Сыныптан тыс шара М??а?али – м??гілік ??мыр
Мұқағали – мәңгілік ғұмыр
Мақсаты: білімділік – Мұқағали Мақатаевтың өмір жолымен, шығармашылығымен оқушыларды таныстыру;
Тәрбиелік – Отанды, туған жерді сүюге тәрбиелеу, ақын жырларынан үлгі алу;
Дамытушылық – оқушының сөйлеу мәдениетін дамыту, эстетикалық талғамы бар сауатты оқушы дайындау.
Көрнекілігі: интерактивті тақта
Барысы:
(Видео жүреді)
1-жүргізуші: Қымбатты ұстаздар қауымы және оқушылар!
Бүгін сіздер мен біздер қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып, жарқырап өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жайлы, оның өрелі өлеңдері жайлы ой өрбітпек мақсатта бас қосып отырмыз.
2-жүргізуші: Иә, өзіміз әдебиетте оқып, танысқан 4 өлеңінен кейінгі толғаныстан туған бұл кеш оның өмірлік өнегесінен бастап, өшпес өлеңдерінің бүге-шүгесіне дейін танысыуымызға тың жол ашады деп ойлаймын.
Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
1-жүргізуші: Бір күндік сәуледей ағып өткен қысқа ғұмырында қазақтың ұлы ақыны М.Мақатаев бізге ұланғайыр мұра қалдырып кетті.
2-жүргізуші: Бүгінгі кеште сіздермен бірге өмірге іңкәр, өмірді жанындай сүйіп жырлап өткен сыршыл да сезімтал ақын жайлы сыр шертіп, ақын әлеміне, өлең атты құдіретті мұхитқа сапар шексек, оның өлеңдеріне өрілген сұлу сазға тербелсек деп отырмыз.
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, жұртым елеңдестің.
Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім – деп ақынның өзі айтқандай, оның өлеңі өмірден өзі кетсе де, өшпей ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
1-жүргізуші: Көрер едің
Шаламын ба, отпын ба,
Білер едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
2-жүргізуші: Сырым да осы,
Жырым да осы,
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда, - деп бір күндік сәуледей ағып өткен қазақ жырының шоқ жұлдызы Мұқағали Мақатаевты еске алу кеші.
1-жүргізуші: Назарларыңызды бір сәт тақтаға аударсаңыздар! (видео жүреді)
2-жүргізуші: Ақын өлеңдерін толқи, тебірене оқи отырып, өмір шындығы, уақыт тынысы, жүрек ырғағы, сезім сырлары қабаттаса өрілген өлең жолдарындағы ақындық рухқа тағы да бас иеміз.
«Болашаққа арыз жазып кетейін» өлеңін оқу үшін ортаға: 8-сынып оқушысы Жұмағазиева Аруды шақырамыз.
1-жүргізуші: Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9-ақпанда Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келді. Әкесі Сүлеймен осы өңірде колхоз ұйымдастырушысы болды. 1941 жылы майданға аттанып, содан оралмады. Шешесі нағиман қарапайым шаруа адамы еді.
2-жүргізуші: Балалық шағынан-ақ ақын ерте есейді, еңбекке ерте араласты. Орта мектепті бітірген соң ауылдың хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметінде болды. 1954-1962 жылдар арасында қазақ радиосында диктор болды, 1962-1972 жылдар аралығында «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі, 1972-1973 жылы Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді.
1-жүргізуші: Мұқағалидың тұңғыш өлеңі 1948 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде басылды.
Мұқағали поэзиясы – таңғы шықтай мөлдір поэзия. Ақынның «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмір - дастан», «Атамекен», «Райымбек, Райымбек» т.б. кітаптары жарық көрді.
2-жүргізуші: Ақынның «Аманат» жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлйққа ие болды. Бүгінде Мұқағали ақынның 13 кітабы бойынша 1834 өлең, 19 поэмасы бар екені анықталып отыр.
Мұқаңның 35 мың жолға жуық өлеңі поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды. Ақын өлеңдеріне 100-ден астам әндер жазылды.
1-жүргізуші: бүгінде ақынның ортамызда болмағанына налимыз, ал медет тұтарымыз – алып ақынның өзінің көзіндей көрінетін өркеш-өркеш өлеңдері халқынан қалтқысыз бағасын алып, келер ғасырға керуен көшін сенімді түрде ұзатып барады. Азаматтық пен адамгершілікті асқақ мұраты санаған ақынның жүрек сырлары шынайы болмысымен, ақиқаттың алдында аласармауымен қымбат та құнды.
2-жүргізуші: Мұқағали – біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. Ақынның өзі «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем» деген екен.
Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын-ала сезді ме?..
Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып тұрып ақ таңда,
Есіңе мені алғайсың,
Есіңе мені алғайсың – деп толғанады, ендеше кезекті ақынның өз даусымен жазылған бейнебаянға кезек берейік.
(Видео жүреді)
1-жүргізуші: Ендеше қашан да ақиқаттың ақ туын көтеріп, әділет пен адалдықты тең ұстаған ақынның ғажайып сырлы өлеңдеріне кезек берейік.
2-оқушы: Ахметова Гүлмарал «Пай, пай, Өмір!»
2-жүргізуші: Ақын жүрегі нәзік, сезімтал. Кей-кейде өмірден безініп, ол өзіне сүйеніш, тірек болар адамды іздейді. Кез келген адам ақын жанын түсіне бермейді. Ақынды ақын жұбатады.
Ақынды ақын оятпаса, ол – қайғы,
Ақынды ақын таяқтаса, ол – қайғы,
Ақынды ақын күйелесе, ол – қайғы.
Қиналғанда нағыз ақын өзінің тілін ұғатын ақын іздейді. Сондай уақытта
Мұқағали Фаризаны тапты. Енді бізде Мұқағали болып, Фаризаға мұң шағайықшы.
Өлең «Фаризаға», оқитын – Кеңесов Қуанышбек
4-оқушы: Саматова Мадина «Күрсінбеші»
5-оқушы: Ахметова Аймөлдір «Аққулар, қош болыңдар»
6-оқушы: Қанатқали Жалғас «Елім барда»
2-жүргізуші: Мұқағали мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін мұрасы.
Халықтың көңілін сусындатқан ақын өлеңдерінің көпшілігі өмір туралы, тіршілікке тірек боларлық өмір шырағын, өмір шуағын, өмір жұпарын жыр етеді.
7-оқушы: Темірбаева Айгерім «Көгершіндер»
8-оқушы: Өтешова Аружан «Болады деп арманда»
9-оқушы: Нұржанов Ернар «Нені көрдім?»
«Эй, өмір! запись»
2-жүргізуші:
Иә, Мұқағали арамызда жоқ.
Ажал, ажал! Көкірегі толы мейірімді шырақ, жүрегі толы махаббат пен ырыс, арманы мен қиялына кезек мініп, өмірінің келесі кезеңіне қарай тартып бара жатқан ақынды тым ерте жолынан қайырғанда да сен едің! Ол қылшылдаған 45 жасында дүниеден өтті. Соны сезгендей ол жанұшыра:
Өмір сүрсем енді бір жиырма жыл,
Жиырма жыл;
Шынымен қиын ба бұл?
Қиын болса он жыл да жетіп жатыр,
Тек жүректен атылсын құйын-дауыл.
1-жүргізуші:
Осал өмір емес қой, қырықтаным,
Кешір мені, болашақ, ұмытпағын!
Қажетіңе жараса қабылдарсың,
Қарапайым темірдің сынықтарын, - дейді.
2-жүргізуші:
«Біз тірілер ол туралы білгенімізді айта береміз. Бірде асырып, бірде жасырып, бірде жеткізбей, бірде жеткізіп айтамыз» - деген екен ақын інісі Т. Молдағалиев.
1-жүргізуші: Өмір дегенге
Тірлікте сірә жетер ме ой!
Жарық сәуледен
Басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі, бөтен ғой,
Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой!
2-жүргізуші: Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінде әнге айналып көкте қалықтайды. Мұқағалидың сөзіне жазылған әндер бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды.
10-оқушы: Стамгазиева Гүлдана «Шыда, шыда!»
11-оқушы: Ахметова Қалима «Анама»
12-оқушы: Тұрсынов Аятбек «Поэзия»
1-жүргізуші: Пай! Пай! Пай!
Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.
2-жүргізуші: Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған!
13-оқушы: Қажгереева Зарина «Анашым»
14-оқушы: Мақсотов Мейірбек «»
15-оқушы: Сағидуллиева Гүлнұр «Соқ жүрек»
1-жүргізуші: Табиғатында адамға жаманшылығы жоқ, жаны жуас, жомарт, өзін басқаның бәрінен кіші санайтын ақын көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартаулары өлеңқұмар халыққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек.
Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені.
2-жүргізуші: Осымен Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды кешімізді аяқтаймыз.
Аңқаты ЖОББМ
«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр»
(әдеби-сазды кеш)
Өткізген: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шамбилова А.Ғ.
2013-2014 оқу жылы.