Та?ырыбы: Т?рт т?лігім – ырысым
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы,
Бейнеу селосы, Ж. Қалдығараев атындағы
орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті
мұғалімі Ақнұр Наренбаева
Тақырыбы: Төрт түлігім – ырысым
1. Төрт түлік туралы білімдерін толықтыру.
төрт түлік пірлері, төлдері туралы түсінік беру;
2. Есте сақтау қабілеттерін дамыту, ой өрісін арттыру;
3. Қазақ халқының өмірін төрт түлік малмен байланыстыра отырып, оқушыларды төрт түлікті құрметтеуге, еңбекқорлыққа адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақ көрнектілігі: суреттер төрт түлік малдардың суреттері, төлдерімен,
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру, назарларын сабаққа аудару, сабақтың мақсатымен таныстыру
Мұғалім сөзі.
Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы «Төрт түлігім - ырысым,» Осы төрт түлік малға нелер жатады? (түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі).
Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Кезінде ата - бабаларымыз төрт түлікке жайлы қоныс іздеп кең даламызда көшіп - қонып жүрген. Малдың сүті, жүні, терісі, мүйізі, сүйегі тіпті тезегіне дейін өз қажетіне пайдаланып отырған. Мал қазаққа жесе - асы, кисе - кисе киімі, мінсе көлігі, жапанда серігі - болған.
Ата - бабаларымыз «мал - жан аман ба?» деп амандық саулық сұрасқан. Қазақтар малды тек пайдаланып қана қоймаған, олардың бабын тауып, бағып - күтудің де жай - жапсырын, қасиетін, ерекшелігін жақсы білген.
Ерте заманнан бері осы төрт түлік малдардың пірлері бар.
Пір - деген өте қасиетті сөз. Пірлік деп белгілі бір саланың маманын, жетілген адамын айтады. Пірлік жол көрсететіндей, ауру сырқауы, жолдас адасқаны, жаны күйзелгенде қолтығынан демейтін дәрежелі адам болған.
Түйе пірі - Ойсыл қара деп жүрген Увайс Қарани шын мәнінде өмірде болған адам. Пайғамбар дәуірінде өмір сүрген өмірін түйе бағумен өткізген. Ол өз елінің түйелерін бағып өзінің кәсіпке адалдығымен, таңуалығымен, қанағатшылдығымен көпке үлгі болған. Увайс Карани әулиелігін, ыстық ілтипатын ерекше рухани байланыс арқылы сезінген Мұхаммед( с. ғ. с.) пайғамбар оған деген құрметінің белгісі және оның рухани дәрежесінің айғағы ретінде сахабалары арқылы өз шапанын сыйлаған. Соның құрметіне байланысты ұлың, әулие болып саналған. Сондықтан ол кәсіпке адалдықты насихаттап, сол кәсіптің иесі пірден қолдау, желеп - жебеу тілеген.
Сиыр пірі - Зеңгі баба. Бұлда өмірде болған адам. Халық ауыз әдебиетінде Зеңгі баба өмірін сиыр бағумен өткізген, сопылық ілімін жақсы ұстанғанының бірі, түркілер арасында пір болған, ұлықтардың пірі болған адам. Мазары Ташкент қаласының түбінде. Бұл бабамызда сиыр малының білермені, маманы иесі мен киесі болуы керек.
Жылқы атасы - Қамбар ата туралы халық арасында әр түрлі дерек бар. Мысалы, Қамбар ата есімін Мұхаммед ( с. ғ. с.) пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегі болған Ганбар есімді кісімен байланыстырады. Кейбіреулері, «Қамбар батыр» жырының кейіпкері Қамбар батырды атайды. Сайын далада ұшқан құспен, даланың бөкені, киігімен жарысып өскен, атқа мініп жауға шапқан адамнан артық керемет болған емес. Сондықтан халық атқа мініп, елін жаудан қорғаған ерін, пір тұтуы көңілге қонымды әрі қолайлы жағдай.
Қой атасы - Шопан ата. Зерттеушілердің пікірінше 13 - 14 ғасырларда өмір сүрген. Ол халық жадында шопандық кәсіптің пірі ретінде аңыздық тұлға болып сақталады. Халық арасында Шопан ата туралы аңыз - әңгімелер көптен таралып, қой түлігінің қасиеттерін дәріптеген және сол кәсіптің иесі пірден қолдау, желеп - жебеу тіліп, мұсылмандық дәстүрмен рухани жалғастыққа ұмтылған. Қазіргі кезде Шопан ата аз зерттелген.
Ешкі пірі - Сексек ата. Шежірелік дерек бойынша Қазығұрт тауының бауырында Тұрбат деген жерде жерленген Исмайыл атаның баласы. Шын мәнінде Сексек атада аз зерттелген дүниелердің бірі.
Оқушылардың төрт түлік малдың пірлері туралы өлеңдері.
1 - оқушы: Гүлден
Қамбар ата — үйірдің
Азынаған айғыры
Таңдап мінер жүйрігін,
Ер қанаты — байлығы
Тұлғасы да келісті,
Аяғын сермер тік алып.
Аяңы есем желісті,
Жал - құйрығы шұбалып.
Бұлан мойын, құлан сан,
Көзі мөлдір мойылдан.
Бұдыры жоқ тұрар шаң
Тұяғы жұмыр құйылған
Алпауытты ақберен
Құлынымды өсірем.
Қуған жетпес ат мінем
Далада еркін көсілем
2 - оқушы: Хамит
Ойсылқара — келенің
Күркіреген бурасы.
Үлпілдеген желегі —
Жалпылдаған шудасы.
Тіздеп қойсаң маң басып,
Тұзға қарай емінер.
Екі өркешін қоң басып,
Түзде жүріп семірер.
Мойыны иір қобыздай,
Қос баладай өркеші.
Көзі жанған жұлдыздай,
Паң даланың еркесі.
Түйелер де бағалы —
Төрт түліктің төресі.
Мәртебе де жоғары,
Киесі мен өресі.
3 - оқушы: Меруерт
Зеңгі баба - - сиырдың
Мойны жуан бұқасы.
Шөбін жейді қиырдың,
Бойында май тұтасып.
Салыңқы кең әукесі,
Шүйкесі де білеудей.
Қайық тұмсық дәу төсі,
Аяғы шомбал тіреудей.
Басын бұлғап шайқаса,
Ай мүйізі жалтылдар.
Белге шықса жай баса,
Тұяғы айыр сыртылдар.
Сиыр бақсаң күтімдеп,
Сүт, май кетпес шарадан.
4 - оқушы: Еркебұлан
Шопан ата — қойлардың
Ақ мүйізді қошқары.
Дәмі балдай құлын көп,
Аямайды баладан.
Құнсыз деп оны ойлар кім,
Өш болғанмен аш бөрі.
Тегенедей құйрығы,
Жесең дәмді еті бар.
Балаларға сыйлығы —
Қорғасындай сүті бал.
Ақтылы қой жосысын,
Қаптап өріп қыратқа.
Маңдайы дөң қозысын,
Суғарайын бұлаққа.
Балдай сүтті еметін
Қошақаным қой болар.
Ауыл - аймақ келетін,
Біздің үйде той болар
5 - оқушы: Назерке
Сексек ата — ешкінің
Қылыш мүйіз текесі.
Бақырғанда есті үнін,
Қатпар тартар шекесі.
Момын қойды бастайды.
Кейде сүзіп тастайды.
Күдірейтер желкесін.
Тасқа жаныр еркесің.
Түбітінен ақ мамық.
Сергек қарап маңына,
Бала келсе жанына,
Қағып құрақ құлағын,
Өткір күміс тұяғын
Тоқиды әжем қолғапты,
Сауса сүті мол, тәтті,
Оны ішеміз мақтанып.
Ия, балалар төрт түлік малдың пірлері кереметтей ілім иелері, малдың иесі мен киесі болған әулие адамдар.
Енді осы малдардың төлі қалай аталады? ( Сәйкестендіру ).
Сиыр ---
Жылқы ---
Қой ---
Түйе ---
Ешкі --- қозы
лақ
бұзау
ешкі
бота
Төрт түліктің пайдасы
Төрт түлік малдың ең қасиеттісі түйе болып табылады. Қазақ халқы түйені дала кемесі деген. Ол шөлге шыдамды, жүк артса - көлік, жесе - ет, ал жүні - киімге жараған. Қазақтар түйенің жүнінен жүн шапандар киген, ол жеңіл, жұмсақ әрі қыста жылы болған. Тағы түйенің жүнінен тек жамылғы көрпелер жасаған, аяқ асты тастауға болмайды деп төсеніштер жасамаған. Түйенің шудасы қайнатып, емге пайдаланған, ал терісінен ер қаптаған. Ал сүтін болса емге пайдаланған. Сүті қою, құнарлы. Сүтінен шұбат, құрт, балқаймақ, т. б. жасаған.
Сиыр малың қазақтар көбінесе тамаққа жараған сиырды кейде көшке де, егіске де пайдаланып отырған. Сиыр да үйдің берекесі, айран - сүттің көзі, отбасының асыраушысы ретінде қадірлі мал болған. Ертеде сиыры жоқ үй ас - ауқаты жұтаң болып есептелген. Ертеде сиырдың терісінен құдықтан су тартатын қауға ыдыстар, қымыз ашытатын сабалар, сусын құятын торсықтар жасаған. Тіпті сиырдың тезегін отын ретінде, егіншілікке пайдаланған. Ал мүйізінен тарақ жасаған.
Қой төрт түліктің ішіндегі қазақтың сүйіктісі «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деген қазақ атамыз. Өзі өсімтал, тез ет алып қонақ кәдеге жарап отыратын, сүті майлы әрі жұғымды. Қой мен ешкінің иленген терісі түрлі сырт киім мен аяқ киім тігуге пайдаланған. Қойдың жүнінен киіз басып, жіп иіріп, баулар жасалады, кілемдер, текеметтер тоқылады.
Қазақ халқы қой мен ешкіні «уақ мал» деп атайды. Ешкі өте өсімтал мал. Ешкінің еті жеңіл, әрі сіңімді, сүті өте құнарлы. Ешкінің сүттісін арнайы ұстап, ана сүтіне жарымаған баланы ешкі сүтімен асыраған. Ешкінің серкесін әрдайым қойдың отарына қосып отырады, оның бүкіл отарды бастап, жайылымға апарып, әкелетін қасиеті бар. Ешкі жеңілтек мал деп есептелген, мінезі ұшқалақ, шыдамсыз баланы «ешкі құсап селтеңдеп» деп ешкіге теңеп отырады. Тағы ешкінің жүнінен түбіт орамалдар тоқиды. Ол жылы әрі жұмсақ болады.
Қазақтың қасиетті малдарының бірі - жылқы. Ат - ер қанаты. Жылқы жүйрік, әрі өте төзімді мал оны салт мінуге, күш көлік ретінде пайдаланады. Сайын далада ұшқан құспен жарысып, халық үшін атқа мініп жауға шапқан батырларымызда аз емес. Қымызды емге пайдаланған, бойыңды қыздырып қысты күні жылы әрі жұғымды болады. Жылқының жалынынан, құйрығынан арқан жіп есілді, етінен қазы - қарта, жал - жая жасайды.
Төрт түліктің пайдасы туралы өлеңдер ( қымыз, шұбат, сүт т. б. )
1 - оқушы: Қуатбек
Сары май
Көп адамдар білмейді, ішсе шайын үрлейді
Ыстық шайға май қосса, бірден ауыз күмдейді
Сүт
Май алады сүттен, құрт алады сүттен,
Сүт алады молырақ, малын баптап күткен
Құрт
Қатты құртты жейміз, дәмді, қышқыл дейміз
Салма артық күшіңді, сындырасың тісіңді.
Қаймақ
Балдан тәтті қаймақ, жегенім жоқ айлап
Жүрген шығар сақтап, апам мені ойлап.
2 - оқушы: Сабыр
Ет төресі қазыны, апам тұздап баптайды
Ұнға тығып жаз күні, күзге дейін сақтайды.
Дәмді тағам шұжық, түрі ұзынша қызық,
Ағам көрсе тоймайды, оңайға апам қоймайды.
3 - оқушы: Нұрболат
Іркіт түсте түрі, пайдалының бірі
Бойға берер қуат емсең ем ғой шұбат.
Қымыз
Жеңгем бие сауады, ағам саба пісірді,
«Денсаулыққа дауалы», деп үлкендер ішеді.
Мақал - мәтел білесіңдер ме? ( мақал - мәтел айтылады )
Сиырдың сүті – тілінде. Түйенің танығаны жапырақ.
Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.
Түйе байлық, жылқы мырзалық.
Бір түлікке бай болғанша, әр түлікке сай бол.
Малдың жәйін баққан білер, оттың жәйін жаққан білер.
Жоғалып табылған мал олжа,
Ауырып жазылған жан олжа.
Ас қадірін білмесең, жаяушылық көрерсің,
Ас қадірін білмесең, ашаршылық көрерсің.
Аттың бәрі тұлпар емес,
Құстың бәрі сұңқар емес.
Ата - анаңыз сіздерді жақсы көреді, еркелетеді. Енді еркелеткенде сіздерге не деп айтады?(Ботам, қозым, құлыншағым). Қараңдаршы кішкене кезінде төлде өте сүйкімді болады
Тақпақтар: Төлдер туралы.
1 - оқушы: Еркебұлан
Қой сүйеді баласын: Қоңырым - деп,
Ештеңені білмейтін момыным - деп.
Сиыр сүйеді баласын: Торпағым - деп,
Қараңғыға баспаған Қорқағым! - деп.
Түйе сүйеді баласын «боташым»,- деп,
«Жәудіреген көзіңнен «тоташым»,- деп.
Ешкі сүйеді баласын «лағым»,- деп
«Тастан тасқа секірген «шұлағым»,- деп..
Жылқы сүйеді баласын «құлыным»- деп,
«Тұлпар болып жүгірген жұрыным»- деп.
2 - оқушы: Ақберен
Құлыншағым - құндызым
Құлдырайды, шабады.
Жылтылдаған жұлдызым,
Құстай қанат қағады.
Ақ бұзауым ұнайды,
«мә - мә» деп сүт сұрайды
Ақ бұзауым жақсы фермада,
Апарады көрмеге ешкімсің.
3 - оқушы: Бекарыс
Кіп-кішкене момақан, қошақанды ұнатам.
Сүйді апам: «қозым»- деп, «қошақаным өзің»- деп
Шөре-шөре лағым, тентек болма шырағым,
Марқа туған бөрте лақ, әңгімеме сақ құлақ.
4 - оқушы: Рахман
Жібек жүні үлбіреген, самал желмен желбіреген,
Салады ойнақ жас бота, қос жанары мөлдіреп.
Қайқаң қағып өр төсі, бүлкілдейді өркеші,
Бұла күші тасыған, ауылдың ол еркесі.
5 - оқушы: Айгерім
Құлыным құр - құр құлыным, қасыңа жақын барайын,
Желбіреп тұрсын тұлымың, жалынды күлте тарайын.
Құлыным тыр - тыр құлыным, елеңдеп бекер үрікпе,
Бекіді берік буының, көрейін бір сәт мініпті.
Ән: «Қошақаным қайда екен?»
Үй тапсырмасы:
Өзінің үйінде малдар туралы, оның бағуы туралы әңгіме жазу.
Қорытынды:
1. Төрт түлікке нелер жатады?
2. Төрт түліктің пірлерін ата?
3. Төрт түліктің төлдерін ата?
4. Төрт түлік бізге не береді?
Міне балалар, біз бәрін төрт түлік мал туралы көптеген мағлұматтар алып, білімдерімізді тереңдеттік, төрт түлік малдың пайдасы көп екенін білдік. Бірақ оның пайдасы көру үшін, көп еңбектену керек, малды дұрыс күтпесе бізге ол сүт те, ет те, жақсы тері де, жүн де бермейді. Ертеде ата - бабамыз «малды бақсаң, мал сені бағады» деген екен. Сол үшін төрт түлікті құрметтеп, жақсы қарап, бағып, өсіруіміз керек. Осымен тәрбие сағатымыз аяқталды. Назарларыңызға рахмет!