мен иықтарына тимейтіндей болып, барлығы шеңбер жасап тұрады. «Бастадық» деген сигналмен көзді жұмып, мұрынды төмен түсіріп, онға дейін санау керек. Қулығы мынада, санаған кезде кезектесіп санау керек. Біреуі «бір» келесісі «екі» және ары қарай кезекпен. Бірақ ойында бір ереже бар: сөзді біо ғана адам айтуы керек. Егер екі дауыс бір мезгілде бір сөзді айтатын болса, онда санау қайта басталады.
Сіздерде он мүмкіндік бар. Егер осы он мүмкіндікте санауды онға жеткізсеңдер, онда сендердің топтарың келісімге келген топсыңдар. Әрбір сәтсіз санаудан кейін көздеріңді ашып, бір-бірлеріңе қарауға болады, бірақ сөйлеуге болмайды. Бір-бірлеріңді сөзбен емес, көзбен түсінуге тырысыңдар.
Рефлексия. Бүгін сендерге не жаңалық болды? Психологиялық тренинг жайлы сендердің қандай көзқарастарың қалыптасты? Сендерге не ұнады? Ал керісінше не ұнамады? Осы сұрақтарға оқушылар өз пікірлерін білдіре отырып, тақтадағы көрсеткіштер диаграммасына жапсырманы жабыстыра отырып, бүгінгі сабақтың өтілу деңгейін анықтайды.
Қоштасу рәсімі.
Қатысушылар шеңбер құрып, қолдарын иыққа салады. Олар бір-біріне мейірімділікпен қарап: «Рахмет, кездескенше» деп айтады.